Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 10 Қыркүйек, 2021

Ғарифолла Әнес: Ахаңның мерейтойы мемлекеттік тілдің тойына айналуы керек

5 қыркүйек – Ұлт ұстазы атанған Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні әрі Тілдер мерекесі. Осыған орай Facebook әлеуметтік желісінде тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, «Арыс» қорының (баспасының) директоры, белгілі алаштанушы Ғарифолла ӘНЕС тікелей хабар жүргізіп, мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің қазіргі жағдайы, алдағы жылы ЮНЕСКО аясында тойланатын арысымыздың 150 жылдық мерейтойына қандай дайындықтармен келуіміз керектігі жөнінде әңгіме өрбітті. «Оның ең үлкен еңбегі – ағартушылығы! 1913 жылы ақпан айынан ­бастап ол «Қазақ» газетін шығару арқылы сол кездегі қазақ қоғамының деңгейін жаңа бір дәрежеге, жоғары сатыға көтерді. «Алаш» партиясы құрылды. Қазақ зиялыларының ояну, бас біріктіру кезеңі сонау 1905 жылғы «Қарқаралы петициясынан» бас­тау алады. Тарихтан белгілі, сол жылы Ресей қоғамында бірінші орыс революциясы болды, соның нәтижесінде халыққа кеңшілік жасалып, сөз бостандығы, рақымшылық жариялау сияқты бұрын-соңды болмаған  үлкен саяси оқиғалар орын алды. Қашанда жоғары биліктегі «жылымық» қоғамды күрт есейтіп, қозғалыстар туғызатыны белгілі. Қазақ оқығандары да бас қосып, ақ патшаға арыз-шағымдарын жеткізді, аталмыш петицияда қазақ балалары үшін мектеп ашу, газет шығару, өзін-өзі билеу, заңды сайлау өткізу сияқты көптеген саяси талаптар қойылды. Заңғар жазушымыз Әуезов айтқандай, «Қазақ» газетінің дүниеге келуі «шырт ұйқыда жатқан қалың қазақты дүр сілкіндіріп оятты». Қазақтың басындағы барша жағдай, өзекті мәселелер сол газет бетінде талқыланды» дейді Ғарифолла Қабдолқайырұлы өз сөзінде... 

– Ғарифолла Қабдолқайырұлы, қазақтың тарихында халқымызға адал қызмет еткен айтулы тұлғалар аз емес, солардың арасында Ахмет Байтұрсынұлының есімі ерекше аталады. Мұның сыры неде?

– Өйткені қазақтың ХХ ғасыр­дың басындағы тарихында ол араласпаған сала жоқтың қасы. Оның ең үлкен еңбегі – ағартушылығы!

Ғасыр басында қазағын «Маса» боп шағып, «Қырық мысалдап» үлгі-өнеге көрсеткен ақын Ахмет, ондаған жылын оқу-ағарту саласына арнаған ұлы педагог, енді ғалымдық арнаға ауысуға мәжбүр болды. 1911 жылы өзінің «Оқу құралы» деген кітабын шығарды. Бұл – қазақтың тұңғыш Әліппесі болатын. Қарап отырсақ, тұп-тура 110 жылдан соң біз сол жағдайға қайта келіп, балаларымызға Әліппе оқулығын қайтарып жатырмыз.

– Сонда, біз алға жүрмей, кері кеткеніміз демекшісіз бе?

– Ғалым-ұстаз сауат ашар Әліппемен тоқталып қалмады. Үш кітаптан тұратын классикалық оқу құралы – қазақ тілінің грамматикасы – «Тіл – құралын» жазып шықты. Яғни 1) Дыбыс және оның жүйесі (фонетика); 2) Сөз және оның жүйесі (морфология); 3) Сөйлем және оның жүйесі (синтаксис). Сөйтіп, қазақ руханиятында төңкеріс жасады.

Ал біз бүгінде «Ахаң салған тілтаным теориясына оралуымыз керек», «Ұлы ұстаздың методика-әдісте­месін алуымыз керек», «Ахаңның ұлы жаңалығы...», «Ахаңның жолы...» деп жатқанымыз маған түсініксіздеу, құлағыма түрпідей тиеді. Жарайды, қайтып оралмастай артта қалған кеңестік дәуірді айтпай-ақ қоялық, сонда Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылымызда не бітірдік?!. Бір орнымызда қалшиып, қимылсыз тұрып қалдық па?!. 100 жыл ғұмырымыз босқа өткен бе? Көз алдыңызға елестетіңізші, Ахаң болмаса, оның ұшан-теңіз еңбегі болмаса біз бір ғасырдан соң бәрін нөлден бастар ма едік...

 

ҚҰШАҚ-ҚҰШАҚ ӨТІРІК АҚПАРЛАР, ҚОҒАМДЫ ЖАЙЛАҒАН КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ...

– Бұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Бұның ондаған, жүздеген себебі бар шығар... Бірақ ең бастысы – біздегі іс пен сөздің арасындағы алшақтық, өтірік мақтаншылық, науқаншылдық, шындықты айта алмай көлгірсуіміз дер едім. Мәселен, бірнеше жылдан бері сағызша созылып келе жатқан латын қарпіне ауысу мәселесін алалық. Құдайым-ау, Ахаңның жолына қалай ораламыз? Оның бірі араб қаріпті жазу үлгісі болса, екіншісі – латын текті жазу ғой! Отыз жыл мемлекеттік тілді дамытып жатырмыз деп есеп береміз, «пәлен жерде пәлен пайызға қазақшаландық» дейміз... Соның Сізге қандай пайдасы бар, қоғамға, туған тілімізге әсер, ықпалы қандай?!. Кеңестік кезеңді (бақандай 70 жыл!) айтпай-ақ қойдық, 30 жылда еліміздегі орыс мектебін бітіріп шыққан балалардың бірде-біреуі «екі» алып, мектеп бітіре алмай, болмаса «көше алмай» қалған емес. Бәрінікі – «төрт» пен «бес». Міне, қазақша тіл сындырмақ түгіл, қазақ тілінің «біссімілдасын» үйрете алмаған мұғалімдер қанша миллион айлық ақша алды, осылардың қаншасы «істі» болды?.. Қайран желге ұшқан миллиондар, құшақ-құшақ өтірік ақпарлар, қоғамды жайлаған көз бояушылық...

– Бұған да бір ем бар шығар?

– Басқасын қайдам, тіл майданында 30 жыл жүрген мен бәрінен түңілдім.

– Сонда не істемек керек?

– Өмірде біз терең сезіне бермейтін, шындығы айтыла бермейтін, шындығы тұмшаланған нәрсе көп ғой. Мәселен, біз жер жағынан әлемде 9 орын аламыз дейміз. Онан соң өткен ғасыр басында әлемде 6000-6500-дей тіл болды. Қазір 2000-2500-дей делінеді. Бірақ БҰҰ қабырғасында туы көтерілген мем­лекеттер саны – 198 ғана (оның екеуі Ко­реяға тиесілі). Сонда біздің мемлекеттік тілді босағадан сығалатып қоятындай басы­мызға не күн туды?!. Парламентіміз заңды орыс­ша қабылдаса, сотымыз өзге тілде соттаса, әскеріміз басқа тілде шүлдірлесе – қайтпекпіз?!

 

«АРАЛАС МЕКТЕП» ДЕГЕННЕН ҚҰТЫЛМАЙ, ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БАҒЫ АШЫЛМАЙДЫ!

Мұның бәрі – қазақ тілі мен мемлекеттік тілді шатастыруымыздан. Ағайындар, екеуі екі басқа дүние ғой. Ал мемлекеттік тілді сол Парламент мүшелері, соттар, генералдар тәрк қылып жатса не істемек керек! Міне, қазақша айтқанда, артымыздың ашылатын жері осы. Егер, шындығын айтып, бар-жоғы жылма-жыл тұрақты түрде 2-3 пайыз нәтижеге қол жеткізіп отырғанымызда, бәріміз 30 жылда 60-90 пайызға жетер едік-ау...

Қазақ тілінің бағын байлап, тұқырту құралының бірі – аралас мектеп екенін де айта алмай, күбіжектеп, сылап-сипап келе жатқан жағдайымыз бар. Ащы да болса айталық, бұл – әлем алдындағы өте ұятты іс, отаршылдықтың нақты көрінісі, маңдамайымызға басылған таңба. Патша өкіметі Қазақ Даласына дендеп еніп, екі тізгін, бір шылбырды қолына алған кезде өзіне қолбала ғып жұмсап, тілмәш ретінде пайдалану үшін «Русско-киргизская туземная школа» дегенді ашып еді. Міне, осы ақ патшаның «жақсылығын» әлі күнге көріп келеміз... Тағы да қайталап айтқып келеді (оны дәлелдеп жатудың керегі жоқ!) «аралас мектеп» дегеннен құтылмай, қазақ тілінің бағы ашылмайды!

 

БІЗДЕ ДЕ БІР-АҚ  «МЕКТЕП» БОЛУ КЕРЕК

Мен «Қазақ тілі» қоғамының басшыла­ры­ның бірі ретінде жыл сайын бірінші қыркүйек қарсаңында «Қазақ мектептері жабылсын!» деген ұран тастап келемін. Ешбір елде, мәселен, Ресейде «русская школа», Өзбекстанда «узбек мактаби» дегендер жоқ. Болмаса, Сіз Парижде «француз мектебін», Лонданда «ағылшын мектебін» кездестіресіз бе?.. Сондықтан бізде де бір-ақ «мектеп» болу керек, ол мемлекеттік тілде оқытатын мектеп болу керек. Қалғаны іретіне қарай (ақылы, жексенбілік, факультетивті, т.б.) бола жатар... Сонсоң қазір Алматы-Нұр-Сұлтанда саңырауқұлақша қаптай бастаған ақылы, элиталы мектептер мәселесіне назар аудару қажет-ақ. Өйткені жоғарғы билік пен бизнестегі тасы өрге өрмелеп тұрған орысқолдылардың немере-шөберелері осы мектептерді бітіріп, күні ертең басымызға әңгіртаяқ орнатпауын ойлалық...

– Сонда Сіз осы шаруаларды шұғыл қолға алу керек дейсіз бе?

– Әрине. Біз онсыз да бақандай 30 жылға кешіктік. Сіз Өзіңіз ойлап көріңізші, 2022 жылы барша мектептеріміз мемлекеттік (қазақша емес!) тілге көшсе, 12 жылдан кейін ғана, 2034 жылы жемісін көреді екенбіз. Ал тағы 10 жыл, 30 жыл кешіксек не болмақ?! Сонда тіл маманы, тіл жанашыры, тіл көшбасшысы ретінде мен күйінбегенде кім күйінеді, мен түңілмегенде кім түңіледі? Мен ащы да болса шындық айтылса екен деймін. Ақиқаттан, ақиқатты айтудан қасиетті нәрсе жоқ. 2019 жылы жалпыұлттық санағымыз болуы керек еді. Оның кешігуін де мен мемлекеттік тілдің қалай шәужайынан тартсам деген арам пиғылдан туындап жатыр ма деп қауіптенем. Біз егер жалпыхалықтық табыс-шығыс декларациясын бұдан 20-30 жыл бұрын енгізгенімізде бізде жемқорлық деген атымен болмас еді. Сол іспеттес 2009 жылғы санақты еске түсіріңіз. Қазақтың саны 67 пайыз деген ресми мәлімет барша жұртқа жария етілді. Бұл қазақ (көпұлтты!) Қазақстан халқының үштен екісі еді. Біз белінен басып, басымызды қиып, санымызды азайтып 63 пайыз қылдық. Талай азаматтар істі болды... Енді, міне, кезекті халық санағы бақандай екі жыл кешіксе де, енді ешкім қазақтың санын 75 пайыздан төмендете алмайды. Бұл – барша жұрттың төрттен үші!!! Таң атпаймын десе, күн қоймайды. Мүмкін енді қазақтың күні туар, бағы ашылар. Құдай сол сәттерді көруді жазсын!

– Демек, бұл Ахаңның арманы десе де ­болар. Ұлт ұстазының 150 жылдық ­мерейтойына дейін ең болмағанда осы айтылған ойлар орындалатындай бағытқа түсуіміз керек дейсіз ғой?

– Дәл солай! Біз оған дейін Мемле­кеттік тіл туралы жаңа Заң қабылдап, Парламенттіміз, Үкіметіміз, үлкенді-кішілі барлық мемлекеттік қызметкерлер, жалпы қоғам, мемлекеттік тілде сөйлеуге бет бұрып, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мемлекеттік тілдің тойына айналдыруымыз керек.

– Айтқаныңыз келсін!

Сұхбаттасқан

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ   

438 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *