Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 22 Шілде, 2021

Оқулық қайтсе оңалады?

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде мектеп оқулығындағы қате деректер көбірек айтылып жүр. Мәселен, 2-сыныпқа арналған оқулықта қазақтың ұлттық тағамы ретінде лағман деп көрсетілгені, қазақтың дәстүрі деп пасха мен масленницаның бейнеленгені қызу талқыланып, елордада биік мінберден де айтылды. Байқауымызша, оқулықтарда мұндай олқы тұстар аз емес секілді. Сол себепті барлық әңгімені мектеп мұғалімінен естіп, ұсыныс-пікірін де білгіміз келді. Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, «Бұлан» орта мектеп-балабақша кешенінің тарих пәнінің мұғалімі Серік Зиятовпен әңгімелескен едік.

– Мектеп оқулықтарында хронологиялық деректер, статистикалық деректер «Академиялық Қазақстан тарихының» 5 томдығымен сәйкес келмейді. Пәндегі тарихи мәліметтерді біріздендіру керек. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе – авторлардың жауапкершілігін күшейту керек деп ойлаймын. Оқулық дайындайтын авторлардың құзіреттілігі тең болу керек. Тарихтың өзі ежелгі, орта және қазіргі сияқты деңгейлерден тұрады. Сол себепті де оны өз маманы құрастыру керек. Тарихшының бәрі бірдей әмбебап емес, бола алмайды да. Әмбебап тарихшы санаулы ғана. Бірақ бүкіл тарихшы өзін солай санайтын сияқты. Әуелде оқыған бір деректерді ұмытыңқырап қалуы мүмкін. Жауапкершілікті мейлінше жүктеу керек. Тіпті кейбір тарихшы сауатсыздау да боп 

шығатын жағдай бар. Мысал келтірейін: 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» пәнінде Қаныш Сәтбаевтың 1930 жылдары Қарсақбай жақта жұмыс істегені, Әмір Темірдің Тоқтамысқа жорыққа бара жатқанда жаздырған тасын тапқаны жазылған. Бұл тас Алтыншоқы деген жерден табылған. Ғылымда оны «Алтыншоқы тасы» деп атайды. Оқулықта сол тасты темір дәуірінің тасы деп қойған. Әмір Темірдің тасы дегенді «темір дәуірінікі» деп жіберген ғой. Жас мамандардың жіберген қатесі болуы мүмкін. Себебі, білім тәжірибемен келеді. Жас мамандармен пікірлесіп жүрген соң осыны байқаймын.
Бұрынырақта оқулық дайындалу барысында бірнеше адамның қолынан өтетін. Ғылыми редактор, редактор, корректорлар көп болатын. Қазір солар да азайған сияқты. Себебі, цифрлық қателер де жоқ емес. Мысалы, 1862 жылы Берел қорғанына В.Радлов келіп, зерттеу жүргізген. Бірақ бұл 10-сыныптың «Қазақстан тарихы» оқулығында 1826 боп жүр. Екі сан орын алмасып кеткен. Бұл сауатсыздық емес, жауапсыздық секілді. Тағы бір мысал келтірейін: 1920 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамы құрылған. Оның Ордада, Көкшетауда, Оралда және Петропавлда филиалдары болған. Құрамында көптеген ғалым болған. Соның қатарына В.Радловты қосып қойыпты. Бірақ Радлов ол кезде өмірден өтіп кеткен. Мұндай қателер жауапкершіліктің жоқтығынан деп ойлаймын. 

Тағы бір мәселе – оқулықтың тілі. Кейбір оқулықтың тілі ауыр. Дегенмен қазір аздап жөнделіп келе жатыр. Кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне «Тарих оқулықтарының тілі ауыр, деректері қате» деген мақала жаздым. Сонда оқулықтың бәрі А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының сараптамасынан өткен деп жазылатынын, алайда сараптаманың дұрыс жасалмайтынын жаздым. Себебі, қазақ тілінде орын тәртібі қатаң сақталады. Қазақтың сөзі «мен ойлаймын» деп басталмайды, «деп ойлаймын» деп сөз соңында жазылады. Осылайша сөздің орын тәртібі сақталмағандықтан, тарихи деректе кереғар ұғым туындайды. 

Оқулықтағы қате деректердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге, емтихандарға да кетіп қалатыны бар. 2012 жылы шыққан 8-сыныптың (7-сынып) «Қазақстан тарихы» пәнінде «Жаһанша Досмұхамбетов ТарТУ-дың Заң факультетін бітірді» деп жүр. Ал Жаһанша Мәскеу мемлекеттік университетін бітірді. Бұл қате 2012 жылдан бері оқулықтан оқулыққа көшіп, ҰБТ-да әлі солай жүр. Дегенмен емтиханда соншалықты көп қате жоқ, бірді-екілі ғана кездеседі. Тағы бір мысал келтірейін: Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазан қаласында шықты деп жүр. Ал шындығында тұңғыш жинағы 1909 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Н.Бораганский баспасынан шықты. 

Кейінгі оқулық жазушылар алдыңғы оқулықтарды пайдаланып жүр. Азырақ өңдеп, толықтырумен шектеледі. Осылайша, алдыңғы оқулықтағы кейбір қателер қайталанып кетеді. Балама оқулық дегенді тоқтату керек деп есептеймін. Бұрын оқулықтың бәрі «Мектеп» баспасынан ғана шығатын. Ал қазір «Атамұра», «Мектеп», «Назарбаев зияткерлік мектебі» бірнеше оқулық шығарып жүр. Деректердің әртүрлі болуына, қателердің кетуіне бұл да әсер етеді. Қытайда бүкіл оқулық жалғыз баспадан шығады екен. Миллиард халқы бар қытай солай жасағанда, біздікі не жорық деймін. Оқулықты бір баспадан шығаруды монополия деп есептемеймін. Керісінше, жауапкершілік күшейер еді. Кезінде солай болды да. Әйтпесе оқулықтың бірнеше баспадан шығуынан ешқандай бәсеке, жақсы сапа болып жатқан жоқ. 

Жазып алған 
Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2021

897 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз