Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 31 Тамыз, 2021

Баға өсуінің басты бес себебі бар

Немесе азық-түліктің жыл соңына дейін қымбаттауы мүмкін бе?

Азық-түлік бағасы – қашанда өзекті тақырып. Биылғы жазда да осыны ойлағанда көңілде алаң тұрды. Көкөністің бағасы жазғытұрым шарықтап кеткені әлі есте, тіпті маусым айында сәбіздің бағасы бананнан қымбат болды ғой...

Шүкір, көкөніс бағасы қазір біртіндеп түсе бастады. Тамыз айы үшін бұл – табиғи нәрсе.

– Қазір ауыл шаруашылығы өнімінің бәріне баға түсіп жатыр. Бұл –бағаны төменде­тудің тамыз айының дәстүрлі әсері, – дейді экономист Мақсат Халық. – Сонымен бірге сауда алаңдарын ұл­ғайту, жәрмеңкелер ашу да мегаполистер бағасына әсер етіп жатыр.

Дегенмен жыл соңына қарай немесе келесі жылы азық-түлік бағасы өсе ме? Өссе, не қым­бат­тауы мүмкін? Міне, осы сауал­дарға жауап іздеп Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) жасаған сарапта­маларына үңілдік. 

Қарап тұрсақ, әлемдік нарық­тағы азық-түлік бағасы 2021-2022 жылдары да өседі екен. Бұл болжам БҰҰ-ның FAO (азық-түлік және ауылшаруашылық бөлімі) есебінде бар. Бағаның өсуі басты тағам түрлеріне әсер етпек.

«Осы жыл әлемдік ет өндірісі 2,2%-ға немесе 346 млн тоннаға дейін артады, деп болжап отыр сарапшылар, әсіресе Қытайда ет өндірісі күшейеді. Бразилияда, Вьетнамда, АҚШ-та айтарлықтай өсу байқалады» делінген БҰҰ-ның ресми сайтында жарияланған Food Outlook-те. Құс етінің даму өндірісі қой етінің же­тіс­пеушілігін өтейді.

Сонымен бірге FAO әлемдік қант өндірісі төмендей береді деп болжайды. Ал күрішті әлемде тұтыну 2021-2022 жылдары 520,6 млн тоннаға, яғни рекордтық деңгейге жетеді деп отыр, бұл былтырғыдан 1,4%-ға артық.

Сүт және ет өнімдерінің бағасы айтарлықтай өсті (тиісінше 3,9% және 2,3%). Қант керісінше 4%-ға арзандады, бірақ оның бағасы былтырғымен салыстырғанда 30%-ға жоғары.

Қазақстан ауылшаруашылық нарығы – әлемдік азық-түлік на­рығының бір бөлігі, сондықтан мұн­дағы өзгеріс дәйім ішкі нарықтық жағдайға да әсер етеді.

Дүние жүзіндегі баға сонымен бірге долларлық инфляцияның артуына байланысты да өседі. Әлемдік нарық АҚШ долларының қатысуымен саудаланады. Ал АҚШ федералды резерв жүйесі соңғы бір жарым жыл ішінде экономикаға алдыңғы 8 жылға парапар, мол доллар құйды. Мұндай саясаттың нәтижесі ерте ме, кеш пе инфляция болуы керек еді, сондықтан бағаның өсуін барлық өнімде, тамақтан пластикке дейінгі дүниенің бәрінен байқай­мыз. Қазақстан да бұл негативтен тыс қала алмайды. Елімізде азық-тү­ліктің импорты бар екенін естен шығармауымыз керек.

Дегенмен жалғыз көкөніс емес, былтыр қыста қант пен күнбағыс майы қымбаттап, елді қайран қал­дырған.

Сарапшылар биылғы жаңа жыл қарсаңында бірнеше өнім түрінің бағасы өсуі мүмкін деп отыр. Рас, не қым­баттайтыны белгісіз, ал болжам жасау үшін егін жинау науқанының аяқталуын күту керек.

– Меніңше, бағаның төмен­деуі қыркүйек айының ортасына дейін жалғасады, содан кейін бір ай бойы баға қалыпты болады, ал қазан айының ортасынан кейін отандық өндірушілер нарықтан тысқары болғанда баға өсе бастайды. Өте баяу, бірақ ептеп бағаның көтерілуі байқалмақ, – дейді экономист Жасұлан Кушебаев. Азық-түлік инфляциясы былтырғымен салыстырғанда жоғары болуы мүмкін. Бағаның шарықтау шегі шамамен 6-7% болмақ.

– 2003-2008 жылдар – ең ба­қуатты жылдар болды, есіңізде болса. Содан кейін инфляция 10%-дан төмен болған жоқ. Неге? Өйткені ин­фляцияға қарай табыс та өсіп жатты. Табыс инфляцияға қарағанда тез өссе, азық-түліктің қымбаттағанын көп адам аңдамай қалады. Ал табыс өспесе, онда табысы төмен халыққа көмек жасалып тұруы керек, – дейді Мақсат Халық.

Көп жыл картоп немесе сәбіз көкөністен арзан еді,  бірақ заман өзгерді, дәл қазір дүкенге барсаңыз, жеміске қарағанда сәбіз қымбат. 2021 жылғы мамыр айындағы азық-түлік инфляциясы 7%-дан асты: бұл экономистердің айтуынша, соңғы бес жылдағы ең жоғарғы көрсет­кіш. Негізгі азық ондаған пайызға қымбаттады: картоп, сәбіз, ұн, нан, макарон.

Әсілі, бағаның өсуінің басты бес себебі бар.

Экономистер мен тауар өндіру­шілер бағаның өсуінің бірнеше себебін анықтаған, әуелгісі – инфляция. Бізде ғана емес, бүкіл әлемде осылай.

 – Қазір әлемде азық-түлік бағасы өсіп жатыр, өйткені пандемияға қарсы күрес барысында және экономиканы құтқару үшін банкнот шығаратын баспа машинасы іске қосылды. Ал ақша құны түскен кезде бұл инфляция деп аталады, – дейді экономист Мақсат Халық. Инфляция – бағаның өсуі емес, ақша құнының төмендеуі.

Екінші себеп: теңгенің әлсіреуі. 2020 жылдың басында 1 доллар 375 теңге болса, соңында 420 теңге болды. Сонымен бірге кейбір ауыл шаруашылық жабдығы импортталып, оның бағасы табиғи түрде өседі.

Үшінші себеп: өндірушілер арасындағы бәсекелестіктің тө­мендігі. Шаруа қожалықтары, фермерлік шаруашылықтар, шағын нысандар қысқарып, оның ішінде монополистер, яғни агрохолдингтер ұлғайып жатыр. Олар өз өніміне ойындағы бағасын қоя алады. Тауарды жеткізу барысында желілік монополистер де шыға келеді. Бізде көкөніс пен азық-түлік тауар айналымының жалпы көлемінде желілердің үлесі  – шамамен 40%.

Соңғы себеп: тыңайтқыштар 60%-ға қымбаттады. Фермерлер тіпті арнайы баға белгілеп беруді сұрап отыр. Үкімет тыңайтқыш тарапында баға бақылауда тұрады деп сендіреді...

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

"Tenge monitor" газеті

978 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз