Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 25 Маусым, 2021

Болашақта Google, Apple, Amazon, Netflix сияқты компанияларда жұмыс істейміз

Нұржан Абдрасилов пен Қазыбек Бектемір – Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары. Екеуі дос. Біреуі математик, біреуі ІТ саласына қызығады. Екі достың жетістігі жетерлік. 

Қазыбек – «АДАЛ» еріктілер клубының мүшесі. 2017–2020 жылдар аралығында Робототехника клубына белсенді қатысқан. 2016 жылдан бастап күні бүгінге дейін математикадан түрлі деңгейдегі олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз болып жүр. 

Биылдың өзінде ғана бірнеше олимпиадада топ жарды. Атап айтқанда, Америка математика сайысында 1-орын алды. Математика пәнінен Халықара-лық Жәутіков олимпадасында 3-орынды иеленсе, Азия-Тынық мұхиты аймағының олимпиадасында 2-орынды жеңіп алды. «Жібек жолы» олимпиадасында 3-орын бұйырды. Биыл да, былтыр да математикадан облыстық олимпиадада 2-орынды иеленді. 2020 жылы республикалық математика олимпиадасы мен Азия халықаралық математика олимпиадасында 2-орын алды.  2019 жылы PMSS математика олимпиадасының жүлдегері болды. 

Волонтер ретінде білгенін басқаларға үйретеді, қолдан келгенше көмектеседі. Былтыр ЮНИСЕФ-тің «PaidasyBarQuarantine» бағдарламасы аясында COVID-19 туралы мәлімет беретін онлайн платформаларда волонтер ретінде қызмет еткен. 2019–2021 жылдары Maker Space орталығында қыз балаларға программалау бойынша тегін курс өткен. Сондай-ақ, «Көмектес» жобасы аясында SOS деревняда тұратын балаларға программалауды үйретеді.

Нұржан – аналитик. Кез келген іске шығармашылық көзқараспен қарайды. Көшбас-шылық қасиеті басым. Нұржан да Қазыбекпен бірге Maker Space орталығында қыз балаларға программалау бойынша жалпы көлемі 100 сағаттық тегін курс өткен. 2019–2021 жылдары «Көмектес» жобасы аясында SOS деревняда тұратын балаларға программалауды үйреткен. Өзі 2020 жылдың қазан айынан бастап Python программалау тілімен жұмыс істей бастаған. Былтыр жыл бойына АҚШ-тың Мичиган университетінде Python программалау тілінде деректерді пайдалану, веб-деректерге қол жеткізу үшін осы программалау тілін пайдалану бойынша бірнеше онлайн курстан өткен. Қазыбек те, Нұржан да физматта олимпиадалық команда мүшесі. 

Келесі жылы мектеп бітіретін Қазыбек пен Нұржанның болашаққа жоспары қазірден-ақ айқын. Екеуі де АҚШ-та оқығысы келеді. Қазір қызу дайындық үстінде. Екеуі де «Ivy League Education» орталығында дайындалады. Екі досты әңгімеге тартып, математикаға, программалауға қызығу неден басталғанын сұраған едік.

Нұржан: Физматқа түскенге дейін «Tamos Education» мектебінде оқыдық. 5-сыныпта «Қызықты математика» деген пән болатын. Математикаға қызығу сол кезден басталды. Олимпиадаға қатысып,  орын ала бастадық. Кейін физика-математика мектебіне түстік. 9-сыныпта программалау бас-талды. Программалау тілдерін үйреніп, өзіміз де жаза бастадық. 

Қазыбек: 10-сыныпта үш халықаралық олимпиадаға қатыстым. 6-сыныпта Малайзияда өткен Азия олимпиадасында алтын медаль алдым. Содан бері математикамен айналысып келе жатырмын. Сонымен бірге программалаумен де айналысамын. 

«Ұлан»: Қандай оқу орнына түсуді жоспарлап отырсыңдар? 

Нұржан: Стэнфорд, Беркли университеттеріне немесе МІТ-ге түсуді жоспарлап отырмын. Қазір дайындық жасап жатырмын. 

Қазыбек: 10-сыныптан бастап программалауға бет бұрдым. Нұржан екеуміз де ІТ саласына барамыз деп жоспарлап отырмыз. 

«Ұлан»: Программалаудың бағыты көп қой. Соның ішінде нақты немен айналысасыңдар?

Нұржан: Спорттық программалаумен айналысамын. Жоба жасау бағытындағы программалауға қызығамын. Өмірде пайдаланатын, тұрмысқа қажетті заттарды программалау-мен айналыстым. Облыстық, халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеттім. Оқушыларға арналған Skolkovo Junior ашық олимпиадасында финалдық кезеңге дейін өттік. Жуырда стартап жасай бастаймын. 

Қазыбек: Менікі спорттық бағыттағы программалау емес. Біз негізінен Яндексте есептерді шығарамыз. Келесі жылдан бастап жобалық программалауға көшеміз. 

«Ұлан»: Бүкіл әлемде мектепке барғаннан бастап, мектеп бітіргенге дейін оқитын бірден-бір пән математика екен. Соған қарамастан, бұрын математиканы мамандық ретінде таңдайтындар аз болатын. Қазір, керісінше, математиканың мерейі үстем болып тұр. Математиканың болашағын қалай елестетесіңдер?

Нұржан: Математика – іргелі ғылым, іргетас. Математика жақсы болса, бәрі жақсы болады. Тек қана математикамен байланысты мамандық аса көп емес, бірақ өте көп мамандықта математика маңызды рөл ойнайды. Көптеген салада математика үнемі ілесіп жүреді. 

Қазыбек: Математика деген бір ғана сала емес. Басқа көптеген саланың маңызды бөлігі. Оның ішінде физика да, инженерия да бар. Сондықтан оның болашағына алаңдамауға болады. 

«Ұлан»: Есеп шығарудан басқа немен айналысасыңдар? 

Қазыбек: Аптасына үш рет спорт залға барамын. Волонтерлікпен айналысамын. Дәл қазір балалар үйінің тәрбиеленушілеріне программалауды үйретіп жүрмін. 

Нұржан: Бесінші сыныптан бастап бокспен айналысамын. Негізінен өзім үшін айналысамын, арасында жарыстарға да қатысып тұрамын. Жуырда ғана қалалық турнирде жеңімпаз болдым. Жетінші сыныпта республикалық сайысқа қатыстым. Мен де волонтермін. 

«Ұлан»: Қандай әдебиет ұнайды?

Нұржан: Маған шытырман оқиғалы шығармалар ұнайды. Соңы не болар екен, қандай өзгеріс болар екен деп отырамын. 

Қазыбек: Мен негізінен математикаға қатысты кітаптарды оқимын. 

«Ұлан»: Жасөспірімдер арасындағы буллинг, кибербуллинг сияқты мәселелер сендерге таныс па? 

Нұржан: Жасөспірімдердің негізгі проблемасы оқумен байланысты деп ойлаймын. Эмоцияны басқару деген бар. Ал буллинг, кибербуллинг дегенмен бетпе-бет кездескен емеспін. 

«Ұлан»: Олимпиадаға, емтиханға дайындық кезінде қандай ережеге бағынасыңдар? 

Қазыбек: Олимпиадаға бір күн қалғанда есеп шығармаймыз, демалуға тырысамыз. 

Нұржан: Сонымен бірге ұйқыны қандыру керек. Кемінде 7-8 сағат ұйықтаған дұрыс. 

«Ұлан»: Ата-аналарың таңдауларыңа қалай қарайды? 

Нұржан: 9-сыныпқа дейін әкем менің математикамен айналысқанымды қалады. Одан кейін мен программалауға ден қойдым. Анам бірден қолдады, әкем басында онша құп көрмеді. Кейін программалаудың маған ұнайтынын, қолымнан келетінін көргеннен кейін пікірі өзгерді. 

Қазыбек: Ата-анам мені әрдайым қолдады. Әкем басынан-ақ математиканы программалаумен, физикамен бірге алып жүруге болады дегенді айтатын. 

«Ұлан»: Бауырларыңа, достарыңа көмектесесіңдер ме? 

Нұржан: Иә, ініме көмектесемін. Ол 3-сыныпта оқиды. Қазір қосымша математикаға барады. 

Қазыбек: Достарым есеп шығаруға қиналса, көмектесемін. 

«Ұлан»: Бес жылдан кейінгі Нұржан мен Қазыбек... 

Нұржан: Ол кезде біз жаңадан оқуымызды бітіріп жатамыз. Америкада боламыз деп ойлаймын. Қазір дайындық жүріп жатыр. Бірінші рет IELTS тапсырғанда 7,0 алдым. Қазыбек екеуміз де SAT тапсырдық. 1600-ден 1350 және 1370 балл алдық. Тамыз айында қайта тапсырамыз. 

Қазыбек: Әлемнің үздік университеттеріне түсеміз деген ой мотивация береді. Болашақта Google, Apple, Amazon, Netflix сияқты компанияларда жұмыс істейміз деп ойлаймын. 

«Ұлан»: Олай болса, мақсаттарыңа жетіңдер!

Жұлдыз ӘБДІЛДА

«Ұлан» газеті

865 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *