Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 12 Қыркүйек, 2021

Тіршілік үшін күрес. Шатыр астындағы шымшықтар

Шымкентте жер үйде тұрамыз. Біздің кішкентай бақшамыз көршінің екі қабат үйінің дуалына тіреледі. Биік, ұзындығы он метрдей ескі үйдің дуалы сыланбаған. Сұрланып, ағаш бағаналары арбиып, әдемі ауламыздың сәнін бұзып тұрады. Ескі шатырының түбіндегі тесікке торғайлар ұя салып тастаған. Қашан қарасаң кішкентай, сұп-сұр шымшықтар шиқылдап, өзімен-өзі абыр-сабыр боп жатады. Балапаны бақшамызға құлайды. Шөжегін айналсоқтап, шарқ ұрып ұшып жүреді. Оны оңбаған мысығымыз жейді. Кекшіл торғайлар мысыққа тыныштық бермейді. Сосын жоқтап-жоқтап қояды.   

Бақшамыздағы алмаға қонады. Құртын жейді-ау. Итіміз Арланның тамағын ұрлайды. Суын ішеді. Арлан оларды қуады. Қашанғы қусын. Кейін тырп етпей жата беретін болды.

Бір күні үйге келсем, көршіміз дуалды сылап тастапты. Теп-тегіс боп қалған. Торғайлар ұялаған тесіктің бәрін бітеген. Аула тып-тыныш. Торғайдың даусы естілмейді.

Көп жыл өтті. Біз ол үйден көшіп кеттік. 

Қазір сол шымшықтарды ойлағанда олар маған сол күні шатыр түбінен шыға алмай қалып қойғандай болады. 

Таңнан қара кешке дейін тасты шұқиды. Нәзік тұмсықтары әбден қажалып, қансырап жатқанын көрем. Әлсіз шиқылы қалың тастан естілмейді.

Елеусіз қалып, шала сыланған бір бұрыштан сығырайып түскен сәуле ғана оларға үміт сыйлап тұрған сияқты. 

Қазір елестетем… біраз жылдан соң сол үйге барып, кезінде торғайлар ұялаған дуалға қарап тұрам. 

Әлгі сылақ сол күйі тұр. Тек бір бұрышы қираған. Көршім маған: 

— Қайбір жылы мына бұрыштың цементі өзінен-өзі түсіп қалды. Бір кезде ішінен кө-ө-өп құс пыр етіп, алысқа-а-а ұшып кетті, — дейді.

 

Аян Қалмұрат

 

1098 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз