Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 05 Тамыз, 2021

Мотивациялық хат қалай жазылады?

Достар, соңғы уақытта сәнге айналған мотивация сөзі бәріңе таныс шығар? Күнделікті өмірде хат жазбасаң да, хат сөзінің де мағынасы таныс деп ойлаймын. Ал мотивациялық хат дегенді естуің бар ма? Оны оқуға түсерде, жұмысқа орналасарда жазады. Яғни мотивациялық хаттың белгілі бір мақсаты болады. Оның құрылымы эссеге ұқсайды. Мектеп қабырғасындағы эссенің құрылымы туралы тақырыпты еске түсірейік. Бүгін оны мотивациялық хат жазуда қалай қолдану керегін түсіндіреміз.

Мотивациялық хат дегеніміз не?

Мотивациялық хат дегеніміз – 1-2 беттен аспайтын өзіңіз туралы ақпарат жазылған эссе. Егер түйіндемеде (резюме) үміткер өзі туралы қысқа әрі нақты ақпарат беретін болса, мотивациялық хатта онда жаза алмаған мәліметті ашып айтуға болады. 

Мотивациялық хаттың мазмұнында үміткердің академия-лық жетістіктері мен тәжірибесі, өмірлік ұстанымы, мақсат-мүддесі сипатталуы мүмкін.

Мотивациялық хаттың түйіндеме, өмірбаян, мінездеме сияқты ресми құжаттармен ұқсастығы да, айырмашылығы да бар. Ұқсастығы – бәрінде дерлік адам, тұлға туралы ақпарат беріледі. Айырмашылығы – ақпараттың жазылу стилінде. 

Мотивациялық хат аталған ресми құжаттардың ішіндегі ең еркін жазылатын түрі. Шет елде мотивациялық хат арқылы үміткердің сыни ойлау дағдысын, сараптау қабілетін және объективтілігін бағалауға болады. Сондықтан үміткерлерді іріктегенде мотивациялық хатқа баса назар аударады.

Соңғы жылдары Қазақстанда да мотивациялық хатқа басымдық бере бастады. Оқу орнына, байқау жеңімпазы атануға немесе қызметкер атануға үмітті тұлға мінсіз түйіндеме және жақсы тәжірибесі бар маман болуы мүмкін. Алайда іріктеушілерге қажет басқа да қырлары тек мотивациялық хатта немесе бетпе-бет сұқбаттасуда анықталады. Сондықтан моти-вациялық хат жазуда барынша ұқыпты, ашық әрі мұқият болу керек.

Мотивациялық хаттың түрлері

Мотивациялық хаттың нақты түрі мен құрылымын анықтау қиын. Себебі оның формуласы жоқ. Жалғыз ғана ереже – ашық әрі шыншыл болу. Дегенмен құрылымына қарай мотивациялық хаттың екі түрлі форматын анықтауға болады. Алғашқысы – құрылымсыз эссе, екіншісі – сұрақ-жауап түріндегі эссе. 

Құрылымсыз эсседе үміткер өзін таныстырып, ақпарат беруі керек. Бұл эсседе нақты оқиға, мысал, жағдай туралы жазған ұтымдырақ. Әрбір дерек (факт) жазған соң оған дәлел келтіру қажет. Оқып отырған адам сіз айтып отырған ақпарат рас екеніне көз жеткізуі керек. Бірақ нанымды болуы үшін әсірелеу, жалған оқиға жазудан сақ болыңыз. Себебі мотивациялық хат деген көркем шығарма емес. 

Мотивациялық хаттың екінші түрі – сұрақ-жауап түріндегі эссе. Мұнда үміткер ұйым тарапынан талап етілетін сұрақтарға жауап жазуы керек. Әрине, мотивациялық хат ешқашан сұқбат форматында немесе сұрақ-жауап түрінде жазылмайды. Үміткердің атынан баяндау стилінде жазылады. Алайда мотивациялық хатта оқу орны немесе мекеме талап ететін сұрақтарға жауап толық қамтылуы тиіс. Әдетте эссенің мұндай түрі МВА бағдарламасына немесе бакалавриатқа түсерде қолданылады.

Не туралы жазу керек?

Мотивациялық хаттың не екенін білдік. Ал енді оны жазуға кірісейік. Ең әуелі хатты кімге арнап жазып отырғаныңды анықтап ал. Себебі әр мекеме, оқу орны, тіпті факультет пен мамандықта әртүрлі дағдыларға назар аударады. 

Егер оқу орнына тапсыратын болсаң, қабылдау комиссиясы сенен қандай ақпарат білгісі келеді, не үшін дәл сені оқуға қабылдауы керек екенін жазуың керек. Егер гуманитар мамандыққа тапсыратын болсаң – тіл білу және үйрену дағдысы, әлеуметтік ғылымдарға тапсыратын болсаң коммуникация дағдысы, нақты ғылымдарға тапсырсаң сыни ойлау және есеп дағдысына баса назар аударылады.

Мотивациялық хаттың басты мақсаты – өзіңді таныстыру, сату. Ойлап қарасақ, өзіңді мақтау, өзіңнің жақсы қасиеттерің туралы айту, тіпті оны біреуге дәлелдеу қазақ қоғамында ыңғайсыз саналып келді. Алайда қазір нарықтық экономика кезеңінде әр нәрсенің сипаты мен құнын білу маңызды. Сондықтан, мотивациялық хат жазғанда ұялмай, ыңғайсызданбай, барынша ашық болуға тырысу керек. Себебі мотивациялық хат қабылдау комиссиясымен қарым-қатынасқа түсудің негізгі құралы. Әсіресе, қазір, пандемия кезінде карантин шектеуіне байланысты адамдар жанды коммуникацияға түсе бермейді. Сондықтан мотивациялық хат жазу дағдысының да маңызы арта түсті.

Қандай әдіс қолдануға болады?

Мотивациялық хат еркін стильде жазылады. Дегенмен, тиімді әдіс-тәсілдерді білген жөн. Эссе жүйелі, жинақы шығуы үшін хронологиялық немесе тақырыптық әдісті пайдалануға болады. 

Хронологиялық әдіс көбіне өмірбаян жазғанда қолданылады. Мотивациялық хатта да реттілік болсын десең, оқиғаларды өткен шақтан бастап кезекпен жазып шыққан дұрыс. Эсседе хронологияны толық қамту маңызды емес, қажет деп тапқан уақытқа басымдық беру керек. Бұл әдісті қолданғанда мотивациялық хатты біртекті автобиографияға айналдырып жіберуден сақ болу керек. 

Ал тақырыптық әдісті қолдансаң, нақты қай тақырыпқа мән беру керегін ойша анықтап ал. Тақырыптық әдіс арқылы жазсаң, хронология сақталмаса да болады. Әртүрлі уақытта болған, бірақ ұқсас оқиғаларды баяндау арқылы өзің дәлелдегің келген тақырып не фактіні айқындап көрсете аласың. Қандай әдісті қолдансаң да, өзіңнің бірегей екеніңді дәлелдеуге тырыс.

Жиі кездесетін қате

Жоғарыда мотивациялық хатты қалай жазу керегін айттық. Ал қандай қате жібермеу керек? Мұны да еске сала кетейік. Мотивациялық хат жазғанда өте мұқият болу керек. Әріптік, грамматикалық қате жібермеуге тырыс. Егер сенімсіз болсаң досыңа, танысыңа, сауатты маманға тексертіп алуға болады. 

Орынсыз тіркестер мен сөздер қолдану, жиі қайталанулар (тафтология) эссені оқитын адамды жалықтырып, сен туралы жағымсыз пікір қалыптастыруы мүмкін. Мотивациялық хатта мамандығыңа немесе өз салаңа қатысты пікір білдіруге болады. Алайда саяси оқиғалар мен шиеленістер, діни көзқарас тақырыбын қозғамаған абзал. Бұл жазушы мен оқырман арасында кереғар пікір туғызуы мүмкін. 

Мотивациялық хат өте маңызды екенін айттық. Әрине, әркім маңызды тапсырманы мінсіз орындап, мүмкіндігін жіберіп алғысы келмейді. Кейде өзіңе деген сенімсіздік пайда болуы мүмкін. Мұндайда мотивациялық хат жазу қиын болып көрінеді. Осындайда біреудің көмегіне жүгінуді ойлайтындар бар. Бірақ, есіңде болсын, өзің туралы эссені сенен артық ешкім жаза алмайды. 

Егер мен айтқан ақыл-кеңестер мен құрылымды сақтап жазсаң, мотивациялық хат жазудың еш қиындығы жоқ. Біреу жазып берген мотивациялық хат саған жақсы мүмкіндік сыйлайды деген кепілдік жоқ.

Тағы бірнеше кеңес

«Болашақ» шәкіртақысы үшін мотивациялық хат жазсаң, бұл шәкіртақыға қаншалықты мұқтаж екеніңді және неге бұл шәкіртақыға дәл сен лайық екенің туралы жазуың керек. Бұған қоса, ұйымның мақсаты мен міндетін анықтап алып, соған сәйкес көзқарас танытқанның айыбы жоқ. Бірақ ол мақсат-мүдде шын жүрегіңізден шыққаны абзал. Мысалы, «Болашақ» бағ-дарламасы қазақ жастарын шетелде оқытып, елге оралған соң Қазақстанды дамыту үшін қызмет етсін деген мақсатпен шәкіртақы береді. Демек мотивациялық хатта қаншалықты патриот екеніңді атап өту орынды. Ал «Туркие бурслары» бағдарламасының мақсаты – грант бөлу арқылы шетелдік студенттерге түрік мәдениетін таныту. Демек мотивациялық хатта түрік мәдениетіне, тарихына, тіліне деген қызығу-шылығың бар екенін аңдату керек. Сол сияқты басқа ұйым, мекемелердің мақсаты мен мүддесін алдын ала анықтап алуға тырысу керек. Себебі олар да өзіне мүдделес тұлғалар іздейді. 

Әр мекемеде мотивациялық хат көлеміне қойылатын шектеу бар. Ол сөз саны, символ санымен есептелуі мүмкін. Сол шамадан асырмай жазуға тырысқан жөн. Себебі оны оқитын адамға сенің өмірің туралы роман емес, нақты дерек маңызды. 

Ең өзекті деген мәселе туралы кіріспе бөлімде аңдатпа жасап кеткен дұрыс. Негізгі бөлімде кіріспеде айтылған ақпаратты нақты дәлел, аргументпен аша біл. Ал қорытынды бөлімде жаңа ақпарат қоспауға тырыс. Тек негізгі бөлімде айтылған ақпараттың тоқетерін кемінде 2-3, көп дегенде 4-5 сөйлеммен қорытуға тырыс. Сөз соңында мотивациялық хатыңызды толық оқып шыққан адамға ілтипат танытып, алғыс айту артық емес. 

Дана МАРАТОВА

3769 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз