Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 06 Қыркүйек, 2021

Адам дағдарысы: Ақыл. Сезім. Сенім

Шәкәрім шыннан басқа құдай жоқ деген. Келісемін. Бірақ, шынның үш қабаты бар. Алғашқы қабат өмір, дұрысы, тұрмыс шындығы. Күн көріс, тәуір тұрмыс, одан да келісті – тұрмыс. Ішіп-жем мәселе емес, билік те, байлық та мәселе емес – шындық. Бұл қабатта адамдар өздерін бақытты, өте бақытты сезінулері әбден мүмкін. Адам өзін мүлдем еркін сезіне алуы ықтимал. Дүниенің бар керегі қолында, бұл – шындық.

***

Шындықтың екінші қабаты өнер мен әдебиетке қатысты. Бұл көркем әлем шындығы. Адам қолданатын әсем бұйым, архитектурасы ерекше тұрғын жай, безендірілген өмір сүру және қызмет ету ортасынан бастап, күнде көретін көркем фильмдер, көркем шығармалар одан да өзге көркем бұйымдар, әнші, композитор шығармашылығы бәрі-бәрі көркем әлем шындығына жатады. Бұл қысқаша метафоралық көркемдік десек, ол адамды тұрмыс шындығынан өнер шындығына шығарады.

Көркемдік шындық адамның рухани азығына айналып, үнемі тың сұраныстар талап етумен болады. Көркемдік әлемі ғажап, оның адам табиғатына әсері ғажап. Әсемділік адамды тұрмыстан өнер биігіне көтереді де, жаңаша талғам, түсініктерге сұранысы күшейе бермек. Айталық, ауқатты адамдардың өнер туындыларын жинап, коллекционер немесе өнер меценаттары атанулары мүмкін. Олар өмір мәнін түсінуде осы екі шындық қабаттарында ғұмыр кешеді, бірақ бәрібір адам дағдарысы деген мәселеден ешкімде құтыла алмақ емес.

Адам дағдарысы кімді болсын қолына түсіріп ала алатын қамау. Адам еркінен тыс қамауға түседі, оны адам дағдарысы дейміз.

Адам дағдарысынан тыс тұрған жан болар ма екен? Адамның тұрмысқа аса ынтыға қызығуы және оның тұрмыстан биіктен өнерге, әдебиетке, әсемдікке ынтық болуы, оның дағдарысы емес пе? Ол еркіне ие болмағанда, оның дағдарысы басталмақ.

Осы екі шындық қабатында адам еркіне ие ме, жоқ па? Кім осы сауалға нақтылы жауап бермек. Көптеген фильмдер, роман, новеллалар, т.б. өнер туындылары осы мәселеге, яғни адам дағдарысына арналған емес пе?

Адам дағдарысы аз болмаған туын-дының не қауқары бар? Қауқары – адам дағдарысы емес пе? Ойланайық, адам дағдарысын жырламаған жырдың не құны бар?

Операларды тыңдасаң, бәрі адам дағдарысына құрылған. Адам дағдарысы – опера өзегі, арқауы. Адам дағдарысқа түспесе, қайдағы ария. Операдағы ариялар адам дағдарысына арналған арнайы – шығарма.

Адам дағдарысы болмаса өнер жоқ. Тарихи мысал Қорқыт ата туралы хикая. Ер Қорқыт өлім мен өмір мәнін аша алмай дағдарысқа түсті. Дүниенің төрт жағына барса да, оны қарсы алғандар оған:

 –Ер Қорқыттың ажалы жетті, біз оған көр қазып жатырмыз – дейді. Ер Қорқыт Батысқа барса, естігені осы, Шығысқа барса, естігені осы, Оңтүстік пен Солтүстікке барса да естігені осы. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген сөз содан қалған. Міне, бұл адам дағдарысы...Ақырында өз дағдарысын Қорқыт шешеді, ол қарағайдан шауып, оған жылқының қылын тағып, ерекше үн шығарып аспап жасайды, оны «қобыз» - деп атайды. Сөйтіп, ол өмірді өнерге айналдырады, қобызда ойнап, жаны жәй табады. Ол өмір мәні өнерде деген ұстанымды ұрпақтарға мирас еткен. Қазақта мықты қобызшылар болған, қазір де бар.

***

Шындықтың тағы бір қабаты бар, ол дінге қатысты. Діни шындықта ғұмыр кешу әркімнің қолынан келмейді. Діни шындық – сенімге негізделген. Діни сенімді шындық деп қабылдаушылар, ең алдымен әулиелер, сопылар, дәруіштер, пайғамбарлар және кәміл мұсылмандар. Олардың қағидасы, нағыз дос – Алла тағала. Осы түсінік сенімге айналған. Бұл сенімнің жұртшылыққа белгілі ұғымдары бар: шүкіршілік, тәуба, қанағат. Діни сенімдегі асыл жандарды тақуалар дейді. Тақуалар, сірә, бірнешеге бөлінсе керек: ой тақуалары, іс-қарекет тақуалары немесе екеуін бірдей ұстағандар, мысалы Құл Қожа Ахмет Ясауи сондай – тақуа. Ой тақуасына Әбу Насыр әл-Фараби, хакім Абай, т.б. жатқызуға болар, ол халқымыздың тарихында жеткілікті.

***

Ойымызды жинақтасақ, айтарым, шындықтың тұрмыстық қабатын, ақыл кеңістігі десек, шындықтың өнер мен әдебиетке (әсемдікке қатысты жағын) қатысты қабатты сезім өрісі десек, шындықтың діни қабатын сенім мекені десек және де рухтың сенімге қатыстылығын мойындасақ құба-құп.

Не айтсақ та адамның санасына қатысты, олай болса, ақыл санасы, сезім санасы, сенім санасы десек қалай болар екен.

Өткен кеңестік ғұмырымызда біз идеялық (ілімдік) сана кеңістігінде болдық. Ол заманда сенім орнына фанатизм жүрді.

Идеялық сана табиғаты жағынан дінсіз болды, ол авторитарлық, тоталитарлық, фашистік, большевиктік (коммунистік) қоғамдарға қызмет етті: хакім Абайдың «Қайғы шығар ілімнен» дегені осы мағынада.

Фанатизмнің атеистік және діни бағыттары болды. Фанатизм сенім емес, уланған сана. Улайтын жалған ілімдер, айталық коммунистік ілім, коммунизм идеясы.

Осындай жағдайда адам дағдарыстан шыға алмай адасушылықтамыз. Үмітіміз сол, адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ деп  өзімізді жұбатудамыз.

Ғарифолла ЕСІМ,

академик

"Aqiqat" журналы

1313 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз