Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 10 Қыркүйек, 2021

Бақытты адам бақытты іздей ме?

«Бақытты болғыңыз келе ме? Ендеше бізге келіңіз». «Бақытты болуды үйретеміз». «Бізде бақытты болудың дайын формуласы бар» деген сияқты қаптаған хабарландыру мен жарнамалардан қазір көз тұнады. «Олай істеме, былай істе» деп үйрететіндер көбейіп, «Мотивация», «Аффирмация» деген терминдер шықты. Тыңдай не оқи қалсаң, бәрінің көздегені біреу – сені бақытты ету. Тегін емес, әрине. Басқаша айтқанда, бақытты болуды саған ақшаға сатады. Одан кейін шын бақытты боласың ба, әлде... – бұл енді бөлек әңгіме. Ең қызығы сол, қоғамда осыған сұраныс бар. Демек, бақыт іздегендер аз емес. Ақшасы жоқтар ақшалы болсам, жұмыссыздар жұмысты болсам, сол бақыт деп түсінеді. Бірақ соның бәріне қол жеткізген адам шын бақытты ма? Жаны тынышталды ма? Табыс табу оңай емес, ал оны сақтау одан да қиын. Он мың теңге тапқан адам, оны жүз мыңға, кейін миллионға жеткізсем деп жанталасады. Өлгенше сол миллиондардан айырылып қалмайын деген уайыммен өмір сүреді, яғни бәрібір жаны тыныштық таппайды. 

Ертеде Бағдат қаласында Имам Ахмад деген бір ғұлама өмір сүріпті. Қанша құрметке бөленіп жүрсе де, қарапайым қалпын сақтай білген оның даңқы шартарапқа тарайды. Адамдар онымен кездесуді, сұқбат құруды армандайды екен. Сол кісі бір жолы жалғыз сапарға шығып, кеш батып кеткен соң жолындағы бір қалаға тоқтапты. Сұрастыра жүріп, мешітті тауып алады. Құптан намазын оқып, сол жерде түнеп шығуға ниеттенеді. Тынығып алайын, ерте тұрып сапарды жалғастырармын деп ойлап үлгерместен жанына мешіт қарауылы жетіп келеді.

– Сен кімсің? - дейді имамға дөрекі дауыспен. – Неғып отырсың?

– Мен бір мүсәпірмін. Таң намазын осында оқып, ерте жолға шығамын.

– Жоқ, мұнда қалуға болмайды. Бұл саған қаңғыбастардың мекені емес, - деп мешіттен қуып шығады. Бейтаныс қалада ешкімді беймезгіл мазалағысы келмеген имам мешіттің ауласында қалып, бір бұрышты паналайды. Мұны байқап қалған қарауыл тағы да дүрсе қоя береді.

– Ей, сен өзі сөз ұқпайды екенсің. Кет деген соң, кету керек қой...

– Басқа барар жерім жоқ. Еш зияным тимейді, осында қалайын, - дейді имам.

– Жоқ, болмайды! Қайда барсаң, онда бар. Жай айтқанды түсінбесең, міне саған... - деген қарауыл оны аяғынан сүйреп, көшеге шығарып тастайды.

Жолдың арғы бетінде наубайхана бар еді. Түнде де жұмыс істейтін сондағы наубай жігіт мұның бәрін көріп тұрады. Қарауылдың қылығын құптамаған ол көшеде қалған имамға келіп:

– Мүсәпір екенсіз. Қаласаңыз менің орныма жатып, тынығуыңызға болады. Мен бәрібір бүгін ұйықтамаймын, - деп қолын созады. Имамды тұрғызып, наубайханаға ертіп келеді. Қонақтың алдына ас-суын қойып, жігіт өз ісін жалғастыра береді. Сонда имамның бір байқағаны, жігіт аузынан зікірін тастамайды екен. Қамыр илеп жатып та, нан жауып та, жалпы не істесе де, зікір айтумен болады. Ауызы зікірден босамаған бұл жігітке имам қатты қызығады.

– Бір сұрақ қойсам бола ма? - дейді ақыры сол қызығушылығы жеңіп.

– Сұраңыз...

– Мен келгелі бері зікіріңіз тоқтаған жоқ. Көп болды ма зікір үйренгеніңізге?

– Бала кезден келе жатқан әдет қой. Есімді білгелі зікір айтамын, жүрсем де, тұрсам, жатсам да, - дейді жігіт күлімсіреп.

– Қалай, пайдасы болды ма?

– Болғанда қандай! Шүкір дейін, Алладан не сұрасам, бәрін алып жүрмін. Орындалмаған тек бір тілегім ғана қалды.

– Ол қандай тілек?

– Бағдадта Имам Ахмад деген ғұлама ғалым бар екен. Кереметтерін көп естідім. Сол кісімен бір дидарлассам деп, атын дұғаға қосып жүрмін.

Мұндайды күтпеген имамның көңілі босап:

– Сіздің сол дұғаларыңыз Имам Ахмадты аяғынан сүйреп, алдыңызға әкеп тастады, - деген екен.

«Бақыт тек бақытсыздарға ғана керек» немесе «Бақытты тек бақытсыздар ғана іздейді» деседі. Өз басым осы сөзге тоқтағанмын. Расында да, бақытты адам бақыт іздеп аласұрмайды. Ол үшін өмір сүрудің, қарапайым нәрселерге қуана білудің өзі – бақыт. Бақытты болудың, жан тыныштығын табудың мен білген бір «формуласы» осы. 

 

Қонақбай Қожанияз

 

1047 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз