Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 17 Қыркүйек, 2021

Табысты еркектің артында ерін сүйген, еріне сенген əйел тұрады

"Кез келген табысты еркектің артында мықты əйел тұрады» деген сөз бар. Мықты  әйел тұрса еркектің талабын, сенімін басып тастар еді. Екі мықтының басы бір қазанға симайды. Меніңше, әрбір табысты еркектің артында ерін сүйген, еріне, ерінің бастамасына сенген, сүйеніш болған, қолдау білдірген, қиындығына төзе білген, ері мен балалары үшін өз армандарын құрбандыққа шалған әйел тұрады.

                                               ***

Адамзатта жауабы табылмаған деп есептелетін екі сұрақ бар. Бірі: «жұмыртқа бұрын жаратылды ма, әлде тауық бұрын жаратылды ма?» болса, екіншісі: «заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме?».

Біріншісінің жауабын білмеймін, ол мені аса қызықтырмайды да, ал екіншісі туралы білімді, білуге, зерттеуге, дамуға құмар адам ғана заманды өзгертеді деп ойлаймын. Ондай адамдар өз өмірінің сапасын жақсарту жолдарын тауып, дағдыларын өзгертеді. Оны көрген маңайындағылар қоса өзгереді, біртіндеп ел өзгереді. Одан кейін екінші, үшінші, жүзінші ел өзгереді. Осыны біз заман өзгерді деп жүрміз. Бұл ойыма, бәлкім, біреулер қарсы болар.

                                                ****

Өз басым қандай жағдайда да ешкімнен ештеңе дәметпеймін, күтпеймін, ренжімеймін. Оның үстіне жаман жағдайымды жария етпеймін. Мүмкін біреуі білмей жатқан болар, біреуінің қолы тимей жатқан болар, біреуінің жағдайы, басындағы проблемасы менікінен де мүшкіл болар деп ойлаймын. Сондықтан әлеуметтік желіде «маған қолдау білірмеді, маған келмеді, маған жылы сөз айтпады» деп ренжіп отыратындарды ұқпаймын.

                                            ***

Алдында бір жерлес ағам «Қарындасым, почтамен келетін тілектер жазылған открыткаларды сағындым депсің. Адресіңді жазшы, салып жіберейін» депті.

Осындай таза, басқаларға қуаныш силауға, арманын орындауға дайын тұрған ағаларды көргенде жақсы адамдар әлі де бар екен-ау деп жүрегім жылып қалды.

Өмірді жарқын, қоғамды мейірімді қылып отырған осындай ізгі ниетті, шалқар көңілді, алтын жүректі адамдар ғой!!!

                                                ****

Кейбір сәттерде адам жаны жалғыздықты қалайды. Мына өмірдің күрмеуі шешілмес мәселелерінен де, адамдардың пендешілігінен де, күнделікті күйбің тірліктен де шаршап, жеке қалып өзінің жан дүниесіне, ойларына, әрекеттеріне, өткені мен болашағына талдау жасап, реттегісі келеді.  

 

Шолпан Ғаббасованың Facebook желісіндегі парақшасынан

 

1900 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз