Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 25 Шілде, 2021

Табиғатқа зиян келтірмейтін ресурстардан жоба жасағым келеді

Қасымжомарт Сағатбек – «Сауда автоматы», «Ақылды үй» және «Жеделсаты қозғалысын автоматтандыру» сияқты көптеген жобаларды жүзеге асырып, тәжірибе жинап жүрген дарынды өнертапқыш. Қасымжомартпен жасаған жобалары туралы аз-кем әңгімелескен едік.

Алғашқы жұмыс орны

Колледжде оқып жүргенімде біліктілігім мен білімімді жетілдіру мақсатында ірі автоматтандырылған зауыттарда жұмыс істегім келетін. Кейін колледждің соңғы курсында сүт өнімдерін өңдейтін компанияға жүк тасушы ретінде жұмысқа тұрдым. Бір ай бойы тынбастан еңбектеніп, оператор маманы атандым. Сол сәт мен үшін алға дамуға, өзімді жетілдіруге  шабытымды оятты. Арада 8 ай өткен соң колледжді қызыл дипломмен бітірдім. Сүт өнімдерін өңдейтін зауытта оператор болып жүріп, автоматтандырылған  құрылғыларды басқаруды үйреніп алдым. Мамандығым «Автоматтандыру және басқару» болғандықтан, автоматтандырылған құрылғыларды басқарып қана қоймай, неліктен өзім технологиялық процесті автоматтандырмасқа деп ойладым. Сүт өнімдерін өңдейтін компаниядан шығып, зауыттардың, электр подстанцияларының  құрылысымен, баптауымен айналысатын компанияның электромонтаж цехына жұмысқа тұрып, тәжірибе жинақтай бастадым.

Сауда автоматын қалай жасап шықты?

Алғашында балмұздақ шығаратын сауда автоматын жасағым келді. Қазір қала көшелерінде құйылмалы балмұздақтарды сатып тұрады, ал мен ешқандай сатушыны қажет етпейтін, өздігінен басқарылатын түрін жасағым келді. Бірақ ол заттың қаңқасын, ішіндегі салқындататын құрылғыларын жасау көп қаражатты қажет етті. Сол себепті сауда автоматының қарапайым түрін жасадым. Сағыз сияқты ұсақ-түйек заттарды сататын автоматты жасау оңайға соқты. Ендігі мақсатым – балмұздақ шығаратын сауда автоматын жасап шығу. Бұл сауда автоматының өзгелерден ерекшелігі – гаджет арқылы басқарылады. Тіпті ақшаны банк карточкалары арқылы төлеуге де болады. Дәл осы құрылғыны жасауға бір аптадай уақыт кетті. Ең алдымен қаңқасына, кейін сағыздың, шырынның тұтынушыға қалай берілетініне көп көңіл бөлдім. Барлық ток, сымдарын жалғап болған соң, автоматқа арнап қосымша жасауға кірістім. Бұл қосымшаның бағдарламасын бір күнде жасадым. Дәл осындай автоматтар Ақтөбе қаласында бар, олардың құны шамамен бір миллионға жуық. Оларда адамға қажетті барлық заттар сатылады. Осыған ұқсас машина, кір жуатын аппараттар да бар. Жаңа айтқанымдай, бұл заттарды басқару үшін адамның керегі жоқ, құр ақшасын төлеп, қызметін пайдалана аламыз.

Болашақта бұл автоматта ұлттық тағамдар сатылуы мүмкін бе?

Қазақстандық өнім болғандықтан, онда ұлттық тағамдарымыз салынып, сатылса бір ғанибет. Мысалы, құрт, қымыз сынды дәмді де пайдалы тағам түрлері көп қой. Бір дүкен ашып, әртүрлі заттарды сататын аппараттарды ойлап тапқым келеді. Ол дүкенде ешқандай сатушы болмайды, тұтынушы өзіне керек кез келген затты ала алады. Осындай жаңа инновациялық дүкенді жасап шығу ойда бар.

«Ақылды» қойма

Ең алғашқы жұмысым «Ақылды қойма» деп аталады. Бұл жобаның ерекшелігі – пультпен ғана басқарылып қоймай, әлемнің кез келген түкпірінен үй мен қойманың жағдайын көріп, біліп отыруға болады.

Жеделсаты қозғалысын автоматтандыру

Одан кейінгі жобам – жеделсатының қозғалысын автоматтандыру. Егер жеделсаты істен шығып, мәселе туындаса, ішінде қалған адамдардың ешқандай батырманы басуын талап етпейді. Яғни жеделсаты операторына дереу хабарлама келеді, ол хабарламада құрылғының қай жері бұзылды, ол не себептен, қай уақытта, ішінде қанша адам бар деген сынды ақпараттар келеді.

ІТ саласында жинақтаған тәжірибе мен білімі

Биыл Бәйішев университетін аяқтап, диплом алғалы отырмын. Енді оқуымды әрі қарай жалғастырып, магистратураға түссем деймін. ІТ саласындағы жас мамандармен танысып, жаңа жобалар ойлап тапқым келеді. Күннен, желден, табиғи ресурстардан энергия алатын жобаларды жасағым келеді. Өйткені бұл табиғатқа экологиялық зардап әкелмейді. Осындай сұраныстағы дүниелерді жасап шығаруды тоқтатпаймын. Орта жасқа келгенше жұмыста үлкен тәжірибе жинақтап, білікті маман атанғым келеді. Өз саламда жетістікке жеткен кезде ғана жас ұрпаққа білгенімді үйретемін деп ойлаймын. Қазіргі уақытта колледж, университет студенттерімен тәжірибемді бөлісіп, олармен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» деген сөзін ұстанымым етіп, ел болашағы үшін еңбек ететін жастардың бірі болғым келеді.

Мерей АУҒАЛИ,
«Ақ желкеннің» 
жас тілшісі.
Павлодар облысы

«Ақ желкен» журналы

1220 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *