Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 16 Шілде, 2021

Махаббат деген нәзіктік

Сұңғақ бойлы, қой көзді, орта жастағы ер кісі қымбат аяқкиім дүкенінде сүйіктісіне туфли іздеп жүр... Мен оны танымаймын. Бірақ кеңесшімен әңгімесін еш қысылмастан тыңдап тұрдым:

- Маңыздысы, оның аяғына ыңғайлы болуы ғой. Ол өзі ыңғайлы екенін айтпай қалады. Супинатормен ыңғайлы ғой? Жоқ, бізөкшесі сенімсіздеу... Мына жері жіңішкелеу... Аняның сүйегі ірі... Туфли әдемі қона кетсе... Өлшемі?... Өлшемі 44... Неге күлесіз? – соңғы сөйлемде дауысы күрт қатқылданып шықты. Байқамай жымиған кеңесші қыз айыпты адамдай кешірім сұрап жатты.

*********

Ерлер бөлімінде жұптасып екеу жүр. Жейде таңдап жатыр. Толық еркек перденің артына тығылып, киім киіп көріп жатыр. Оның жұбы кеңесшіден тағы бір жейде сұрады. Сондай махаббатпен:

- Сәл үлкендеуін беріңізші... Қарыны сыймай...

Нәзік байланыс. Осындайларды көрсем, жаныма нұр құйылады.

************

Эскалаторға бара жатып, есіме Марина түсті. Ол екеуміз төрт химияны бастан кешкен едік.

Ол тар төсекте басына жаулығын орап, құлағы қалқиған, басы таз жасөспірімге ұқсап жатушы еді. Күнде кешкілік жігіті келеді. Күнде ерекше банданалар әкелетін. «Тұмсығым сенің оралғаныңды сезіп тұр», «Біз біргеміз» деген сияқты қолмен жазылған жазудан нәзіктік есіп тұратын. Кейде қонжықтары бар кепкалар әкеледі. Ол Маринаның саусақтарын дәу қолымен қысып, қарқылдап күлетін. Оған үнемі күлкілі әңгімелер айтып, Терри Пратчеттен цитаттар келтіретін. Сосын мен оны шығарып салатынмын. Баспалдаққа жеткенде ол көз жасына ерік беретін.

************

Димка... Оның Катясының сөмкесінде үнемі инсулиннің шприці жүретін. Димка өзі ұмытшақ еді.

*************

Евгений Николаевич, аяқ астына қайтыс болған пациентім. Ауған соғысынан кейін жарақаты ұйықтатпайтын. Толыққанды өмір сүре алмады. Бірақ әйелі сұмдық сұлу еді. Питерлік жарты құдайлар үнемі құда түсіп жататын. Бірақ ол қарапайым мектеп мұғалімі болған күйеуін тастамады. Оның тыртықтарын сүйіп, екеуі бірге балконда отырып ән салатын.

*************

Елена Прекрасная... Ленка... Рентгенолог дәрігер еді. Ол өзін екі тонналық зертхана атайтын. Ақ халат таппай, өзі қолдан тігетін. Күйеуі – бойы ұзын, арық, жүзуден спорт шебері. Ленкадан он бір жас кіші болды. Бірақ әйелін көрсе, балмұздақ сияқты еріп кете беретін. Шамасы жеткен жерге дейін Ленкасын құшақтайтын.

*************

Еске қай-қайдағы түседі. Біресе күлем, біресе жылаймын. Бұл менің махаббатқа деген реакциям ғой. Махаббат нәзіктік сияқты. Оны ештеңемен шатастыра алмайсың. Ахматованың айтқаны рас шығар. Махаббат тыныштықты сүйеді. Ол ауыр жүк емес. Махаббатты бірде бір цинизм жоя алмады. Сезімнің дауысы зор. Махаббаттың таза киіміне бірде бір дақ түспеді. Барын жария етуге тырысқан бірде бір тұтынушы шын сезімнің ықтиярында қалып, өзгені өзіңдей көрудің бақытын сезіне алмас.

© Лиля Град

Аударған Шынар Әбілда

 

457 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *