Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 09 Қыркүйек, 2021

Ата-ана - баланың айнасы

Бізде көп адам психологқа ақыл-есінде ауытқуы бар адам барады деп түсінеді. Осындай түсініктің кесірінен кей адам психологқа бару керегін біліп тұрса да, баруға жүрексінеді. Ал кейін осы қателігінің зардабын тартуы мүмкін. Осы тақырыпта психолог Айгүл Мұқатаевамен əңгіме өрбіткен едік.

Айгүл Мұқатаева – 18 жылдық тəжірибесі бар білікті маман, психолог, психотерапевт. Көбіне балалармен жұмыс істегенді ұнатады. Сол себепті балабақшада, ерекше балаларға арналған мекемелерде жұмыс атқарған. Сонымен қатар, жас отбасылар мен бала тəрбиесінде проблемасы бар ата-аналармен де жұмыс істейді.

– Психологқа кімдер баруы керек?

– Кей адамдар біреу психологқа бардым десе, шошып жатады. Бұл дұрыс емес. Психологқа өз өмірінің сапасын ойлайтын, бір-ақ рет берілетін өміріне бей-жай қарамайтын адамдар барады. Өмірінің тыныш əрі баянды болғанын қалап, сол үшін өзін қоршаған ортамен қандай қарым-қатынаста болу керек екенін сұрап, психологқа жүгіну – өте дұрыс іс. Ондай жандар тек өзіне ғана емес, айналасындағыларға да жағымды əсер етеді, жылу сыйлайды. Мысалы, отбасын құрғалы отырған қыз тұрмыс құруға психологиялық түрде дайын болмауы мүмкін. Ал психолог оны жаңа өмірге дайындайды.

– Психологтар адам жанын түсінуде қандай тəсілдер қолданады?

– Ең бірінші психологтар алдына келген клиентінің сөйлеген сөзіне баса назар аударады. Əр сөздің астарында міндетті түрде бір ой жатады. Психолог сол ойды білу арқылы клиентін танып-біледі жəне қалай жұмыс істеу керек екенін түсініп алады. Екінші тəсіл – сурет салғызу. Психологқа ашыла алмайтын клиенттер де болады. Сондай клиенттермен жұмыс істеу үшін осы тəсілді қолданамыз. Адамның əрбір салған суреті оның ойынан хабар береді. Солай біз суреттен көргенімізді клиентке айтып, онымен жұмыс істеуді бастаймыз. Тіпті 2-5 жасар баланың жəй ғана қолымен қимыл жасауының өзінде үлкен мағына жатады. Оны бейсаналық дейді, яғни бала өзінің не істегісі келетінін қолымен көрсетеді.

– Бала тəрбиесінде көп проблема туындап жатады. Соның ішінде баланың ойын ашық жеткізе алмауы неге байланысты?

– Баланың ашылуына да, жабық болуына да ата-ана тікелей əсер етеді. Себебі, бала ес білгелі ең бірінші көріп-білетін адамы – ата-ана. Ата-ана – баланың айнасы. Ата-ана не істейді, бала да соны жасайды. Егер ата-ана баланың бір жасаған қателігіне бола қатты зекіп тастаса, кейін бала ұрыс естімес үшін ойын бүгіп қалуы мүмкін, яғни жасқаншақтық пайда болады. Ал бұндай проблеманың алдын алу үшін ата-ана үнемі баласына мəн-жайды жаймен түсіндіріп отыруы керек. Мысалы, «Қызым, мен сені қатты жақсы көріп, қауіпсіздігіңе алаңдағандықтан осылай ұрыстым. Кейін бұлай жасама, жарай ма?» – деп балаға жылы қабақ таныта отырып ашылып сөйлессе, бала да бəрін түсініп, ата-анасымен ашылып сөйлесе бастайды. Қысқасы, бəрі ата-ана тəрбиесінен басталады.

– Баланың ең қиын кезеңі қандай?

– Үш жаста баланың «мені» пайда болады. Бəрін мен жасаймын, мен байқап көремін деген қызығушылығы пайда болады жəне сондай кезде балаға барынша еркіндік беру керек. Ал 11-13 жасында отбасынан жылу іздей бастайды. Егер отбасынан ондай жылуды сезбесе, оны бөтен жандардан іздейді. Мысалы, бөтен біреу баланың бетіне мейірімді жүзбен қарап тұрып: «Мен сенің досыңмын ғой, маған сен», – деп ішімдік ұсынса, күлімсіреген жүзді көрген бала оған алданып, бұрыс жолға түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан осы 11-13 жастағы балаларға барынша дұрыс көңіл бөлу керек.

– Баланың дамуында мектептің рөлі қандай?

– Мектеп – баланы дамытатын алғашқы қоғамның бірі, ең алдымен балабақша, кейін мектеп, одан соң университет. Бала мектептен тəртіпке бағынудың не екенін, құрдастарымен қандай қарым-қатынаста болуы керек екенін, өзінен үлкендермен қалай сөйлесу керек екенін, көптің ішінде өзін қалай ұстау керек екенін үйренеді. Жалпы, қоғам – бала үшін үлкен мектеп. Ал ата-ана балаға тек өзі істей алатын, өзінің бойында бар қасиеттерді талап етуі тиіс. Бала сонда ғана ата-анамен бір толқында болып дами бастайды. Мысалы, əкесі шылым шегіп тұрып, баласына шылым шегуге шектеу қойса, баланың əкесіне деген көзқарасы мүлдем өзгеріп кетуі мүмкін жəне бұл баланың психологиясына да əсер етпей қоймайды. Сонымен қатар, баланың дамуы үшін ата-ана оған барынша сенім артып, еркіндік беруге тиіс. Баласының жауапкершілігін өзінің мойнына алатын атааналар болады. Ондай кезде баланың өзінде сенімсіздік туындайды. «Мен бұны істей алмаймын, оданда мамам істей салсын» деп жауапкершіліктен қаша бастайды. Ал анасы баласы жасауы керек істің бəрін өзі істеп жүре береді. Баланың барлық мəселесін ата-ана шешіп беретін болса, ол жауапсыз болып өседі. Тіпті жасы біразға таяса да, өз проблемасын өзі шеше алмайтын жағдайға жетеді. Сондықтан бала дамуы үшін ата-ананың балаға беретін еркіндігі мен сенімі өте маңызды.

– Психолог үшін кімдермен жұмыс істеу қиынға соғады?

– Жасөспірімдермен жұмыс істеу қиын. Себебі, оларды психологқа ата-анасы алып келеді, яғни өз еркінен тыс əкеледі. Сондықтан олар психологқа ашыла қоймайды. Ал ересектер өздерінің жағдайын түсініп, өзіне алаңдағандықтан келеді. Өз еркімен келген клиенттермен жұмыс жасау əлдеқайда оңай.

– Сонда жасөспірімдермен қалай жұмыс істейсіз?

– Əр күн сайын əртүрлі тренинг өткіземін, қызықты ойындар ойнатамын, сурет салғызамын. Солай оның ішкі ойымен тілдесіп, барынша мəселенің басын ашып аламын. Кейін ол маған үйренгеннен соң ашық əңгімеге тартып, тұрақты түрде жұмыс жасауға кірісемін. Психолог бір адамға берген кеңесті өзге біреуге бере алмайды. Себебі, психологтың алдына əртүрлі адам келеді жəне біреуіне бұл сөз ұнаса, екіншісіне ұнамауы мүмкін. Сондықтан психолог та клиентпен жұмыс жасағанда өте сақ болуы керек.

– Сіз ерекше балаларға арналған мекемелерде де жұмыс істегенсіз. Ондай балалармен қалай жұмыс істеген дұрыс?

– Ерекше балаларға тек психологтың жұмысы жеткіліксіз. Онымен кешенді түрде жұмыс жасау керек. Мысалы, психологпен де, невропатологпен де, логопедпен де жұмыс жасаған дұрыс. Сонда жақсы нəтиже байқалады. Сонымен қатар, ерекше балалармен жұмыс барысында оның анасына да жақсы көңіл бөлген жөн. Себебі, баламен қоса, ол баланы бағып-қағатын анаға да өте қиынға соғады.

– Əңгімеңізге рақмет!

Психологқа жүгіну – ұят іс емес, керісінше, сапалы өмірге ұмтылыс. Егер ішіңізде ешкімге айта алмай жүрген сырыңыз болса, мойныңызда үлкен жүк тұрса, психолог бұл мəселелерді шешіп беруге тырысады. Егер бұл сыр ішіңізде қала берсе, сізде күйзеліс, депрессия пайда болуы мүмкін. Сондықтан дұрысы – психологқа бару. Бастысы, сізде бұл мəселені шешемін деген дұрыс ниет болуы керек. Сəттілік!

Аяулым АБАЕВА

"Ұлан" газеті

2171 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз