Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 29 Маусым, 2021

Таирханды əлемнің сегіз университеті оқуға шақырды

Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Таирхан Қуаныш әлемнің сегіз университетінен оқуға шақырту алды. 18 жастағы Таирхан механикалық инженерия мамандығы бойынша білім алуды көздейді. Зияткер үлкен сынақтарға қалай дайындалғанын, алға қойған мақсаттарын айтты.

– Жезқазған қаласында туып-өстім. 2015 жылы Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне түстім. Уақыт өте келе математика пәні жаныма жақын екенін түсіне бастадым. Сондықтан 10-сыныпта Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне ауысып, білімімді жетілдірдім. Мені әлемдегі сан түрлі құбылыс қызықтырады. Ал физика оны терең танып-білуге мүмкіндік береді. Мамандығым – механикалық инженерия. Бұл саланың мамандары күрделі механизмдер және функционалды құрылғылардың көмегімен адам өмірін жеңіл-дету үшін жұмыс істейді. 

– Емтиханға қалай дайындалдың?

– Жоғары оқу орнына түсу үшін 8-сыныптан бастап дайындалдым. Уақытты текке өткізбеу мақсатында өзіме бақылау жүргіздім. Жоғары нәтижеге жету жолында күндіз-түні білім алу ғана емес, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданудың, денсаулыққа көңіл бөлудің де маңызы зор. Шет елде білім алуды армандаған соң ағылшын тілінен деңгейіңді  көрсететін IELTS, Cambridge International Examination және орта мектепте меңгерген білім деңгейін көрсететін SAT стандарт тестін тапсы-рып, құжаттарымды өзім қалаған оқу орындарына тапсырып қойдым. Сәті түсіп АҚШ, Италия, Гонконг секілді алпауыт елдердің университеттерінен шақырту алдым. 

– Білім грантын ұсынған оқу орындары туралы айтып берсең...

– Сегіз оқу орнынан шақырту келді. Менің таңдауым Гонконгтегі Chinese University of Hong Kong білім ордасына түсіп отыр. Әлемнің үздік университеттерінің  рейтингінде (QS World University Rankings) 43-орында тұрған университет 22 000 доллар көлеміндегі грант ұсынып отыр. Сондай-ақ, QS рейтингінде 30-орында тұрған Politecnico di Torino оқу орны толық грант пен 5800 еуро шәкіртақы тағайындаса, Sapienza University of Rome толық грант және жылына 5000 еуро көлеміндегі шәкіртақы ұсынды. Бұдан бөлек Polytechnic University of Hong Kong, City University of Hong Kong, Hawai’i Pacific University, Drexel University, Illinois Institute of Technology университеттерінің де есігі айқара ашық. 

– Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары өте белсенді келеді. Бос уақытыңда немен айналысасың? Қанша тіл білесің?

– Мектеп қабырғасында жүріп ғылыми, спорттық жарыстарға көп қатыстым. Бос уақытымда сурет сал-ғанды ұнатамын. Спортпен  шұғылданамын. Соның ішінде пингпонг, баскетбол, велотуризм, жүгіру және футбол бар. Бес жыл таэквондо спортымен айналыстым. Соның арқасында қалалық және облыстық жарыстардың жүлдегері де атанып үлгердім. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлеймін. Менің бойымдағы білімге деген құштарлықты ашқаны үшін ата-анама, ұстаздарыма және достарыма алғыс айтамын. Болашақта жақындарым мен елімнің игілігі үшін талмай білім алып, аянбай жұмыс істеймін.

– Мақсатыңа жетуіңе тілектеспін! Сұқбатыңа рақмет!

Назерке ӨТЕГЕН,
Қ.Жұбанов атындағы АӨУ-дың 2-курс студенті.

«Ұлан» газеті

699 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *