Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 28 Шілде, 2021

Əлемге əдемі көріну əлегі

Халқымызда «қате аяқ астынан» деген жақсы сөз бар. Бұл дегеніміз – «аяғыңды аңдап бас» дегенге саятын болса керек. Алайда адам баласы қателесем деп ойламайды. Ал қателіктен сабақ алу басқа әңгіме. Кішкентай қателіктің өзі кейде орны толмас өкінішке ұласып жатады. Мәселен, «селфи жасаймын деп мерт болыпты» деген жаңалықты естісеңіз, мырс етуіңіз мүмкін. Мұндай да бар. Мысалы, Бүкілүнді медициналық зерттеулер институты ғалымдары жинақтаған мәлімет бойынша, 2011-2017 жылдар аралығында әлемде 259 адам селфи жасамақ болып өлім құшқан екен. Басым көпшілігі – 29 жасқа дейінгі жастар. Қайтыс болғандардың 72,5%-ы ерлер болса, 27,5%-ы – әйелдер. Орташа жас деңгейі – 22,94. Қайтыс болғандардың саны бойынша бірінші орында – Үндістан, одан кейін Ресей, АҚШ және Пәкістан тұр. Селфиден болатын өлім көп жағдайда су айдындары, таулар мен зәулім ғимараттарда болады. Әдетте адам эйфорияға беріліп, әдемі сурет түсіремін деп оқыста мерт болады.

Селфи несімен қауіпті?

Селфи – адамның немесе топтың әдетте, әлеуметтік желілерде бөлісу үшін смартфонның алдыңғы камерасы арқылы өз-өзін суретке түсіруін айтады. Селфи сөзі ағылшынша «self» – «өзім» деген сөзден шыққан. Бұл сөз 2013 жылы Оксфорд сөздігіне енген. Google компаниясының дерегі бойынша, 2015 жылы Гуглға 24 миллиард селфи жүктелген. Техниканың дамуы селфи құбылысының таралуына да ықпал етті. Қалай мінсіз селфи жасауға болатыны және әртүрлі селфи-позалар туралы ақпарат беретін сайттар жетерлік.

Селфи таяқшаларының (монопод) пайда болуы адамдардың оған деген құмарлығын одан бетер арттырды. Былайша айтқанда, селфи түсіру әлеуметтік желіде өзін-өзі көрсету тәсілі болды. Кейде адамдар әлеуметтік желілерде өзіне назар аударту үшін қауіпті жерлерде түскен селфи суретін жариялайды. Кей жағдайларда бұл өлімге әкеліп соқтырады. Селфи кезіндегі өлім жағдайына келетін болсақ, көбіне адамдар судың үстіндегі жартастан құлаған кезде, оларды жағалаудағы үлкен толқын шайып кету себебінен қайтыс болады. Екінші орында – көліктегі апаттар, ал үшінші орынға өрттен және биіктіктен құлап түскен қайғылы оқиғалар кіреді. Сонымен қатар, қауіпті селфи авторлары электр тоғымен зақымданудан, тапанша секілді суық қарумен дұрыс жұмыс істемеу салдарынан бұ дүниемен қош айтысады екен. Бүкілүнді медициналық зерттеулер институты ғалымдары жинаған деректерінің толыққанды болмайтынын айтады. Себебі кей жағдайда селфи өлімнің негізгі себебі деп танылмайды, кейде тіпті жазатайым оқиға ретінде тіркеледі. Зерттеушілер селфи жасау аса бір қауіпті нәрсе емес, тек адамдардың өзі желіде жүрек жұтқан батыл боп көрінгісі келіп көзсіз тәуекелге барады дейді. Мұны да жоққа шығаруға болмайтын шығар.

Өзгелердің назарын қажетсіну, желідегілердің «жарайсың», «батырсың», «қандай тамаша», «тағы күтеміз» деген сынды мақтау сөзін естіп есіру – бүгінгі желі қолданушыларына тән қасиет. Қазір адамдар лайк пен жағымды пікірлердің көп болуына тәуелді және бұл оларды ешкімде жоқ ерекше суреттер жариялауға итермелейді.

Огайо штаты университеті мамандарының зерттеуінше, әлеуметтік желі қолданушылары жариялаған суреттерге қарап, олар туралы көп нәрсе білуге болады. Зерттеушілер әлеуметтік желідегі жүздеген адамның әдеттері мен мінезқұлқына талдау жасаған. Нәтижесінде, көп селфи сурет жүктейтін адамдар басқаларға қарағанда психопатияға тез ұшырайды екен. Зерттеу жетекшісі Джесси Фокстың айтуынша, адамдар лайк пен пікір үшін тәуекел етуге дайын. Желідегі лайк саны танымалдық деңгейін көрсетеді. Қазір бұрынғыдай жай сурет жүктеу жеткіліксіз. Жариялаған суретің неғұрлым «ерекше» болса, соғұрлым лайк пен пікір саны да көбейеді. Youtube видеохостингіне жүктелген «Өліммен аяқталған 5 селфи» атты видео 8 миллионнан астам көрілім жинаған. Онда селфидің құрбаны болған жастардың қалай мерт болғаны туралы айтылады. Өкінішке қарай, елімізде де ондай жағдайлар болған. 2019 жылы Ақтөбеде түнде ерекше селфи жасамақ болған қызды қатты жылдамдықпен келе жатқан пойыз қаққан. Ал 2017 жылы маусымда және тамызда кәмелетке толмаған төрт бала селфи жасау үшін вагонның үстіне шыққан. Оларды тоқ соғып, біреуі жарық дүниемен қош айтысқан. Дәл осындай оқиға былтыр Жамбыл облысы Шу қаласында тіркелген. Жиырма жастағы жігіт жүк пойызының цистернасына шығып суретке түспек болғанда, оны жоғары кернеулі тоқ соққан. Оқиға салдарынан жігіттің денесі мен аяқ-қолын I-II-III дәрежелі 50 пайыздық электротермиялық күйік шалған.

Ал мына оқиға тіпті жантүршігерлік. 2018 жылы Қарағандыда арқанмен селфи жасамақ болған 7-сынып оқушысы қайтыс болған еді. Жергілікті білім бөлімінің мәлімдеуінше, ол өзіне қол жұмсағысы келмеген. Қыздың қалтасынан қайшы табылған. Қолында телефон болған, кейін арқаннан босағысы келіп бұлқынғанда телефоны түсіп қалған. Мектеп оқушысы мұны үйде әкесі мен ағасы жоқта байқап көргісі келген. Бұл уақытта әкесі ұлын спорт секциясына жаттығуға алып кеткен. Анасы үш жастағы баласын ұйықтатып жатқан. Жатын бөлмеде жалғыз қалған қыз қалтасына қайшыны салып, ұялы телефонының камерасын қосқан. Жаттығудан келген ағасы қыздың өлі денесін көрген. Сол жылы маусымда Талдықорғанда мектеп оқушысы сегізінші қабаттан құлап қайтыс болған. Ресми мәлімет бойынша, жасөспірім құрылыс орнында селфи жасап, өзін-өзі суретке түсірмек болып абайсызда құлап кеткен. Мұндай оқыс оқиға салдарынан қаншама отбасы қара жамылды. Мұндағы негізгі проблема селфиде емес, адамдардың қауіпсіздік ережесін ескермейтінінде болып отыр.

Селфиге тәуелділіктің артында не тұр?

Қазір өзін суретке түсірмейтін, суретін желіге жүктемейтін жасөспірімді кездестіру қиын. Себебі, ең көп селфи түсіретін де солар. Көп жағдайда жасөспірім өзінің тартымдылығына күмәнданады. Селфи түсіру сол бос кеңістікті толтыруға көмектеседі. Мұнда селфиді өзің қалаған мәнерде түсіре аласың. Сәйкесінше, бойыңдағы кейбір кемшілікті жасырып қалуға тырысасың. Желі қолданушыларының көбі суретке қарамай-ақ лайк басып өте шығуы мүмкін. Ал жасөспірімдердің көбі мұны түсінбейді. Сондықтан әлеуметтік желідегі пікірлердің ықпалына тез түседі.

Ал ересектерге келсек, селфиге деген тәуелділік тұлғаның өзін-өзі бағалау деңгейіне байланысты. Егер адам желіге тым көп селфи жүктесе, ең сәтті ракурсты таңдауға тырысса және фильтрді көп пайдаланса, онда ол өзінің тартымдылығына күмәнданады деген сөз. Өйткені ол өзінің шынайы толық бейнесін көрсетуден қорқады. Психологтардың айтуынша, мұндай адамдар желідегі лайк пен пікірлер арқылы өзін өзі бағалау көрсеткішін арттырғысы келеді екен. Психологиялық және социологиялық зерттеулер көрсеткендей, біздің сыртқы келбетімізді қабылдауымыз эмоционалды күйге қатты әсер етеді. Шынайы өмірде істеген ісіңізге қарай айналадағылардан жақсы сөз естисіз. Ал виртуал өмірде оны лайк арқылы аласыз. Алайда виртуал өмірде шынайы өмірге қарағанда шындық бұрмалануы мүмкін. Лайк санының көптігі иллюзия тудыру мүмкін. Адам соған алданып бақыт гормонының «құрбанына» айналады.

P.S. Қалай десек те, селфи құбылысы әлемге кең тарап кетті. Оған тыйым салу мүмкін емес. Технология мен түрлі гаджеттердің таралуы селфиге деген құмарлықты арттырмаса, кемітпейтіні анық. Себебі, жаңа шыққан гаджеттердің камерасы жыл өткен сайын жаңарып, жақсартылып жатыр. Орта есеппен әлемде күніне 93 миллион селфи түсіріледі деседі. Тәуелділіктен арылудың басты жолы – психотерапевт маманмен жұмыс істеу. Мәселе кімнің қалай қолданатынында болса керек. Әлемге әдемі көрінемін деп әлекке түсудің қажеті шамалы. Әдемілік адамның ішкі жандүниесін көркейтуден басталуға тиіс. Ішкі күйдің жақсы болуы сіздің жақсы өмір сүруіңізге, өзгелермен дұрыс қарым-қатынас құруыңызға тікелей әсер етеді. Ал ішкі күйдің бостығын бет-жүзіңізді әрлеп толтырамын деу бос әурешілік екенін ұмытпаған абзал.

Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы

684 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *