Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 14 Қыркүйек, 2021

Біздің дастан көпке үлгі болады

Гүлдана Сермахан

 

Байтерегім

Ғажабы мен азабы мол айналам,

Қысыменен жазы да бар жайнаған.

Мені ойлап алаңдайтын бір жан бар,

Осынау бір тіршілікте қайнаған.

 

Қай кезде де, мендік жайды ойлайтын,

Көңілімнің тереңіне бойлайтын.

Бар сондай жан, күнде көріп жүрсе де,

Жанарыма қарауға еш тоймайтын.

 

Қаяу салсам кешіретін толықтай.

Мұңайса да, ұмытатын торықпай.

Алладан соң, бар қолдаушым бір өзі,

Қорғаным да, сүйенетін қорықпай.

 

Ол бар кезде, менде шаттық күн кешем,

Артық болмас нұрын төгер күн десем.

Сәл қиналсам, табылатын жанымнан,

Сол адаммен мұңымды айтып тілдесем.

 

Сая болар байтерегім, Ол – Анам!

Жамандыққа қиса-дағы жар ғалам.

Қарсы шығып тұрсын мейлі бар адам,

Маған сеніп, қамқор болар шын панам

 

Сырдың қызы

 

Мен Сырдың қызы,

Өлеңқұмар қырдың қызы.

Мұң арқалап жүргенмен,

Жадырайтын бір күн жүзі!

Дария ғой сырласым,

Тағы келдім тыңдасын.

Толқындарды тербетсін,

Үнсіз іштен тынбасын!

 

Сыр-Анама сыр айтып,

Мөлдіретіп жыр айтып.

Жағалауды кеземін,

Көңілімді мұңайтып.

 

Сыр-Анама сыр ашам,

Өлеңменен мұң басам...

Іштегі дерттен айығып,

Тек өзіңмен мұңдасам.

 

Жауқазын жыр

 

Жауқазын жыр ағылады жүректен,

Бойды билеп сезім отын үдеткен.

Көзді байлап, ессіз ғашық еткізген,

Түсінбеймін, ынтызарлық бұл неткен?!

 

Маған оның бар мінезі ұнайды,

Еш міні жоқ елестетем күн-айды.

Қылаусыз пәк, маған деген сезімі,

Ізгіліктің өшпес ізі сыңайлы.

 

Мен сенемін, ол да маған сенеді,

Бар мұңдарды сенім ғана жеңеді.

Көзсіз сезім тұтанды да арада,

Тағдыр айдап, Тәңір өзі теңеді.

 

Махаббат-дастан

 

Түсірмейтін, қайғы қасірет, басқа мұң,

Көшірмесі болмайтындай басқаның.

Біздің сезім, ұлық сезім, ерекше,

Тасқа қашап жазып өтер ДАСТАНЫМ!

 

Біздің дастан, емес Қозы-Баяндай,

Қосылмаған жан салса да аянбай.

Біздің сенім, берік қатты қамалдай,

Сезім шыңын бағындырған аяңдай.

 

Біздің дастан, Ләйлі-Мәжнүн емес тым,

Шыға берер алдарынан көмескі үн.

Қанша қамал тұрса-дағы алынбай,

Адалдықпен өттік бәрін белестің.

 

Біздің дастан, емес Жібек-Төлеген,

Аз ғана сәт шын сезімге бөлеген.

Қиын-қыстау сәт болса да арада,

Қаймықпастан бола білдік көреген.

 

Төзе білдік бар сынына жалғанның,

Көктем гүлдей өзіңмен бүр жарғанмын.

Соға берер мәңгі бірге үндесіп,

Жүрегіңе тамырдайын жалғандым.

 

Тамырыңды кесе алмас еш пенде,

Біз екеуміз «сеніммен» күн кешкенде.

Біздің Дастан көпке үлгі болады,

Есіміміз ел есіне түскенде...

 

«Көзсіз сезім» үлгісіндей боламыз,

Екі жарты бір бүтін боп толамыз.

Аңыз болған Меруерт пен Құмандай,

Шын сезімнің шың басына қонамыз!

 

Тек Алладан қолды жайып нақ сұрап,

Басымызға қонғызамыз бақ тұрақ.

Сен сүйесің, жан-тәніңмен ал, бірақ,

Мен сүйемін, өзіңнен де қаттырақ!!!

 

Сағындырма!

 

Ойлап сені, оянам таңда күліп,

Жүректі алдың қалай бағындырып?

Көргім келіп өзіңді ынтығамын,

Өтінем, қойма былай сағындырып!

 

Сағындырма, хәлімді көре тұрып,

Сезіміме шынайы сене тұрып.

Күттіресің қалайша Аппағыңды,

Сенім баққа сен бірге ене тұрып.

 

Гүл бақты аралауға асығайық,

Шын ғашыққа бақыт қой осы лайық.

Екі бөлек жүрсе де жаны жалғыз,

Қос жүрек бір бүтін боп қосылайық!

 

Елік көңіл

 

Елең-елең, елік көңілім елеңдей,

Жалтақтайды құдды бір сен келердей.

Алабұртты бұл жүрегім әйтеуір,

Көптен Тәңір сұрағанды берердей.

 

Келетіндей, көретіндей мен сені,

Тәтті ойлар көтереді еңсені.

Жүрекжарды бір қуаныш болардай,

Күтіп жүрмін, күтіп жүрмін мен сені!

 

Күтіп жүрмін, күткен жаным сағынып,

Жанымнан бір қалатындай табылып.

Ол болмаса алып мына қалада,

Тынысым да қала берді тарылып.

 

Күтіп жүрмін, тұғырдан мұң құлатып,

Келеді әне, үміт гүлі бүр атып.

Сеніп жүрмін ғашығым-ау келесің,

Жылап күткен жүрегімді жұбатып.

 

Ақ патшам

 

 Ханзадам,

Арамызда сезім оты маздаған,

Алаулатып жағу үшін сөнбестей,

Шыда жаным, уақыт қалды аздаған...

 

Ақпатшам,

Жүрегімде орнатулы тақ патшам.

Жайғас келіп жылы жерді суытпай,

Сөнбес үшін «үміт» деген аппақ шам.

 

Ханшаңмын,

Арамызда болса-дағы қанша мұң,

Жеңіп жүрміз барлығында себебі,

Өзің барда бар жаманды жаншамын.

 

Біз бірге...

Махаббаттың патшалығын құрамыз.

«Сенім» дейтін нық қамалды тұрғызып,

Ертегідей өмірге бет бұрамыз!

 

580 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз