- Мотивация
- 29 Маусым, 2021
Мамандық таңдауға көмектесетін Санель
Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды іс. Оның оңай шаруа емес екені барлығымызға аян. YouTube әлеуметтік желісінде мамандық таңдауға көмектесетін «Мамандық таңдау мектебі» атты арна бар. Сол арнаны жүргізетін Қуанышбекова Санель Шоханқызын әңгімеге тартқан едік.
– YouTube желісінен арна ашуға не итермеледі?
– «Мамандық таңдау мектебі» – оқушыларға, жасөспірімдерге, студенттерге, ересектерге өзінің қабілеті, бейімі, қызығушылығы бойынша іс табуға көмектесетін, жол сілтейтін арна. Еліміздегі көптеген оқушыға көмегімді тигізгім келді. Тек қана мамандықтар емес, оқу орындарына да шолу жасаймыз. Осы салада сапалы контент аз болғандықтан, бұл істі бастауды жөн көрдім.
– Білуімше, сіздің кәсібіңізді профориентолог деп атайды. Біз біле бермейтін бұл қандай мамандық?
– Профориентолог – кез келген адамға жүрегі қалайтын, қасиеттері мен істері соған бейім, болашақта сұранысқа ие болатын мамандық түрін таңдауға көмектесетін адам. Осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма үшінші жыл.
– Видео түсіруде қандай қиындықтар болып тұрады? «Камерадан қысылсам да, YouTube арнамды аштым» деп жазыпсыз. Бұл кемшілігіңізден толықтай айықтым деп айта аласыз ба?
– Қиындықтар бар, мысалы, операторлық және монтаж жұмыстары. Бір жыл бұрынғы бейнежазбаларымды көрсеңіз, басқа адам едім. Камера қосылғанда ойым шашырап, қысылатынмын. Бірақ уақыт барлығын реттеді. Тәжірибенің арқасында осал тұсымды жөндедім. Бір іске ниеттенсеңіз, жақсы жетістікке жетуге болатынын ұмытпағайсыз.
– Талапкерлерге мамандықты дұрыс таңдау бағытында қандай кеңес бере аласыз?
– Әлем бойынша 60 мыңдай мамандық бар. Ең бірінші неге қызығатыныңызды, неге икеміңіз бар екенін, болашақта өзіңізді кім ретінде көргіңіз келетінін біліп алғаныңыз жөн. Талапкерлердің ең көп жасайтын қателігі – алдымен мамандық емес, бейіндік пән таңдауы. Соған орай олар мамандық таңдайды. Ал бұл істің болашақта сізге ұнау ықтималдығы өте төмен. Тіптен қиналып жатсаңыз, профориентациялық тест жасаңыз немесе мен сияқты мамандарға жүгінгеніңіз жөн. Ата-аналарға айтарым, кішкентай кезінен балаңыздың жан-жақты болуын қадағалаңыз. Үйірмелерге қатыстырып, қандай да бір іске қызығушылығын ашуға тырысыңыз. Ал балаңыз 7-8-сыныпта оқыса, «балам, кім болғың келеді?», «неге қызығасың?» деп оның болашақ өмірі жайлы ойланатын кезі келгенін есіне салғаныңыз жөн.
– Үлкен өмірге қадам басарда оқушының өмірінде ата-ананың ойы да үлкен рөл атқарады. Бірақ кейбірі балаларының неге қызығатынын білмей жатып, өз таңдауын жасауға рұқсат бермей жатады. Осы жайлы не айтасыз? Бұл жағдайда не істеген дұрыс?
– Ешқандай ата-ана баласы жаман болсын демейді. Бірақ кей сәттерде олардың артық іс жасайтыны балаға да кері әсерін тигізеді. Баланың қалауын жасатпау, ата жолын қудырту, 10-15 жыл бұрын трендте болған мамандықтарға оқыту – еліміздегі жұмыссыздық пен диплом бойынша жұмыс істемеу көрсеткішін арттырады. Ата-ана – бағыт және кеңес беруші рөлінде болса, баланың да ішкі жан дүниесі тыныш болады.
– Білім грантын ұтып, оқуға түсемін деген оқушының бойында қандай қасиеттер болуы керек?
– Грантты ғана көздеу – қате пікір. Өзіңізге, ата-анаңызға жүк түсірмеу мақсатында оңай, бірақ жүрегіңіз қаламайтын мамандықты таңдасаңыз, болашақта қиналып қалуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан да арманыңызға жету жолында ерінбеңіз. Табандылық пен ерік күші сізді алға жетелейтін қасиеттің бірі. Қиындықсыз өмір сүргіңіз келсе, көп еңбектеніңіз.
– YouTube арнаңыз бен видеоларыңыз арқылы оқушыларға көмек бере алып жатырмын деп ойлайсыз ба?
– Қазір арнамызда 40 мыңға жуық тіркелуші бар. Қаралым саны 10 мыңнан 100 мыңға дейін жетеді. Көптеген оқушы мен ата-ана алғысын білдіріп, «мамандығымды таптым» деп қуанып жатады. Университеттерге шолу жасағанда талапкерлердің алғысы ары қарай дамуыма үлкен септігін тигізеді. Мектептегі ұстаздардың өзі «тәрбие сағаттарында сіздің видеоларыңызды оқушыларыма көрсеттім» деп айтып жатады. Жалпы, нәтиже бар, келесі жылы бұдан да көп ақпарат береміз деген сенімдемін.
– Шабытыңыз бен идеяларыңыз таусылғанда, шығармашылық дағдарыс туғанда не істейсіз?
– Ондай сәттер жиі болмаса да, болып тұрады. Мұндайда демалған дұрыс. Әлеуметтік желілерге кірмеймін, мүмкіндік болса таулы жерлерге баруға тырысамын. Ал ұзақ уақытқа демалыс алсам, үйіме және ата-анама барып, қолдауын алу шабыт сыйлайды.
– Мамандық таңдауда көмектесетін орталық ашу ойыңызда бар ма?
– Қазірдің өзінде оқушыларға мамандық таңдауда кеңес беремін. Жалғыз емеспін, арнайы мамандар да жұмыс істейді. Өзім мамандық таңдауда қателескеннен кейін, жасөспірімдер мұндай мәселеге жолықпаса екен деймін және орталық ашсам деген мақсатым да бар.
– Сұқбат бергеніңізге рақмет!
Жас дос! Сенің тұлға ретінде қалыптасуыңа мамандықтың маңызы зор екенін түсінген шығарсың. Өзің қалаған маман иесі атанып, жақсы жетістіктерге жетуіңе тілектеспін!
Дильназ ШАЙМҰРАТОВА,
№45 мектептің 10 «Б» сынып оқушысы.
Өскемен қаласы
«Ұлан» газеті, №26
2184 рет
көрсетілді0
пікір