Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 05 Тамыз, 2021

Қазақстандықтар пандемия уақытындағы жедел жәрдем қызметіне баға берді

2020 жылы елдегі мемлекеттік қызметтердің сапасына жүргізілген қоғамдық мониторинг қорытындысы жарияланды.

Оған сенсек, сауалнама әсіресе Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы тұрғындардың жедел жәрдем қызметінің сапасына көңілі толмайтынын көрсеткен.

«2020 жылы Қазақстанда жедел медициналық жәрдемнің 330 стансасы жұмыс істеген. 2019 жылы олардың саны 318 болған екен. Бір жылда осы 330 станса 7,5 млн адамға қызмет көрсеткен. Бұл 2019 жылға көрсеткіштен 11,2% аз. 2020 жылы әр 1000 адамның 398-і жедел жәрдем қызметіне жүгінсе, 2019 жылы 1000 адамның 451-і жедел жәрдем пайдаланған», - деп жазады Еnergyprom.kz.

Сауалнама жедел жәрдем қызметінің былтырғы жай-күйін талдау үшін жасалғанын атап өту керек. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалаудың қоғамдық мониторингі азаматтардың жедел жәрдем жұмысына қанағаттану көрсеткіші 82,5% деген қорытынды шығарған. Көрсетілген қызметтің орташа бағасы – 5-4,69 балл.

Елдегі жедел медициналық көмек көрсету ережесі бойынша фельдшерлік және мамандандырылған бригадалар науқасқа жету уақыты диспетчерден шақырту алған сәттен бастап 10-60 минут арасында болуы керек.

Талдаудың мәліметінде сенсек, шақыртулардың 85,4%-ында осы уақыт шегі сақталған. Ал 10,4% жағдайда күту уақыты бір сағаттан асып кеткен. Респонденттердің 4,2%-ы жедел жәрдемді қанша күткенін есіне түсіре алмаған. Сауалнамаға қатысушылардың арасында жедел жәрдемді 4 сағат, тіпті 5 күн күтуге тура келгенін айтқандар да болыпты.

«Респонденттердің 27,7%-ы жедел жәрдемнің 10 минут ішінде, 25,8%-ы 15 минут төңірегінде, 23,9%-ы жарты ішінде, 8% --ы бір сағатта келгенін атаған. Респонденттердің 94,8%-ы жедел жәрдем бригадасы науқасқа қажетті көмек көрсеткенін, 47,4%-ы үйде көмек көрсетілгенін, 35,2%-ы науқастың ауруханаға түскенін, 13,1%-ы науқасты ауруханаға жатқызудан бас тартылғанын, 1,9%-ы бригада қажет көмекті көрсетпей кеткенін атап өтті», - деп жазады талдау авторлары.

Өңірлер арасында Жамбыл және Ақтөбе облыстары, Нұр-Сұлтан қаласының жедел жәрдем қызметіне жағымды баға берілді.

Ең төменгі балл Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі.

 

885 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз