Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 15 Қыркүйек, 2021

Балам кітап оқымайды

Психолог-педагог Шамиль Ахмадуллиннің «Балаға мотивация» кітабы кездейсоқ қолыма түсті. Бір деммен оқып шықтым. Кітапта айтылған ойды іске асыруға асықтым. Жеті жастағы ұлымның оқуға зауқы жоқ. Сабақ орындағанда аздап дауыс көтеретінім бар еді... Сыныпта бұзық болғасын, үй тапсырмасын апайы дұрыс бағаламайды екен... Бәрін кітапты оқи отырып түсіндім. Мазмұнын қысқартып аударған едім, оқып көрейік.

САБАҒЫҢДЫ ОҚЫСАҢ, ТЕЛЕФОН КӨРЕСІҢ...

Бала өз-өзіне мотивация бере алмайды. Оған әрдайым ата-анасы, ұстаздары, жақын адамдары қолдау білдіруі керек. Сабақ басталғанда күнде «5» алып жүреді. Кейін нашарлайды. Себебін сұрасаң, «апай мені дұрыс бағаламайды», «оқушылар бір-бірінен көшіреді» дейді... Ата-ана отқа май құяды. «Сабағыңды оқысаң, компьютер ойнайсың, серуенге шығасың»... 

Бұл әдіс баланың оқуға деген құлшынысын арттырмайды. Керісінше, мұндайда бала тапсырманы тезірек орындап, құтылғысы келеді. Жаңа оқу жылында сабақты жақсы оқыса, телефон, планшет алып беруге уәде беріңіз. Кейде 2-3 аптадан соң қызығушылығы төмендейді. Онда апта, ай соңында киноға барыңыз, ойын-шық алып беріңіз. Бастауышта оқыса да, «жоғары оқу орнына түсу үшін сабақты жақсы оқу керек» деп айта беріңіз. «Көкең қымбат машина алыпты, ақшасы да көп. Өйткені сабақты үздік оқыған». Осындай мысалды жиі келтіру керек. 

«Анашым, тапсырма қиын екен, көмектесші», – дейді. Мүмкін болса, көмектеспеген дұрыс. «Балам, менің де жұмыстарым бар. Әркім өз жұмысын істеуге міндетті. Тапсырманы орындауға күшің жететініне сенемін», – деу керек. Баланың орнына тапсырманы орындап үйретпеңіз. Өзіне сенімсіз, біреудің көмегінсіз жүре алмайтын адам болады. 

Ағайынды екі баланың үлкені сабақты жақсы оқиды. Кішісінің оқуға ынтасы жоқ. Бірақ суретші болғысы келеді. Сабағын әкесі оқытады. Сәл қате кетсе, ашуланып, қатты айғайлайды. Ағасымен салыстырып, намысына тиеді. Үй тапсырмасын орындағанда қатты сөйлеуге болмайды. Санасында «оқу – проблема» деген ой қалыптасады. Айғайлаған сайын  күйзелісте отырады. Анасы ашуын тоқтата алмаса, қосымшаға берсін. Мұғалімдер оқушының асықпай ойланғанына шыдап, көмектеседі. Бауырлар арасындағы бәсекелестік жақсы әдет емес. Салыстырғанына ашуланады. Өзінен жоғары болған бауырын жек көреді. Оны қуып жете алмағанына өкпелейді. Үйдегінің бәрі соны жақсы көреді деп ойлайды. «Мені ешкім жақсы көрмейді» деп, жаман бала болады. Алты-жеті жаста баланы мектепке дайындаймыз. Есте сақтау қабілеті, партада отыру әдебі, дұрыс сөйлеуіне назар аударамыз. Егер айтқанды дұрыс тыңдамаса, ауладағы балалармен ойнай алмаса, оқуға асықпаған жөн.

ОҚУҒА ЫНТАСЫ ЖОҚ...

Мектеп бағдарламасын меңгеру қиын. Мұғалім ойын дұрыс жеткізбеуі мүмкін. Балаңыз сабақты түсінбегенін жиі айта ма? Жиналысқа барғанда ата-аналардан мұғалім жайлы пікірін сұраңыз. Аналар ұстазды кінәлауға дайын тұрады ғой. Асықпаңыз, өз балаңызға көмектесіп жүргеніңізді естен шығармаңыз. Жиналыста мұғалімнің сабақ түсіндіру әдісін сұраңыз. Қызықты өткізуге ұсыныс жасаңыз. Қандай пәнді ұзақ орындайтынын біліп алып, алдымен сол сабақты орындаңыздар. Кейінге қалдырған сайын күш азайып қалады.

Қате жауаптан ұялады

Өйткені үйде жақындары дұрыс жауап бермегеніне бола мазақтайды. Күлкіге айнал-дыру – баланың ең жанды жері. Достарының алдында күлкі боламын деп ойлайды. Егер жағдай солай болса, оңтайлы сәтті күтіңіз. Әңгімені өзіңіздің оқушы кезіңізден бастаңыз. Сыныпта күлкіге қалған оқиғаны айтыңыз. Оқиға шынайы болсын. Баланы өтірік әңгімемен алдай алмаймыз. «Осындай жағдайда сен не істер едің?» деп ақыл сұраймыз. Ол көзқарасын айтады. Мектепте мұндайдың қалыпты екенін түсіндіреміз. Бала сол кезде сенімді болады. 

Өзін төмен бағалайтын баланы жөнге келтіру оңай емес. Отбасында бауырлары, туыстары көмектеседі. Жылы сөйлеп, жиі жұмсап, оған алғыс айту қажет. Мысалы, тапсырмаға кристалдан гүл жасап келу керек еді. Балаңыз барын салып жасады. Жай мақтап қоймай, әкесіне, бауырларына өз қолымен жасағанын айтып, мәртебесін көтеріңіз. 

Кейде мұғалімдер оқушының жұмысын тексеруге уақыты болмайды. Оқушы өзін бағалағанды жақсы көреді. Мұғалімнің бейқамдығын көріп, оқығысы келмейді. Жағдайды байқасаңыз, ұстазға ескертіңіз. Үйде бірге кітап оқып, диктант жазыңыз. Балаңыздың қызыға оқығанын көріп, таңдай қағасыз.

Отбасындағы ұрыс балаға қатты әсер етеді. Оған ұнамайтын әңгімені тіке бетіне айтпай, көңіліне қарай отырып жеткізген жөн. Сонда мәселені жеңіл қабылдайды. 

«2» алсаң ұрсады, «5» алсаң үндемейді. Көп ата-ана осылай жасайды. Сыйлықты бағаға емес, тақырыпты дұрыс түсінгенің үшін деу керек. Ереже жаттамағаны үшін «2» алғанын айтты.

Бірнеше күннен кейін «3» алғанын айтты. Мұндайда: «Балам ертең «5» алады. Ал қазір қонақ күтуге көмектеседі», – деп жылы сөйлейміз. «2» алсам ұрыспайтын кездері болады екен. «5» алсам жиі мақтамайды. Демек, бағаның маңызы жоқ» деген ой болмауы керек балада. Мұндайда баға оған мотивация бермейтін болады. 

Мектепте сабаққа жақсы жауап беріп, үйге келгенде тапсырманы ұзақ орындайды. Себебі, бөлме кең, түсі ашық әрі ойыншық көп. Бөлмеде ойнап, ұйықтайтын болғандықтан солай қабылдаған. Сол үшін жазу үстелі бос, сөре кітапқа толы болсын. 

Баланың кітап оқымауына интернет, теледидар кедергі. Виртуал әлемде бас ауыртпайды, бәрі дайын. Ұнамай қалса, бір тетікті басып өшіреді. Осы әдет-ке үйренгесін кітап оқу қиын деп ойлайды. Ата-анасы «кітап оқыған адам жетістікке жетеді» деп жиі айтады. Өздері бір кітапты қолға алмайды. Бала өзі көрген тәрбиені қайталайтынын ескертемін.

Ауладағы достары телефондағы ойын туралы әңгіме айтады. Жаңа ойын ойнап, оны достарына айтуға асығады. Егер достары оған кітаптарын айтса, бала да соған ұмтылады. Оқиғасы қызық кітап оқып, достарына айтуға асығар еді. Кесте жасап, телефон көретін уақытын анықтаймыз. 7-12 жаста күніне бір сағат көруге рұқсат. Ата-ана да телефонды көп қолданбауы керек. Ереже бәріне ортақ.

Үйде кітап оқитын бұрыш жасау. Сөреге кітап жинап, жиі реттеп отырыңыз. Оқиғаны балаларға айтып, пікірін сұраңыз. Мынадай қулық жасауға болады. «Ертегідегі басты кейіпкердің ерлігі досың Қайратқа қатты ұқсайды-ау» деп қойыңыз. Ең бастысы, кітапты өзіңіз оқып шығыңыз. Аптасына бір күн болса да сыныптастары оқыған кітаптарын айтып, жиналғаны дұрыс. Бұл ұсынысты сынып жиналысында айтыңыз.

ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚАШУ

Ол үй шаруасын істегісі келмейді. Төсегін жинамайды, киімін жумайды. Үлкендер көмек сұраса, естімеген түр танытады. Қоқыс төгемін деп ұмытып кетеді... Ата-анасы керісінше түсінеді, сосын «үй жинамай далаға шықпайсың!» – деп қатты сөйлейді. Осы әдет күнде қайталанады. 

Ұсақ-түйекке мақтау айту дұрыс емес. Мақтау есту үшін бәріне дайын болады. Жылы сөзді ұмытып кетсе, есіне салады. Мұндай балаларда өтпелі кезең ауыр өтуі мүмкін... «Мен мынаны істедім, ақысына...» деп айтатын балалар бар. Олардың қимылдағаны міндет. Ата-анасы оған қарыздар. 

Бала ісі мен сөзіне жауап беріп, өз бетімен тіршілік етуі керек. Ата-ананың міндеті сол. Сабақтан «5» алып келді. «Осы бағаға лайықсың ба? Дайындығыңа қандай баға бересің?» деп өзінен сұраймыз. Ол пікірін айтқан соң сіз де ойыңызды айтыңыз.

Отбасында әр адамның орны бар. Олар жақсы сөз есту үшін жұмыс істемейді. Бәрінің мақсаты – отбасының берекесі. Бір адам дұрыс болмаса, береке  кетеді. Адамның бір жері ауырса, көңіл-күйі болмайды. Отбасы да сол сияқты.

Дастарқан басына жиналып, әркім өз міндетін қағазға жазсын. Оқу мен жұмыс істеп, ақша тапқанды жазбайды. Тізімдегі қай жұмыс балаға ыңғайлы? Егер аз жұмыс алса, жай ғана түсіндіріңіз. Қоқыс ұзақ тұрып қалса, бөлмеде жағымсыз иіс шығады. Әркім өз киімін жинамаса, оны анасы реттеп, тамақ жасауға үлгермейді. Тамақ дайын болмаса, бәрі аш қалады. Бала көп жұмыс істеймін деп ұмтылса да қиын. Алғашқы күндері қызық болып, кейін жалығып, тастап кетеді. Шамасына қарай істегені жақсы. Тізімді көрінетін жерге (мысалы, тоңазытқышқа) іліп қойған жөн. 

Үй шаруасының жауапкершілігін түсінеді. Отбасына өзінің керек екенін біледі. Кейде еркелеп, орындамайды. Зекіп, ұрсудың керегі жоқ. «Гүлдің жапы-рағы солып қалыпты. Су құйса, жайқалып кетер еді», – деп ескертіп қойыңыз.

ЖОСПАР ҚҰРУ

Баламен бірге бір аптаға жоспар құрамыз. Бес маңызды іс болуы керек. Апта соңында қай іс орындалған жоқ, соны анықтаймыз. Уақытын жазып, роботқа айналдыру қажет емес. 

Қалауын білу. Велосипед айдап, суда жүзуді үйренуді армандайды. Ол үшін күніне 20-30 минут уақыт бөлсең, жетіп жатыр. Маңызды шаруаны бірінші орындауға үйретіңіз. 

Жақсы әдетті үйрету. Ерте тұрып, жылы су ішу. Жаттығу жасап, серуендеу. 30 минут пайдалы кітап оқу. Бала көзі жетпейтін болашаққа өзін қамшылай алмайды. Чипсы, тәттіні жиі жеуге болмайды. Теледидар мен телефонды ұзақ көрген дұрыс емес. Жақсы мен жаманды есіне салғанда ғана бала алға жылжиды. 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті

1605 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз