Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 20 Қыркүйек, 2021

Теңге бағамы қаншалық құбылуы мүмкін?

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы нарықтың кәсіби қатысушылары арасында қыркүйекте жүргізілген сауалнаманың мәліметтерін жариялады. Сарапшылар алдағы кезеңде теңге бағамы мен мұнай бағасының қаншалықты құбылуы мүмкін екендігін жан-жақты қарастырады.

Таяу күндері Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі ұлғаяды. Қалай болғанда да, қыркүйектегі сұрау салуға қатысқан респон­денттердің 56%-ы осындай пікір білдірген. Тамыз айында базалық мөлшерлеме 13 қыркүйекте ұлғаяды деп солардың 40%-ы дауыс беріпті. Жаңартылған консенсусқа сәйкес, бір айдан кейін бұл қазіргі 9,25%-дың орнына 9,5%-ды құрайды.

Дегенмен, егер үкімет инфляцияны ауыздықтай алса, көз жеткізе алар келешекте ол ағымдағы деңгейіне қайта оралады. «Сарапшылар алдағы 12 айда базалық мөлшерлеменің жылдық деңгейі 9,25%-ға дейін тө­мен­дейді деп болжауда. Бұл инфля­циялық қысымның төмендеуі болжануына да негізделіп  отыр», – деп көрсетеді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) өз талдауында.

Бұл осыдан бір ай бұрын бол­жан­ған мәннен азырақ: тамыздағы орташа болшам 9,5% құраған болатын. Айта кету керек, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш  8,6% болған еді. Шынтуайтында, сарапшылардың сол кезде ақша-кредит саясатының жұмсартылуы мүмкін деген болжамы орнына Ұлттық банк оны бұрынғыдан да қатайта түскен еді (1-инфографика).

БАҒА: ИНФЛЯЦИЯ  ҚАРҚЫНЫ БАЯУЛАЙДЫ

Қазақстанда соңғы 12 айда тауарлар мен қызмет көрсету бағалары 8,7 пайызға артқан. Бұл ретте 2020 жылдың қыркүйегінде сарапшылар 7,7% өседі деп болжаған (тіпті сол кездің өзінде бұл айтарлықтай пессимистік нұсқа еді) болатын.

Респонденттер алдағы уақытта инфляция қарқыны баяулайды деп сендіреді. Қыркүйектегі болжамға сәйкес, бір жылдан кейін жылға шаққандағы бағалардың өсуі 7,5 пайызды құрайды. Тамыздағы бағалау да дәл осындай болатын. «Атап айтар болсақ, өткен сейсенбіде үкімет 2021-2023 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекеттердің кешенді шараларын ұсынды (70 шара). Биліктің бағамдауына сай, мұның бәрі инфляцияның жалпы деңгейіне бақылауды қамтамасыз етпек», – деп түсіндіреді ҚҚҚ (2-инфографика).

ІЖӨ: БОЛЖАМДАР  ТҰРАҚТЫ

Респонденттер тарапынан экономика өсіміне қатысты сенім біршама нығайған.

Сарапшылардың пікірінше, еліміз  ішкі жалпы өнімінің 12 айдан кейінгі өсімі 3,5% (ағымдағы көрсеткіш – 2,7%) құраған. «2022 жылдың қорытындысы бойынша  Ұлттық экономика министрлігі көрсеткіштің 4,1%-ға дейін, S&P – 3,6% жеделдейтінін болжайды», – деп атап көрестілген Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының ресми мәліметінде.

Осы ретте соңғы 7 айдағы орташа болжам нақ осы 3,5%-ды құраған. Бұл, өз кезегінде, республика экономикасын қайта қалпына келтіру қарқынына қатысты сарапшылар пікірлерінің кәдуілгідей тұрақты және бекем екенін де аңғартады (3-инфографика).

ДОЛЛАР: БІРШАМА ҚЫМБАТТАЙДЫ.

Ішкі жалпы өнім өсімі ұлтық валютамызға да қолдау көрсетеді. Респонденттер пікірінше, Қазақстанда бір айдан кейін доллардың құны 425,8 теңге құрайды. Жалпы алғанда, бұл ағымдағы бағамнан соншалықты алшақ та емес. Бірақ та алдағы 12 айда теңге өз тұғырын біршама әлсіретері анық. «Ұлттық валютаның қысқа мерзім аралығында нығая қояр қауқары айтарлықтай шектеулі. Алдымыздағы 12 ай көкжиегінде USD/KZT бағамы ағымдағы бағамға (425 теңге) қатысты 2,3%-ға өседі. USD/KZT жұбы бойынша орташа бағам бір айдан кейін 425,8 теңге, бір жылдан соң – 435,5 теңге құрайды», – деп атап көрсетеді қауымдастық мамандары.

Екінші жағынан алғанда, тамызға қатысты оптимизм де ортая түскен сияқты: бұдан бір ай бұрынғы орташа болжам 3 теңгеге аз болжанған (4-инфографика).

МҰНАЙ: ЖЫЛДЫҚ БАҒА ӨЗГЕРМЕЙДІ

2020 жылдың екінші жартыжыл­дығында респонденттер тұрақты түрде бір жылдан кейін Brent маркасының құны бір барреліне 50 долларға жуық болады деп болжаған.

Арзан бағалапты: 2021 жылдың қыркүйек айының басына мұнай 70 доллар белгісінен жоғары саудаланған. Енді сарапшылар осындай баға тағы бір жылға сақталады деп отыр. Қыркүйектегі орташа болжам бір барреліне 72,8 долларды құрапты. Ал бұл бұдан бір ай бұрынғыдан 1,7 долларға көбірек.

Қорыта келе айтарымыз, ұлттық валютамыз – теңгенің бағамы біршама орнықты, ал экономикамызды нығайтушы негізгі пайдалы қазба байлығымыз – мұнай бағасы да бірқалыпты күйде сақталып отыр. Таяу бір жыл бедерінде теңге бағамы мен мұнай құны осындай бірқалыпты жағдайда өрбитін болса, экономикамыздың індетке дейінгі даму қарқынының қалпына келуі де жеделдей түсері даусыз.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

 

2243 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз