Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 16 Қыркүйек, 2021

Жас ұрпақ шешен болсын деп...

Академик В.В.Радлов: «Қазақтар… мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таңғаласың», – деп тамсанған қазақтың бүгінгі сөйлеу дағдысының қалай екенін айтқызбай-ақ біліп отырсыз. Көбіне 300 адам жиналған үлкен тойда жүрек түкпіріңе жатталып, сақталып қалатын үш ауыз есті сөз ести алмай, алқалы топта қатынының қалқасына тығылған еркектерді көріп есеңгіреп қайтатынымыз қасірет емей немене? Ал биік мінберлерде мемлекеттік мәртебесі бар тілде міңгірлеп, тілін жұтып, топтан тығылып, тілшіден қашып жүргендер қаншама? Ендеше, ата-бабасы шешен болған халықтың ендігі ұрпағын қалай түзейміз?

2018 жылдың қыркүйегінде ақын, баспагер Серік Қалиевтің дәнекер болуымен Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры Роза Ербозымқызы жұмысқа қабылдады. Оның алдында сол мектепте оқитын ақын інім Марат Әбдіраманханның алғашқы кітабының таныстырылымына арналған әдеби кешті жүргізіп, ондағыларға ұнап қалғам. Не керек, іске кірісіп кеттім. Мұғалімдік – бала кездегі басты армандарымның бірі еді. Қолым жетті. Енді жетістікке жету ­керек. Маған бұйырған арнайы пән «шешендік сөз өнерінің» біраз үзілістен кейін мектепке енгізілгеніне бірер жыл ғана болыпты. Қарасам, күнтізбелік жоспар әдебиет пен шешендіктің теориясына құрылыпты. Тура солай өту бір жағынан әдебиет пәнін қайталау болса, екінші жағынан, онсыз да жүктемесі көп оқушылардың пәнді қабылдауына ауыр еді. Сондықтан, алғашқы күннен бастап нақты тапсырмалармен тәжірибе жасауға тура келді. Алғашқы сабағымнан-ақ «шешендік өнердің ұлттың ұлы мұрасы екенін», оны білу, меңгеру мен қолданудың бар қазаққа міндетті екенін ұғындыруға тырыстым. Ол үшін сан түрлі мысал келтіріп, көбік сөзбен емес, көркем сөз, образды ой, тағылымды әңгімемен оқушының көңіл түкпіріне қонақтап қалуға барыңды салуға тура келеді. Олай болмаса «ескі өнердің технологиялық ғасырға қандай пайдасы мен маңызы бар» деген сұраулы жанарларға, күмін көп жүрекке от бере алмайсыз. Сонымен, алғашқы сабағым барлық уақытта барынша тіл тазалығын, сөйлеу мәдениетін сақтауды міндеттеуден басталды. Бастысы, өзіңіздің үлгі көрсетуіңіз ең маңызды әрі нәтижелі болмақ. Ары қарай мақал-мәтел жарысы, тұрақты сөздер мен байырғы сөздерге сөйлем құрау, шешендік сөз, шешендік толғауларды түсініп жаттап, мәнерлеп айту және оны өмірде орынды қолдану сияқты тапсырмалар кезең-кезеңімен жалғаса берді. Сабақтың мазмұнын, өтілу формасын өзгертіп, құбылтып отыру, тапсырманы орындауды міндеттеу де басты назарда.

Бірде сабаққа қамшы алып бардым. Ер оқушыларды шетінен шақырып, құрылымын, неден, қалай жасалатынын, оған қатысты атау-ұғымдарды сұрадым. Өкінішке орай, санаулы оқушыдан басқасы мандытып ештеңе айта алмады. Оны айтасыз, өмірі қолына қамшы ұстап көрмегендер де бар екен. Барлық оқушыны тыңдап болғаннан кейін қамшыға қатысты арнайы сабақ өттім. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма», «Алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс», «Қамшының сабындай», «Қамшы үйірді»,  «Қамшылады», «Қамшылар жағы», «қамшы боп тиді» т.т. қамшыға қатысты тіркестердің мән-маңызын талдап, сөйлем құрадық, «Қамшы қайтару» сияқты қамшыға қатысты әдет-ғұрып, ырым-тыйымдар мен оны ұстаудың мәдениетін, қамшының түрлерін айттым. Қазақтың қара өлеңіндегі «Қамшы өлең» бөлімін оқытып жаттаттым. Міне осылайша, ұмыт болған ұлттық ұғымды ғана емес, сөз-сөйлемдерді де жаңғырттық. Тағы бірде Жүсіпбек Елебековтың орындауындағы әнді қостым. Әншінің даусы асқақтай бергенде бірнеше оқушы даусын шығарып күліп жіберді. Сол жерден әнді тоқтатып 10 минуттай ой саларлық дәріс оқып, қазақтың музыкалық мәдениетіне шолу жасауға тура келді. Салыстырмалы мысалдар арқылы қазақ әндерінің бүгінгі бағытына көбірек күлуге болатынын, бұрынғы халық әндерінің өлеңдеріндегі көркемдік пен айшықты ойдың айрықша сипатын айттым. Нәтижесінде, оқушылар халық әндерін тұщына, түсіне тыңдау мәдениетін қалыптастыра бастады. Осы кезден бастап терме-толғауларды жиі тыңдатып, 3 сұрақ қойып, қысқа әрі нақты жауап беруге үйреттім.

Сабақ кезінде де, сабақтан кейінгі уақытта да сөйлеу мен жазу кезінде тіл тазалығын сақтау – ең басты талап болды. Оны бұзған оқушыға ат-шапан айып ретінде қосымша тапсырма берілді. Осы талапты бірден орындап кеткен белсенді, алғыр оқушылар өзге сыныптастары мен құрбы-достарын күнделікті бақылап жүрді. Екі тоқсан өткенде көпшілік алдында қорытынды жасалып, үздіктер «Тіл жанашыры» арнайы сыйлығына ие болып, әдеби кітаптарды қанжығалады. Алғашқы жылдармен салыстырғанда тіл тазалығын сақтауды мәдениеттіліктің, ұлтқа жанашырлықтың нағыз көрінісі санайтын оқушылар қатары артты. Осылайша, оқушылардың сөйлеу дағысы түзеліп, сөздік қоры молайды. Ал оны тексерудің басты амалы – шешендік сайыстар өткізу еді. Түрлі байқаулардан тәжірибе жинай келе 4 кезеңнен тұратын, өзіндік талап-өлшемдері бар, екі адамдық жекпе-жек түріндегі шешендік сайысты қолданысқа енгіздік. Оның ерекшелігі, сайысқа қатысушы кез келген мәселенің екі жағын (ақ-қарасын) тең таразылауға, соның негізінде өзінің пікірін айтуға үйренеді. Қарсыласына ұтымды, нақты сұрақ қоюға, оның қойған сауалына дәл, жүйелі жауап беруге бейімделеді. Бүгінгі қоғамның бір дерті – айтар ойды алты қыр асырып, қадірін қашырып барып айту, жөнді сұрақ қоя алмау, сұраққа дұрыс жауап бере алмау. Ендеше, біздің оқушылар осы мәселенің шешілу жолын біліп, өзін ерте бастан түзей алады деген сөз. Осы мақсатқа жету үшін біраз тер төгуге тура келеді. Сынып ішінде, сынып аралық, мектеп деңгейінде шешендік сайыстар өткізіледі. Әсіресе мектепте жылына бір-ақ рет өтетін «Жыл шешенін» анықтау сайысы өте тартысты өтеді. Өйткені әр жылы тек бір-ақ оқушы мектептегі бүкіл замандастарын шаң қаптырып, қара үзген «Жыл шешені» мәртебесіне ие болып, арнайы куәлік алады және бағалы сыйлықтарға қол жеткізеді. Биылғы мектеп түлегі, Абайдың 45 қарасөзін жаттаған Ізбасар Ұлдана мен 10-сынып оқушысы, айтыскер Қазыбек Жалғас осы биік тұғырдан көрінді. Олар республикалық шешендік өнер сайыстарына іріктеусіз қатыса алады. Ал мектеп-интернаттың маңызды іс-шараларының бірі – дәстүрге айналған республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы. Осы кезге дейін екі рет 10 облыс, 3 қаладан 50-ден астам оқушы қатысып, бақ сынады. Ақшалай жүлдесі бар айтулы байқаудың тұрақты демеушісі – «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры». Сөз әлемінің саңлақтарын жүзіктің көзінен өткізетін байқау биыл күзде алғаш рет жекпе-жек түріндегі сайыс ретінде өтпекші. Міне, бұл біздің мектептің ғана емес, еліміздің барлық өңірлеріндегі оқушылардың шешендікке деген қызығушылығы мен ынтасын арттыратын игілікті іс-шара.

Академик Марат Тоқашбаев, алаштанушы, академик Дихан Қамзабекұлы, белгілі көсемсөзші, журналист Нұртөре Жүсіп, этнограф Тәттігүл ­Картаева, әнші-зерттеуші Еркін Шүкіман т.т. тұлғалар тәлімі жас ұрпаққа рухани серпіліс әкелді, оларға қарап өзін де сөзін түзеуге көшті.

Шешендік өнерге бейім оқушыларды іріктеп алып, «Ділмар» үйірмесіне мүше етіп қабылдаймыз. Ондағы оқушылар шешендікті тереңдей меңгеріп, сайыстарға, түрлі байқаулар мен бағдарламаларға қатысады. Олардың жазу шеберлігі де шыңдалып, шығармалары республикалық газет-журналдардан жарық көруде. Үздіксіз еңбектенудің нәтижесінде үйірме мүшелері өздері жақсылап дайындалып, өзге тұлғалармен тең дәрежеде сұхбат құрып, әңгіме өрбітіп, сұрақ қоя алатын, қалыптасқан жүргізушіге айналып келеді. Бұл алға қойған басты мақсаттың бірі. Әрмен қарай да осы бағытты дамыту жоспары бар. Арнайы бағдарламасы бекітілген шешендік сөз өнері пәнін желілік Абай мектептеріне және еліміздің барлық мектептеріне таратсақ деген ізгі мақсатымыз бар. Айтпақшы, біздің мектепте де, өзге мектептерде де қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бере отырып, тіл тазалығын өзі сақтамайтын, оқушыдан оны талап етпейтін мыңдаған мұғалім бар. Ойланайық...  Сөз соңында ұлттық өнердің ­насихаты мен дамуына зор мүмкіндік жасаған Білім және ғылым министрлігі мен мектеп басшылығына алғыс айтамын!

Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ,

журналист, Абай атындағы

РММИ-дің мұғалімі 

1167 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз