Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 26 Тамыз, 2021

Биыл жазушы Сайын Мұратбековтың туғанына 85 жыл

Биыл классик жазушы, əңгіме жанрының хас шебері Сайын Мұратбековтың туғанына 85 жыл. 

Facebook желісінде белгілі ақын, журналист Жаңыл Асылбекова жазушының туған күні қарсаңында қаламгердің бір шығармасын оқиық деп оқырмандары мен әріптестеріне эстафета жолдады. 

“Сайын ағаның "Жабайы алмасын" қанша оқысам да жалықпаймын. Соғыстың қиындығы, адамның тағдыры, жабайы алманың дәмі...  Кейіпкер бала Қанаттың ой қорытуы...15 қазан жазушы Сайын Мұратбековтың туған күні. Туғанына 85 жыл. Жазушының құрметіне әрқайсысымыз бір бір шығармасын оқиық, достар! Эстафетаны жазушының шығармасындағы кейіпкер аттас достардан бастап басқаларға  жолдайық Ал, кеттік!”, деп жазады жазба авторы.  

Эстафетаны қабыл алған желі қолданушылары Сайын Мұратбеков шығармалары туралы ой түйіндеулер жариялап жатыр. 

Жазушының алғашқы шығармалары 50-жылдардың аяғында жариялана бастаған. Содан бергі уақытта әңгімелері мен повестерінің «Менің қарындасым» (1961), «Ауыл оты» (1964), «Көкорай» (1967), «Отау үй» (1968), «Жабайы алма» (1972), «Дос іздеп жүрмін» (1973) жинақтары, таңдамалы шығармаларының бір томдығы (1981), 1986 және 1991 жж. екі томдығы, 2004 жылы «Ескек жел» атты әңгімелер жинағы жарық көрген.

1989 жылы  «Қалың қар», 1995 жылы «Өліара» повестері кітап боп шықты.

Шығармалары көптеген шетел тілдеріне аударылып, жақсы сұраныс тапқан. Алматы баспаларынан орыс тілінде «Дом молодых», «Камен тугай», «Дикая яблоня», т.б. кітаптары, Мәскеу баспаларынан әр жылдары жарық көрген «Дикая яблоня», «На вершине Учкары», «Запах полыни», «У теплого родника», т.б. кітаптары, Ташкентте өзбек тілінде «Евшан иісі», Қазанда татар тілінде «Әрем иісі», украин, белорус, грузин, армян, Әзірбайжан, литва, т.б. туыстас халықтар тілдерінде әңгіме, повестері, араб тілінде «Жусан иісі» повестері мен әңгімелері жеке кітап болып шықты.

Жазушының сценарийі бойынша “Тел өскен ұл” атты көркем фильм жарық көрген. Сайын Мұратбековтың сценарийі бойынша көптеген театралдық көріністер қойылған.

Аударма саласында Әнуар Әлімжановтың белгілі роман-повестерін, сондай-ақ Г.Толмачевтің Д.Қонаев, Н.Назарбаев туралы деректі повестерін Алекс ла Гуманың «Тас ғалам» романын қазақшалаған.

«Тел өскен ұл» (реж. Ш.Бейсенбаев, 1976) кинофильм сценарийінің авторы.

2003 жылы «Жабайы алма» повесі үшін Тәуелсіз “Тарлан” сыйлығының лауреаты атанды.

Сайын Мұратбеков тек жазушы емес, қоғам қайраткерi. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнде жауапты қызмет атқарды. «Жазушы» баспасының директоры, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы бола жүрiп, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінде депутат болып сайланды. Тәуелсіздік жылдары  «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. М. Әуезов атындағы әдеби сыйлыққа ие болды. Ал қайтыс болатыннан бір жыл бұрын 2006 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

 

 

 

3427 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз