Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 04 Қыркүйек, 2021

Сол алақан болмаса

Танымал тұлғалардың атына арнайы папка ашып қоюды қай кезде бастағаным есімде жоқ, бірақ журналистік жұмысымда бұл дағдының көл-көсір пайдасын көріп келемін. Тұлғаға, қайраткерге қатысты тың дерек, дәйек, қиын, қызықты, тартымды жағдайларды соның ішінен қиналмай табасың және ол толықтырылып отырады. Таяуда Өзағаңа арналған папканы ақтарып отырғанымда ол кісінің бәйбішесі Қалихан апамыздың хаты қолыма түсті. Хатта былай делінген (хаттың жазылу стилі сақталды):

АНАТОЛИЙҒА «АЙНАМКӨЗДІ» ҮЙРЕТТІ

«Қарағым балам Қали!

Мен осы қағазды жазғанда 15 парақ ­құ­жат әңгімелерді сізге тастап кетіп отыр­мын. Бас-аяғы жоқ бұл неғылған қағаз деп үркіп қалмаңыз. Мен үшін бұл қағаздағы әр сөз қымбат. Ішінде жарияланғаны бар, ­жа­рия­ланбағаны бар, кейінгі ұрпақ қадірлер деп көптеген құжаттарды жинап қойған едім.

Тайқазанға байланысты әңгімені мұқият оқып, Өзбекәлінің адал бейнетін жа­рыққа шығаратын ұрпақ, азамат деп тас­­тап кетіп отырмын. Мазаңды алдым деп кешірім сұрап жатпаймын.

Үйткені сіз жүрегі таза, қолы, ары таза халықтың азаматысыз».

 

Өзбекәлі Жәнібековтың отбасы.

2003.11.IX

Апай аманаттаған құжаттарды кезінде өңдеп, екшеп, мүмкіндігіне қарай «Жас Алашта» «Тұлға-тағдыр» айдары аясында «Жәнібековтер көп. Жәнібеков жалғыз» («Жас Алаш», 27 қыркүйек, 2003) ­деген тақырыппен алғысөз жазып, бір бет ­жарияланымдар топтамасын бердім. Газет қиындысы сақтаулы. Ішінде бірлі-жарым суреттер де ұшырасады. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі  мұражайдың ашылуынан түсірілген сурет (30 қыркүйек, 1978 ж). Мұнда Өзағаңның мұражай ашылмай жатып, тапсырма беріп тұрған сәтін бейнелейтін әсерлі түсірілім бар. Суретті кім түсіргені көрсетілмеген. Бірнеше кісілердің, атап айтқанда, Ботагөз Әділова (Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық мұражайының бас қор сақтаушысы), Рахия Жүзбаева, Серік Алпысұлы (Қарағанды), Фатима (Арқалық), Қыдырбай Арыстанбеков және басқалардың Өзағаң жөніндегі ықшамдалған мақалалары берілді. Соның бірі, Р.Жүзбаеваның мақаласындағы мына үзінді назар аударуға тұрады деп ойлаймын:

«...Тайқазанның қайтарылуы жөніндегі әңгімеге келетін болсақ, кейбір кісілердің оны өзі алып келгендей мақтануының өзі әдепсіздік, ешқандай этикаға жатпайды деп ойлаймын. Бұл идеяның 1977-78 жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мұражайға айналдыру жоспарының жобасын жасаған кезде туғанына, оның ұйытқысы болған бірден-бір адам Өзағаң екеніне ешкімнің шүбәсі болмаса керек. Мұражай ашылғаннан кейін де басшыларға «енді оның экспонаттарын (қазан, шырағдандар, есік калькалары, тағы басқа заттар) іздестіру, қайтаруға атсалысу тікелей міндеттерің» деп бірнеше рет тапсырма бергенін де өз құлағыммен естіген едім. Бір істі бастаса аяғына дейін жеткізбей қоймайтын мұндай табанды адамды мен әлі күнге кездестірген емеспін.

Өзағаң музейдің экспонатына зор мән беруші еді ғой. Бірде «Қауыснаманың» он алтыншы тарауындағы «Моншаға бару туралы» деген мәтінді қайта қарап, өңдеп, Түркістандағы «Шығыс моншасы» мұражайының экспозициясына қойғызды. Сол мәтінді өздеріңізге жолдап отырмын».

(Біз де бүгін сол мәтінді «Ана тілі» оқыр­ман­дарына ұсынып отырмыз.)

Қалихан апай әкелген бұл қазына-хаттар мені, сөз жоқ, қуантты. Кейбір өзін ­зиялы санайтындардың бәтуа жоқ ісін былай қойғанда, жасанды сөзінен шаршап жүргенде мына бір ел ішінен жазған қарапайым адамдардың жүректен шыққан сөзі  менің алдымнан бір ­керемет кеңістік ашты. ­Газет жұмысында ­талай сұмдықпен бетпе-бет келеміз ғой. ­Мерейтой тұсында кейбір тұлғалар туралы бір  адамға  жаздыра алмай, не мынадай бір хат таба алмай, ақыр соңы тапсырыс беріп, иә өзіміз сұхбат алып құтылатынбыз. Ал жарықтық, Өзағаң әлі күнге дейін Қазақстанның қай қиырына барсаң да алдыңнан шығады. Және-дағы кіл бір жүректен жылы лебізге оранып шыққан шырын сөздер ғой. Мұндайда халықтың осынша шексіз махаббатына бөленген тұлға туралы көңіл күйің де өз-өзінен бір шабандоз шабыт, арман-аңсар тілеп, қаламың да жүрдек келеді. Осы бір хаттарды оқыған сайын біздің халықты ұстап тұрған ұлы қасиет тұлғаға деген ұлы сағыныш екенін сол күндерде терең сезіндім және әлі күнге дейін сол әсердемін. Сөнген жұлдыздардың жарығының өзі миллиондаған жылдарға жетеді деген тәмсілге бас идім.

Халқы Өзағаңды неге сағынады? Неге әлі күнге дейін оның аты аталса елеңдесіп қалады? Шерхан Мұртазаның «Кейін ойлаймын ғой, туғаным емес, туысқаным емес, тіпті рулас та емес, нағашы-жиен де емеспіз. Бұл Жәнібеков неге мені қайта-қайта оқтан алып қалады?» деген сөзі бұл ойымызға нақты жауап болса керек.

Тұлғалар руыңа, жүзіңе қарамайды, сол үшін де тұлға. Тұлғалардан тек тектілік, тағылым қалады. Ол болмаса Мәдиналар «плановая певица» күйінде, елге елеусіз болып қалар еді. Ол бұлақ көзін ашқан таланттар қаншама? Ол болмаса Д.Шоқпарұлы, Т.Ізім, ұлттық этнодизаинның негізін салушы, Өзағаңның тікелей қамқор болуымен алпыстан астам мұражайды әрлеген А.Найманбаев болар ма еді. Бұл жанкештілік дегенді қойсайшы, өзі төсек тартып, қара терге түсіп жатса да қазақты түгендеп кетті. Бірде шұғыл шақырды. Өмірі тұтқында өткен кәсіби музыкант, кеңес тұсында көрден басқаның бәрін көрген Әйткеш Толғанбаев туралы жаздырды. «Егемен Қазақстанға» «Қазақтың Паганиниі» деген эссем шығып, хаттың астында қалдық.

Жәнібеков Т.Жүргенов,  І.Омаров­тардың ісін алға апарды. Халықтың дәстүрлі мәдениетін, қазынасын жиып-теріп, түгендеп өзіне қайтарды да, енді осыған ес бол деп кетті. Бір ғана «Алтынай» ансамблінің құрамына отызға жуық халық билерін өзі билеп жүріп енгізді. Тек қана ұлттық аспаптардан «Сазген» ансамблін құрып, қаншама жәдігерді жаңғыртты. Талай әншіге халық әндерін өз аузымен үйретіп кетті. Тіпті Қазақстанның мем­лекеттік зор капелласын басқа­ратын Анатолий Молодовқа уақыт ­тауып «Айнамкөзді» үйретіп, капелланың репертуарына қостырды. «Амангелді Сембинді кеш кезіктірдім» деп өкінгені де есімде. Бұл Өзағаң атқарған қыруар шаруаның мыңнан бірі ғана. Ол араласпаған сала жоқ. Ол жөнінде сан мәрте айтылып, жазылып та келеді. Біз енді оған күрт бетбұрыс жасауымыз керек. Бір ғана реставрация, шеберлер дайындау ісінің өзіне арнайы дәрістер өткізуге болады.

 

«МӘДЕНИЕТТІ ҚОРҒАУДЫ ҚАЗАҚТАРДАН ҮЙРЕНІҢДЕР» ДЕПТІ

Тұлғаның өзі болмаса да артында қалған көзі – қыруар рухани жәдігерлер, сөзі, ісі бізге әрдайым қорған. Біз оған қай кезде де арқа сүйеп, жүгініп отырамыз. Бір жағдай ойға түсіп отыр. Қайсыбір жылы қазақтың бар атақ марапатына мелдектеген биші: «Қане, шындықтың көзіне тура қарайықшы: шетелге шыққанда біз ұлттық ұсқынсыздықты, «Қамажай», домбыраны көрсетпейміз, мұның бәрі болған, ұлттық мәдениетті көрсетеміз. Халық биі балет тәрізді Қазақстанға сырттан енген. Қазақтарда би болмаған. Оны саусағын сорып отырып, әдет, дәстүрлер негізінде ойлап тапқан.

...Мені Ресейде ұлттық байлық ретінде бағалайды, өйткені мен орыс балет мектебінің дәстүрін жалғастырушымын. Осы ойымды әдейі түсінгісі келмейтіндерге айтудан жалықтым.

...Жалпы «патриот» деген сөзді ұнатпаймын. Мен осы мемлекеттің бір бөлшегімін. Мен үшін боз, ­селеу, ­Алатау, қой – Отан емес. Мен қай жерде қажетпін. Отаным сол...» деп («Время», 9.07.2011) тұла бойымызды мұздатып жіберіп еді. Міне, осы орысқұлдың аузын Өзағаңа жүгініп, жапқан едік. Ал бүгінде қазақ ішінде әбден құтырған көзқаман – орысқұлдарға тойтарыс беретін тұлға қалды ма өзі? Қалса неге бірен-саран, қауқарсыз?

Бүгінде білмеймін, кезінде ТМД, тіпті әлем бойынша аналогы жоқ деп саналған ұлттық саз аспаптары мұражайын көрген Ельцин «мәдениетті қорғауды қазақтардан үйреніңдер» деп министрлерін мүйіздепті дегенді естігенбіз. Мұны неге айтып отырмыз? Таяуда «Ана тілінде» мемлекетшіл, ұлтжанды тұлға, Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай осы мұражай алдына Өзағаңа ескерткіш қою керек деген парасатты ұсыныс айтты. Әлбетте. Айтайын деп айтпайсың-ау, кезінде бір белгілілеу жоғары лауазымды партократ «әйтеуір күн-түн қатып жүріп аштық қой» деп бар абырой, атақты өз атына иеленіп кете жаздағанда бір атойлап шыққан едік. Сондықтан күндердің бір күнінде мұражайдың алдында әлгі партократтың ескерткіші тұрса таңғалмаңыз. Қазір ештеңеге таңырқауға болмайды.

Кішкентай ғана Мажарстанның бір өзінде 600 мұражай бар екен деп еді бірде. Сол ойын да жүзеге асырып, қазақ даласын мұражайға айналдырды ғой. Ескерткіштердің еңсесін түзеп, тізімін жасатып, түгендетті. Егер бұл кісі болмаса қазақтың қаншама інжу-маржаны далада ­шашылып қалған болар еді. Ойлаудың өзі қорқынышты.

Өзағаң бақиға өткенімен, оның артында өшпейтін өнегелі ісі, жарқырап жатқан ізі қалды. Әрине, өкініші де аз болмады. Ол жөнінде бұдан бұрынырақта «Өзағаңның өнегесі мен өкініші» деп те жазғанбыз. Әрине, ол жеке бастың өкініші емес, ел мұраты жолындағы ерен істерге уақыт шіркіннің мұрша бермеуінен туған өкініш. Дей тұрғанмен де, тиісінше мемлекет қамқорлығында болуға тиісті халқына айрықша еңбегі сіңген тұлғаның өмір жолына үңілген ­сайын күрсініс күйін кештіретін жайлар да назар аудартпай қоймайды. 1997 жылдың 1 сәуірінен бастап 1-топтағы мүгедек Өзағаңның (бұл пәлекетті бұл кісіге қимайсың, әрине, айтуға ауыз бармайды) өз қолымен жазған мына бір хатын оқып көріңізші. Қандай сезімді бастан кешкен болар едіңіз.

 

«УВАЖАЕМАЯ, УВАЖАЕМЫЙ» КІМ БОЛУЫ КЕРЕК?

Қазақстан Республикасы

Еңбек және халықты әлеуметтік

қорғау министрі

Н.А.Коржова ханымға

 

Құрметті Наталья Артемовна!

Өзіңізге белгілі, республикамыздың Министрлер кабинеті жанындағы Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңіргені үшін зейнетақы тағайындау жөніндегі Комиссияның 1991 жылғы 10 шілдедегі №18 шешіміне сәйкес маған 1995 жылдың 1-ші қазанынан бастап айрықша еңбегім үшін 3882 теңге мөлшерінде зейнетақы тағайындалған болатын. Белгіленген ережеге сәйкес, индекстеуді, тағы басқа да жалпы жағдайларды есепке алғанда, жекелеген айларда оның көлемі 5-6 мыңға, одан көп сомаға өсіп отырды.

Сізге, үкіметке және мемлекет басшысына өтінішіме сәйкес, 1997 жылдың сәуірінде мен алатын зейнетақының көлемі, жағдайдың ерекшелігі ескеріліп, айына 12 мың теңгеге дейін (жалпы негізде, белгіленген тәртіпте тағы да өсіру мүмкіндігімен) көбейтілді.

Алайда, міне, тамыз айы да аяқталып қалды, зейнетақы мөлшері әлі көтерілген жоқ.

Өзім туралы дәйектеме: Пульмо­нологтардың нұсқамасына орай тәулігіне 15 сағат бойы кислород ­қа­былдау үшін төсекке таңулымын (бұл аппарат Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей ықпал етуімен, үкіметтің қолдауымен шет елден әкелінді). Өкінішке қарай, мұның өзі де, сырқатыма байланысты бұрынғыдай үй жағдайында, кезінде өзім құрылуына қоғамдық негізде ­бастамашы болған, сол арқылы еңбегіме қарай отбасылық бюджетке қажетті қаламақы алып келген, «Арқас» тарихи-танымдық басылым сериясымен ­«Рауан» баспасы шығаратын жекелеген ­сирек кітаптарға алғысөз жазу, оларды құрастырушы болу, аудару, рецензиялау, оқу сияқты қарапайым қоғамдық-тиімді қызмет түрімен айналысуға мұрша бермейді. Бұған дейін осы мәселеге қатысты мөрмен бекітілген анықтаманы мен Сізге жіберген болатынмын.

Сонымен бірге 1997 жылдың 7-ші сәуірінен бастап мен бірінші топ­тағы мүгедекпін (МСЭ №0285548 анық­таманың көшірмесін қоса тіркеп отырмын), алайда қалаішілік телефонды пайдаланғаным үшін төленетін төлемнен басқа, мүгедектерге арналған ешқандай жеңілдіктерді пайдаланған емеспін. Осыған байланысты ешкім де нақтылы жауап беріп, түсіндіре алмады.

Ойымды қорытындылай келе, ­Наталья Артемовна, осы мәселелерге орай зор сеніммен Сізден нақтылы қолдау болады деп үміттенемін.

Алдын-ала ризашылығымды қабыл алыңыз.

 

Ө.ЖӘНІБЕКОВ,

25 тамыз, 1997 жыл.  

Бұл хат министрдің қолына тиді ме, тимеді ме, білмеймін. Бірақ Өзағаңның жазғаны анық. Оны жолдады ма, жоқ па, оның нәтижесі қандай болды, ол жағы да беймәлім. Анығы, Өзағаң ешкімді мүсіркемеген, өзі де мүсіркеуді қажет етпеген маңғаз, тәкаппар тұлға еді. Әйтсе де, халқына өлшеусіз еңбек сіңірген адам неге ұлттың исі мұрнына бармайтын қайдағы біреуге жалынып, жалбарынып арыз жазуға тиіс деген ой ішіңді удай ашытады.

Н.Назарбаев пен Үкіметтің арнайы тапсыруымен шетелден әкелінген жасанды демалдыратын аппаратты тәуліктің 15 сағатында пайдаланып, тынысы тарылып отырса да, қағаз-қаламын қолынан тастамай, өзі құрған «Арыс» қорының жұмысымен жанкешті түрде айналысқан Өзағаң Коржова секілділерден «уважаемая Наталья Артемовна!» деп көмек сұраған. «Уважаемая, Уважаемый» кім болуы керек?

 

ӨЗАҒАҢНЫҢ ӨНЕГЕСІН ҰСТАНАТЫНДАР

НЕГЕ ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ?

Бекзаттарымызды бәзбір бикеге жәудіретіп қоятын біздің бейша­ралығымызға бұдан артық дәлел болар ма? Бар саналы ғұмырында ұлтқа ғана қызмет етуді ойлаған адам­дарды әлдебіреуге арыз жаздырып, тел­міртпейтін тегеурінді орын ашуға құдіретіміз жетпей ме?

Әлде, несі бар, Ахмет Байтұрсынұлы да құзырлы мекемелерді жағалап жүріп, қарыз сұраған дегіңіз келе ме?

Қазақ кімге қарыз? Жәнібековке ме, Коржоваға ма? 

Шетжұрттарда, әлгі біз жиі айтатын өсіп-өнген өркениетті елдерде аса дарынды, елге айрықша еңбегі сіңген адамдарды қорғайтын арнайы агенттік бар.

Өзгенің мысалына жүгініп, ­Пага­нини де аштан өлген, Моцартқа у берген, Бетховенді шараппен улаған деп жүре береміз бе? Керек болса бар марапатын Арысқа ағызып жіберген Қажымұқан да аштан өлген жоқ па? Басқасын былай қойғанда, кешегі сұрапыл суретшілер С.Айтбаев, М.Аман­жолов тағдыры соншалықты қиын болғанын білмейміз бе? Неге ойланбаймыз? Әлде бізде аса дарынды адамдар көп пе?

Қазіргі ортамызда жүрген аса дарынды адамдарды тек тәуелсіздік тұсында ғана еске алып, марапаттап, әрі кетсе бір кәрзіңке сыйлық беріп балаша алдай береміз бе? Олардың әр күні, басқан қадамы неге тиісті орындар­дың ұдайы назарында болмайды. Олардың ойы, пікірі неге ескерілмейді? Осы салаға тікелей қатысы бар адамдар неге жиі сынға ұшырайды? Өза­ғаңның өнегесін ұстанатындар неге жоқтың қасы? Тым болмаса неге минижәнібековтерге зәруміз? Бұлар –  қазына, мемлекеттің баға жетпес байлығы емес пе? Олардың қолындағы архив, тірі тарихты ойлаған жан бар ма? Ертең айтылмайтын әңгімені неге бүгін жазып алмаймыз. Әлгінде айтқан өсіп-өнген елдерде олардың әр күнін, сағатын, минөтін хаттап отыратын бір-бір хатшы барын біз неге білмейміз? Өзағаңды еске алғанда өзекті өртейтін бірқыдыру ой осы. 

ҚАЗАҚҚА ҚЫРЫН  ҚАРАҒАНДАРДЫ ҚАҒЫП

ТАСТАП ОТЫРДЫ

Ол тамыр-таныстыққа жол беріп, төңірегіне туған-туысқанын жиған жоқ. Көкірегінде сәулесі бар қазаққа қол ұшын берді. Қазаққа қырын қарағандарды қағып тастап отырды.

Ол ешкіммен жең ұшынан жалға­сып, жемқор болған жоқ. Алаяқ­тардан алыс жүрді.

Ол дүние жимады, соншалықты абырой биігінде бола тұра бай, бағлан болмады. Ғұмырының соңына дейін үкіметтің берген құжырасында тынысы тарылып өмірден өтті.

Ол бар ғұмырын ұлтының барын бағалауға, жоғын түгендеуге арнады.Ол Ешқашан өзін бастық сезінбеді. ешқашан шенеунік болған емес.

Біреулер күн-түн болашақта бас айналатын мансапты армандап, ­сонымен ауырып, арпалысып жүргенде ол ұлт мәдениетінде уақыттың, иә болмаса партияның пәрменін күтпей-ақ ­реформа жасап кеткен адам.

Жанкешті Жәнібеков жетпіске де жетпей кетті. Айтқандай жетпіс жылдығы Торғайдан басқа өңірдің есінен шығып кеткен деседі. Әлде бізде Жәнібековтер көп пе? Ел барда ер тумай тұрмас. Бірақ біз білгенде Жәнібеков біреу, жалғыз еді!? ­Ендеше, оның 90 жылдығын елімізде аса жоғары деңгейде өткізу өзінен-өзі сұранып тұр. Тіпті алдағы уақытта ЮНЕСКО деңгейінде өткізсе де артық емес. Егер көзі тірі болса ол бұл тойдың өтуіне еш пейілді болмас еді. Дей тұрғанмен де, бұл ұлттық рухтың қайнар көзі – мәдениеттің, өнердің, дәстүрдің тойы. Демек, бұл шара халыққа керек. Дәл қазір керек. Бұл ұлттың рухын көтеріп, ұятын оятып кететін той болуы керек. Ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға туралы толғаныстан туған ойдың бірсыпырасы осы.

Оны қатал болды дейді. Рас. Олай болмаса жұмыс біте ме, ұлт жұмысы біте ме? «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» (Ә.Бөкейхан). Оның тұла бойы күрделі мінездер жиынтығынан, қарама-қайшылықтардан тұратын. Аса талапшыл, талғампаз болды. Оған талай мәрте сұхбат алу, материалдар дайындау, тікелей тапсырмаларын орындау барысында көзім жетті. Қайсыбір жолы «Abai.kz»-да жарияланған «Министрдің тапсырмасы» атты мақаламда оған дейінгі талайғы жазбаларда Өзағаңның өзіне ғана тән қасиеттері мейлінше айтылды, жазылды. Егер демеушісі табылып жатса, «Тұлғатану» сериясымен бір кітап дайын тұр.  

Оның өмірі күрсіну мен кейде, ілуде бір күлімсіреудің арасында өтті. Бірақ сол анда-санда күлімсіреуінің өзі көркемдіктің бір кемел нұсқасындай көрінер еді. Бұның бәрінен де «Қазақ даласының оның қолы тимеген киелі тасы жоқ. Талайлардың маңдайында оның аялы алақанының табы ­жатыр» деген Әбіштің аяулы сөзі ден қойғызады.

Шынында, сол алақан болмаса қайтер едік. Ойлаудың өзі оңай емес.

«МОНШАҒА БАРУ ТУРАЛЫ» 

Ей, перзентім, біліп алғаның жақсы, моншаға барғың келсе, қарның тоқ кезде бармағын. Тамаққа тойып моншаға бару зиянды. Шын мәнінде, монша жанның рахатындай жақсы нәрсе, хакімдер «моншаны ең бір жақсы нәрсе» деп есептейді. Бірақ, солай болса да, моншаға күнде барудың пайдасы жоқ, бәлки, оның зияны болуы да ықтимал. Монша адамның буынын, денесін, сүйектерін осалдатып, әлсіретеді. Оның үстіне, күн сайын моншаға түсуді денең әдетке айналдырып, бір күн бармай қалса, кісі өзін кеселденгендей сезінеді. Барлық денелері қатып қалған сияқтанады. Сондықтан да моншаға күн аралатып барып тұрғаның жақсы. Моншадан денең тыныстанып, тынышталады. Жазда немесе қыста моншаға барсаң, әуелі суық бөлмеде отырып, денең рахаттансын, одан соң ортаңғы бөлмеде жуынып, онда бір сағаттай отыр, ыстық бөлмені де пайдаланып, жақсы терлеген соң жуынатын жерге барып жуынғын. Моншада көп отырып қалма, ыстық суға түсіп көп отырма. Сол сияқты ыстық, суық суды басыңа қайта-қайта құя бермей, жылы суды пайдалан. Егер монша бос болса, оны үлкен бақыт деп сана. Даналар бос моншаны істің оңынан келгені деп есептеген. Моншаға қалай кірсең, ­солай шығып кеткін де, шаштарыңды алғыз. Өйткені шаш, сақал, басқа да денеге қажетсіз заттардан тазаланбай, жолға шығу ұлық дәрежелілердің ісі емес, сол сияқты ұлықтардың алдына да баруға болмайды.
Демек, сен моншаның пайдасы мен зиянын білдің, енді моншада су, шербет ішуден сақтан. Олардың зияны көп. Денеге сары су үймелейтін шемен кеселі осындайдан пайда болады. Егер өте шөлдеп, шөл басқың келсе, ептеп ішумен шектелу қажет.
Даналар моншадан соң оның көпшілік демалатын жерінде біраз ұйықтап демін алмай, далаға шықпайды.

Қали Сəрсенбай

"Ana tili" газеті

1023 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз