Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 10 Қыркүйек, 2021

Азық-түлік қашанға дейін қымбаттай бермек?

Өндірілетін тауарлардың өзіндік құны бір жылда 25-30%-ға өсті. Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы реттеліп қана қоймай, керісінше нарықтық ережелер бойынша қалыптастырылуы тиіс, дейді «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол ЕСЕНЕЕВ LS ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Ол өз сөзінде бағаны реттеу нарықтық заңдарға қайшы келе­тінін айтты.

– Мемлекет мәжбүрлі әрекетке барғанда, нарықтық құнды шектеуге тырысады. Ал өнім өзіндік құнынан арзан бола алмайды. Жалпы, соңғы жылы өнімнің барлық түрлерінің өзіндік құны 25-30%-ға өскенін байқаймыз. Сондықтан бағаны реттеу осы өндірістің нақты құнымен сәйкес келуі керек, – дейді Ербол Есенеев.

Ол бағаны реттеудің орнына мемлекетке өндірісті ұлғай­ту үшін жағдай жасау қажеттігін атап көрсетті. «Бағаны төмендету үшін көбірек өнім шығару қажет, бәсекелестік болуы керек. Себебі артық өндіру үшін де жағдай жасалынуы тиіс. Сонда бәсекелестік орнап, баға да қолжетімді болады. Ал егер өндірілетін аз көлемді өнімге баға реттелсе, онда мұндай салаға инвестициялар келмейді. Адамдар пайда тауып, оны қайтадан сол өндіріске салуы керек. Бізде өнім көп болса дейміз. Неліктен Беларусь сүті Қазақстанға жеткізілуде? Себебі онда артық өндіріс бар», – дейді білікті маман.

Осы ретте Ербол Есенеев тағы бір маңызды пікір білдірді. Оның мәліметінше, 3 миллион халқы бар Моңғолияда 60 миллион қой өсірілуде, яғни бір тұрғынға 20 бас бағалы түліктен келеді екен. Ал Қазақстанда пропорция бір-біріне тең. Моңғолияда ет бағасының төмен болуын ол осылайша түсіндіреді.

Сондай-ақ сарапшы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын реттеуге қатысты да түсініктеме берді. Есенеев мұны кәсіпкерге әділетсіз деп санайды. Осы шараның орнына спикер балама ұсынады. «Біз әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізіміне қарсымыз. Егер өнімнің нарықтық құны 100 теңге болса, онда ол сол 100 теңгеге бағалануы керек. Өндіруші өз өнімінен пайда табуы керек. Егер біз халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бағаның өсуі ауыр тиетінін ескерер болсақ, онда оларға әлеуметтік атаулы көмек көрсету қажет», – деп есептейді «Атамекен» ҰКП өкілі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыру шарттары туралы да тоқтала келіп, Есенеев мәселені бірнеше тармаққа бөліп қарастырады. «Біріншіден, мемлекеттік саясатта тұрақтылық болуы керек. Екіншіден, кәсіпкер өнімдерінің кедергісіз саудаланып және іркіліссіз сатылуы үшін толық  жағдайлар  жасалуы тиіс. Яғни егер мен 100 келі ет өндірсем, мемлекет сатуға көмектесуі керек. Бұл жерде көтерме сауда орталықтары маған  көбірек өнім өндіруге, жаңа технологияларды тартуға көмектессе, тіпті жақсы», – дейді Есенеев.

Сондай-ақ сарапшы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы халыққа Жолдауында атап көрсеткен көтерме-тарату орталықтары жайына да тоқталып өтті. Есенеевтің пікірінше, мұндай құрылымдар елімізде бұрыннан жұмыс істеп келеді. «Іс жүзінде бола тұра, мұндай жүйені құрудың қажеті қанша, тіпті мемлекет осыған әсер ете алмайды да. Әр қалада осындай көтерме-тарату орталықтары бар, ал халық арасында бұл «көтерме базар» аталады», – деді сарапшы.

Оның пікірінше, көтерме-тарату орталықтары шағын фермерлерге жағдай жасайтын интеграторлар мен сатып алушылар ретінде қызмет етуі керек. «Тарату орталықтары сатып алушылар сияқты жұмыс істеуі тиіс. Мәселен, фермерлер қандай өнім әкелуі керек, қандай стандарттарға сай және қай уақытта жеткізілуі қажет, осы маңыздырақ», – дейді Есенеев.

Олай болмаған жағдайда, шағын өндірушілер мұндай көтерме-тарату орталықтарына біркелкі емес өнімдерді жеткізеді. Мысалы, бір фермер тұздалған қиярды жеткізе алады, екіншісі – голландиялық ұзын қиярдың сорттарын, үшіншісі – жергілікті дөңгелек сорттарын. Есенеевтің пікірінше, бұл ірі сауда желілерімен жұмыс істеу үшін қолайсыз.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында өндірушіден сатушыға дейінгі тізбек бойынша бағаны бірыңғай бақылауды қамтамасыз ету қажеттігі туралы айтқан болатын.

LS осыдан сәл ғана бұрын, тамыз айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы  жылдық инфляция 8,7%-ды құрады, ал бұл нақ осындай жайт орын алған 2016 жылдың қарашасынан бергі ең жоғары көрсеткіш, деп атап көрсеткен еді. Жеке тоқталар болсақ, тамыздың қорытындысы бойынша азық-түлік тауарлары соңғы бір жылда 11,4%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 7,3%-ға, қызмет көрсету – 6,6%-ға қымбаттап кеткен. Мұны Ұлттық статистика бюросының мәліметтері де айғақтап отыр.

Соның ішінде нан-тоқаш өнімдерінің бағасы 8,6%-ға, ұн – 11,1%-ға, нан – 5,9%-ға, ет – 9,5%-ға (сиыр еті – 7,9%-ға, қой еті – 16,8%-ға, құс еті – 11,3%-ға), сүт өнімдері – 7,6%-ға, жұмыртқа – 21,3%-ға, күнбағыс майы – 66,8%-ға, жемістер мен көкөністер – 12,8%-ға, қант – 33,5%-ға өскен.

Айта кету керек, LS маусым мен шілде айларының қорытындысы бойынша инфляция төрт жылдық рекордты жаңартты деп жазған болатын.

Жыл басынан бергі бағалар өсуіне қатысты айтар болсақ, өткен сегіз айда бұл көрсеткіш 5,8%-ды құрапты. Аталмыш кезеңде азық-түліктік тауарлар  7,5%-ға, азық-түліктік емес тауарлар – 5,2%-ға, ал қызмет көрсету – 4,4%-ға қымбаттаған.

 ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1830 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз