Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 05 Тамыз, 2021

Кино болашақты қалай болжайды? Келісесіз бе?

Маңғыстау облысы тұрғындары үшін ұйымдастырылған #MIDLFest2021 онлайн-фестивалі де аяқталды. 31 шілде күні өткен бұл фестивальге бір ай дайындалдық. Онлайн фестивальді жүргізу белгілі бір себептермен маған бұйырды.

 Таңнан кешке дейін қатысушыларды ZOOM платформасындағы фестивальде ұстап отыру, әрине, оңай емес. Сондықтан сценарийді де қызық етіп жазу маңызды. Бұл жұмыс әу бастан маған жүктелген. Бір апта ұйқыны ұмытып дайындалғанымыз бар, фестивальді өткізгеніміз бар, жауды жеңген батырдай қырық күн ұйықтамасақ та, есімізді енді жиып отырмыз. Фестивальдегі қызық кейстерді бөлісудің сәті бүгін туды. Сондықтан күні бойы онлайн-фестиваль туралы бірнеше пост жазсам, дұрыс түсініңіздер)

Сонымен фестивальдің ең қызық сессиясының бірі - кинодраматург, кинорежиссер Қарлыға Хасеннің «Кино болашақты қалай болжайды?» сессиясы дер едім.

Қарлыға сессияда не деді:

Кино – өнер, кино – идеология. Кино – өміріміздегі ең маңызды мәселелерді қозғайтын, адамзатты ойландыратын, тәрбиелейтін, рухани азық сыйлайтын өнер.

Кино – музыка, әдебиет, поэзия, живопись және тағы басқа өнер түрлері сияқты адамның өміріне, тағдырына, психологиясына, көңіл күйіне әсер етеді, түрлі эмоция сыйлайды. Кино – осы аталған өнерлердің барлығын біріктріп тұрған ауқымды өнер.

Кино – қазіргі интернет дамыған заманда жер шарының қай бұрышында отырсаң да, әр көрермен қол жеткізе алатын өнер, сондықтан да көрерменнің мүмкіндігі шексіз. Сондықтан, адамзат тарихында киноның идеологиялық маңызы үлкен роль атқарады.

Кинодағы түрлі образдар арқылы көрермен жанына жақын дүниелермен таныс болып қоймай, сол образдарды идеал тұтады.

Интеллектуалды кино – көрерменнің дүниетанымын байытады, талғамын қалыптастырады, ой-өрісін дамытады

Кинода ең бастысы – қызықты, адамзатқа ой салатын оқиға, яғни сценарий. Сценарийде ең бастысы оқиғаның идеясын, месседжін көрерменге жеткізу.

Сценарист пен режиссердің қиялындағы идеяны жүзеге асыру арқылы көрерменге ой салу, жан-дүниесіне әсер ету, сондай-ақ идеологиялық құрал ретінде үлкен күш-қуатқа ие.

Кино өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі тануға мүмкіндік беретін, шығармашылық еркіндік беретін процесс.

Кино – бұл магия, мистика, тылсым дүние. Кино – ол кейіпкерге де, кино түсіруші топтың тағдырына да әсер етіп жатады, кейде кинода болған оқиғалар өмірімізде де қайталанады. Мысалы:

1. «2001 жыл: Ғарыш одиссеясы», 1968 жылы түсірілген – планшеттік компьютерлер, халықаралық ғарыш станциясын құру және ғарыш туризмін болжаған фильм.

Планшеттік компьютерлерді құрумен және халықаралық ғарыш станциясының құрылысымен қатар, фильм Ричард Брэнсон Virgin Galactic-ті құрып, оны шындыққа айналдырғанға дейін ғарыштық туризм тұжырымдамасын дәл болжады.

2. «Ох, неткен ғылым!» деп аталатын 1985 жарық көрген фильм 3D басып шығару технологиясын болжады.

Принтерде кем дегенде үш өлшемді нысанды басып шығару идеясы 1985 жылы орындалмайтын арман болып көрінетін. Бүгінгі таңда бұл опция көптеген адам үшін қол жетімді.

3. Терминатор фильмі де есімізде. 1984 жылы ұсынылған бұл фильмде пилотсыз басқарылатын самолеттер көрсетілді.

1984 жылы бізге жауынгерлік дронның шет жағы ғана көрсетілген болатын. Ол кезде өздігінен ұшатын ұшақтың адамдарды ауадан атып өлтіру идеясы таза қиял болып саналды. Бүгінде дрондар әрбір екінші елдің әскери-әуе күштерінде бар. Осы тұрғыда британдықтар өздерінің спутниктік жүйесін Skynet деп атады.

4. «Труманның шоуы» фильмін 1998 жылы көріп бастағандар телевизизиялық реалити-шоуларда адам өмірін бақылап отырамыз деп ойлаған емес. Ал Питер Уирдің драмасы қазіргі уақытта қоғам өз экранында басқа адамдардың өмірін бақылап, содан ләззат алатынын болжады.

5. 1995 жылы түсірілген «Сеть» фильмі киберқылмыс туралы еді. Әрине, сол жылдары бұл фильмді фантастика деп қабылдағандар да болды. Ал бүгінгі таңда жеке деректерді ұрлау және әртүрлі киберқылмыс -бұл әдеттегі құбылысқа айналды.

6. Кабельші.

1996 жылы түсірілген. Интернет-шоппинг пен онлайн ойындар туралы фильм.

Бен Стиллердің қара комедиясында Джим Керридің ақылды кейіпкері теледидарды компьютер мен телефон алмастыратынын, виртуалды сауда, онлайн ойындар және шексіз мүмкіндіктер туралы алдын ала айтты. Оған бүгін көзіміз жетіп отыр.

7. Дик Трэйси фильмі, 1990 жылы түсірілген еді.

Уоррен Битти түсірген бұл фильм үш «Оскарды» жеңіп алып, ақылды сағаттың пайда болатынын 20 жыл бұрын көрсетті. Осындай сағаттың болашақта кез-келген адам пайдалантынын дәл болжаған.

8. «Заражение» 2011

Іссапардан үйіне оралған келіншек кенеттен ыстығы көтеріліп, қатты ауырып қалады. Күйеуі қарапайым тымаудың қайғылы жағдаймен аяқталғанына сене алмай, дәрігерлерден түсіндіруді талап етеді. Қысқа уақыт ішінде өлімге апаратын бұл вирус бүкіл планетаға қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, біз былтырдан бері пандемия құрсауында қалдық.

9. «Эпидемия», 1995

Америкаға үлкен қауіп төніп тұр. Африкадан келген контрабандашылар, байқаусызда ауру тасымалдаушы маймылды өздерімен алып келеді. Маймыл, солардың ішіндегі бір адамды тістеп, оған ауру жұқтырылғаны мәлім болады. Маймыл өлімге әкелетін вирустың тасымалдаушысы болып шығады. Вирустың қаншалықты тез таралатынын ешкім анықтай алмайды. Вакцинасыз емделуге мүмкіндік жоқ. Үкімет жедел топ құрып, халықты құтқару үшін вакцинаға антиденелер жасау үшін бұл маймылды тез табуға тапсырма береді. Алайда, маймыл белгісіз бағытта қашып кетеді. Адамдарды құтқару үшін уақыт өте тығыз.

10. «Карантин» фильмі, 1968

Эпидемиология институтында ғылыми эксперимент жүргізіліп жатқанда, апат болып, бұл өлімге әкелетін вирустың таралу қаупін тудырды. Ғылыми орталықтың қызметкерлері бұған жол бере алмады, сондықтан барлық жұмысшылар қатаң карантинге жабылды. Ұжым ішінде жаппай оқшаулаудың салдарынан үлкен жанжал туындады.

Міне, болашақта болжаған 10 фильмнің мысалында адам қиялының шексіз, мүмкіндігі де көп екенін байқаймыз.

«Кинода режиссер өз арманы мен қиялын, өмірге, қоғамға деген көзқарасын көрсете алады. Оқиға неғұрлым шынайы жеткізілсе, соғұрлым жүрекке жетеді. Бұл тек киноға ғана қатысты қағида емес, жалпы өнерге қатысты.

Кино өнерінің адамзатқа берері мол, мәселе тек талғамда. Себебі кино адам психикасына да әсер етеді.

Жоғарыда мысалға келтірген фильмдер ғылымға негізделген, яғни болашақты болжай алады. Бұл тұрғыда Американың киноиндустриясы өте дамыған», дейді Қарлыға.

Төменде мысалға келтірілген фильмдердің скрині ұсынылды. Есіңізге түіп жатыр ма? Иә, мен бұл фильмдердің біразын көрген екенмін, бірақ ол кезде мұны таза фантэзиге жатқыза салғам. Ал бүгіндері фильмдегі технологияның барлығын өмірімізде кездестіріп, кейбірін қолданып та жүрміз. Қызық

Халима Тәжіқұлдің фейсбук парақшасынан

 

901 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз