Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 02 Қыркүйек, 2021

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Аманатқа адал болғымыз келеді

Жұлдыз Сүлейменовамен ­сонау студенттік шақтан таныспыз. «Азамат» пікірсайыс клубының мүшесі ретінде ой-пікірін жастайы­нан айтып, оны шешудің жолын ұсынып жүргеніне куә болғанбыз. Одан бері де біраз жыл аунап өтті. Сол студенттік шақта мінберден айтылған тұжырымды сөз азаматтық ұстанымға айналып, енді ҚР Парламенті Мәжілісінің мінберінде мәселені жан-жақты көтеріп жүр.Осындайда Баубек Бұлқышевтың «Заман – біздікі» деген сөзі еске түседі. Ендеше, сол заманның кем-кетігін түзеу мен жақсысын асырып, жаманын жасыру жолы да біздікі шығар. Бұл орайда өз заманының сөзін ұстаған Жұлдызды әңгімеге тарттық...    

– Мемлекеттік тілді толық меңгеру мемле­кеттік қызметкерлерге қойылатын талап болса да, ол талаптың үддесінен шығу­дың жауап­кер­шілігі кімде деп ойлайсыз?

– Ол жауапкершілік әркімнің жеке ұстанымына байланысты дер едім. Ең ­алдымен, сұхбатқа шақырып, алғашқы сұрақты мемлекеттік тілге қатысты қойып жатқаныңызға көп рақмет айтқым келеді.

Шынымды айтсам, орыс балабақ­шасына барып, бастауыш сыныпты орыс тілінде оқыған маған да мектепте жүргенде қазақ тілі оңайға соққан емес. Орта сыныпқа ауысар кезде әжем: «Мына баланы қазақ сыныбына ауыстыру керек, мінезі өзгеріп келеді» деген соң, ата-анам сөзге келместен қазақ сыныбына жетелеп апарды. Орыс сыныбында он төрт бала оқыған едік. Он төртімізді де бір сабақ бойы сөйлетіп, білімімізді тексеруге уақыт табылады. Ал қазақ сыныбына келсем, отыз алты бала оқиды екенбіз. Фамилиям Сүлейменова, әліпби ретімен соңына таман тұрамын. Отыз алты баланың бәрін бір сабақта тексеру мүмкін емес. Қайта-қайта қол көтеріп, тақтаға шығамын. Түсініп тұрған дүниемді айтайын десем, кейде тілім жетпей қалады. Кітапханашымыз Несібелі деген апай еді. «Апай, не істеймін, ойымды жеткізе алмай қиналып кетемін» дедім. «Қандай газет оқитын едің?» деп сұрады апайым. «Дружные ребята» деп едім, «Енді «Ұланға» жазыл» деді. Содан ата-анама айтып, «Ұлан», «Ақ Желкен», «Балдырғанға» жазылдық. Қазақ тілінде емін-еркін сөйлеп кетуіме «Ұлан» газеті кәдімгідей көмектесті. Кейінірек, ол кезде 7-8 сыныпта оқитын кезім, «Бастарыңыздан қызықты оқиға өтсе, онымен  бөліскілеріңіз келсе «Ұлан» газетіне жолдаңыздар» деген ­хабарламаны оқып қалдым. Жайлап мақалалар жібере бастадым. Сұлтан Қалиұлы, ­Жолдасбек Дуанабай, Алма Үмбеттегіден жауап хат келетін. Ол хаттың бәрі сақтаулы тұр. Кейде қайталап оқысам, «Ұлан» газеті кәдімгідей тіл ұстарту мектебі, тәрбие құралы екеніне көзім жете түседі. Кейде ойымды орысша жұптап, оны қазақ тіліне аударатынмын. ­Содан сөйлемдерім шұбалаңқы болып кетеді. Жолдасбек аға «Жұлдыз, сенің сөзің түсініксіз, ұғынықты жазуға тырыс» дейді. «Қағазды ­шимайламай жазыңдар» деген де хат келеді. Ол тоқсаныншы жылдардың ортасындағы қиын кезең, әке-шешеміз айлық алса, конверттің тапшы кезі, бір айға деп 30-ын бір-ақ алдырамыз. Содан күніге бір оқиғаны әңгімелеп хат жөнелтіп отырамыз.

Кез келген азаматтың тілге деген қамқор­лығы қазақ тілінде сауатты әрі таза сөйлеуінен басталады.

Ал педагог ретінде айтсам, мен ғана емес, ғалымдарымыздың көпшілігі қазіргі жаңартылған білім мазмұнындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мазмұндық қырына көңілі толмайтынын айтып жүр. Осы жазда кездескен педагог ғалымдардың да пікірі осындай. Мұның бәрін өзімізге түртіп, жазып алдық. Оны Білім және ғылым министрлігіне, Үкіметке, Тіл комитетіне жолдаймыз.

Жаңа бағдарламалар біртіндеп қабылданып жатыр, міне, «Әліппені» де қайтарды. Бәрі де ретке келетін болады. Иә, педагог ретінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мазмұндық тұсы мені де ойлантады. Жырауларымыздың, ақын-жазушыларымыздың асыл мұрасын дұрыс оқыта алмай отырған секілдіміз. Білім және ғылым министрлігі Депутаттық корпустың ұсыныстарын ескеріп, мемлекеттік тілімізде оқытудың жаңа сипаттағы концепциясын қабылдайды деп ойлаймын.

– Алайда тәуелсіздік алғалы бері отыз жыл өтті ғой. Ретке келетін дүние осы уақыт аралығында реттеліп үлгермес пе еді? Ең қарапайым мысал, отыз жыл бойы қанша буын мектептен түлеп ұшты. Басқа тілде білім алатын мектеп оқушылары мемлекеттік тілді әлі толық меңгере алмай келеді...

– Өз тәжірибемнің мысалын бөлісейін. ­Назарбаев зияткерлік  мектебінде директор болған кезеңде ана-ана, ұстаз, оқушы қатысатын барлық ірі жиналыстар, педагогикалық кеңес, мектептің үлкен ұжымы қатысатын басқосулар түгел мемлекеттік тілде өтетін. Орынбасарларым өзге ұлт өкілдері еді. Оларға мемлекеттік тілді біліңіз деп мәжбүрлемедім. Бірақ қажеттілік туғандықтан олар бір жыл ішінде тілді меңгеріп алды. Тіпті хаттаманы мемлекеттік тілде толтыра бастады. Әрине, кейбір жалғаулар, жұрнақтардан қателескен шығар. Кім қажеттілікті түсінеді, сол тіл үйренеді.

Тіл үйрену тек мемлекеттік тілде жиналыстар өткізіп қоюмен шектеледі демес едім. Сабақтан тыс уақыттағы жұмыс та маңызды. Сізге бірер мысалды ғана келтірейін. ­Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойында мектебіміздің қысқы бағында оқушылар жерге Алтын Орданың картасын сызды. Олар осындай алып мемлекеттің картасын сызу үшін қаншама кітапты ақтарды, қаншама мақаланы оқыды. Осы жерді сақтап қалған ұлттың ұлылығын түсінді. Сол мемлекеттің бүгінгі мұрагер халқының тілін, өзіміздің ана тіліміздің құдіретін де ұғынды. Мектебіміздің үздіктерінің бірі 11 «А» класы бірде Алаш зиялыларының алғашқы съезінен қойылым қойды. Оны бейжай отырып қарау мүмкін емес. Әуелі сабаққа Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев секілді киініп келіп, сабақ бойы солай жүрді. Қойылым қойған кезде олардың сол уақыттағы сөзін сол заманда шыққан мақалаларынан, тарихи деректерден өздері жинап, айнытпай айтып берді. Бұл, әрине, Қазақстан тарихы пәні мұғалімдерінің үлкен ізденісінен туған дүние. Оқушылардың да еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Яғни бала мектептен тыс жағдайда да қазақ тілінде пікір алмасуға, қойылым қоюға, ойынға араласуға жағдай туғызу керек болар.

– Дегенмен, мектептің бәрі Назарбаев зияткерлік мектебі емес қой...

– Бұл сөзіңіздің де жаны бар шығар. Бірақ айтпағым басқа дүние еді. Біз мектеп директорларын тәрбиелеуіміз керек. Олар қандай мектепті басқарса да күллі жиналыс­тарын мемлекеттік тілде жүргізуге және ұлттар арасына сына қақпай-ақ мемлекеттік тілді мектептің негізгі тіліне сауатты түрде айналдыра алуға, мектептен тыс іс-шараны да мемлекеттік тілде өткізуге лайық тұлға болуы керек. «Nur Otan» партиясының «Жол картасы» аясында сегіз жүз мектеп саламыз деп жүрміз ғой. Оның екі жүз мектебін биылдың өзінде қолданысқа береміз. Бұл тәуелсіздік тарихында білім нысандарын салудағы үлкен әлеуетті жоба болайын деп тұр. Міне, сол мектептерге директор корпусын әзірлеуіміз керек. Осыған орай Депутаттық сауал дайындап жатырмыз. Жазда екі бірдей педагогикалық университет ректорларымен кездесіп, педагогтар даярлаудың жай-жапсарын анықтап алдық. Міне, сегіз жүз мектептің директорларын лайықты тұлға қылып қалыптастырсақ, жаңа бір директорлық мәдениет қалыптасар еді. Ол мәдениетті ұжым мен орта қалыптастырады.

– Оған негіз болатын тәжірибе бар ма?

– Өзіме таныс екеуін айтайын. Сингапур және Оңтүстік Корея тәжірибесі. Сингапурда мектепте жақсы оқыған, ең жоғарғы талаптарға жауап беретін талапкер ғана педагогикалық университетке құжат тапсыра алады. Екінші курстан кейін олар арнайы тестке кіреді. Ол тестіде баланың когнитивті дағдылары, білімі, білігі анықталады. Осы тест нәтижесі арқылы үшінші курстан үшке бөлінеді: мектеп басқарушылары, білімді зерттеушілер, педагогтар. Үшінші, төртінші курста осы бейіндеріне байланысты тереңірек білім алып шығады. Қазір бізде мектеп директоры дегеніміз шаруашылық мәселелерді толық меңгерген, менеджер болуы керек деген тенденция басымдық алып бара жатыр. Шын мәнінде, мектеп директоры оқу процесін үздік ұйымдастырушы, сәйкесінше, өте жақсы мұғалім болуы керек қой. Біз осы қағидадан ешқашан ауытқымауымыз қажет. Мектеп директоры оқу процесін жақсы ұйымдастырса, оның ішіне тәрбие де кіреді, қазіргі проблемалар сол процестің аясында шешілуі мүмкін еді деп ойлаймын.

Ал Оңтүстік Корея мемлекетінде аттестатында үштік бағасы жоқ бала ғана педагогикалық университетке құжат тапсыруға қақы бар. Алғашқы екі курста да үш алмауы керек. Осы екі курста қоғамдық жұмыстарға қатысады,  жобаларын қорғайды. Осы сатылардан өткен соң тестіге жіберіледі. Тест қорытындысы бойынша студенттер екіге бөлінеді: мектеп басшысы және педагог. Мектеп басшысы әдіскер, оқу ісі жөніндегі  орынбасар, содан соң директор болады. Оған қоса, әр сатыда бес жылдан тәжірибе жинақтайды. Осы бес жылдың бәрі ротацияланады. Ол маман бір мектепте қалмайды. Әр мектепте жұмыс істейді. Оңтүстік Кореяда үш апталық біліктілікті арттыру курсына бардым. Сеул қаласы Білім басқармасының басшысы праймеризге түсіп сайланады. Ол уақытта электоратты өз бағдарламасымен таныстырады. Ол жақта Білім беру басшысы мемлекеттік жоғары дәрежелі қызметкер. Оңтүстік Кореяның басқа қалалары Сеулдің Білім басқармасына қарап бой түзейді. Маған олардың тәжірибесі өте қатты ұнады. Педагогтары орта жолдан мектеп директоры болып кетпейді. Педагог, педагог-модератор, эксперт, педагог-зерттеуші деген сатылардан өтеді. Ол жақта мұғалім мамандығына деген үлкен құрметті көрдім.

Егер бізде мектеп директоры білімді болса, жаңа заман көшіне ілесе алса, қазақ классиктерін түгел оқып, ұлттық тәрбиені жетік білсе, менің ойымша, біраз дүние түзелер еді. Мұның бәрі айғаймен шешілмейтінін де ұмытпағанымыз абзал.

Екіншіден, ұстаздарды жерден алып, жерге салатын бір мінез бар. Сол мінезден арылсақ деймін. Ұстаз туралы Ахмет Байтұрсынұлынан асырып айтқан кім бар дейсіз: «Алты Алаштың басы қосыла қалса төрдегі орын мұғалімдікі» дейді ол. Уинстон Черчилль «Кез келген мұға­лім өзінің премьер-министрден де жоғары билігі бар екенін білсе ғой, шіркін» депті. Екі ғасыр бұрын Франк-Пруссия соғысында пруссиялықтар жеңген кезде Отто фон Бисмарк тарихи сөз айтқан: «Бұл Пруссия жауынгерлерінің жеңісі емес, Пруссия мұғалімінің жеңісі». Міне, біз ұстазға құрметтің осындай үлгісін ұмытпасақ екен.

– Мұғалімдерді жерден алып, жерге салу мінезінің де себебі бар шығар. Мұғалімдердің ұстаз бейнесін сақтай алмай қалып  жататын тұсы көп деп ойламайсыз ба?

– Біз тоқсаныншы жылдардың басында мектепке бардық. Ол кездің қиындығын, бала болсақ та, жүректен өткіздік. Міне, сол кезде кадр даярлау кеңістігі бос қалды. Сол уақытта мектепте үздік оқыған түлектер педагогика мамандығын таңдамады. Тіпті оқи қалған күннің өзінде, университетті үздік оқыған жастар мектепке оралмады. Осының негізінде мектептегі ұстаздық дәстүр үзіліп қалды. Бұл ұстаздардың біліктілігіне, өзіңіз айтқандай, бейнесіне аздаған көлеңке түсірсе керек. Бірақ бұл мектептерде жақсы ұстаз жоқ деген сөз емес. Қандай қиын сәтте де мамандығына адал болып қалған талай ұстаздар жүр арамызда. Міне, соңғы он жылдағы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы, кейінгі кездегі мұғалімдердің айлық жалақысының өсуі орта мектепке білімді жастардың баруын да жеделдетті деп ойлаймын. Мұның бәрі эволюциялық процесс қой. Алдағы уақытта нағыз ұстаз бейнесіне сай мамандар қатары тіптен арта түсетіні анық.

Тағы анық нәрсе: мұғалімді жерден алып, жерге салғанды қою керек. Ата-ана мектепке келіп, мұғалімнің қойған бағасымен таласпағаны жөн. Оған қоса, мектеп баланы тәрбиелеуі керек деген сөзді де ұмыту қажет. Есесіне мұғалімге алғыс айтуды көбейтейік.

Осы жазда Алатау ауданындағы 169-шы мектеп жұмысымен таныстым. Бұл Шаңырақ ықшамауданындағы білім ордасы. Соңғы бес жылдың статистикасын қарасаңыз, Алматы қаласы бойынша осы мектеп оқушылары ҰБТ-дан жақсы балл жинап ең көп оқуға түседі екен. Мектеп директорымен кездескенде, мұның себебін сұрадым. Бұл мектепте әлеуметтік аз қамсыздандырылған отбасылардың балалары көп. «Сол балалар оқуға түсіп, жақсы өмірге тезірек араласып кетсін деп бар күшімізді саламыз, грант көптеп бөлінетін техникалық мамандықтарға басымдық береміз» дейді мектеп директоры. Көп балалы отбасында өскен, әке-шешесі жоғары білім алмаған, ­отбасында алғаш рет ЖОО студенті атанатын өмірлік тарихтары бар балалар да баршылық. Олар ЖОО-ға түсіп кетсе, кейінгі бауырларына жол көрсетеді. Кез келген мектептің үздік нәтижесінің бастауында мұғалім тұратынына сенеміз. Ол жерде қырық жыл мұғалімдік өтілі бар мамандармен сөйлестім. Қай кабинеттің қалай ашылғанын жатқа айтып бере алады. Ол мұғалімдер өз оқушыларын, олардың арманын, мақсатын жақсы түсінеді. Баланы ЖОО-ға түсіріп, жақсы еңбек жолына салып жіберуге барын салады. Алатау ауданындағы мектепті бір жарым сағаттай араладық. Әрбір кабинетке кірген сайын кеудеме өксік тығылды. Мұғалімдер де, басшылар да мектебін аялап, қастерлейтіні анық байқалады. Он баланың сегіз баласы осы мектепте оқыған отбасы бар екен. Көп түкірсе көл деп, жиналып үй алып берген. Сол үйге кіргеннен кейін отағасы қайтыс болып кетіпті. «Сол балаларды жетілдіруіміз керек, аманатымыз ғой» дейді ұстаздар. Осы мектептегі бір ұстаз «Бір күн саудаға кеткен жоқпын, алты айлап айлық алмаған кезде де жұмысымды тастамадым, мен тіпті бала оқытамын ғой деп митингіге де шықпадым» деді. Қазір осы жұмысты місе тұтпайтындар бар. Сөйте тұра ұстаздыққа арманын, мақсатын, өмірін, денсаулығын, көңілін, тіршілігін арнаған жандар көп деген ойдамын.

Алматыда қаланың шеткі аудандарында орналасқан дәл осындай он жеті мектеп бар. Онда халықтың қарапайым бөлігінің балалары білім алып жүр.  Сол жердегі мәселелерді жете білгім келеді.

– Білім және ғылым министрлігіне қатысты бірнеше депутаттық сауал жолдадыңыз. Олардың жауабына қанағаттандыңыздар ма?

– Праймериз кезінде, білім беру саласының қызметкері болатындықтан, сұрақ көп қойылды. Оның барлығын партияға жолдап отырдық. Соның негізінде сайлауалды бағдарлама жасалды. «Жол картасында» 362 пункт бар. Оның 53-і білім және ғылымға қатысты. Ең алғашқы сауалым педагог кадр­ларды қамтамасыз етуге байланысты болды. Сайлауалды платформаны насихаттау тобында бірге жүрген әріптесім Жанарбек Әшімжанмен бірге осы сауалды жолдадық.

Депутаттық сауалды өте тереңнен қараймыз. Бір сауалдың өзі үлкен концепция. Бастапқыда түсініспеушілік болған да шығар. Парламент Мәжілісіне еңбек ету үшін, ұсынысымызды айту үшін, қоғамды өзгерту үшін келдік.  Жеке өзімнің мысалымды айтсам, Назарбаев зияткерлік мектебінде жүрген кезімде ең үздік орта білім саласына қатысты зерттеу орталықтарында, әдістемелік мекемелерде, ғылым орталықтарында кәсіби біліктілігімді арттырдым. Сол тәжірибемді орталық органдарға беруге дайын екенімді көрсеткім  келеді.

Біз, депутаттық корпус, әр сауалға ­жауап келген күннің өзінде де вице-министрге қосымша хабарласып, көңіл аудармаған тұстарды нақтылап аламыз. Яғни толыққанды жауап келгенше тыным таппаймыз. Бұл мемлекеттегі саяси менеджментті дамыту деп есептеймін. Әліппенің мазмұнына қатысты, министрдің А.Байтұрсынұлының әдістемелік негізіне сүйенген оқулық шығарамыз деген сөзіне қатысты сауал қойдық. Ол сауалға ­жауап алдық екен деп, мәселенің бетін жауып қоя салмаймыз. Ұдайы қадағалап отырамыз. Мәселен, жаңа Әліппе шықты. «Сауат ашумен» екі бастауыш сынып оқыды. Сегіз жылда мұғалім нені есте сақтады, нені ұмытып қалды, биылғы бастауыш мектеп мұғаліміне «Әліппені» оқытудың әдістемесі бойынша біліктілікті арттыру курстары қашан, қалай жүргізіледі, жаңа «Әліппеден» жаңа «Ана тіліне» ауысқан кездегі пәнаралық байланысты қалай жүзеге асырдыңыздар деген мәселемен құзырлы органдарға жиі жүгінеміз. Қазір Білім және ғылым министрлігі көп жауапкершілікті өзінен алып тастап, оқулық орталығы, эксперттік топтарға сілтегісі келсе де, соңғы сөз министрлік тарапынан айтылуы керек деген ойымызды да айттық. Біз мұны назардан тыс қалдырмаймыз. Себебі «Жол картасында» «Сапасыз оқулықтарды жою» деген пункт бар. Сапасыз оқулықтарды азайту емес, жою. Біз оны орындауымыз қажет.

– Ұстаздар «Әліппені» оқытудың курсынан өтті ме деп айтып қалдыңыз ғой. «Әліппеге» қатысты соңғы шешімді эксперттік кеңес жазда қабылдады. Қалай ойлайсыз, арадағы екі айда министрлік ұстаздарды арнайы курстан өткізіп үлгерді ме?

– Басында вице-министрге осы сауалды қойғанымызда ол кісі таңырқап қалған еді. ­«Бастауыш сынып мұғалімдері «Әліппені» онсыз да біледі ғой» деген болатын. Бірақ Байтұрсынұлы әдістемесі негізіндегі жаңа «Әліппені» оқыту әдіснамасымен таныс ­болуы керек» деген соң курс оқытуға көнді. Оқытты деген ойдамын. Күні кеше ғана Алатау ауданындағы мектепке барған кезде, ­бастауыш сынып мұғалімі жаңа «Әліппенің» ішкі логикалық байланысы әлдеқайда жақсарғанын айтып қалды. Демек, арнайы курстан өткені ғой.

Жалпы Білім және ғылым министрі әлеуметтік желілерде де ашық тұлға. Қоғам да оны ашықтығы үшін құрметтейді деп ойлаймын. Демек, бұл мәселеде ешқандай оқыс оқиға тумауға тиіс.

Мен де ата-анамын. Оқулыққа ұстаз емес, ата-ана ретінде қараймын. Бұрнағы оқулық пен қазіргі оқулықтың арасы жер мен көктей екенін түсінемін. Бірақ оқушылар жаңа ­заман ұрпағы екенін де естен шығармайық. Олардың қабылдау әлеуеті мүлдем басқа. Олар ақпараттық заманның балалары. Оқулық ­авторлары да осыны ескеретін болар. Не десек те оқулық мәселесі бір ғана пікірге сүйенбей, жан-жақты келісіліп барып шешілетін дүние деп ойлаймын.

– Депутаттарға деген халық арасындағы көзқарас әрі-сәрі екенін білесіз. «Сайлау кезінде ғана көреміз» деген өкпе-назға толы сөздер де сіздерге қарата көп айтылады. Биыл депутат болып келген буын сол түсінікті бұзуға тырысып, жаз айында бірнеше кездесу өткіздіңіздер, оның ашық, жария өткенін де байқап қалдық. Бұл сіздерге берілген тапсырма ма еді? Екінші, елді көрдіңіз, жерді көрдіңіз, талай адаммен кездестіңіз, ой қорыттыңыз, оны да айта отырсаңыз.

– Сұрағыңызға жауабымды сәл әріден бас­тайын. Сонау шалғайдағы ауылда туып-өстім. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Біршоғыр стансасы деген жер еді. Ол уақытта ата-анамыз сырттан су таситын, көмір түсіретін, шөп шабатын. Сол тіршіліктің бел ортасында жүрген соң, өмірдің барлық ауыртпалығын көрген соң, бәріміздің өмірді жақсартамыз деген аманатымыз болды. Алматыға бір сөмке арқалап студент болып келдік. ­«Азамат» пікірсайыс клубына қатысушы болған кезде, қанша білімің тасып тұрса да, бірінші  жыл қала балаларының пікірсайысын тек қана тыңдап жүрдік. Ауылда үздік оқысақ та қала баласының екпініне ілесіп кету үшін моральдық дайындық керек екен. Біз өте ұяң болдық. Бірақ ауыл мектебі бізге өте жақсы білім, дұрыс тәрбие берді. Студент кезімізде де жүрегімізге орап қойған аманатымыз болды. Міне, сол аманаттарды орындайтын уақыт келгенін түсіндік. Кейбір дүние қолымыздан келетін шығар. Кейбірі бірден келе қоймас. Бірақ өмірді жақсартудың мүмкіндігі берілгенде, аманатымызды орындаудың барлық жолын қарастырамыз деп ойлаймын.

Әріптестерім екі ай демалысқа шық­қа­нымен, екі-ақ апта демалдық. Қалған уақыттың бәрінде жеке қоғамдық бағдарламалармен ел араладық. Соның аясында жұмыс істедік. ­Мысалы, мен «Nur Otan» партиясының Білім және ғылымды дамыту республикалық қоғамдық кеңесінің төрайымымын. Сол қоғамдық кеңес аясында Шымкент қаласы мен Түркістан облысына сапар жоспарлаған едім. Бірақ коронавирустың өршіп тұруына байланысты әрі біз баратын нысандардағы адамдар ауырып қалды деген соң, ол кездесуді қыркүйек айына ауыстырдық.

Еліміз үшін үлкен стратегиялық аймақ Солтүстік Қазақстан облысына бардым. Қазақстан тарихында да, мәдениетінде де бұл аймақтың маңызы зор. Қаншама жырау, қаламгерлеріміздің туған жері. Петерфелд ауылына алып барды. «Bilim Media Group» сенімгерлік басқаруға алып, бәрін күрделі жөндеуден өткізіп, жайнатып қойған екен. Жаңа технологиялар, білім мазмұнын жаңартар оқулықтар алып барған. Қазақ классикасын толтырып қойған. Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұланның да томдықтары тізіліп тұр. Індетке байланысты көп адам жинамаңыздар деп өтініш қылдық. Соған қарамастан қырық жылдық жұмыс өтілі бар педагог мамандар кездесуге келіп, елімізге рақметін айтты. Мектептің іші жұтынып тұрғаны аздай, ауласы да күллі ауылдың бас қосар мекеніне айналыпты. Мектеп ауласына келіп біреу интернетке қосылады, енді бірі кітап оқиды, басқасы тоқымасын тоқиды. Яғни ол мектеп күллі ауылдың басын біріктірген мәдениет орны. Қызылжардағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары қазір осы мектептің директоры екен, жинаған тәжірибесін ауыл мектебінде бөлісіп жүр. Одан бөлек, Бескөл деген аудан орталығына бардық. Бұрынырақта Мәжіліс депутаты болған Шарабаев өзінің оқыған мектебін, балабақшаны, колледжді сенімгерлік басқаруға алған. Пластикалық зауыттың кәсіпорнында жұмыс істейтін маман керек болған соң, оларды өзім даярлайын деп бастапқыда колледж ашыпты. Бірақ баланы мектептен оқытқаны дұрыс екеніне көзі жеткен соң мектепті де сенімгерлікке алған. Мектеп пен колледжде жұмыс істейтін мамандардың  бала-шағасына балабақша ашу керек болады да, білімнің үш құрылымын бір-ақ сенімгерлік басқаруына алады. Мектепке жаңа технология, құрылғы әкеліп, күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Спорт залын тұтас жаңғыртқан, асхананы мүлдем жаңаша етіп жасаған.

Елбасының тапсырмасы бойынша 2018 жылы жүзеге аса бастаған «Жас ­маман» деген бағдарлама аясында жұмысшы мамандықтарды даярлауға маманданған құрылыс колледжіне алып барды. Риза болғаным, оларда он сегіз зертхана бар екен. Одан бөлек, Қожаберген жырау атындағы 6-шы мектепке бардым. Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ мектептерінің қара шаңырағы ­болып есептелетін білім ордасы екен. Балаларды Қожаберген жырау тағылымы мен өнегесі негізінде тәрбиелейді. Біз әлемдік мықты саясаткерлердің, қаламгерлердің мемуарларын оқып өстік. Өз қаламгерлеріміздің, жырауларымыздың, ақындарымыздың да өнегесін ұрпақ білуі керек-ақ. Міне, осындай дәстүрлі тәрбиені негізге алған мектептер зертханалары бар колледждер қасында орналасса тіптен жақсы емес пе? Мектептерде зертханалар ашу қосымша қаржы талап етеді, ал колледж бен мектеп біріксе талай маман оқушы күнінен білімнің қыр-сырын түсінер еді.

– Ел аралағанда қандай мәселелерді қойын дәптеріңізге түртіп келдіңіз?

– «Серпін» бағдарламасына қатысты түйткілді жағдай көп екен. Солтүстік Қазақстан облысы әкімі қабылдады, сұрақтарымызды қойдық. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетіне осы «Серпін» бағдарламасы үшін 5000 грант арнайы бөлінеді. «Жол картамызда» Назарбаев университетінің деңгейінде университет ашу деген тармақ бар. Сол оқу ордасына 5000 гранттың тең жартысын бөлсек деген ойымызды айттық. Аризонаның қос дипломдық бағдарламасын әкелсек, талай талапкер қызығады ғой. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының талапкерлерін шақырады екен. Алайда оларды жатақхана, жұмыспен қамтамасыз ету үлкен мәселе. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында «Серпін» бағдарламасымен бакалавриат оқыған студент магистратураға Шымкентке түсіп кетуіне болады екен. Яғни студентті ары қарай Солтүстік Қазақстан облысында қалдырудың, сол жаққа жұмысқа тартудың механизмдері толық қарастырылмаған.

Мұғалімдермен де кездестім. Жаратылыстану кабинеттері қалай жабдықталған, қандай қиындықтары бар: онымен де таныс­тым. Қызылжарда Оқушылар сарайы бар екен. Он жастан асқан балалар зертханалық жұмыстар жүргізіп, тегін үйірмелерге қатысады. Маған қатты ұнағаны – дрондарды ұшыратын зертханаларда балалар дрон ұшырып жүр. Мұндай үйірмелер жасөспірімдер арасында қылмыстың болмауының, балалардың дұрыс әлеуметтенуінің негіздері ғой. Балалар дрон ұшырып жүр деген кезде аса сенбедім. Дронды жинау  бір бөлек, оны ұшыру қиын іс. Бірнеше пәнаралық білім қажет. Алайда балалардан сұрағанымда олар сол процестің ішінде жүргені анық байқалды. Осындай жобалардың ауқымын кеңейту керек. Оқушылар сарайы кез келген облыста бар. Олар қаланың әлеуметтік аз қамсыздандырылған жерінде ашылса. Кәсіби бағдар жұмысын колледждермен, Оқушылар сарайымен байланыстыруымыз керек. Бүкіл мектепте зертхана ашуға уақыт та, қаржы да жетпейді. Осы жайтты да көңіліме түйіп келдім.

Алматы қаласында да бірқатар мектептің күрделі жөндеуден өткенін көрдім. Бару ­жоспарда жоқ мектептерді де аралап шықтық. Күрделі жөндеуден өткен, құрал-жабдықтары толық.

Өзім ұстаз болғандықтан педагог кадрларды дайындау, оның сапасына көңіл бөлуді қай кездесуде де естен шығарған емеспін. Педагогиканың ішкі мазмұнын өзгертуге болады. Абай атындағы Ұлттық университет бұл мәселеге көңіл бөліп келеді. Оны да осы университеттегі кездесуден түсіндім.

– Оқушылар бір жарым жыл қашықтан оқудан кейін мектепке бармақшы. Олардың психологиялық дайындығы, мектеп партасында қайтадан қырық бес минут отыруға деген әзірлігі қалай деп ойлайсыз?

– Өте дұрыс сұрақ қойдыңыз. Бір ­жарым жыл бала қандай әлеуметтенуден өтті, оны анық білмейміз. Үйде климат қандай болғанынан да толық хабардармыз дей алмаймыз. Өтпелі жастағы балалар да үйде отырды. Осы кезеңде суицид көбейгенін әлемдік БАҚ жазды. Осы туралы Ерлан Сайыров, Елнұр Бейсенбаев үшеуіміз депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Менің ойымша, биылғы оқу жылы күрделі, өте қиын жылдардың бірі болмақ. Біз ғана емес, дүниежүзі осы қиындықты бастан өткереді. Бір жарым жылғы онлайнға кету, білім сапасының төмендеуі әрбір елдің экономикасына қалай әсер ететіні туралы есептер дүниежүзінде ­жасалып қойды. Білім теңсіздігі туралы қазірден айта бастауымыз керек. ­Онлайн оқу оны анық көрсетіп берді.

Ал толық офлайн оқу жағы да әлі толық шешілген жоқ. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты оқу тәртібін жергілікті Білім басқармасы, мектеп басшысы, эпидемиологиялық ахуалды бақылайтын қызметкерлер біріге отырып икемді шешім қабылдауы қажет. Бәлкім онлайнда түсіндіруі қиын, нақты аудиторияға келіп оқитын тақырыптардың тізбегін жасау керек болар.

Екінші, психологтардың қызметін күшейткен жөн. Психологтар баланың ғана көңіл күйін емес, енді мұғалімдерді де қадағалауы қажет. Бір жарым жыл мұғалім онлайн оқытуда стресс алды. Оған сыншы көп болды. Сондықтан мұғалімдерге де психологиялық қызмет көрсету механизмдерін енгізе бастау керек.

– Сөзіңіздің орайына қарай бір сұрақ ­туындап тұр. Онлайн оқуға көшкенде ­кибербуллинг мәселесі көп айтыла бастады. Балалар онлайн қарым-қатынастың этикасына, өміріне толық дайын емес еді. Бірақ үйге қамалғанда бәрібір байланыс керек болды да, онлайн коммуникацияға көштік. Қазір кибербуллинг бізде ғана емес, әлемде үлкен алаңдаушылық туғызып отыр ғой. Осы мәселе мектепте құқықтану пәнінің аясында ма, басқа пән арқылы ма, оқытылуы керек пе? Оның механизмі қалай болмақ?

– Ғылыми жұмысын ­Британияда қорғаған, кибербуллингке қатысты концепцияның авторы Халида Әжіғұлова жасөспірімдер мен балалардың арасында оның ­таралмауына қатысты мәселені көтеріп жүр. Өз мектебімізде ғалымды шақыртып, ата-анаға, оқушыға, мұғалімге дәрісін тыңдаттық. Кибербуллингтің шекарасы өте нәзік. Оны нақты түсіндіріп беретін маман керек. Қазір сол Халида Әжіғұлова қоғамдық негізде дәріс оқып жүр.

Екіншіден, сол Назарбаев зияткерлік мектебінде Ата-ана академиясын аштық. Оған Қазақстан мен Ресей мамандарын шақыртып, ата-анаға дәріс тыңдаттық. Тіпті ата-ананың балаға қандай сұрақ қоюына болатынын да даярлап бердік. Баланың құқықтық сауаттылығына қоса, стресске төзімді болуына да мүмкіндік беретін білім көздерін ашуымыз керек.

– Қорытынды сұрақ, ұстаз Жұлдыз бен ­депутат Жұлдыздың арасында не өзгерді?

– Көп нәрсе өзгермеген шығар. Алайда жауапкершілік артты. Бұрын мектебіңнің мыңға тарта оқушысы, екі мың ата-ана, жүз елу сегіз мұғалімінің алдында жауапкершілігің болса, қазір жауапкершілік жүктейтін адамдар қатары арта түсті.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ

1541 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз