Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 10 Қыркүйек, 2021

Мегаполистерде пəтер жалдау ақысы көтерілді

Бір бөлмелі пәтердің 85%-ы тәулікке өткізіледі

Жылжымайтын мүлік құнының өсуі жалға берілетін пәтер бағасын күрт өсірді. Ал жақында оффлайн оқуға оралған қалың студентпен бірге жойқын сұраныс та алып-ұшып жетті. Манаурап жатқан нарық дүр ете түсті. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларда пәтерді жалға беру бағасы бір айдың ішінде үштен бірге дейін өсіп шыға келді, тіпті кейбір үйдің арендасы 65%-ға дейін көтерілді.

– Екі жылдай онлайн режи­мінде оқыған студент қауымы оффлайнға шығып оқитыны бел­гілі бола салысымен үй жалдау ақысы күрт өсті. Бұл шіркін тамыз айы­ның ортасында, бір аптаның ішін­де ешқандай дайындықсыз-ақ қылтитып шыға келді. Мыңдаған студент ата-анасымен немесе туысымен бірге сау етіп бір мезетте қалаға жетіп келді, жалға беруші жұрт соған қарап бағаны шарықтатып жіберді, – дейді жыл­жымайтын мүлік агенттігінің бас­шысы, Қазақстан риэлторы қауым­дастығы кеңесінің мүшесі Орынбасар Сатаев.

Студент сұранысының әсерін, жоғары оқу орыны көп болса да, жатақханасы жоқ кейбір қала тұла бойымен сезінген сияқты. Білім ми­нистрлігінің мәліметінше, Алма­ты­ның ондаған жоғары оқу орынының жатақханасында 30 мың орын жет­пейді, Нұр-Сұлтанның жиырма жо­ғары оқу орынында 18 мыңға жуық орын жетіспейді.

Алматы мысалына үңілейік: тамыз айының басында ҚазҰУ жанындағы «Көктем» шағынауданындағы бір бөлмелі пәтерді 130 мың теңгеге жалға алуға болатын еді (krisha.kz-тың дерегі). Айналасы екі-үш апта өтпей жатып осы локациядағы пәтердің бағасы бір айда 65% қосып алып, 200 мың теңгеге бір-ақ шыққан.

Қазір Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетіне жақын бір бөлмелі пәтер айына 250-270 мың теңге тұрады. Кrisha.kz дерегіне сүйенсек, осы аумақта бағаның өсуі бір айда 55% болыпты.

Нұр-Сұлтанда жоғары оқу орындарына жақын үйлердің жалға алу бағасы да күрт өскен. Еуразия ұлттық университетіне жақын бір бөлмелі пәтерін меншік иесі қазір айына 140 мың теңгеге өткізеді. Ал кеше ғана, жаз ортасында Нұр-Сұлтандағы осы пәтердің бағасы 50%-ға төмен еді, дейді риэлторлар.

Шымкенттің басты жоғары оқу орны – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жанында қазір бір бөлмелі бос пәтер жоқ деседі,  осы шаһардың әл-Фараби ауданында жалға беру бағасы бір айда 25-30%-ға өскен.

Студент қауымы тарапынан пайда болған, пәтер жалдауға деген осы сұраныс жалға берілетін үй бағасының өсу трендін айқын көрсетті. Мысалы, 2019 жылға дейінгі кезеңде алғашқы жеті айда үйді жалға алу бағасы еліміз бойынша орта есеппен 1,8%-ға өссе, 2020 жылға дейінгі дағдарыста жалға берілетін жылжымайтын мүлік бағасы 5,5% -ға көтерілді, ал биыл жеті айда бағаның өсуі 8,3%  болып тұр (бұл статистикаға тамыздың соңындағы секіріс кірген жоқ).

Жылжымайтын мүлік құнын өскен соң пәтер жалдау құны да бірте-бірте көтеріліп келеді. Үй жалдау бағасының ең жоғары орташа өсімі 2021 жылдың қаңтарында тіркелкенін Ұлттық статистика бюросы айғақтап отыр. Дәл сол кезде қордан зейнетақы ақшасын берудің басталғаны белгілі. Тұрғын үй бағасы да сол кезден бастап жаппай өсті.

Риэлторлар былай деп түсінді­реді: жыл басынан бері тұрғын үй бағасының күрт өсуі пәтер иелеріне қолайлы кезең болды, яғни жылжымайтын мүлікке салынған инвестициядан түскен кіріс мол болып шықты.

– Биыл кейбір пәтер иесі жалға беретін пәтерлерін сата бастады, өйткені олар депозиттың кірісі де жалға келген ақшаның көлемін шығарып бере алатынын аңдады. Пәтерлер көп сатылған соң жалға беру ұсынысы да азайды,  яғни нарықта биыл жалға берілетін пәтер былтырғыға қарағанда аздау болып тұр, – дейді Қарағандыдағы Gold Business Kazakhstan жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы Виталий Браиловский.

– Қазір пәтерінің бағасы қанша тұратынын көріп, оны қаншаға жалға беруге болатынын шамалайды ел. Шымкентте қазір жаңа салынған үйлерді пайдалануға беру маусымы басталды, нарық болса, аспанға секіріп тұр, үйдің бағасы удай, бұл процесс, сөз жоқ, пәтерді жалға алу бағасының өсуіне әкеліп соғады, – дейді шымкенттік риэлтор Ермек Қадырғалиев.

– Жалға берілетін жылжымайтын мүліктің бағасын, сұранысын қызды­рып тұрған дүние – жыл санап өсіп келе жатқан урбанизация, –дейді сарап­шылар.

Ал қалаға келуші халық көбейген сайын үй жалдау бағасы да ауыздық салдырмай тұр. Биыл үйді жалға алу бағасының өсуі Шымкент (+18,4%) пен Алматыда (+12,6%) қатты байқалған. Нұр-Сұлтан қаласы, ұлттық статистика бюросының мәлеметіне жүгінсек, әзірге 11-орында тұр...

Шымкентте жалға берілетін пәтер жеті айдың ішінде шаршы метріне 1632 теңгеден 1932 теңгеге дейін қымбаттаған, десе де, жалға берілетін үйлердің бағасының рейтингісі бойынша бұл шаһар мегаполистер арасында ең төменгі орынға жайғасқан. Кrisha.kz дерегінше,  Шымкентте қазір сегіз жүз тұрғынның біреуі ғана пәтер өткізе алады. Яғни өзге қалаға қарағанда жалға алатын пәтер анағұрлым аз деген сөз. Ал көші-қон мен демография дерегін есепке алсақ, халық санының өсуі елімізде осы қалада ең жоғары (+2,1%, немесе жыл басынан бастап 22,1 мың адам) болып тұр.

Алматыда үш жүз тұрғынның шамамен біреуі жалға пәтер береді, ал салыстырмалы тұрғыда халықтың өсімі аз. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Алматыдағы халық биыл 1,2% - ға (24 мың адамға) өскен.

Жалға беру ұсынысы бойынша Нұр-Сұлтан алда тұр, әрбір екі жүз тұрғынның біреуі жалға пәтер өткізеді, биыл елорда халқының салыстырмалы өсімі – 1,9% (23 мың адам). Нәти­жесін­де бұл қалада жыл басынан бері жалға алу бағасы 6,6%-ға ғана өскен, бұл на­рықтағы орташа бағадан сәл төмен­деу.

Шымкент пен Алматыда ғана емес, мысалы, жеті айда Қарағандыда пәтерді жалға беру бағасы 11,7%-ға, Оралда 10,3%-ға өскен. Халық саны бірақ бұл қалаларда өсіп жатқан жоқ.

– Карантин кіргелі жалға беруші­нің көбі басты табысынан айырылды немесе табысы азайды, сәйкесінше олар жалға алу бағасын көтере бастады, – деп түсіндіреді Виталий Браиловский.

Оның айтуынша, жалдау ақысына жал­пы тауар бағасының да өсуі әсер етті.

– Оралда пәтерді жалға өткізу ба­ғасы орта есеппен 10-20 мың теңгеге өсті. Елде инфляция болып жатыр. Азық-түлік, коммуналдық төлем қым­­баттап жатыр, ал бұл болса, бар­лық нәрсенің қымбаттауына әкеліп соғады. Жылжымайтын мүліктен пайда көргісі келетін жалға берушілер тұрғын үйді бұрынғы сомаға жалға беру тиімсіз екенін байқап отыр, – дейді «Орал пәтері» риэлтор бюросының маманы Дмитрий Иглин.

Меншік иесінің көбі соңғы уақытта пәтерді ұзақ мерзімді жалға беру форматынан шығып, қысқа уақытқа жалға беруге көшті, ал мұның табысы ана­ғұрым молырақ.

– Үлкен қалаларда күнделікті жал­ға беру тиімдірек, сондықтан пәтер иелері қазір күнделік жалға беру форматына  көшіп жатыр, – дейді Орынбасар Сатаев.

Кrisha.kz. дерегіне қарасақ, Нұр-Сұлтан мен Алматыда әрбір бесінші, ал Шымкентте әрбір төртінші пәтер ұзақ мерзімге өткізіледі. Орал мен Қарағандыда ұзақ мерзімге берілетін пәтердің үлесі 8%-дан аспайды. Бұл нарықтағы ең тапшы пәтер – бір бөлмелі пәтер. Мегаполистерде бір бөлмелі пәтердің 85%-ы тәуліктік немесе сағаттық жалға өткізуге арналған. Шағын пәтердің 11-ден 20%-ы ғана ұзақ мерзімге жалға өткізіледі.

Тәуекел БАҚАШ

1039 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз