Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 27 Шілде, 2021

Отандық QazVac вакцинасына қатысты жаңа мәліметтер

1. Маған хат, хабарлама жазған біраз қазақстандықты бір мәселе алаңдатады: «Отандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасымен егілейік деп едік, елорданың өзінде еш жерде жоқ». «Жамбылдағы зауытта не болып жатыр? Вакцина шығаруды тоқтатқан ба? Әлде ел Үкіметі шетелдік вакциналарды ілгерілетіп, өз вакцинамызды сатып алмай жатыр ма?» дейді азаматтар.

Мәселенің мән-жайын білу үшін БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі Күнсулу Дальтонқызы Закарьяға хабарластым.

2. Сонымен, Күнсулу Закарьяның мәліметінше, ҒЗИ өз мойнындағы міндеттемелерін дер кезінде әрі толыққанды орындап отыр.

«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медсақтандыру жүйесінде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу бойынша Бірыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС-мен арамыздағы келісімшарт бойынша біздің тарапымыздан отандық вакцинаның партиялары уақытында жіберіліп жатыр. Атап айтқанда:

2021 жылғы сәуірде QazVac-тың – 50 мың дозасы;

Мамырда – 50 мыңы;

Маусымда – 100 мыңы «СҚ-Фармацияға» жолданды.

Бұйыртса, келесі аптада шілдеге жоспарланған – 100 мың вакцина жіберіледі. Тамыз айына – бірден 650 мың вакцина өндіріп, жолдау жоспарда бар. Ол міндетті орындауға қазірден дайындық жасап жатырмыз. Барлығын келісімшартқа сай әзірлеп, шығарудамыз», – деді Күнсулу Дальтонқызы.

Яғни, қазақстандық вакцинаның тапшылығына Жамбыл облысының Қордай ауданындағы бірегей де белді ҒЗИ мен заманауи зауытымыздың еш айыбы жоқтай. ҒЗИ вакцина өндірісін қал-қадари арттыруда. Егер Үкіметтен тиісті қолдау болса, тіпті 1 миллион вакцина өндірісі межесіне де жетуге қауқарлы.

3. «Қазақстандық ғалымдар соңғы отыз жылдықта әлемді аузына қарататындай ештеңе де ойлап тапқан жоқ. Ал аса қауіпті індеттерге қарсы вакцина жасау үшін ең кемі 10 жыл керек. Ендеше отандық вакцина қалай тез жасалды? Ол шикі дүние болса, онымен қалай егілеміз?» деп күмәнданады кейбір азаматтар.

Бұл әрине, жаңсақ пікір. Шынында, адамзат коронавируспен (латынша, Coronaviridae) 56 жылдан бері таныс. Ағылшын вирусологы, биолог дәрігер Дэвид Тиррел (David Tyrrel) 1965 жылы алғаш рет жіті респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) ауырған сырқаттың мұрын қуысы мен тамағынан коронавирусты тапқан. Қазіргі кезде коронавирустың 43 түрі белгілі. Содан бері коронавирустар ондаған жылдар бойы зерттеушілердің назарын өзіне аудартпай, тыныш жатқан.

4. Алайда 2002-2003 жылдары Қытайда коронавирус «атипті пневмония» (ТОРС, SARS) індетін тудырып, ғалымдарды елең еткізді. SARS-CoV вирусы туындатқан және дүниежүзінің өзге елдеріне жайылған бұл дертті жалпы саны 8 273 адам жұқтырып, 775 адам қаза тапты (өлім-жітімі 9,6%).

Содан бері әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері, соның ішінде Қазақстан да бұл вирусты мұқият зерттеп, оған қарсы вакцина жасау жайын пысықтай бастаған. Осы кезде, 2019 жылғы желтоқсанда Қытайда мутацияланған SARS-CoV-2 вирусына негізделген коронавирус инфекциясы тарап, бүгінде әлемге қасірет пен азап шектіруде.

Демек, РНК-құрамды коронавирус адамзатқа бұрыннан белгілі. Қазіргі вакциналар да ондаған жылдар бұрын әзірленген технологиялардың негізінде әзірленді.

5. 2020 жылғы наурызда Қазақстанда жаңа коронавируспен ауырған алғашқы адам анықталды. 23 наурызда науқастардан патологиялық материалдар алынды. Материалдан COVID-19 вирусы бөлініп, оның биологиялық қасиеттері зерттелді. Штамдар белгілі болысымен, қазақстандық ғалымдар бірден вакцина әзірлей бастады. 9 мамырда ғалымдар QazVac (QazCovid-in) вакцинасын әзірлеп шықты. Ол ғылымға бұрыннан мәлім және өзінің тиімділігін толық дәлелдеген инактивті, «өлтірілген» вакцина негізінде жасалды.

15 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны кандидат-вакцина ретінде тіркеді. Маусым айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы зерттеудің оң нәтижелерін мойындады. Шілдеде ғалымдар өздері жасап шыққан QazVac вакцинасын алғашқы болып өздеріне салғызды.

17 қыркүйекте 44 еріктінің қатысуымен I кезеңдегі клиникалық зерттеулер басталды. Нәтижесінде вакцина жоғары қауіпсіздігін паш етті. 17 қазанда клиникалық зерттеулердің II кезеңі басталып, оған 200 ерікті қатысты. Нәтижесінде вакцина жоғары иммуногенділігін, әрі тиімділігін көрсетті. 19 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрлігі клиникалық зерттеулердің соңғы, шешуші III кезеңін жүргізуге рұқсат берді, оның аясында 3 мың еріктіге отандық вакцина егілді.

6. Жамбыл облысындағы осы ғаламат ғылыми-зерттеу ұйымында, оның АҚШ салған жаһандық озық лабораториясында кейінгі 1,5 жылда екі рет болдым. Институтта медициналық және ветеринариялық вирусология, биологиялық қауіпсіздік, эпизоотология, иммунология, молекулалық биология, биохимия, биотехнология, микробиология және фитопатология салаларындағы үздік, жоғары білікті мамандар, ғылым докторлары мен кандидаттарыы жұмыс атқарады.

Өткен жылы әлемде алғашқылардың бірі болып, вакцина ойлап тапқан осы ғылым ордасының мамандары, ғалымдары оны жасау, клиникалық зерттеулер өткізу және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін ұйқыны ұмытып, тәулік бойы дерлік тер төкті. Ерлікке бара-бар ерен іс тындырды.

Бүгінде олардың еңбегін Үкімет те, қоғам да жете бағалай алмай отырған сияқты.

Қазақстанда 100-ден астам ғылыми институт бар екен. Олардың көбі пандемия басталғанда бұл проблемадан, яғни елге келген зауалдан халықты құтқарудан қалыс қалды. Ал белсене кіріскендері әлі күнге мәреге жетпеді.

Жаһандық дәрежедегі жетістікке жеткен жалғыз институтымызға қоғам қошемет көрсетпесе, ең құрығанда босқа балағаттамағанымыз жөн.

7. Кейбір қоғамдық белсенділер, сондай-ақ екпе атаулыға жаны қас адамдар «қазақстандық вакцинаның үшінші клиникалық зерттеуден өтпегенін» айтып жүр. «Өтсе, оның нәтижесі қайда, неге жасырып, жария етпей отыр? Әлде отандық вакцина жарамсыз болып шыққаны ма?» деп жазады олар. Бұл сұрақты Закарья ханымға қойдым.

Ол QazVac (QazCovid-in) вакцинасының ІІІ клиникалық зерттеуден табысты өткенін айтады. Оны тиісті қорытындылар айғақтады. Шетелдік және отандық ғалымдар бұған еш шүбәланбайды. Мәселе енді тиісті есепті жариялауда, яғни бюрократиялық мәселеде ғана болып тұр. Айтпақшы, былтыр әлемде вакцинасын ең бірінші болып тіркеген Ресей де әлі күнге ІІІ кезең қорытындысын жарияламады: биылғы ақпанда жария етуге уәде еткен, ол сөзінде тұрмады.

Сонда Қазақстан вакцинасының үшінші сынақ кезеңінің қорытынды есебі қашан жарияланбақ? БҒМ сайтында тек І және ІІ кезең қорытындысы орналастырылған.

«9 шілде күні ІІІ кезең түбегейлі аяқталды. Тиісті есепті дайындауға кем дегенде 25 күн керек. Өйткені есептер өте көлемді, 3 томға тартады. Шамамен 2 000 беттен тұрады. Одан кейін есеп Денсаулық сақтау министрлігіне сараптамаға жіберіледі. Экспертиза, яғни сараптау мерзімі қашанға созылатынын ДСМ анықтайды. Норматив бойынша бұрындары 1 ай болатын», – дейді Күнсұлу Закарья.

Ол есепті де көрерміз. Дегенмен, отандық вакцинаның барлық үш кезең сынақтарынан сүрінбей өткенінің өзі көңілді тоғайтады. Ал қорытынды есеп QazVac-ты ДДСҰ мойындауы үшін маңызды болса керек.

8. «Бізге ең құрығанда моральдық қолдау қажет. Вакцина жасаған ғалымдарымыз қандай құрмет-қошеметке де лайық. Олардың әлеуметтік жағдайын керемет деуге келмейді. Көмек шамалы. Салыстыру үшін айтсақ, шетелде вакцина ойлап тапқан ғалымдар – миллионер, компаниялар – миллиардер болуда. Біздің ҚазВак – әлемдегі ең үздік вакциналардың бірі. Ал вакцина ойлап тапқан біздің ғалымдар моральдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да тозу үстінде», – деп ашығын айтты ҒЗИ мамандары.

Бұл – Үкіметке құлаққағысымыз!

9. Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жаңа биофармацевтикалық зауыт отандық вакцинаны келісімшартта көзделген көлемде, уақытылы жасап, «СҚ-Фармацияға» жөнелтуде. Вакцинамыздың ары қарай өңірлерге таралуына, екпе салғызғысы келетін қазақстандықтарға дейін жеткізуіне осы бірыңғай дистрибьютор жауапты. «СҚ-Фармацияның» басшылығы бұл міндетті жарға жықпайтынына сенгіміз келеді. Жарға жықса, онымен сөз басқаша болуға тиіс.

Бақытбек Смағұл,

Nur Otan фракциясының мүшесі

 

412 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз