Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 25 Тамыз, 2021

Эльнара Байназарова: Дипломат жан-жақты болуға тиіс

Сыртқы саясат – мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты реттеуші құрал. Сондықтан оның стратегиялық маңызы зор. Ол көбіне ұлттық мүддеге жұмыс істеуі керек. Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел Балжан Бөлтірікованың ізіне еріп, жолын жалғастырушылар бүгінде аз емес. Соның бірі – күні кеше «100 жаңа есім» жобасында жеңімпаз болған Эльнара Байназарова. Қазір Эльнара –Қазақстандағы БҰҰ баспасөз және коммуникациялар бойынша кеңесшісі әрі PhD докторы. Эльнарамен дипломатия саласы жайлы аз-кем сұқбат құрдық.

– Эльнара, сізді Қазақстандағы БҰҰ өкілдігінің баспасөз хатшысы, кәсіби дипломат ретінде білеміз. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы болдыңыз. Бірақ сіз қандай оқушы болдыңыз? Қандай оқу орнында оқыдыңыз?

– Алматы қаласының тумасымын. Ғабит Мүсірепов атындағы №86 қазақ мектеп-гимназиясын бітірдім. Мектеп қабырғасында оқу озаты едім, үнемі пәндік олимпиадаларға қатысып, білімімді сынадым. Әсіресе шет тілдер, география, тарих пәндерін ерекше сүйіп оқитынмын. Себебі жастайымнан жер көріп, түрлі елдер мен мәдениеттерді игеріп, тіл табыса алатын дипломат немесе ілеспе аудармашы мамандықтарына қызығатынмын. Сондықтан мектеп бітірген соң әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін таңдадым. Осы факультетті үздік дипломмен тәмамдап, маман ретінде кәсіби жолымды ҚР Тұңғыш Президенті жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында сарапшы ретінде бастадым. Кейін жұмыспен қоса менеджмент магистрі, халықаралық қатынастар докторы дәрежелеріне ие болдым.

– Дипломат «өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын» қасиетке ие болу керек деген қағида бар. Ал мұндай мінез өз бойыңызда бар ма? Жұмысыңыз мінезіңізге қаншалықты әсер етті?

– «Дипломатия – бар болғаны ауа» деген ескертуге кезінде танымал француз мемлекет қайраткері Жорж Клемансо: «Этикет – ауа, бірақ сол ауамен автомобиль дөңгелектері де толтырылған. Ол соққыны қалай жұмсартатынына назар аударыңызшы», – деген. Әрине, дипломат атану үшін бойыңызда теориялық біліммен қатар психология, адамдармен тіл табыса білу, эрудиция, сөйлеу өнері, шыдамдылық секілді қосымша білік ауадай қажет. Кейбір негізгі қасиеттер туа болғанымен, кәсіпке тән жеке дағдылар тәжірибемен келеді. Әсіресе халықаралық ұйымдарда жұмыс саналуан: басқа мәдениет пен тіл, дін өкілдерін құрметтеу барынша әмбебап шешімдер қабылдауды үйретті.

– Сіздің тәжірибеңізде Қазақстанның дипломатия саласында жеткен жетістіктері қандай?

– 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына толыққанды мүше мемлекет болды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан 186 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатты. Кәсіби Сыртқы істер министрлігі құрылды. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған соң, ең ірі әлемдік және аймақтық деңгейдегі ұйымдарға мүше атана бастады, БҰҰ мінберінен өзіндік жаңа бастамалар жариялады. Оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің маңызы зор. Заманауи дипломатияны алсақ, 2017-2018 жылдарға БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланды. Жеке мысалдардан, өзім кезінде Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы барысында ШЫҰ форумын өткізуге үлес қостым. 2015 жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық келісімі қол қойылған ЕО вице-президенті Федерика Могерини, кейін 2019 жылы ЕО Кеңесінің төрағасы Дональд Тусктың Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға атсалыстым. Қазақстанның қатысуымен маңызды 4163 халықаралық келісімшартқа қол қойылған. Ал жалпы қазақ дипломатиясының әлемдік деңгейде беделі жоғары, өзіндік стилі қалыптасқан.

– Қазір біздің жас оқырманның алдында мамандық таңдау деген үлкен белес тұр. Дипломатия мамандығының артықшылықтары мен кемшіліктерін айтып бере аласыз ба?

– Мектеп бітіріп жатқан жастарға кеңесім – мамандық таңдауда өз қалауыңызды ескерген жөн. Кәсіпке деген шынайылық болғанда ғана кейін мансап жолында зор жетістіктерге жетесіз. Дипломатиялық қызметті таңдайтын жастар саяси текетірестерге, жеке жұмыс тәртібінің құбылмалы болуына, кенеттен болатын іссапарларға, қиыншылықтарға дайын болуы керек. Дегенмен түрлі елдерді аралап, басқа мәдениетті тану, тарих, саясат жағынан барынша хабардар болу, жалпы адамзат құндылықтарына, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке атсалысу қайталанбас сезім сыйлайды. Дипломат мамандығының кемшілігінен артықшылығы басым дегім келеді. 

– Сұқбатыңызға рақмет!

Дайындаған 
Балжан Мұратқызы

1982 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз