Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 01 Қыркүйек, 2021

Назымбек қазір де қасымда жүргендей...

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филамониясының «Ақжелең» фоль-клорлық ансамблін көркейтуге айтарлықтай үлес қосқан күйші Назымбек Молдахметов тірі болғанда, биыл 51 жасқа толар еді. Қазақтың күйшілік өнерін дамытуға және ізбасарлар дайындауға қосқан үлесі үшін 2000 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ал, 2008 жылдан бас-тап Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижеры болып еңбек етті. 2009 жылы ҚР-на Еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Осы орайда Назымбек Молдахметовпен бір ауылда тай-құлындай тебісіп бірге өскен ағайыны, жан досы Фараби Омарұлы Кенжалинмен әңгімелесудің сәті түсті. 

 

– Балалық шақта бір ауылда туып, тай-құлындай тебісіп қатар өскен өткен шақты еске түсіріп көрейікші...

– Біздер 1970 жылы Торғай облыс болып дүркіреп тұрған кезде, сол өлкенің Арқалық ауданы, «Қайыңды» қой совхозында дүниеге келгенбіз. Назымбек кішкентайынан аңғарымпаз, зерек болып жетілді. Бес жасында-ақ домбыраны шерте бастады. Әрине, баланың әлденеге қызығушылығын оятуда, рухани азық алуына үлкендердің ықпалы да аса маңызды ғой. Әкесі Молдабек ағамыз Қайыңды совхозында бас инженер болып жұмыс істеп, Үкілай анамыз көп балалы болғандықтан, балаларға қарап, үй шаруасымен айналысты. Ауыл адамдарының айтуынша, ағамыз қоңыр домбырасын таңғы тамақтан бұрын қолына алатын адам болған. Ағалары Қайырбек, Мейрамбек, Марат, Мұрат, Қазымбек пен інісі Нұрмұхамбет, тәтесі Рая да домбыраны бір кісідей тартады. Айгүл, Назгүл деген қарындастары қобыз, флейта, сазсырнай секілді музыкалық аспаптарды шебер меңгеріп, бүгінде өнер өлкесінде еңбек етіп жүр. Сондай-ақ, Меруерт, Гауһар есімді қарындастары да музыка әлеміне жандары жақын. Ал, әкесінің інісі Сұлтанбек өзіміздің өңірде термеші ретінде танылыпты. Ол кісі Назымбекті қасынан қалдырмай, өнерге баулыды. Демек, бұл әулетте өсіп-өнген балалардың қай-қайсысы да кішкентай күндерінен бастап музыкалық аспапқа жақын болды.

– Досыңызбен бірге өткізген уақытты сағынатын шығарсыз.

– Ой, ол бір ғажап кезең еді ғой, айтуға, сипаттауға тілім жетпейді. Қайыңды ол уақытта үлкен ауыл. Өзіміздің наубайхана, амбулатория, балабақша, жаңадан стадион және үлкен мәдениет үйі салынған болатын. Мал мен егін шаруашылығы қатар дамыған берекелі кеңшардың іргесінен Торғай өзені сылқылдап ағушы еді. Назымбектің үйі жоғары көшеде болатын-ды. Төменгі көшенің балалары жиы-лып алып, сол жаққа баруға асығатынбыз. Бауыржан Сұлтанбеков, Ерлан Алтынсаров, Дәулет Құлтасов, Мәлік Жұмабаев, Дулат Айтмағамбетов, Қонысбек Қалиев, Ерлан Шаймағамбетов, Ғалымбек Жантасов, Сәбит Тұралин, Ғабит Хамзин, Ерлан  Көккөзов, Қойшыбай Ерманов, Таңатхан Жандыбаев, Ахмет Төлегенов, тағы басқалар, аты аталмай қалған сыныптастарым ренжімес, бұл тізімді соза беруге болады, бәріміз Назымбекке қарай жүгіретінбіз. Топ-топ болып бөлініп алып, асықтарды тізіп қойып, сақамен көздеп жарысудан сайыс өткізетінбіз. Әрқайсымыз бір-бір дорба асыққа иеміз. Назымбекте сан алуан түске боялған, қорғасын құйылып әзірленген айрықша асықтар болатын. Біздер болсақ сол боялған асықтарды ұтып алуға жанталасатынбыз. Менің Уәлихан Сейітқалиев деген сыныптасым болған, ол 90-шы жылдары белгісіз бір себептермен қайтыс болып кетті. Бәріміз Уәлиханның шарбағының ішіне жиналатынбыз. Назымбектің үйі сол жерде болатын. Кешкісін үй шаруасынан босап, ауыл шетінде футбол ойнаудан шаршамайтынбыз. Қақпаны өзіміз қолдан жасайтын едік. Күндіз анамыздың кеспесін ішіп алып, өзенге суға шомылып, балық аулап келуші едік. Міне, бақытты балалық шақ деп осыны айтсайшы.

– Өте тату болған сияқты екенсіздер...

– Ол уақытта әр үйде кем дегенде 6-8 бала өсіп жататын. Мәселен, біз 14 ағайындымыз, ал Назымбектердің үйінде 12 бала болды. Тай мініп, қымызға қанып ішіп, ойынның түбін түсіретін ұрпақ біздей-ақ болар. Осындайда тату болмағанда ше? Алтын құрсақты аналарымыздың көңілі шалқар, пейілі кең ғой, жарықтықтардың. Оның үстіне біздің арғы аталарымыз бір. Арғынның Төлек руынан тараймыз. Біздің Дәулетбай деген жетінші атамыз Төлектің немересі. Дәулетбай атамыздың Ақша, Сұлтангелді, Ұйытқұсты, Сағындық деген ер балалары болған. Біз – Ұйытқұстыдан, Назымбек – Сағындықтан тарайды. Сағындықтың Қарсақбай Жаңғабылұлы деген шөпшегі атағы алыс елдерге танылған өнер иесі болатын. Ол кезінде Нысанбай жырау сияқты атамыз Жәуке батырдың ерліктерін жырлап өткен ақын болған.

– Сіз қазақ мектебінде, ол орыс мектебінде оқыды. Жалпы, ұлдар арасында өзара бөлектену, жанжал болды ма?

– Атай көрмеңіз! Бір топ бала қай үйге кірсек те сап-сары бауырсақ пен бал татыған қымызды сіміріп ішіп жүре беруші едік. Сенікі, менікі деген болған емес. Назымбектің анасы Үкілай бүкіл ауылдың қара домалағын бауырына тартып, мейірімін төксе, менің анам Ұлмекен де ақжарқын, аузынан Алласы түспейтін қарапайым, көпшіл жан еді. Тіпті, кез келген ана дәл біздердің шешелеріміздей құшақтарын жайып, барын аузымызға тосатын. Сондықтан болар топырлаған ұлдар кез келген қара жұмысты да жапырып істеп тастайтынбыз. Бұл да біздің әкелеріміздің тәрбиесі. Әкелеріміз Омар Кенжалыұлы мен Молдабек Молдахметұлы бір-бірімен сыйласып өткен кісілер еді. Іңір қараңғылығы түскенде ғана Назымбектің үй жағынан күмбірлеген күйдің дауысы естіліп, бүкіл Қайыңды әуенге елтіп қалатын.

– Досыңыз Арқалыққа кеткенде жаныңыз құлазып қалмады ма?

– Бір мен ғана емес, сартылдап жүрген топ бозбалада қимастық сезім болғанына күмәнім жоқ. Бірақ, «болам деген баланың белін бу» деген ата-аналарымыздың ұлағат сөзіне ден қойдық. Назымбек музыкалық училищеде оқып жүрген кезінде каникул сайын ауылға келетін. Музыка маманы Тұрсынбек Әлмағамбет дейтін ағайдың адамгершілігін, сабақ түсіндірудегі тәлімін әңгімелеуден жалықпайтын. Училищені бітірген соң консерваторияға барамын деп қиялға көп берілетін.

– «Талаптыға нұр жауар» дейді халқымыз. Ауылдасыңыз, досыңыз биіктерге қанат сермеп, талпынғаны бүкіл ауыл адамдарына қуаныш сыйлайтын құбылыс емес пе?!

– Арқалықтан кетіп, Алматыға барып оқитынына әу бастан-ақ көңіліміз сенді. Себебі, Назымбек өскен орта өнерпаздарға толы. Бүкіл әулеті, жақын жұрағаттары музыкаға бейім. Бір ғажабы, Назымбек өзін жоғары бағалағанды, мақтанғанды ұнатпайтын. Керісінше, ауылға келген сайын достарының жақсы істерін дардай етіп көрсетіп құрмет тұтатын, ұстаздарын қадірлейтін. Консерваторияда өнер зерттеушісі, профессор Тымат Мерғалиевтің сыныбында оқыды. Сабақ берген оқытушылардың білімпаздығын, мәдениеттілігін айтқанда біздің аузымыз ашылып қалатын.

– Назымбек – оқуға, сіз – армияға кеттіңіз. Арадағы үзіліс сіздерді бір-біріңізден алшақтатпады ма?

– Он  сегіз  жасқа  толған соң мен Украина-ның Владимир-Волынск қаласында азаматтық борышымды өтедім. Ол уақытта хат арқылы хабарласып тұратынбыз. Елге орала салысымен, ару шаһар Алматыға соғып, Абай мен Байзақов көшелерінің қиылысындағы жатақханадан Назымбекті тауып алдым. Шұрқырай көрістік. Ол әсем қаланың хикаяларын, мен армиядағы жағдайларды айтудан бастап, бүкіл сыныптастарымызбен хабарласып, таңға дейін әңгіме дүкен құратынбыз. Ата-анам дүниеден өткен соң біздің отбасы 1993 жылы Алматыға қоныс аударды. Ауылда жүрген мен алматылық болып шыға келдім. «Бірге тумақ болғанмен, бірге жүрмек жоқ» деген өмір заңдылығын енді-енді түсініп келе жатқандаймын. Алматыда бес жыл оқыған Назымбек болса, туған өлкесіне қарай жол тартты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Торғай облысы тарап, Қостанайға қосылып кеткен-ді. Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының «Ақжелең» фольклорлық ансамбліне жұмысқа тұрды.

– Мәдениет саласына тән өнер сайыс-тары, байқаулар үлкен қалаларда болып жатады. Жұмысына белсенді, ұшқыр ойлы Назымбек ағаның жолы Алматыға сан мәрте түскен де болар?

– Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, дирижеры болып еңбек еткен тұста да әлдеқандай шаруа жәйімен Алматыға келсе болды, Назымбектің маңайында мен жүретінмін. Өзі де келе жатқанын айтып, қасына ілестіріп алуға құштар. Және қарап жүрмейді ғой, өзі оқыған киелі шаңырақ –  консерваторияға барып, ұстаздарына сәлем береді, ақыл-кеңес алады, мені таныстырады. Сөйтіп, Назымбектің арқасында есімдері белгілі біршама ғажап тұлғалардың қолын алдым, жүзін көрдім, ұлағатын тыңдадым.

– Сіздің үйіңіздің төрінде өте әдемі қара домбыра тұр. Сірә, сіз де өнерден қара жаяу емес сияқтысыз...

– Жо-ға! Бұл – Назымбекпен бірге барып алған домбыра ғой. Қазір тіпті көзіме ыстық, көңіліме жақын көрінеді. Бірде, 2008 жылы жұмыс бабымен Алматыға келді. Қолында 4 қобыз, 3 жетіген, 15 домбыра алуға рұқсат берілген облыстық мәдениет басқармасының мөрі басылған тізім болды. Содан қала шетіндегі ет комбинатына қарай жол тарттық. Сол жерде ұлттық аспаптар жасайтын цех бар екен. Алдында қайта-қайта келіп тапсырыс беріп, осы шаруаны пысықтап жүргенінен хабардар едім. Содан не керек, менің көлігіме алынуға тиіс аспаптарды тиеп алдық. Телефон соғып, Қазақ радиосында істейтін Сәрсенғали деген жолдас жігітін және консерваториядан екі студентті жолшыбай шақыртып алды. Бес жігіт және құдіретті аспаптар болып, «Мамыр» ықшамауданындағы біздің үйге жеттік. Он бес домбыраның күйін келтіруге өнерпаздар кірісті. Үйдегі Гүлбану жеңгең қазан көтеріп, шай әзірлеуге сабылды. Сәрсенғали шертпе күйші екен. Шежіре шертіліп, күй тарихы баяндалып, ән-жыр шалқып, таңға дейін ерекше отырыс болды. Таңертең далаға шықсам: «Сіздің үйге тұтас оркестр көшіп келді ме, концертке дайындалып жатырсыздар ма, бүкіл «Мамыр» ықшамауданы қазақтың ғажап күйлерін тыңдап, халық әндеріне сусындап, түнімен рахаттанып қалдық», – деп көршілерім, таныстарым жөн сұрай бастады. Жігіттер домбыраның құлағын бұрап, күйге келтіреміз деп әбігерленіп еді, соңы өнер сайысына ұласып кеткенін байқамаған екенбіз. Өнердің құдіреттілігіне сол жолы көзім анық жетті. Үйден кетерінде Назымбек маған қарап: «Факе, қалайда үйіңде домбыра болуы керек. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген сөзді қазақтың айтулы ақыны Қадыр Мырза Әлі айтқан», – деп бастап, біраз әңгіменің басын қайырды.

– «Мен сенің кім екеніңді айтайын, досыңды көрсет...» деген тәмсіл бар.

– Иә, сөзіңнің жаны бар. Назымбек баршаның жағдайын ойлап, ескеріп жүретін қамқор адам еді. Шет елдерде өтетін түрлі деңгейдегі концерттерге облыс атынан бара жатқаныңда немесе теледидарға сұхбат беруге арнайы келгенінде, өзге қалаларға гастрольге жол жүрер кезде маған хабарласатын-ды. Дарынды күйші Қаршыға Ахмедияровты, өнер қайраткері Айтқали Жайымовты, талантты сазгер Кенжебек Күмісбековті кезінде көзім көрді. Осындай еңбектері елге елеулі азаматтармен Назымбектің қарым-қатынасы керемет еді. Филармонияға директор болған кезде де, небір атақтарға қол жеткізген кезде де асып-тасыған емес. Қайыңдыдағы бала күнгі аңқау, албырт, ақкөңіл, таза жүректі болмысынан ердің жасы елуге келгенге дейін ешқашан ажырамады.

– Жиі хабарласып, амандық-саулық сұрасып, тығыз араласып тұрады екенсіздер. Соңғы кезде өзара болған әңгіме қандай еді?

– Досымның қоңыр дауысы құлағыма келе береді. Бірде маған: «Мен Қостанайдамын, сен – Алматыдасың, достарым да Астана мен Қостанай арасын жалғап жүріп жатыр. Сен енді ел жаққа келсеңші. Мен үй тұрғыздым. Маңайымызда бос жер бар, көшіп келсеңдер-ші. Төлек ауылы болып тұрмаймыз ба? – деп қиыла қолқа салды. «Ұлды үйлендіріп жатырмын. Солар отау болып кетсін, сосын көрерміз», – деп жауап қаттым. Енді бірде: «Сенің екі ұлың, яғни Елдосың мен Мирасың менің Темірланым мен Марғұланыммен араласса деп армандаймын. Арамыздан қыл өтпестей дос едік, туыстығымыз өз алдына, енді балалар бір-біріне жақын болса ғой. Біздің есік ауылдағы үй сияқты күні-түні ашық тұрады», – деген еді марқұм. Әйтеуір, Назымбек әрнәрсені тереңінен ойлаушы еді, қашанда төңірегіне жанашыр достарын жия білді.

– Мектепті бітіргендеріңізге 30 жыл болған кездегі фотосуреттеріңіз де сыр шертіп тұрған секілді.

– Назымбек ешуақытта ел мен жер қамын естен шығарған емес. Туған өлкеге деген махаббаты жалындап тұратындай. «Өзіміз оқыған мектепке барайық, сыйлық жасайық», дегенді әрқашан әр кез есімізге салатын. 2017 жылы 30 жылдықтың қарсаңында теннис үстелін, спорттық жабдықтарды апарып, білім ұясына сыйлауға өзі мұрындық болды. Қайыңды орта мектебінен 10 шақырым жерде «Қызыл жұлдыз» дейтін бөлімше бар еді, сол жердегі мектепке де спорттық жаттығуға арналған жабдықтарды апарып, шама-шарқымызға қарай тарту жасадық. Мектеп бітіргенімізге отыз жыл толғанына орай кластастарымыздың бәрі бір ауыздан белсенділік көрсетті. Оның ішінде, Арқалық қаласындағы жігіттер Бауыржан, Ғалымбек, Мәлік, Ерлан, Қойшыбай, Қанат, Қонысбай және қыздар Сандуғаш, Ақтоты, Алтынай, Айман керемет дайындық жасап, күтіп алды. Есте қаларлықтай кездесу өткіздік. Арамызда бастамашыл, жігерлі жігіттер баршылық. Солардың бірі – Назымбек екеніне ешкім дау айта алмас. Ауыл жәйін жиі қозғап, қараусыз қалған елді мекенге ебін тауып көмектесуден алдына жан салмайтын еді ғой, қайран досым. Біздің жас кезімізде ауылда сәкілері, ойын алаңдары көп парк бар еді. Жайқалып өсетін сан алуан ағаштарына сүйсінетінбіз. Кейін елде дағдарыс басталды, шаруашылық ыдырады, тұрғындар қалаға қарай жаппай көше бастады. Бізде есейіп, тұрмыс жағдайларымен жан-жаққа шашырап, туған жерден алыстап кеттік. Сол аралықта парктегі ағаштар ескіріп, оталып кетті, саябақ жұтаң тартты. Осы жағдай баршамыздан бұрын Назымбекке қатты батты.Отыз жылдықтың қарсаңында ауылға 200 түп талшыбықты өз ақшасына сатып алып, ауыл адамдарымен бірігіп егіп тастады. Өкінішке қарай, бақты күтетін адам болмады ма, әлде су тапшылығы ма, білмедім, әйтеуір ағаштарының көктемей, көгермей солып қалғанын тілге тиек етіп қиналғаны бар.

– Жақсылықты жария етпей жасайтын мәрт адам екен-ау. Жердің кіндігінен тайып кетпей тұрғаны да бетіндегі жақсы адамдардың көп болғандығынан шығар, сірә.

– Айтары жоқ. Назымбек таза жүректі адам болғандықтан маңайына да игі жақсыларды жинады. Қарапайым мысал, менің ағам Жұмабек Кенжалиннің «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» деген кітабы бойынша композиция жасап, көпшілікке мәлім етті. Ағатайым да Назымбекті өте жақсы көрді. «Осы жігіттің арқасы бар, күй тартқанда құлпырып, желпініп кетеді», – деген сөзін жиі естігенмін.

– Ауыр болса да досыңыздан қалай көз жазып қалғаныңызды айта аласыз ба?

– 2020 жылы құрдастар елуге толды. Назымбектің туған күні бірінші сәуір еді. Туған күнді атап өтеміз, есеп беру концертімді оркестрмен өткіземін деп жүргенінде елде карантин жарияланды. Той-домалақ өткізуге қатаң тыйым салынды. Сөйтіп жүріп маусым айында Қайыңдыға тартып кетеді. Елде Жұмаділда деген үлкен кісінің жылына қатысып, ағайындарымен қауқылдасып, арқа-жарқа болып әңгімелеседі. Сосын кешкілік Торғай өзеніне барып суға түспекші болған екен. Өкінішке қарай, өзен иіріміне қарай тартып әкеткенге ұқсайды.  Назымбекті құтқарамын деген жанындағы жолдас жігіті, ауылдасымыз Жаңбыршы Қалиев те мерт болды. Маған Бауыржан хабарласып, болған жәйді баяндаған кезде төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым. Біздің Торғай өзені онша терең емес-ті. Алайда асты құм, иірімдері көп өзен асыл азаматтарды құшағына алуға асығыпты. Алла тағаланың ісіне шара бар ма?! Назымбектің шаңырағының түтінін түтетіп отырған Жанатқа, балалары Жұлдыз, Темірлан мен Марғұланға Алла сабыр беріп, досымның көрмеген қызықтарын көрсін, ұзақ ғұмыр берсін деймін! Назымбектің жаны жәннатта болсын! Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны пейіште шалқысын!

Әңгімелескен Нұрлан ҚҰМАР

 

1546 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз