Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 09 Қыркүйек, 2021

Біреуге қуаныш сыйлаудың бақыт екенін білесіз бе?

Баяғыда, жасөспірім кезімде әкеме ілесіп циркке бардым. Екеуміз билет алу үшін кезекте тұрған едік. Алдымызда үлкен отбасы тұрды. Бұл отбасы маған керемет әсер етті. 

Сегіз бала тұр. Үлкені 12-де, соның соңын ала қаз-қатар қол ұстасып, екі-екіден әке-шешелерінің соңынан тізіле қалыпты. Жұпыны киімдеріне қарап, бай еместіктері байқалды. Бірақ шетінен мұнтаздай, тап-таза киініп алған. 

Балалар өте тәртіпті. Қазір көретін клоундар, хайуандар туралы жарыса сөйлесіп, қуаныштары қойындарына сыймай тұр. Олардың әңгімесін тыңдаған адам бірінші рет циркке келгендерін бірден түсінер еді. Бәлкім, сол түнгі цирктегі қойылым олардың өміріндегі ең ғажап қойылым болып қалған да шығар?!

Әке-шешелері үйірдің басында маңғаз түр жасап тұр. Аналары әкелерін қолынан ұстап алған. Еріне қараған көзқарасынан «Ақ сауытты батырым!» деген ерекше сүйіспеншілік сезіледі. Ері күлімсіреп, отбасылық бақытына риза екені көрініп тұрды. Билет сатушы ерінен қанша билет қажетін сұрады. Ол маңғаздана: «Маған сегіз балалар билетін және екі ересек билет беріңіз» деді. Билет сатушы билеттің сомасын атады. 

Әйелі ерінің қолын жібере салды. Әйелдің басы салбырап кетті. Күйеуі ернін жымқырып алды. Сосын еңкейіп, билет сатушыдан бәсең дауыспен қайта сұрады: «Қанша дедіңіз?» деді. Билет сатушы қайтадан бағанағы бағаны атады. Әкелерінің ақшасы жетпей тұрғаны түсінікті болды. Артында шүпірлеп тұрған балаларына бұрылып, цирктің билетіне ақшам жетпейді дегенді қалай айтпақ? 

Осыны бастан-аяқ қалт жібермей бағып тұрған әкем қолын қалтасына салды. Қалтасынан 20 доллар суырып алды да жерге тастай салды. (Әрине, біз мүлде бай адамдар емес ек!) Әкем еңкейіп жерден ақшаны алып, әлгі кісінің иығынан түртті де: «Кешіріңіз, сэр, мынау сіздің қалтаңыздан түсіп қалды-ау деймін» деді.

Ол кісі не болып жатқанын түсіне қойды. Ол қайыр сұрамады. Бірақ дәл сол сәттегі жанын жегідей жеген қыжалаттан құтқару үшін ұсынылған көмекке дән риза еді. 

Ол әкемнің көзіне тура қарады да, қос қолымен әкемнің қолын қысып, ұсынған ақшаны алды. Еріні дірілдеп, көзінен аққан жасына ие бола алмай: «Рақмет сізге, сэр! Мен үшін, балаларым үшін істеген осы жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаспын» деді. 

Әкем екеуміз көлікке отырдық та, үйге қайттық. Әкем ол отбасына қиған 20 долларға екеуміз циркке кірмекші едік. Ол түні цирктің кереметін тамашаламасам да, мен цирк сыйлар кереметтен де артық ғажапқа куә болып қайттым. Сол күні мен “Қолдағы барды берудің” маңызын сезіндім. Беруші алушыдан артық жауапкершілік сезінеді. Егер өмірде де артық болғыңыз келсе, шынымен рухани өскіңіз келсе, қолдағы барды бөліп беруді үйреніңіз. Махаббат сіздің не алатыныңызбен өлшенбейді. Махаббат сіздің не бере алатыныңызбен өлшенеді. Адам қолда барын ғана бере алады. Қолдағыны беріп, өзгеге қуаныш сыйлап үйрен.

 

Одри Хепберн

Аударған Ш. Әбілда

 

 

1299 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз