Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 20 Қыркүйек, 2021

Ми - рухани қайнардың қуат көзі

«Ана тілін меңгеру – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, игеру заңдарын білу ғана емес, тіл ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой фәлсәфәсін де меңгереді».

 Жүсіпбек АЙМАУЫТҰЛЫ

Адамзаттың екі мың жылдық та-рихы өзінің жүрісінен жаңылғандай, бұрын-соңды болмаған, күтпеген оқыс оқиғалар көбейген ерекше бір дәуірді бастан кешіріп жатыр. Осы уақытқа дейін табиғатты өзіне «бағындырып», «адамға табын, жер енді!», «өмірді тұрмыс билейді» деп келген адам баласының іс-әрекетіне күдік келтірер құбылыстар көбейе түскен түсініксіз бір кезеңге кіріп кеткендейміз. Өмірде болып жатқан өзгерістерді пайымдауға осы уақытқа дейін жинақтаған білім-ғылымымыз, тәжірибеміз дәрменсіздік танытып, адам баласы өзі өмір сүріп отырған қоғамдық ортаны өзі қиратуға мәжбүр болып, енді оның орнына қолайлы қандай құрылыс орнатарын білмей, дал болуда.

Адамның, ол тіршілік жасап жатқан өмірдің, жаратылыстың құпиялары адамзат баласының алдында тұрған мәңгілік проблема ретінде есте жоқ ескі замандардан-ақ ғұламалардың шешімін табуға ұмтылған негізгі проблемаларының бірі болып келеді. Жер бетінде тіршіліктің пайда болуы жайында күні бүгінге дейін түрліше пікірлер бой көрсетті. Кванттық физика саласында соңғы кездерде ашылған жаңалықтар жаратылыстану ғылымдарымен бірге қоғамдық ғылымдарға да, оның ішінде адамның жан, ойлау, сөйлеу жүйесін ғылыми тұрғыдан дәйектей түсуге мол мүмкіндіктер ашып отыр.

Өткен мыңжылдықтың соңына қарай ашылған бұрыннан белгілі заттың қатты, сұйық, газ тәрізді және плазмалық күй деп аталатын төртеуінен басқа физикалық вакуум, энергиялық-ақпараттық өріс, абсолютті «ештеңе» деген атауларға ие болған тағы да үш деңгейінің ашылуы біздің дүниетанымымызға үлкен өзгерістер әкелді. Мұндағы алғашқы төртеуі материалдық әлемді бейнелесе, соңғы үшеуі «нәзік әлем» деңгейі ретінде қабылданды. Жалпы, философтар материалдық әлеммен бірге рухани әлемнің де бар екендігін атам заманнан айтып келе жатқанымен де адам өмірін тұрмыс билейді деп, негізінен, материалдық құндылықтарға басымдық беретін. Енді жаратылыстану ғылымының, оның ішіндегі кванттық физиканың соңғы жетістіктері «әлемді «абсолют», яки, жоғарғы сана, жоғарғы күш, көркемдеп айтсақ, Құдайдың ақпараттық өріс арқылы билейтінін дәлелдеп отыр. Мұны ғаламдық ақпараттар ағыны – ол ақпараттардың ішінен өзіне керектілерін адамның қабылдауы – олардың адам миында трансформациялануы – қайтадан ғарыштағы ақпараттық өріске шығуы түрінде түсіндіруге болады.

Ғаламдық ақпараттық өрістің қозғаушы күшіне айналған адамның кез келген ойы ғарыштағы «сана өрісінде» сақталып, сонымен бірге әлемді «абсолют», яки, жоғарғы сана, жоғарғы күш ретінде әлемді ақпараттық өріс арқылы билейді (Қараңыз: Ә. Әшіров. Сана экологиясы. Алматы, 2020).

Адамның болмысы тән мен жанның бірлігінен тұрады. Бұл жерде тән жанның үйі іспеттес. Үйі (тәні) жақсы болса, ішіндегі тұрғынның (жанның) да жайы жаман болмайды. Осы екеуін біртұтас организм етіп тұрған ми мен жүйке жүйесі. Ми адамның санасын жүйке жүйесі арқылы денесімен байланыстырып, тұтас организмді қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп, оның қалыпты жұмыс істеуін қадағалап отыратын автоматтандырылған орталық іспеттес.

Қазақтың алғашқы «Психологиясын» жазған Ж. Аймауытов адам миының қызметін былайша түсіндіреді: «Жүйкелер саласы дегеніміз – ми, жұлын, сол екеуінен тарайтын барлық бұтақтар. Бұлардың ішінде ең маңыздысы ми болады. Мида еш өзгеріс болмаса, жан күйі де болмайды. Мидағы өзгерістер алуан-алуан болады. Сондықтан оның нәтижесі болған жан күйі де түрлі-түрлі болады. Ми кінәраттанса, жан күйін де кешіре алмаймыз. Олай болса, барлық жан күйінің кілті ми қолында екен. Бұрынғы психологшылардың «жан» деп, миды айтқаны дұрыс сықылды. Ми дегеніміз – күллі денедегі қызметтерді басқарып тұратын бір кіндік (орда). Жүйкенің барлығы мидан тарайды. Кейбір жүйке сырттан алған хабарын миға жеткізіп тұрады: кейбірі мидың берген бұйрығын шетке тастап жүреді, миды телефон станциясына ұқсатуға болады.Пәлен үйдің нөмірімен қос деп, станцияға сылдыратсаң, ол дереу қосып береді. Бірақ мидың одан гөрі айырмасы бар. Станция қаласа, тілеген тараумен өзі сөйлесе алады. Ми олай емес, сырттан, шеттен хабар алмай, өз бетімен бұйрық бере алмайды. Миды орда үкіметпен салыстыруға болады...

Жүйкелердің миға хабар берулерін арызшы (кіндікке шабушы) деп, мидан бұйрық тасушыларын орындаушы (кіндіктен тараушы) жүйкелер деп, атауға болады. Кіндікке шабушы жүйкелер сыртқы сезімдерді алуға себеп болатындықтан, оларды кейде сезуші деп те жүргізеді. Кіндіктен тараушы жүйкелер денедегі еттерді аралап, соларды қозғаушы жүйкелер деп те жүргізеді» (Ж. Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. Төртінші том. Алматы, «Ғылым», 1998, 63-бет).

Ой дегеніміз – ақылдың іс үстіндегі көрінісі, ойлану барысында пайда болатын идея. Мидың ақпараттарды қорытып, жұмыс істеуі кезінде туын-дайтын ойлар, идеялар адамның өмірге деген сенімін, көзқарасын қалыптастырып, оның өз ортасындағы өзіне лайықты орнын алуына көмектеседі.

Ми мен ой бір-бірімен тығыз байланыста, бірінсіз бірі жоқ. Миды жұмыс істететін – ой; ой болмаса, ми жұмыс істемейді. Ойлану барысында ойда нәзік тербелістер – ой толқындары пайда болады; демек, ойдан энергия туындайды. Сол сияқты ми болмаса, ой да сыртқа шыға алмай, іште өлер еді. Мидың жұмыс істеуі барысында ой қуаттанып, энергетикалық кеңістікке айналып, өмірдің аса маңызды факторына айналады.

Ми қабылдаған ақпараттардың сыпатына қарай, ойлар позитивті, не негативті болады. Ойлану барысында энергияға айналған осы ойлар эфирлік тербелістер арқылы кеңістікке тарап жатса, екінші жағынан, тартылыс заңына орай, сол толқындағы басқа да өзіне ұқсас ойларды өзіне қарай тарта түседі. Біздің қандай толқында қандай ойларды таратып жатқанымызға байланысты ол ойлар позитивті де, негативті де болуы мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды біз жақсы ойлардың жетегінде жүрсек, миымызда позитив ойлар көбейіп, оң шешімін тауып жатады; оң ойлар оң энергияға айналып, жігерлендіре түседі; мұның соңы денсаулықты нығайтып, қоғамдық ортадағы жолыңды аша түседі. Ал жағымсыз ойлар негатив ойларды тартып, адамды шаршатады. Жақсы ойлар жақсылыққа қарай жетелейді; жаман ойлар түптің түбінде жаманшылыққа апарып соқтырмай қоймайды.

Осы айтқанымызға орай, өмірде болған мына бір адам сенбейтіндей, оқиғаға назар аударайық. Оқиға Өзбекстанда болады. Әке-шешесі ертерек қайтыс болып кеткен бір үйдің бес баласы ең үлкен ағасының арқасында өсіп, жетіледі. Ағалары жақсы қызмет істеп, іні-қарындастарын оқытып, қарындастарын ұзата бастайды. Оның бар арманы жастайынан өмірде кездескен не бір қиындықтарға қарамастан, жетім қалған қарындастары мен інілерін қатарларынан кем қылмай, жоғары оқу орнын бітіртіп, үй қылып, жұрт қатарына қосу болады. Сөйтіп жүргенде бір күні оқыс оқиғадан жазым болып, оқ тиіп, өлі мен тірінің арасында ауруханаға түседі; ота жасалып, үш күн ес-түссіз жатады. Сол кезде не болғанын ол кейін былайша айтып беріпті:

 «Қызық. Анадай жерде, дәрігерлер маған операция жасап жатыр. Оны өзім сырттай көріп тұрмын. Бірақ ешқай жерімнің ауырғанын сезбеймін. Кетіп қалайын десем, операция үстелінде жатқан өзімді қимаймын. «Мен кетіп қалсам, ана дәрігерлер өлтіріп қояр» деп ойлаймын. Дәрігерлер бір-біріне бірдеңе деп айтып жатты, бірақ олардың дауысы маған есітілмейді. «Мен шынының арғы жағында тұрған соң есітпей тұрмын-ау» деп ойлаймын. Бір кезде аппақ киінген, арқасында қанаты бар періште қыз келіп, «сені ана жақта әкең шақырады» дейді. Әкемді қатты сағынған екем. Операция үстеліндегі өзіме де қарамай, «қайда?» деп періштенің соңынан ұштым. Керемет әдемі бақтардың үстімен ұшып келеміз. Бақта жүрген адамдар бізді байқамайтын секілді. Бәрі өз-өзімен әндетіп, көңілді жүр. Бір кезде аппақ бұлттың арасына кіріп кеттік. Мен әкемді көруге асығып, шыдамым таусылып келем. Бір кезде керемет бір салтанатты сарайдың ішіне келіп кірдік. Сарайдың әдемілігі көздің жауын алады. Жан-жағыма қарап келе жатып, періште қыздың қайда кетіп қалғанын байқамай қалыппын. Не істерімді білмей іздей бастадым. Қарасам, анадай жерде анам келе жатыр. «Апа» деп тұра ұмтылдым. Құшақтамақ болып едім, анам «бізге қазір құшақтасуға болмайды» деп мені тоқтатты. «Мұнда не істеп жүрсің?» деп сұрады. «Әкем шақыртыпты» деймін. Анам ренжіп, «сен қазір бала-шағаңа, әлі тұрмыс құрмаған қарындасыңа қажетсің. Әкең күте тұрады. Қазір жылдам қайт» деді. «Апа, мен қайтар жолды білмеймін ғой» деймін. Бір жағынан әкемді көрсем деген қимастық та бар сияқты. «Ана есіктен шықсаң, сол жерде жол көрсетуші тұр» деді. Есіктен шықсам, басқа бір періште қыз тұр екен. Ол жол бастап мені бағана өзім кеткен аурухананың операция бөліміне әкелді. Бірақ дәрігерлер жоқ. Жалғыз жатырмын. Өзімнің қасыма келіп отырдым. Ол маған құшағын жайды. Екеуміз құшақтаса кеттік. Сол кезде ояндым...» (Н. Бекмұратова. «Алаш айнасы»). Бұл жердегі басты мәселе о дүниеге барып келген жігіттің тіршілікте өзінің бауырларын жетілдіруді көп ойлауы болып отыр: «сен қазір бала-шағаңа, әлі тұрмыс құрмаған қарындасыңа қажетсің». Міне, сана-сезімде әбден бекіп қалған осы ой өлген адамды қайта тірілтіп, бауырларына көмектесу үшін өмірге қайта оралып отыр...

Сөздің шашыраңқы, бірді айтып, бірге кетіп, жүйесіз шығуы да ойдың жүйесіздігінен, тұрақсыздығынан, не көптілділіктің салдарынан бірнеше тілде қатар ойланудан туындап жатады. Өйткені, әрбір тіл өмірді өзінше түсіндіреді, ойлау жүйесі де оның сұрыпталып сыртқа сөйлем болып шығуы да өзгеше. Сондықтан да ең алдымен, дұрыс ойлана білу – аса маңызды. Ол үшін жақсы нәрселерді ана тілінде ойлау – өмірдегі жолыңды аша түсетін бірден-бір амал. Алдына дұрыс мақсат қоя білген адам мақсатына жете алады. «Не ексең, соны орасың», «Не іздесең, соны табасың» деген сияқты мақалдар осы мәселенің шешімін толық түйіндеп береді. Ал қазақ тілінде ойланбайтын, сөйлемейтін жерде қазақтың тілі, рухы, болашағы жайлы әңгіме көтеру – бос әурешілік.

Осындай қасиеттерімен бірге адам – жер бетіндегі, одан қалды галактиканы да қамтитын ғаламдық құрылыммен тікелей байланыстағы құрамдас бір бөлшегі. Әлемде, ғарышта болып жатқан түрлі құбылыстардың барлығын да ғасырлар бойы дамып, биологиялық жетілудің шыңы саналатын адамның аса сезімтал органдары арқылы үздіксіз қабылдап, сол әсерден туындаған позитив, негатив ақпараттар өз кезегінде ғаламға тарап жатады. Осы процесте адамның миы шешуші рөл атқарады. Адамның миы түрлі жолдармен жинақталған ақпараттардың қорытылуы барысында пайда болған «жаңа» ойларды бір жағынан, өзін қоршаған кеңістікке қайта таратып жатса, екінші жағынан, олардың өзіне сәйкес келетіндерін денедегі сезім мүшелері арқылы магнит сияқты өзіне тартып, үздіксіз жұмыс істеп жатады. Бұл жерде ең маңыздысы адамның санасында қандай ақпараттардың сақталғанына байланысты: жанға жағымды ақпараттар жинақталған ми ғаламдық толқындардан өзіне сай келетін, негізінен, позитив хабарларды қабылдап, таратса, керісінше жағдайда негативті сыпат алады. Жақсы адамдардың айналасына нұр шашып тұратынының, қасынан кеткің келмейтінінің, ал кейбіреулермен сөйлеспек түгілі, жанына жоламай, қашық жүруге ұмтылуыңның басты себебі – осы.

Бұл жерде адам бүкіл болмысымен толқын ағыны сай келетін ақпараттарды өзіне тартып, оны ой елегінен өт-кізіп, қайта тарататын біртұтас биологиялық қабылдағыш, таратқыш рөлін атқаратындығын байқау қиын емес. Сонда адам – ғаламдағы түрлі толқындарда тарап жатқан ақпараттарды қабылдап, ой өңдеуінен өткізіп қайта тарататын түрлі электромагниттік толқындарды жұмыс істейтін станция ретінде көрінетін ғаламдағы аса күрделі биологиялық жаратынды. Осындай аса күрделі жұмыстарды жүзеге асыратын адамның миы ғалам мұхитындағы өзіне қажетті қуатты ойларды, идеяларды өзіне тартып тұратын, оларды энергия көзіне айналдырып, адамның өміршеңдік қабілетін, дүниетанымын күшейте түсетін алып магнит-организм іспеттес.

Ғалымдар ақпараттар ағынында адам миының атқаратын осындай аса маңызды қызметіне орай, бүкіл ғалам адам баласы ойларының жүзеге асуы барысында пайда болған (Ронда Берн. Тайна. Москва. 2019, 31-бет) деген тұжырымға келіп, тұрақтаған сияқты.

Мидың атқаратын қызметі, құпиясы – біз білетіннен, ойлағаннан аса күрделі. Ми адамның саналы өмірінде кісі таң қаларлықтай сан түрлі қызметтер ат-қарады. Түсінуге ауырлау соғатын осыншама жұмыстардың барлығы жүйке жүйесі арқылы жүзеге асады. «Мидан он екі неріп шығып, адамның денесіне тарайды. Бұлардың аты мынау:

1) Иіс жүйкесі (нерібі) – бұның ұшы танауға тарайды, иіс сездіретін неріп.

2) Жарық жүйкесі(нерібі) көздің ішіне кіріп,тор болып жайы-лады; көздің көруі осы неріптен.

3) Көз қозғар жүйке (неріп).

4) Ұршық жүйке(неріп).

5) Үштаған жүйке (неріп) – адамның жағындағы шайнаушы етті қозғалтады және бет-ауыздан, тістен миға сезім тасиды.

6) Бұрушы неріп – көздің домалағын бұрып қозғалтады.

7) Бет неріп – беттегі ым беретін етті қозғалтады.

8) Есту жүйесі (неріп) – құлақтың құрышына барып, адамға дыбысты естіртеді.

9) Жұтқын жүйке (неріп) – тілге жайылады, дәмді сездіреді.

10) Кезеген жүйке (неріп) – жұтқыншаққа, көмейге, өңешке, өкпеге, жүрекке, ішек-қарынға, бүйрекке жайылады, қозғалтушы және сездіруші неріп.

11) Үстеу жүйке (неріп) – арқаның бір бөлек етін қозғалтады.

12) Тіл асты жүйке (неріп) – тілдегі етті, мойындағы бір қатар етті қозғалтады (Х. Досмұхамедұлы. Адамның тән тірлігі. Алматы, 2019, 242-243 беттер). Адам денесінің барлық жеріне орналасқан жүйке талшықтары сезініп, қабылдаған ақпараттар мида қозғалысқа түсіп, қимылға айналады. Сөйтіп, «Адамның ақылы, санасы, зейіні, ойы, көңілі, қайғысы, қуанышы, құмары, қайраты, еркі секілді адамды адам қылып тұрған қасиеттің бәрі үлкен мидан пайда болады. Адамның тірлігінің саналы болу себебі үлкен мидан» (сонда, 453-бет).

Қазіргі ғалымдар адам организмі 12 жүйеден тұратынын айтады: орталық жүйке, жүрек-қан тамырлары, қан жасау, тыныс жолдары, ас қорыту, т. б. жүйелердің барлығы бірдей үйлесіп, адам организмінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді. Осы он екі жүйенің, яғни бүкіл адам организмінің жұмысын қадағалап, оны миға жеткізіп отыратын осы орталық жүйке жүйесі. Орталық жүйке жүйесі дегеніміз – адам организмінің өн бойында орналасқан миллиардтаған, триллиондаған жүйке клеткалары. Жүйке жүйелері адамның біртұтас денесіне жан кіргізіп, оның сыртын вибрациялық толқындар арқылы қорғап, өмір сүру ортасымен байланыстырып тұрады. Әдетте біздің «аурасы жақсы», немесе «аурасы нашар екен» деп, ол адамның рухани болмысынан хабардар болып жатуымыздың себептері осында жатыр.

Мысалы, болып жатқан келеңсіз құбылыстардың электромагниттік толқындары кеңістікке тарап, адам ор-ганизмінің эмоционалдық тербе-лістеріне негатив әсер етіп, мұның өзі жүйке жүйесі арқылы миға беріліп, стресті жағдай туғызады. Берілген сақтандыруды дер кезінде қабылдап, тиісті шара қолданбаса, мұның аяғы ойлау, энергиялық қуат жүйесін бұзып, депрессияға, не болмаса, ауруға апарып шалдықтыруы мүмкін.

Мида орналасқан тіл орталығы жүйке жүйесі арқылы адамның бүкіл ағзасын (организмін) басқарып, қозғалысқа келтіріп отырады. Мұның барлығы сөз арқылы жүзеге асады. Тіпті, жай ғана айтыла салған сөздің өзі де адамның денесін қырағы қадағалап, мидың берген бұйрығын тікелей жүзеге асыра бастайды. Егер де сіз «көңіл-күйім болмай тұр, қанбасым көтерілейін деп, тұр-ау» десеңіз, жүйке жүйесі мұны сол сәтте бірден қабылдап, бүкіл ағзаға «қанның қысымын көтеруге дайындалыңдар, орталықтан (мидан) осындай бұйрық беріп жатыр» деп, хабарлайды. Ар жағында адам шынымен ауыра бастағанын сезеді. Бұдан шығатын қорытынды әр адам сөйлегенде ойланып, ауру шақырмай сөйлеу – денсаулықтың қарапайым бір кепілі екендігі. Басқаша айтқанда, тіліне иелік еткен адам денсаулығына да иелік ете алады.

Сонымен, жүйке клеткалары арқылы ми адамның бүкіл тіршілігін басқарып отырады. Мысалы, сіз дүкенге азық-түлік алуға баратын болдыңыз дейік. Мұның алдында жүйке жүйелері организмге судың, не болмаса, сол сияқты басқа да қажетті дәрумендердің, қоректердің жетпей жатқандығы жайлы миға хабарлайды; ми бұл ақпараттарды ойға, сезімге айналдырып, адамға белгі-хабар береді; су ішкісі, не қарны ашқанын, не бірдеңенің жетіспей жатқандығын сезінген адам тамақ әкелу үшін дүкенге барады. Бір жері ауырып, дәріханаға дәрі алуға барған адам да жүйке жүйелерінің осы сияқты қызметінің нәтижесінде барып, ауырған ағзаны тыныштандыру үшін осындай әрекет жасайды. Демек, біздің әрбір іс-әрекетіміз тікелей мидың нұсқауымен жасалады. Бұдан шығатын аса маңызды қорытынды мидың жұмысын адам емес, керісінше адамды ми басқарады.

Әлем – біртұтас; адам да сол біртұтас дүниемен тығыз байланыстағы құрамдас бір бөлшегі. Әлемде артық тұрған нәрсе жоқ; тұтастығы соншалық, жер бетінде өсіп тұрған бір тал шөпті жұлсаң, не болмаса бір түп ағашты кессең, соның өзінің Жер-Анаға жай адам байқай бермейтін әсері болады екен. Мал баққан атам қазақтың «бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады», «әркімнің өз несібесі бар» деуі де сондықтан болса керек. Демек, әлемнің тепе-теңдігі барлық уақытта сақталып отырған.

Әлем ылғи да қозғалыс үстінде дамып, өзгерістерге ұшырап отыратындығы белгілі. Өзгеріс үстіндегі әлем аясында адамдар да өмір сүріп жатыр. Ал осы бүкіл әлемді үздіксіз қозғалысқа келтіріп отыратын алапат энергия қайдан шығып жатыр деген сияқты сауалдар алдан көлденеңдейді.

Адам ойланып, ми келіп түскен ақпараттарды қозғалысқа келтіре бас-тағанда, электромагниттік сәулелену жүріп, қуаттанған ой таңбаланып, ақпараттық кеңістікке (торсионное поле) шығады. Жарықтың жылдамдығынан да жылдам тарайтын ойдың өзі де торсионды құрылым құрып, кеңістік, уақыт, жылдамдық жағынан шексіз өмір сүреді (Қараңыз: Полина Сухова. Ключ ко всеи дверям. Аудиокнига. 2020).

Ғылым мен техниканың дамуы барысында пайда болған жаңа тех-нологиялар ойланған адамның ойларын сөзге айналдырып жазып алуға қол жеткізген. Мұндай әдістерді тілі байланып, аяқ-қолы істемей қалған мүгедектердің туыстарымен, қоршаған ортасымен байланыс жасау істерінде пайдалану қолға алынып жатыр. Бұл бағытта жұмыс жасап жатқан Илон Масканың «Neuralink» компаниясы мен Американың Стэнфорд университетінің ғалымдарының жетістіктері назар аударарлықтай. Төменде ойдың сөзбен жазылған мәтініндегі әріптердің таңбалануы (Hi-Nevvs.ru).

Соңғы зерттеулер адам ойының еш-теңеден бір нәрсе жасай алатын құдіретін дәлелдеп отыр. Олардың айтуынша, ылғи да қозғалыста болатын әлем кеңістігі қуатқа толы. Осы кеңістікке ойдың әсер етуі барысындағы өзгерістерден энергияға толы материя пайда болған. Сол себепті де жер бетінде «өлі» нәрсе жоқ: жол жиегінде әншейін жатқан қара тастан бастап, қара судың да, ұшы-қиыры жоқ сар даланың да, көк аспанның да, жарқыраған күннің де, айлы түннің де, бәрі-бәрінің де өзіне ғана тән, қасиеттері, ортаға әсер етер энергетикалық қуаттары бар. Сонымен бірге өмірдегінің барлығы ойдан бастау алып («...все в жизни начинается с мысли». Луиза Хей. Здоровья счастья. Москва, 2008, 10-бет), ойдың қуаты барысында заттанған энергияға толы жаңа дүниелер өмірге келіп жатыр. Осылайша, әлемдік тіршіліктің бастауында ой тұр.

Адам баласын тіршілік әлемінің биік шыңына шығарған да – ой, ойлау. «Ойлау адам өмірінде аса қымбат орын алады. Ойлау болмаса, адам басқа жануарлар сықылды заттарды құр жадына, есіне ғана алып, жат бір көрініс ұшыраса, оны шеше алмайтын, оған түсіне алмайтын бір жан иесі ғана болар еді. Келешекте не болатынын, тұрмысы қалай өзгеретінін білмейтін бір саңылаусыз соқыр болар еді. Адам ойлау арқасында ғана заттардың, көріністердің араларындағы байламдарды белгілеп, оларды бар қылған себептерді табады. Келешекте оларға не болатынын ойлап шығарады, келешекті болжай алады. Қысқасы, ойлай білетін адам – шын мағынасындағы адам» (Мағжан Жұмабаев. Көп томдық шығармалар жинағы. Үшінші том. Алматы, «Жазушы», 2003, 160-бет).

Лондон университетінің профессоры физик Дэвид Бом мен Стэнфорд уни-верситетінің профессоры, кванттық физиканың атақты ғалымдарының бірі, әрі нейрофизиолог Карл Прайбрагдтың анықтауынша, ми – жер беті голо-графиясының голограммасы; түсінікті тілмен айтқанда, көзге көрінбейтін түрлі электромагниттік толқындардың ерекше тәсілмен жасалынған көрінісі. Адамның миы ойлау барысында бізді қоршаған әлеуметтік ортамен, табиғатпен тығыз байланыста болып, өзі де өзгеріп, сонымен бірге өмірде, табиғатта болып жатқан құбылыстарға да тікелей әсер етеді. Олай болса, адамның сөзі – оның ойының өлшемі, сана-сезімінің сыртқы көрінісі.

Соңғы зерттеулер қоғамның өмірінде, табиғатта болып жатқан құбылыстардың барлығын дерлік, адамның санасындағы өзгерістермен тікелей байланыстырады. Бұдан шығатын қорытынды – өмірде күніге көріп жүрген қызықтар да, қиын-дықтар да өз ойларымыздың жемісі. Ой – біздің денсаулығымыздан бастап, бар байлығымыздың, жетістіктеріміз бен кемшіліктеріміздің қайнар бастауы. Біз өмір сүріп жатқан қоғамдық орта – біздің осы уақытқа дейінгі ойлаған ойларымыздың жүзеге асып, заттанған көрінісі.

Ғалымдар адамзат қоғамында туындап жатқан негатив ойлардың, сол ойлардың салдарынан туындап жатқан әлеуметтік қақтығыстардың барысынан пайда болған теріс энергияның атмосфераға, табиғатқа да әсер ете бастағанын айтып жүр. 1988 жылдың 8 желтосанында Спитак (Армения) қаласында болған жойқын (күші 7 баллдық) жер сілкінісінің бір себебін осының алдындағы Армениядағы әлеуметтік толқулармен байланыстырады. Бұған сенбейін десең, Қарабақ соғысынан кейін елдің ішкі қоғамдық-саяси жағдайы бұрқ-сарқ қайнап жатқан Арменияда тағы да (17.02.2021) күшті (6-7 балдық) жер сілкінді.

Қазір халықаралық жағдайдың ушыға түсуінен, коронавирустың өріс алып бара жатқанынан әлемнің жалпы әлеуметтік ахуалының нашарлай түсуінің куәгері болып отырмыз. Осыған орай, ауа райының өзгеріп, табиғат апаттарының көбейе түскендігі байқалады.

Әр адам алған біліміне, тәрбиесіне, ортасына, заманына орай, өз шама-шарқын, мүмкіндіктерін саралап, ой елегінен өткізіп барып, соларды жүзеге асыру үшін алдына қолымнан келеді-ау деген мақсаттар қояды. Тартылыс заңы бойынша, ми өзіне қажетті ақпараттарды электромагниттік толқындар арқылы бойына тартып, түрлі ойлар тұтаса қорытыла келіп, идеяға айналып, адам осы арманын жүзеге асыруға бүкіл өмірін арнайды. Демек, әр адам өз тағдырын, өз өмірін өз ойлары арқылы өзі жасайды. Сенің бүгінгі өмірің – сенің кешегі армандаған ойларыңның заттанған көрінісі. Ал болашағың бүгін не ойлап, нені қиялдап жүрсің, не істеп жүрсің, соған байланысты. Өйткені, адамның ойы әрдәйім сыртқа шығып, заттануға ұмтылып тұратыны – өмір заңы. Адам жақсы ойларға көбірек берілсе, оның позитив ойлары сол сәтте-ақ оның айналасына көңілді атмосфера жасайды; ал егер де сәтсіздікке ұшырап, күйіп-пісіп, былапыт сөздермен ауыз былғанып жатса, негатив ойлар төбесіне «қара бұлтты» төндіре түседі. Қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Жақсылық көрсем де өзімнен, // Жамандық көрсем де өзімнен» дейтіні осы себептерден болса керек.

Кейбіреулер өмірде жолы ауыр болып жүргенін біреулерден, не болмаса тағдырынан көреді. Ал философтар болса, кездескен қиындықтарды өмір сабақтары, ал ол сабақтарды қалай оқу әркімнің өз еркінде деп түсіндіреді. Австрияның атақты психологы Фрейд «Тағдырыңызды жазатын қалам өз қолыңызда! Мен қиындықты түзетуге тырыспаймын. Мен ойымды түзеймін. Сонда қиындық өздігінше реттеледі» – деп жазыпты.

«Ой – сөздің бұлағы» дейді халық даналығы. Сол қайнарбұлақ мидан қандай ойлар атқылап шығып жатса, сенің сөздерің де солай. Қазақ «Не ексең, соны орасың» дейді. Бұл жерде адамның ойын дәнге теңесек, өмірің соның өнімі, айналаңда болып жатқандарың барлығы да сенің ойларыңның жүзеге асқан көрінісі болып шығады. Адамның ойлары күшті, әлсіз, позитив, негатив болып келулеріне орай, айналасындағы адамдарға, әлеуметтік, табиғи ортаға да әсер етіп, түрлі өзгерістерге бастап жатады. Өз өміріңе ойлана көз жіберсең, одан сен өмірдегі өз орныңды, адам ретіндегі өзіңнің қандай жан екендігіңді, жетістіктерің мен кемшіліктеріңді, не істеп, не қойғаныңды, нені бітіріп, нені бітіре алмай жүрген жайыңды көрер айна іспеттес. Үйімізде тұрған айна арқылы біз сыртқы түрімізді көретін болсақ, ойлану арқылы ішкі жан-дүниемізді, адами болмысымызды толық тани аламыз. Сыни көзбен қарау арқылы жетіспей жатқан жерлерін қалпына келтіру жағын ойластырамыз.

Көп адамдар өмірде көріп жатқан тұрмыс тапшылықтарын біреуден көреді. Олардың ойынша, бақуат тұратындардың барлығы дерлік – оңбағандар, алаяқтар, қулар, арамтамақтар, елімізде адал еңбекпен баю мүмкін емес. Осылай ойлау арқылы ондай адамның ойында көп ақша, байлық жаман деген тұжырым қалыптасады да ми иесін жамандықтан сақтандыру мақсатымен байлығы, ақшасы мол жерлерді айналып өтуге бағыттап отырады екен.

Сондықтан да байлықты, қал-талыларды мансұқтап емес, олардың істегені менің де қолымнан келеді; мен де ақшаны жақсы көремін; менің адал еңбекпен тапқаным байлардың шылқыған байлығынан ешбір кем емес; байлардың барлығы сараң, арам емес, олардың ішінде де адал еңбегімен байығандар жеткілікті; біздің елде де кез келген адамның байып кетуіне мүмкіндіктер бар, бар мәселе оның жолын табуда жатыр; мен де адал еңбегіммен байимын деген сияқты жақсы ойлар – адамды байлыққа бастар бірден бір тура жол.

Сонымен, әр адам күнделікті тіршілік барысында өз ойлары арқылы өз өмірін, тағдырын өзі жасайды; сондықтан да өзге емес, ол өз өміріне тікелей өзі жауапты. Ойлы адам өмірін дұрыс жолға салып, қоршаған ортасымен үндестікте бақытты өмір сүрсе, ойланбай істелінген істердің аяғы опындырмай қоймайды. Сондықтан да адам үшін негізгі қағида - не істесең де ойланып істе. Жақсы ойлардың жетегінде жүру бақытты өмірдің басты шарты екендігін ғұламалар айтудайын айтып кеткен. Ислам әлемінің атақты ғұламаларының бірі Айд әл-Қарни иманды, бақытты болуға ұмтылған әрбір адам барлық уақытта есте ұстар мынадай қағидаларды алға тартады:

«Жаман ойлардан алыс бол және әр нәрсенің жаман жа-ғын ғана ойлаудан сақтан»;

«Егер біреу саған жаман сөз айтса, оның сөздері саған емес, өзіне зиян алып келерін біл, сондықтан ол туралы ойланбай-ақ қой»;

«Әр нәрсенің жаман жағын емес, жақсы жағын ойла. Өйткені, жақсы көңіл-күй – бақыттылықтың кепілдігі»;

«Басқалардың жақсы жақтарын көруге, әрі бағалауға тырыс»;

«Өткен нәрселерді көп еске алып, жоқ жерден қайғыны қозғап, мұңая беру – ақымақтық»;

«Өмірге оң көзқараспен қара және бізді сақтаушы, қорғаушы, кешіруші, сүюші, қамтамасыз етуші, түзу жолда алып барушы және бізге шексіз жақсылықтарды беруші, жақсылық қалаушы Жаратқанға ғана тәуекел ет» (Айд әл-Қарни. Мұңайма! Бақыттың бұлағы және қайғы-мұңның дауасы. Алматы, 2019, 9-20 беттер).

Ұлы Абайдың «Ойға түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым, Мінезіме көз салдым, Тексеруге ойландым» деуінің астарында терең ойлар жатыр.

Адамның өзін қоршаған ортаны танып білуі, білім-ғылымның барлығы ойлаумен жүзеге асатын болса, ол дыбыстық, «заттық» формадағы сөз арқылы ғана мүмкін. Демек, сөзсіз ойлау жоқ; өз кезегінде ойсыз сөз де жоқ. Былай қарағанда, екеуі бір бүтіннің екі жағы сияқты: ой – ішкі мағынасы да, сөз – сыртқы түрі. Ой мидан «сыртқа шығып», адамды қозғалысқа келтіріп, бағыт-бағдар беруі үшін сөздің дыбыстық формасына еніп, «заттанады» екен.

Демек, ой мен сөз – біртұтас. Ой мықты болса, сөз де мықты; сөз өткір болса, ой да өткір. Сөз – адам. Ойы мықтының сөзі де мықты, сөзі мықтының өзі де, ісі де мықты; нашар сөйлесе, ойы да нашар, өзі де әлі ақыл-ой, парасат жағынан әлі піспеген деуге болады. Ойы жүйелі адамның сөзі де, істеген ісі де жүйелі. Қалай болса солай сөйлеу ойдың әлі белгілі бір жүйеге түспегенін білдірумен бірге оның істеген істерінен берекесіздіктің белгілері бой көрсетіп тұрғанын да байқайсыз. Сонымен, адамның бүкіл тағдыры оның миындағы ойларға, сол ойлардан ойлану үдерісінде қалыптасқан сана-сезіміне тікелей байланысты екен: ойы жақсының сөзі де  жақсы, ісі де, мінез-құлқы да, өзі де - жақсы.

Адам ойындағысын айтады. Ой мида жақсы қорытылған болса, сөз де жақсы шығады, ойланып, не айтарын жинақтап алмаса, сөздері де шашыраңқы, бір нәрсені айтып жатып, басқа жаққа кетіп қалады. Жылдам, тез ойлайтын адамның сөзі қысқа да түсінікті, тартымды келеді. Демек, адамның сөзі тікелей мидың қызметіне байланысты, оның үстіне бақылауында болады екен.

Адамның санасы мен материалдық әлемнің арасындағы өзара байланыс өмірді басқаша түсінуге жол ашты. Сонда адамның миындағы сана-сезім көзге көрінбейтін, аса қозғалмалы түрдегі энергия болып отыр. Мұның өзі шынайы өмірде болып жатқан оқиғаларға, жеке адамның тағдырына біздің алға қойған мақсаттарымыздың, армандарымыздың, ой-қиялдарымыздың, идеалдарымыздың, қорқыныштарымыздың, т.б. қалай әсер ететіндігін ұғынуға, яғни, мида қорытылған ойдың, идеяның қалай заттанғанын түсінуге көмектеседі.

Адам өзін қоршаған ортамен өзара тығыз байланыста болғандықтан да өмірде бейтарап қала алмайды. Адам өзінің қабілетін, мүмкіндіктерін анықтап, қолынан келетін, ойлаған жоспарларын жүзеге асыру үшін іске кіріседі; сөйтіп, өзі де өзгеріп, сонымен бірге қоғамдық дамуды жүзеге асырушының біріне, бір бөлшегіне айналады. Қоғамда өмір сүріп отырып, одан тысқары, бейтарап тіршілік жасау мүмкін емес. Сен бұл өмірдегі өзіңе тиесілі жұмыстарды атқармасаң, қоғам сенімен айналысатын болады. Өйткені, қоғамда жүріп жатқан оқиғалардың барлығы дерлік мыңдаған, миллиондаған байланыстар арқылы адамдардың барлығына әсер етеді. Тіпті, адам о дүниелік болып кеткенде де артында қалған байланыстары (жақсы сөздері, өсиеттері, ойлары, істері, т.б.) өміршеңдік танытып, ұлттық, туыстық, идеялық, жерлестік деген сияқты түрлі бағыттарда жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа кетуі мүмкін. Ұлылардың миымен қорытылып шыққан адамдардың бақытты өмір сүруіне көмектесетін ұлы идеялар мәңгі жасайды. Жалпы, адам баласына жасалған жақсылық та, жамандық та ұмытылмайды. Тепе-теңдік заңы бойынша, жақсылығың жақсылық болып, жаманшылығың жаманшылық болып қайтады; өзіңе үлгермесе, ұрпақтарыңа тиесілі болады. Айналамыздағының барлығы да адам ойларының бізге дейін «сыртқа шығып» жүзеге асқан, яғни заттанған көрінісі. Біз де сол ойларымыздың жетегінде еңбек етіп, өмір сүріп жатырмыз.

 Адам екі түрлі әлемде өмір сүреді. Оның біріншісі адамның алған білімі, тәжірибесі, тәрбиесі, өскен ортасы барысында қалыптасқан сана-сезімі, шіркін, осылай болсайшы деген ойларының қиялдағы елесі болса, екіншісі – дәл қазіргі кезде адамдар өмір сүріп жатқан шынайы тіршілік. Әдетте екеуі бір-біріне сәйкес келе бермейді. Ақылды адамдар қарама-қайшылығы, жақсылығы мен жамандығы мәңгілік күреспен қатар жүріп жататын қым-қиғаш өмірде адаспай, өз жолын дұрыс тауып жүре алады. Адамды бақытты қылатын да, бақытсыздыққа душар ететін де сыртқы жағдай емес, адамның өз ойы, ішкі жан дүниесі. Адамның тағдыры сыртқа шығуын күтіп, оның «ішінде» тығылып жатқан ойларының «қолында». Өмірдегі қиындықтар түрлі жағдайлармен іштен шыққан теріс ойларының «шақыруының» салдарынан туындап жатады.

Өмірде жиі кездесетін бей-жай күй кешіп, мазасызданып, көңіл-күйдің құлазуы, жол болмауы сияқты жағдайлар адамның электромагниттік толқындардың негативтік жиілігінде жүргендігінің хабаршысы іспеттес. Мұндай жағдайларда адам ойланып, сақтана білуі керек. Адамның мықтылығы қандай да бір сын сәттерде өзін ұстап, яғни ойын бағындырып, өз өмірін, тағдырын қауіпті жерлерде ақылмен қорғай білуінен көрінеді. Нағыз адам – Абай жырлағандай, «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген».

Адамның бүкіл ғұмыры бақытқа жеткізер тура жолды іздеп, ойланумен өтетіндей; қанша қуса да асау ойлар сағым қуғандай, жалынан ұстатпай, жеткізбейтіндей... Ойдың мұндай қасиетін С. Сматаев былайша бейнелепті: «Адам ойының тұңғиығына бойлау – кез келгеннің қолынан келе бермейтін тірлік». «Ойнақтар ойым он саққа, //Тау-тасты кезген тазы боп. //Күйсек те, //Үсіп тоңсақ та, //Беретін үміт жаныма от» (Софы Сматаев. Көңіл күнделігі. «Қазақ әдебиеті», 12.02.2021)

Күнделікті тіршілік барысында адамның келісімінсіз, яғни миынан кеңістікке шыққан ойының «шақыруынсыз» ешкім оның алдынан шығып, кесе көлденеңдемейді. Жақсы ойлардың толқынына шыққан позитив ойлар дұрыс ойлы адамдарды шақырса, негатив ойлар жолы болмай жүргендер мен келеңсіз оқиғаларға қарай бастайды. Бастағы жақсы ойлар адамды жақсы жолмен жүруге қарай бағыттап, жақсылармен кездестіріп, жақсы оқиғаларға араластырса, жаман ойлар теріс жолға салып, қырсық шалғандардың арасынан бір-ақ шығарады. Сонда адамның тура, немесе теріс жолға түсуі оның ойларына, ойлай білу қабілетіне, алдына нақтылы мақсат қойып, ойларын арманына жетуге жұмылдырып, басқара білуіне, ең соңында күрескерлік рухына тікелей байланысты екен. Адам ойланғанда, өз өмірін біртіндеп жасап, тағдырын да өзі шешіп, бақытына қарай бұрып, басқарып жатады («Несчастным или счастливым человека делают только его мысли, а не внешние обстоятельства. Управляя своими мыслями, он управляет своим счастьем». Фридрих Ницше).

Абайдың «Он жетінші сөзінде» «Не дүниеге, не ақиретке не пайдалы болса, не залалы болса, білетұғын – мен, сенің сөзіңді ұғатұғын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, заладан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып, үйрене алмайды екен...» деген ақылға ғылым «Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ештеңе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сен сонымен тұрмайсың, амал да, айла да сенен шығады. Жақсының, жаманның сүйенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман... Ақыл, сенің қырың көп...» (Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші том. Аудармалар мен қара сөздер. Алматы, «Ғылым», 1977, 152-153 беттер) деген тоқтам айтыпты. Бұл жерде адамның адам болып өмір сүруінің бірден-бір шарты ретінде ақыл-ой атқаратын қызметтердің барлығы да ойлау арқылы жүзеге асатындығын айтып тұр.

Ойлану адам баласының атам заманнан бері ұлттық тілінің дамуымен бірге пайда болып, дамып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан, өзгеге ұқсамайтын ұлттық сана-сезімнің жеткен жетістігі; ұлттық болмысының көрінісі. Сондықтан да адамның ойлануы ана тілінде қалыптасқан. Сондықтан да көп тіл білуді қажет ететін қазіргі заманда адамның өз ана тілінде ойланып, өз тілінде сөйлеуі маңызды болып отыр. Өзге тілдерді тек басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас жасау, шет тілдеріндегі ақпараттық, ғылыми материалдармен танысу үшін пайдаланған жөн. Тіл ауысқан жағдайда адамда бұрыннан қалыптасқан белгілі бір ойлану жүйесі толық іске қосылмай, үстүртін жүреді, екі тілдегі екі түрлі бағыттағы ойлау машығы бір-біріне кедергі келтіреді.

(Жалғасы бар)

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

"Aqiqat" журналы

854 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз