Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 28 Шілде, 2021

Қаржы пирамидасының жартысы желілік маркетингке көшті

Біршама ел әлеуметтік желіде торға түсіп жатыр 

Алматы қаласының прокуратурасы The Finiko компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғады.

Компания ай сайын енгізілген соманың 150%-на дейін сыйақы беру шартымен халықтан ақша алып отырған. Ең аз салым – $500 болыпты.

Finiko сайтындағы мәлімет­терге сәйкес, салымшылардың саны түрлі елден (Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Өзбекстан, Түркия және т.б.) 165 мыңнан асады.

Алматы прокуратурасының тапсы­рмасы бойынша қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агент­тігі компания қызметіне талдау жасап, қаржы пира­мидасының белгілері туралы қорытынды жасап берді. Қаланың экономикалық тергеу департаменті the Finiko-ның заңсыз қызметін растады. Алматы прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу барысын бақылауға алды.

Осы істің өзі қаржы пирамида­сы­ның әлі жойылмағанын, кері­сінше, түрлі форматта қанат жайып келе жатқанын көрсетеді.

Қаржы пирамидасы – нарық қоғамында кең тараған құбылыс. Осы тақырып әңгіме болғанда Мавродидің әйгілі МММ-і, Америка олигархы Бернард Мэдоффтің қаржылық алаяқтығына байланысты сот процесі және т.б. оқиғалар еске түседі.

Соңғы жиырма бес жыл бойы «МММ», «Телемаркет», «Тибет», РДС, «Хопер-инвест», «Смағұлов және Ко» және т.б. компаниялардың қаржылық іс-әрекеттері жөнінде ақпарат құралдарында аз айтылып жүрген жоқ.

Қаржы пирамидасы 2000 жыл­дарға дейін қаржы саласына басым­дық берген еді. Қазір уақыттың ыңғайына тез бейімделіп, қалтаға түсудің түрлі жолын да тапқан. Бүгінде әлеуметтік желіде пирамида  құрылып, елді торға түсіріп жатыр.

Сонымен, қаржы пирамида­сының басты белгілері қандай?

Мамандардың айтуынша, мы­на­дай басты белгілері бар:

• Олардың құзырында Ұлттық банктің депозиттерді қабылдауға рұқсат беретін лицензиясы, жарғысы және мемлекеттік тіркеуден өткен реттік нөмірі жоқ;

• Ұйымның қаржылық капиталы туралы мәлімет жоқ;

• Ұйымға келгендерге қойылар басты талап – мүшелік жарна төлеуді міндеттеу;

• Бонус солардың мүшелік жарна­сының мөлшеріне қарап анықталады;

• Ең соңғы белгісі БАҚ арқылы жарнамасы: Олар жарнамадан ақша аямайды.

Пирамиданың басым көпшілі­гінің бас кеңсесі Батыс елдерінде орна­ласқандықтан, біздің елдің заңы­мен жазалау мүмкін емес. Қолдан келері – біздің елде жұмысын тоқтату ғана.

Қаржы пирамидасы индустриясы Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алғашқысы – «Смағұлов және Ко» фирмасының схемасы. Өндірісі де, жылжымайтын мүлкі де болған компания аңғал жұрттың 630 миллион теңгесін (1993-1995 жылдары) сыпырып алған.

Пирамиданың негізін қалаушы жігіт 35 мың адамды алдаған. Ал компания­ның меншігіндегі мүлік аукцион арқылы сатылғанымен, одан түскен қаржы қарыздың бестен бір бөлігіне ғана жет­кен. Нұрлан Смағұлов болса, қолға түспеген, шетелде жасырынып жүр деседі.

Ал схемасы бүтін постсоветтік елді шарпыған,  ресейлік «МММ-ге» келсек, ТМД елдеріндегі ең ірі қаржы пирамидасы саналатын оның тарихы 1994 жылдан басталады, әлі де аяқталмаған. Оған бір Қазақстан­ның халқындай адам ақша салған екен. 1997 жылы «МММ» банкрот деп жарияланып, 1997 жылдан 2003 жылға дейін негізін қалаушы Сергей Мавроди іздеуде болды, тұтқындалды, тіпті жазасын өтеп шығып, тағы бірнеше қаржы пирамидасын ұйымдастырды. Қазір Мавродидің «пирамидалық» сипаты бар жобасы Индонезияда, Бангладеште, Үндістанда, Малайзияда, тіпті жазасы қатаң Қытайда да жұмыс істейді екен. Оны айналасындағы жа­ғым­сыз пікірлерге қарамастан, әрбір алтыншы ресейлік «қаржының пірі» санайды.

Осы жерде мынадай сұрақ туады: мұндай қаржы құрылымдары қалай пайда болады және ел неге олардың қармағына ілінеді? Мұның себебі төменгі жағдайларға тікелей байланысты.

Біріншіден, өкінішке қарай, ха­лық­тың көп бөлігінің экономикалық сауаты сын көтермейді.

Екіншіден, ақпарат құралдарында қаржы пирамидалары туралы айтыл­ғанымен, олардың іс-әрекетіне талдау жасалмайды.

Үшіншіден, осы уақытқа дейін «адамдардың еңбектеніп тапқан ақшасын алдай отырып иемденетін» қаржы мекемелерінің жұмысына ғылыми тұрғыдан экономикалық және математикалық талдау жасалған жоқ.

Төртіншіден, елімізде халықтың артық ақшасы орналасатын қор рыногы әлі толық дамымай отыр.

Тәжірибеден пирамида күйре­ген­нен кейін жинақталған барлық ақша­ның тек 10-15%-ы ғана жобаға қатысу­шыларға қайтатынын көруге болады. Өйткені, жиналған ақша жарнама мен ұйымдастырушыларға жалақы төлеуге және қаржысын басында құйған адамдардың ақшасы мен пайдасын қайтарып беруге ғана жұмсалады.

Пирамидада бір ғана қатал заң бар: бір топтың қалтасындағы ақшаны алып екінші топтың қалтасына салу. Басқа жақтан пирамидаға ешқандай қаржы түспейді.

Психолог Мәдина Қадышева қазір қаржы пирамидасы мен желілік маркетингтің айырмашылығы қалмай бара жатқанын айтады. Олардың қатарында «Орифлейм», «Фаберлик», «Эмвей» секілді косметикадан бастап, тұрмыстық химияға дейінгі түрлі өнімді ұсынатын компаниялар тұр.

Әуелгі әрекет желілік маркетингке таныстарын шақырумен басталады. Одан кейін басқа кісі келіп жос­пар сызып, толығырақ түсіндіреді. Ол түсіндірушілерді өз орталарында «follower» деп атайды. Ертесіне қармағына ілінген адамды интернеттен затты көрсетем деп кездесуге шақырады. Сол кезде үшінші адам келіп, әңгіменің бағытын маркетингке бұрады. Фоллоу (follow) бір адамға жоқ дегенде төрт рет түрлі жетекшілермен өтірік кездейсоқ кездестіру арқылы қойылады. Осы фоллоуерлердің алдында адам өзіне керексіз қымбат затқа қалай тапсырыс беріп, компанияға қалай тіркеліп кеткенін білмей қалады. Бұл ұйымдардың да бас штабы – шетелде. Негізінен студенттерді немесе жұмыссыз жүрген жастарды тартады. Желілік маркетингтерде алдан­ған­дарды жазалайтын немесе өтемақы өтеп беретін заң жоқ. Ресей мен Қытай олардың жұмысын реттеп отыруды жақында заңдастырды.

– Қазір қаржы пирамидасының тең жартысы желілік маркетинге көшті. Оларды тіпті бір-бірінен ажырату мүмкін емес, – дейді Мәдина Қадышева.

Әрине, сондықтан қарапайым халық қаржы пирамидасының түрлі схемаларын біліп отыруға тиіс.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

"Tenge monitor" газеті

1163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз