Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 16 Қыркүйек, 2021

Дон-Еділ Қажымов, «Қадыр Мырза-Әлі» қоғамдық қорының директоры:Қадыр ақынның өмір жолы сериалға татитын ғұмыр

Қазақ ­поэзиясын Қадырсыз көзге елестету мүмкін емес. Өмірден өтсе де көңілден кетпеген классик ақынның артында мол  мұрасы қалды. Ақынның шығармашылығын насихаттау барысында қазір қыруар жұмыс атқарылуда. Қазақ барда Қадыр ақынның  мұрасы өлмейді. Біз осы орайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры Дон-Еділ Қажымовқа бірқатар сауал қойып,  ақын мұрасын ұлықтау мақса­тында атқарылып жатқан жұмыс туралы сұраған едік. 

– Дон-Еділ Ізмағамбетұлы, «Қадыр ­Мырза Әлі» қоғамдық қоры қалай құрылды? Ең алдымен, әңгімені осыдан бастасақ...

– Қазақтың маңдайына біткен ­Қа­дырдай біртуар ақынның мұрасын түгендеп, жоғын жоқтайтын, шығармашы­лық мұрасын насихаттап, есімін ұлықтау үшін жазушының рухын жаңғыртып іс-шаралар өткізетін Қор құру ­керек болды. Осындай мақсатпен Илья Жақанов, Нұрғали Нүсіпжанов, Ақұштап ­Бақты­гереева, Құндыз Нупов, Мереке Құлкенов, Қали Сәрсенбай, Салтанат Мырзалиева, Тұманбай Молдағалиев, Ескендір Хасанғалиев, Есенғали ­Раушанов, Серікқали Шарабасов, Қажығали Мұханбетқалиев, Гүлнәр Дәукенова сынды қазақтың қайраткерлерімен ұйымдастыру жұмыстарын жүргіздік.

– Ал қор қашан тіркелді?

– Қордың алғашқы құрылтай ­жиналысы 2011 жылдың мамырында Жазушылар одағының ғимаратында өтті. Қыркүйекте «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры тіркеуден өтіп, ресми куәлігін алды.

– Cодан кейінгі атқарылған жұмыстарды атап өтсеңіз?

– 2011 жылдың қараша айының ­басында Ұлттық музейде фотосуретші Р.Халеловтың «Қазақтың Қадыры» атты фотокөрмесін өткіздік. Содан соң Қадыр Мырза Әлінің 18 томдық шығармалар жинағын шығарумен айналыстық. Бұл іс жомарт азамат, қор құрылтайшыларының бірі әрі бас демеушісі «КАТЭК» компания­сының бас директоры Құндыз Шамақұлы Нуповтың демеушілігі арқылы  жүзеге асты. Мұнан кейін «Ең алдымен – ел қамы» деген атпен Қадекеңнің афоризмдер кітабын  шығардық. Кітап ­жазушы Мереке Құлкеновтың баспасынан әдемі безендірілген дизайнмен көркем жинақ болып шықты. Абай атындағы академиялық опера және балет театрында  алғашқы еске алу кешін жоғары деңгейде өткіздік. Бірер жыл өткен соң Оралда, Астанада және Қызылордада дәл осындай іс-шаралар ұйымдастырылды. Қордың ұсынысын қолдап, Алматы қаласы әкімдігі Қадыр Мырза Әлі  ширек ғасыр тұрған  үйдің қабырғасына естелік тақта орнатты. «Қадыр Мырза Әлі атындағы медаль» жасаттық.  Ақиық  ақынның туған жері Батыс Қазақстан облысы ­Сырым аудандық мектебінде Қадыр ақын атындағы әдебиет сыныбының ашылуына атсалыстық. Қадыр ағамыздың өзі жете алмаған сексен жылдығына арналған алғашқы шараны Алматыдағы Ұлттық кітапхана ұжымымен бірге өткіздік. Келесі шара Қазақстан Жазушылар одағымен бірлескен әдеби-сазды кеш Одақ залында ұйымдастырылды. Ал сәуірдің басында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрімен бірлесіп, «Нағыз қазақ – домбыра!» атты ақын өлеңдеріне жазылған ән кеші табысты өтті. Содан кейін «Ұлттық  музейге  сый тарту» акциясы шеңберінде Қадыр ағамыздың бірнеше жеке заттары мен қолжазбаларын Астанадағы Ұлттық музейіне табыстадық. Қадыр ақынның жеке кітапханасын Оралда арнайы салынған Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығына  жеткізуде Қордың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бұл туралы сол кезде ­«Алматы ақшамы» газетіне Қали Сәрсенбай «Қадыр көшіп барады» деген мақала жазғанын көкірегі ояу зиялы қауым ұмыта қойған жоқ. 
 Қадыр ақынның 80 жылдығына орай қордың демеушілігінің арқасында екі кітап дүниеге келді. Ол – «Балаларға базарлық» және  «Абыз ақын – аңыз ақын» атты жыр жинағы. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2015 жылы «Қазақфильм» киностудиясынан Қадыр Мырза Әлі туралы «Мәңгі майдан сарбазы» атты деректі фильм шықты.
Сондай-ақ «Қадыр Мырза Әлі» қорының ұсынысы қабылданып, Алматы қаласының екі көшесіне  Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиев есімі берілді. Орал қаласының жаңа ықшамауданы Қадыр Мырза Әлі атымен аталуына да бастамашыл болып хат түсірген біздің Қор екенін айта кету керек. Ал Қадыр оқуларын өткізу де – Қордың ұсынысы. 2019 жылы сәуірде Қырғызстанда қырғыз ағайындармен бірлесіп, Қадыр поэзиясы кеші өтті. ­Сонымен қатар бұдан басқа да көптеген жұмыс атқарылды. Ал өткен жылы Қапшағайдағы «Ақжайық» демалыс базасында Қ.Нуповтың демеушілігімен Қадыр ақынның бюст – композициясын аштық. Осы жерде Қали Сәрсенбайдың «Қазақтың Қадыры» атты жаңа кітабының тұсаукесерін өткіздік.

– Қазір бүкіл әлемді індет жайлап, көп жағдайда іс-шара өткізуге қиындық туып жатқаны белгілі. Пандемия қордың жұмысына кедергі келтірген жоқ па?

– Рас, карантиндік шектеулер Қор жұмысына айтарлықтай кедергі жасағанын айта кетуіміз керек. Белгілеген бірқатар іс-шара өтпей қалды. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазМУ-мен бірлесіп ғылыми  конференция, «Өнегелі өмір» сериясымен Қадыр Мырза Әлі туралы естелік кітабын шығаруды жоспарлап едік. Өкінішке қарай, өтпей қалды.  Бірқатар  іс-шаралар тағы кейінге шегерілді.  Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында дәстүрлі республикалық «Қадыр оқулары» байқауын екі жыл  қатарынан онлайн форматта өткізуге мәжбүр болдық. 

– Ал  өмірде Қадыр ақынмен қанша­лықты жақын байланыста болдыңыз?

– Ағалы-інілі болып екеуміз 30 жылдай араластық. Қалжыңдасатын нағашы-жиендік туыстығымыз одан ары  қарым-қатынасымызды жылыта түсті. Үйіне барсам, «Өй, көке, келдің бе!?» деп қуана қарсы алатын. Іші-бауырым елжіреп кетуші еді. Оңашада  екеуміз  әңгімелесіп отырып шәй ішетінбіз. Шығармашылық байланысымыздың айғағы ретінде Қадекеңнің өлеңдеріне жазылған «Ата», «Жар», «Бажа», «Ана», «Орал – әнім сенсің шалқыған» деген  әндеріміз бар. Жақсыдан – шапағат. Шығармашылық  байланысымыз ширек ғасыр бұрын ақын ағаның ұсынысынан басталды. 60 жылдық мерейтойының қарсаңында  бір топ өлеңдерін жібергені есімде. Асыл ағаның рухына арнап ақын Закария Сисенғалиев екеуміз «Қадыр ақын – қыран жыр» деген ән шығардық.

Қазіргі кезде  «Өмір-өмір» атты кітапты баспаға дайындап жатырмын. Кітаптың ерекшелігі, Қадыр ақынның сөздеріне жазылған бірнеше ән нотасымен беріледі. Қадыр ақынды ұлықтау жолындағы  атқарылып жатқан жұмыс туралы фотосурет және ресми құжаттар арқылы көрсетілетін арнайы бөлім болады. Аңыз ақынға арналған өлеңдер топтамасы мен арнау әндер, портреттер мен мүсіндер жинақтағы тағы бір бөлімге кіреді.
Өкінішке қарай, Қордың 10 жылдығын атап өту шарасына жете алмаған  құрылтайшыларымыз бар. Ақын, ақсақалымыз Тұманбай Молдағалиев Қадекеңмен бір жылда өмірден кетсе, әнші-композиторлар Ескендір Хасанғалиев пен Гүлнәр Дәукенова, Есенғали Раушанов, жазушы Қажығали Мұханбетқалиевтан соңғы бір жылда айырылып қалдық. Олардың әрқайсысы «Қадыр Мырза Әлі» қорының жұмысына өз үлесін қосқан жандар. Біз оларды әрқашан құрметпен  еске аламыз.

– Сіз өнерде өзіндік қолтаңбаңыз бар композитор-әншісіз. Шығарма­шы­лығыңыз қалай? Қазір немен айналысып жатырсыз?

– Ұзақ уақыт өз шығармашылығыма көңіл  бөле алмай қалғаным рас. Қазір соның орнын толтыруды мақсат етіп, ­жоспар құрдым. Бүгігі таңда «Бизнес ­бастау» мектебін тәмамдадым. Кәсіп аштым. «Дон-Еділден – домбыра» деген жоба басталды. Арнайы логотиппен брендтелген алғашқы аспаптар тұтынушыларға жетіп, жоғары бағасын алып жатыр. Содан соң  «Don-Edil» продюсерлік орталығын ашуды қолға алдым. Өйткені біраз әндерім орындалмай, жұртшылыққа таратылмай қалды. Жаңа шығармалар жазсам деймін. Киноға да қадам жасадым. Мүмкін, осы бағытта да жұмыс жалғасар.

– Қадыр ақынның мол мұрасын жинақтауда тың дерек табылды ма?

– Қадыр ақынның өмірі елдің назарында өтті. Алайда осыдан біраз жыл бұрын Қордың басшысы ретінде барлық облысқа хат жолдадым. «Кімде Қадыр ақынның суреттері, телерадио хабар, сұхбаттар бар, Қорға өткізсеңіздер, болмаса сатып аламыз», – дедім. Семей қалалық телеарнасы Қадекеңнің ұлы Абай еліне  барған сапары туралы түсірілімді өткізді. Басқа да азаматтардан бірнеше  суреттердің көшірмесін алдым.

– Ал мына өзіңіз тапқан суреттің қандай тарихы бар?

– Бұл сурет өз үйімнен шықты. Батыс Қазақстан облысы  Жосалы ауылындағы Абдолла Жұмағалиев атындағы мектептің алтыншы сыныбын бітіріп, жылдағы әдетім бойынша Бұлдырта ауылында жазға демалыста, шөп шабу науқанында тіркемеші болып еңбек етіп жүрдім. Бір күні Жосалыға үйге келсем, қөп әдеби кітап, әсіресе өлең кітап пайда болыпты. Сосын мен танымайтын ағайлар түскен бірнеше фотосурет. «Апа, мына кітап қайдан келді, фотодағы әкемнің қасындағы адамдар кімдер?» деп анамнан сұрадым. «Жақында ауылға Алматыдан бір топ ақын – жазушылар келді. Абдолла Жұмағалиев атаны еске алды, әдеби шара өтті», – деді анам. Жадымда қалғаны  – Қалижан Бекқожин, Сағынғали Сейтов, Берқайыр Аманшин. Сол фотосурет есімнен шығып кетіпті. Осыдан біразырақ жыл бұрын қайтыс болған інім Ғабитті еске алу шарасына дайындалған кезде, қара шаңырақта, марқұм анамның сандығында қалған қағаздардың  ішінен әкемнің құжаттары мен фотоларының арасынан осы сурет көзіме оттай басылды. Сарғайып, солғын тартыпты. Ескі сурет қайта жаңғырды. Бір топ кісінің ішінен бір адамды тани кеттім. Міне, ғажап! Алматыдан келген Қалижан Бекқожин, Сағынғали Сейтов, тағы да басқа меймандарды қарсы алып жатқан «Жосалы» совхозының директоры Халел Аманов болуы керек деп жорамалдап отырмын. Анық көрініп тұрған совхоз партия  ұйымының хатшысы – Опиев Хамидолла. Менің әкем, совхоздың жұмысшылар комитетінің төрағасы Ізмағамбет Ерғалиев, үстіне ақ китель киген, топтың орта шамасында тұр. Ал әкемнен сәл берірек тұрған кім? «Міне, ғажап» деп отырғаным сол, бұл Қадыр Мырзалиев екен. Әкемнің Қадыр Мырза Әлімен кездескенін осы кезге дейін білген емеспін. Қадекеңнің анасы біздің ауылдың қызы, апайдың руы өзіміздің Ақберлі, туыстығымыз туралы білемін. Сағымбай ағамның, Күлән апайым мен Сайын жездемнің үйіне келіп тұратынынан да хабардармын. Ал әкемнің атақты Қадыр ақынмен кездескенін енді ғана көріп отырмын. Қайран, асылдарым-ай!

– «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының болашақ жоспары қандай?

– Қордың басты мақсаты – Қадыр ақынның мол шығармашылық мұрасын насихаттау, есімін ұлықтау. Бұл бағытта жұмыстарды үнемі жалғас­тырып отырамыз. Ендігі бір жоспар – ақын ­Мырза Әлі шығармашы­лығын  ғылыми  тұрғыдан зерттеуді ұйымдастыру, оны ынталандыру. Перспективалық жоспарға келетін болсақ, алдағы уақытта Қадыр ағамыздың таңдамалы туындылар топтамасын  шығару жоспарда тұр.
Сондай-ақ Қадыр Мырза Әліге байланысты шығармашылық жобалар болса, қолдап, көтермелеп, ынталандырып отыру ойда бар. Әрине биік деңгейдегі жұмыстар болса ғана. Ол әдеби шығарма, көркемөнер, музыкалық туынды бола ма, марапаттап, бағалап отыратын боламыз. Мысалы, жоғарыда атап өткен журналист-жазушы, Қали Сәрсенбайдың кітабын жарыққа шығаруға «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры демеуші болды. Сонымен қатар болашақта Алматы қаласында  ақынға ескерткіш орнатылуына бастамашыл боламыз деп отырмыз. Басқа да жоспарлар бар.
Өткен жылы Атырау облысындағы мектепке Қадыр Мырза Әлінің есімі берілді. Қуанарлық жаңалық. Азаматтарға көп рақмет. Алайда Қадырдай дара, дана тұлғаны бүкіл ел болып, насихаттасақ, артық болмайды. Өкінішке қарай, бізде жоғарыдан нұсқау келмей, ешнәрсе қозғалмайды. Әлі де сол қалыптан шықпаған секілдіміз.
Тағы бір айта кететін нәрсе, композитор Мыңжасар Маңғытаев пен Қадыр Мырза Әлі (либеттосын) жазған опера бар. Кезінде Мемлекеттік қабылдаудан өткен. Сол күрделі туынды сахналанса деген ойым бар. Әрине, ол үшін көп қаражат қажет. Бұл шара ақынның тоқсан жылдығына қарай  іске асырылса дұрыс болар еді. Оған дейін уақыт бар. Қадыр ақынның жиырма томдығына мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, кітапханаларға таратылса нұр үстіне нұр болар еді. Қазір қазақтың ұлы қайраткерлері  туралы көркем фильм­дер түсіріле бастады. Құптауға тұрарлық керемет іс. Қадыр ақынның өмір жолы да сериалға татитын ғұмыр. Бұл жүзеге асса, келер ұрпақ үшін тағылымды тәрбиелік фильм шығар еді.

– Алдағы уақытта Қордың онжыл­дығын қалай атап өтпек ойларыңыз бар?

– Жағымды жаңалық ретінде айтарым, біз Қордың сайтын аштық. Мұның барлығы да тірнектеп жиналған материалдар. Мұнда Қадекеңнің барлық кітаптарының электрондық нұсқасы жинақталған. Бұл – он жыл ішінде істелген жұмыстардың нәтижесі. Әзірше Қапшағай қаласындағы «Ақ Жайық» демалыс базасында Қадыр ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, шағын мәдени бағдарламамен шектелеміз. Қазіргі қалыптасқан жағдай дұрысталса, жыл аяғына дейін жоспарлап отырған басқа да бірқатар іс-шаралар бар. Мақсат – Қадыр ақынның мол мұраларын қадір тұтқан халқына насихаттау, жас ұрпаққа жеткізу. Бұл іс-шаралар болашақта да игі жалғасын таба беретін болады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

                                                                                                                                         "Ана тілі" газеті

2141 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз