Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 21 Шілде, 2021

Аптап ыстықтан қалай қорғануға болады?

Ойын баласы жаздың ми қайнатар ыстығына қарамастан далада ойнауға құмар. Күн шыжып тұрғанда сыртта көп жүрсе, басынан күн өтіп, мұрны қанағанынан бөлек көптеген қаупі бар. Бұл материалымызда күн өтуден қалай қорғануға болатыны туралы ақпарат беруді жөн көрдік.

Ашық түсті, кең киім киіңіз

Қара, қоңыр секілді түстер күннің жылуын өзіне тартады. Бұған мысал ретінде мектепте оқып жүргенде физика пəнінен қыста даладағы аппақ, тап-таза қарға қарағанда балшық жағылған қар тез еритінін оқыған болатынбыз. Сондықтан ақшыл түсті киім кию керек.

Көп мөлшерде су ішіңіз

Жазда суды жылдың басқа мезгілдеріне қарағанда көп ішу керек. Су ішудің өзіндік тəртібі бар. Суды тұрып ішпей, отырып, бөліп-бөліп ішсе, су бірден тоқішекке кетпей, асқазандағы микробтарды шайып барып кетеді дейді мамандар. Күн сəулесінің пайдасы Сүйек пен тістің беріктігі, бойдың өсуі үшін қажетті Д дəруменін күн астында 15-20 минут жүру арқылы жеткілікті түрде алуға болады.

Күннен қорғайтын крем жағыңыз

Күннен қорғайтын кремді сатып алар кезде жəне қолданар алдында жарамдылығын тексеріп, оның қолдану мерзімі өтіп кетпегеніне көз жеткізіңіз. Күннен қорғайтын өнімдердің көпшілігін кем дегенде үш жыл пайдалануға болады, бірақ сіз оны қолданған сайын күн сəулесінен қорғайтын ингредиенттерді араластыру үшін бөтелкені шайқап отыруыңыз керек. Бұл əрекет өте маңызды. Күннен қорғайтын құралдарды көп мөлшерде қолданған жөн. Қолдану кезінде бетіңізге, мойынның артқы жағына (желкеге), құлағыңызға, қолыңызға жəне киіммен жабылмаған кез келген бөлікке мұқият назар аударыңыз. Сіз терлегенде немесе жүзгенде, күннен қорғайтын құралдар оңай жуылып кетеді, сондықтан əрбір екі сағат сайын жағып отыру керек. Бірақ бұл ультракүлгін сəулелерін толық бөгемейді. Сондықтан ең дұрыс шешім – көлеңкеде болу, яғни ультракүлгін сəулесінің əсерін болдырмаудың ең жақсы тəсілдерінің бірі.

Көлеңке табыңыз

Қолшатырдың, ағаштың немесе басқа пананың астына көлеңке іздеу арқылы терінің зақымдану жəне терінің қатерлі ісігі қаупін азайтуға болады. Көлеңкеде жүргенде де, теріні күн сəулесінен қорғайтын крем немесе қорғаныш киім кию арқылы қорғауды ұмытпаңыз.

Баскиім киіңіз

Ең жақсы қорғау үшін бетіңізді, құлағыңызды жəне мойныңыздың артқы жағына көлеңке түсіретін шеті бар шляпаны киіңіз. Тығыз тоқылған мата, мысалы, кенеп теріңізді ультракүлгін сəуледен қорғауға жақсы əсер етеді. Күн сəулесі өтетін тесіктері бар сабан шляпалардан аулақ болыңыз. Қараңғы баскиім ультракүлгін сəуледен көбірек қорғайды.

Күннен қорғайтын көзілдірік те маңызды

Күннен қорғайтын көзілдірік көзіңізді ультракүлгін сəуледен қорғайды жəне катаракта қаупін азайтады. Олар көз айналасындағы нəзік теріні де күн сəулесінен қорғайды.

Балаларды күн сəулесінен қорғаңыз

Балалардың күннен қорғанысы ерекше назар аударуды қажет етуі керек. Балалар өте белсенді. Олар уақытын ашық ауада өткізуге құмар. Кішкентайлар күн өту туралы аз білуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар немесе тəрбиешілер балаларын күн сəулесінің көп түсуінен қорғауы керек. Балаңызды күн сəулесінен сақтап қалу үшін оны жанжақты қорғаңыз. Күндіз қай уақытта шықсаңыз да, терінің ашық жерлеріне күн сəулесінен қорғайтын құралдарды қолдану əдетін қалыптастыруыңыз керек. Балалар ересек, есті бола бастаған кезде оларға күн сəулесінің зияны туралы білім беру керек.

Гүлжан НИЯЗОВА, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 1-курс студенті.

Түркістан облысы

«Ұлан» газеті

861 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз