Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 04 Қыркүйек, 2021

"Бір Аллаға сыйынып" балалар барды мектепке немесе "Əліппенің" оралуы туралы

Биылғы алғашқы қоңырау ерекше сыңғыр қаққаны анық. Оның себебі де бар. Біріншіден, балалар арадағы бір жарым жылдай үзілістен соң аяулы мектебіне қайта оралды. Сүйікті партасына қайта отырды. Дүниені «бір тарының қауызына сыйдырып» адамзатты үрейдің құшағына көмген, баланы үйінен шығармаған індеттің кесірінен талай оқушы қашықтан оқудың дәмін татып көрді. ­«Дайынбыз ба, дайын емеспіз бе» деп ойланып-толғануға да уақыт болмай, 2020 жылдың көктемінен күллі оқушы онлайн білімге көшті. Ұстаз қадірін түсінді, мектебін сағынды. ­Сыныптастарымен мектеп ­ауласында асыр ­салар сәтін аңсады. Міне, арада бір ­жарым жылдай уақыт өткенде «Бір Аллаға­ ­сыйынып» мектебіне асыға аяңдады. 

Қуаныштың екінші себебі, биыл мектепке барған бала арада сегіз жыл уақыт өткен соң «Әліппесін» қайтадан қолға алды. Заманында Мұхтар Әуезов: «Ахаң соңғы жылдары уақытының бәрін қазақтың мектебіне сарп қылып, істеген ісі де, жазған жазуы да жалғыз соған арналған... Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран, өнер-білім, ­саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, ­тарих ұмытпайтын істер болатын» деген еді. Міне, сол Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесінің» әдістемесін назарға ала отырып жасалған бұл оқулық оқушыға олқы соқпайды деп сенгіміз келеді. Ахаңның арманы, Ахаңның білім жолындағы мақсаты, маңдай тері «Әліппеге» сіңген. Ендеше, сол «Әліппе» талай өренге білім шуағын төге түссін деп тілейік.

Ендігіде:

Бар кітапқа бас болған

Әліппе – ғылым анасы,

Әліппеден басталған

Даналықтың данасы…

деген тақпақты жатқа айтар ұрпақ қатары көбейе түсері сөзсіз.

 Иә, «Әліппе» қайта оралды. Бала өмірінде ерекше орын алар аяулылар қатарына мектеп, алғашқы ұстазбен бірге «Әліппе» де келіп қосылды. Сыңғырлаған алғашқы қоңы­рау­дың үнін тыңдап, «Әліппесін» аялап ұстаған оқушылардың  әрқайсына ақ жол тілейміз!

Қош келдің, «Әліппе»!

 

Қарагөз Сімəділ 

"Ana tili" газеті

1254 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз