Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 15 Қыркүйек, 2021

Шетелдіктердің шынайы өмірін көргім келеді

Саяхат адамның дүниетанымын кеңейтеді. Соңғы кезде саяхатты өмір салтына айналдырған жастардың көбейгені байқалады. Солардың бірі – бүгінгі кейіпкеріміз. Ендеше, саяхатшы Қуат Болатовтың әңгімесіне назар аударайық.

– Алматы қаласында дүниеге келіп, Семей қаласында өстім. Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетінде оқып, оқуымды Нидерландыдағы университетте аяқтадым. Ең алғаш шет елге жиырма алты жасымда шықтым. Түркияға саяхат болды. Бес жұлдызды қонақүй. 2013 жыл еді. Бұл туристер үшін әзірленген мемлекеттің бір ғана бөлігі екенін байқадым. Бұл ел тұрғындарының шынайы өмірін көрсетпейтінін байқадым да, енді мұндай саяхат түрін таңдамаймын деп шештім. 

Таңғалдырған саяхатым – Назарбаев университетінің үздік 15 студентінің бірі ретінде Америкаға бір айға еңбек тәжірибесіне барғаным. Көзқарасымды түбегейлі өзгерткен ел – АҚШ. Әркімге әртүрлі шығар, бірақ маған ерекше әсер еткен мемлекет болды.

2015 жылы күзде Еуропаны көрсем деген ой туды. Аяғым баспаған жер, бару арманым болатын. Бәрі барып жүрген Милан, Париждегі «Эйфель» мұнарасына баруды көздегем жоқ. Еуропаның нағыз өмірін көрсем деген мақсат болды. Бару ойда болғанымен, ерекше сапар болса дедім. Ұшақпен барып, пойызбен, автобуспен жүремін деп те ойладым. Оның өзінде тек қана қалаларды көре алатын едім. Менің жоспарым ондай емес еді. Автостоп деген ой болды. Алдында Оңтүстік Кореяда автостоппен жүріп көрдім, бұл да менің ойымнан шықпады. Біреуге тәуелді боласың, жолда көлік тоқтатып, 500–1000 шақырым өтесің. Халықтың тұрмыс-тіршілігін көре алмайсың. Прагадан Парижге, бір қаладан келесі қалаға жаяу жүремін бе деп тағы ойладым. Сол маршрутты жүріп өту үшін төрт ай керек болды. Кеңседе жұмыс істеп жүріп ондай ұзақ уақытқа шыға алмадым. Кенет интернеттен адамдардың велосипедпен саяхаттайтынын көріп қалдым. Сол кезде 2015 жылы саяхаттап жүрген қазақстандық жігіттерден, екі беларусь жігіттен, Киевтің Алексей деген жігітінен қандай велосипед алу керегін, қалай жүру керегін сұрап, дайындалып жүрген едім. 2016 жылы наурызда электрондық поштама әуе компаниясынан Нұр-Сұлтаннан Амстердамға рейс ашылады, үш күндік жеңілдік деп хабарлама келді. Арманымды қазір орында-масам, арман болып қалады деп ойлап, он бес минут ішінде билет сатып алдым. Жұмыстан еңбек демалысымды алып, бір айдан астам мерзімге саяхатымды жоспарладым. Бір қызығы, соңғы рет велосипедті он үш-он төрт жасымда тепкеннен жиырма тоғыз жасқа дейін теппеппін, велосипедім де болмады. Жиналып, Амстердамға ұштым.

Амстердамнан велосипед сатып алдым. Саяхатқа шығарда үш күн бұрын Инстаграмға: «Еуропаны велосипедпен 32 күнде аралауды жоспарлап отырмын», – деп видео түсіріп салғанмын. Ол кезде Инстаграмда 1000 оқырманым болған. Түнде салып, таңертең тұрып қарасам, видеоны 10000-нан астам адам көріпті, 100-ден аса пікір жазылыпты. «Қазақ жігіті саяхаттап жүр екен, қонаққа келіңіз, танысайық» деген хабарламалар шетелдіктерден келе бастады. Амстердамға ұшып келгенде Голландияда оқып жүрген қазақ жігіті қарсы алып, жалдамалы пәтерге орналастырып, велосипед іздеуге көмектесті. «Букиңкомда» жұмыс істейді екен, сонда шақырды. «Гугл», «Амазонға» экскурсия жасап, ішіндегі атмосфераны көрсетті. Басқа қалаларға қонақ болуға шақыртулар көп болды. Саяхатымды бастағанда өте қызық болатын. Бірінші күні Амстердамнан шыға салысымен кешкі алты жарым, жеті шамасында адасып, кішігірім ауылдың ортасында қағаз картамен тұрғанмын, велосипедімнің артында А5 форматындағы Қазақстанның туы. Бір кезде қасыма машина тоқтады. Ішінен голландтық әйел шығып: «Мынау не ту, мында не істеп жүрсің?» – деп қызығып сұрады. Мен Қазақстаннан саяхаттауға келгенімді айттым. «Қазақстандықты алғаш рет көруім, велосипедпен саяхаттап жүргендерді мүлдем көрмеппін», – деп таңғалып, үйіне отбасымен таныстыруға шақырды. 

Одан кейін Голландиядан өтіп Германияға кірген кезде Фейсбуктен саяхатшылар тобы бар ресейлік жігіт шақырып, қонақ қылды. «Менің де арманым саяхаттау, сенімен бірге жүрейінші» деп ілесе шықты. Велосипеді ескі еді. «Велосипедім бұзылған кезде пойызға саламын да, үйіме қайтамын» деп, менімен 100 шақырым жүріп өтті. Германиядан Лихтенштейн, Швейцария, Францияға дейін бірге өттік те, ол Германияға кетті. Брюссельге велосипедімді қалдырып, қазақ қызы, ресейлік және колумбиялық жігітпен бірге Францияның Лилль қаласына «Еуро-2016»  футбол чемпионатының матчын көруге бардық. Үлкен стадионда футбол матчын көру асқақ арманымның бірі болатын. 32 күнде жеті мемлекетті аралап шықтым. Миссиямды орындадым. Олар: Нидерланды, Германия, Лихтенштейн, Швейцария, Фран-ция, Люксембург, Бельгия. 32 күннің  14 күнінде танымайтын адамдардың үйінде қондым. Әлемде жақсы адамдар бар екен. Шамамен 2200 шақырым жол жүрдім.

Дөңгелегім жарылып, Ли мырзаның үйіне тап болдым

2017 жылы велосаяхатқа екінші рет шықтым. Бұл жолы Нұр-Сұлтаннан Лондонға ұштым. Англия, Уэльс, Шотландия мемлекеттерін велосипедпен өттім. Ол кезде қызық болғаны өзіммен бірге шатыр алдым. Тамақ жасайтын заттарды қоса ала бардым. Ұлыбританияда 37 күн болдым. Бірақ екі-ақ рет палаткаға қоныппын. Қалалардың арасы үш шақырымнан көп емес. Ол жақта біздің отандастар өте көп. Жарыса қонаққа шақырды. Бара алмағандар ренжіді. Лондоннан шыға салысымен 70-80 шақырым жердегі кішкентай Санберри деген ауылда велосипедімнің дөңгелегі жарылып қалды. Тез арада ауыстырайын десем насосым сынып, қосалқы дөңгелегім тесік болып шықты. Жаңбыр жауып, көңіл-күйім түсіп отырсам, бір ер адам мен әйел адам велосипедпен келе жатыр екен. Олардан насос, дөңгелек қайда сатылатынын сұрадым. Тек көрші қалаларда ғана сатады екен. Палаткамды қай жерге тігейін деп жайлы орын сұрағанмын, үйлеріне шақырды. Өзеннің жағасында үлкен жер үй, сондай-ақ үлкен үш қабатты үй тұр екен. Жер үйде баласы тұрады екен. Үш қабатты зәулім үйге кіріп барсам, жаңағы жігіт пен Николь Кидман, Джулия Роберстің суреті тұр екен. «Сендер кімсіңдер?» – деп таңғалдым. «Жүр, жүр, көрсе-темін» деп Ли ноутбугын ашып, фотоларын көрсете бастады. Бұл жұп декорация жасайтын компанияның иелері екен. «300 спартандық», «Капитан Америка» деген фильмдерге декорация жасапты. Капитан Американың қалқаны бар ғой, сондай сегіз қалған жасапты. Ұлан-ғайыр Ұлыбританияда осындай адам-дардың үйіне тап болдым. Жақын дос болып, араласып та кеттік.

Өмір салты ұнайды

Әлемнің 50 мемлекетінде болдым. Соның ішінде 10 мемлекетті велосипедпен өттім. Ең үздік үш мемлекетті айтар болсам, АҚШ, онда тек дамыған қалалар ғана емес, көлдері, өзендері, шатқалдары, вулкандары, жалпы табиғаты өте әдемі. Аляска мен Гавай бөлек әңгіме. Екінші – Иран. Біз жабық мемлекет деп ойлаймыз ғой. Алайда Иран халқы өте ашық, мейірімді. Одан кейін Нидерланды. Олардың өмір салты, экологияға аса мән беретіні ұнады. Олар әлемдегі ең көп саяхаттайтын және ең бойы ұзын ұлт. Орташа бой – 182 см. Тура сөйлейді, көлгірсуді білмейді. Сонысымен маған ерекше жақын болды. 2018 жылы төрт грант жеңіп алдым. Арасында Ұлыбритания, Нидерланды болды. Сол кезде Нидерландыны тандауыма себеп болған – олардың өмір салтын өзіме сіңдіргім келді.

Саяхатшыдан кеңес

Әлі саяхаттамаған болсаңыз, Қазақстаннан бастаңыз. Қазақстан – ғажайып, киелі мекен. Көретін жер өте көп. Шет тілі керек емес. Қазақстанның барлық өңірінде болдым. Қатты ұнағаны – Іле, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, әсіресе Алтай жағы және Солтүстік Қазақстан облысы, Имантау. Қазақстанның ең әдемі жерлері – Бозжыра, Алтай, Шарын шатқалы. 

Өзбекстанға барыңыз, өте арзан. Шығыс стилі. Қауіпсіз. Қырғызстанға саяхат жасаңыз. Таулары өте әдемі. Адамдары ашық, қарапайым. Ресей. Орыс тілін білсеңіз болғаны. Ерекше әдемі, көршілес мемлекет. Егер Еуропаға, Батыс мемлекеттерге барамын десеңіз, кем дегенде ағылшын тілін білу керек. Саяхат-таймын деген адамға ағылшын тілі жеткілікті. Қытайдың Шанхай, Пекин сияқты ірі қалаларында ағылшынша сөйлеуге болады. Бірақ қарапайым қалаларына барсаңыз, ағылшынша білмейді. Ондай жағдайда гугл аудармашы көмекке келеді. Француз және испан тілдерін қоссаңыз, жаңа есіктер ашылады. «Сәттерді жина, олар сөйлейді» дейді ғой. Хоббиім – фото, видео жасау. Әр саяхатымды, әр сәтті бағалаймын. Немерелеріме айтатын әңгімем көп болады-ау, шамасы. 

Айзада САҒИДОЛЛА

«Ұлан» газеті

245 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *