Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 20 Қыркүйек, 2021

Тракторшы Арайлым

Бүгінгі кейіпкеріміз – Жетісай ауданындағы Қызылқұм ауылының тумасы Арайлым Қуанышбек. Отбасының кенжесі әрі жалғыз қыз. Бала күнінен әкесінен бір елі қалмай, егістік басында жүру – сүйікті ісі. Темір тұлпарға әуес Арайлымның егістікте тізгіндеген техникасы – трактор.

– Отбасымда ата-анам, екі ағам бар. Әкем жастық шағын егістікке, тракторға арнаған жан. Бала күнімнен трактордың отбасымыздағы табыс көзі болғанын көріп өстім. Сондықтан бұл техникаға деген құрметім жоғары. Үйде трактор айдамайтын анам ғана. Әкем егістік басында болғанымен, трактордағы орны менікіне айналған. Үлкен ағам оқуынан босаса, егістікке қарай зулайды. Екінші ағам басқа салаға қызығады. Өзім тіс дәрігері мамандығы бойынша оқуға түскем. Дегенмен, бірінші курстан бері оқу қашықтан болып, көп уақытым әкемнің қасында өтіп жатыр. 

– Трактор – ауыр техника. Тіпті, мініп-түсудің өзі ыңғайсыз көрінеді. Мұндай көлікті жүргізуді қалай үйрендіңіз?

– Трактор айдауды 12 жаста үйрене бастадым. Кішкентай қызға «ал, айдай бер» деп тізгінді бере салған жоқ, әрине. Басында газ, тежеуіш пен жылдамдықты ажырату да оңай болмады. Тек рөл ұстайтынмын, қалған механизмдерді әкем орындайтын. Кейін рөлді жайлап бұрып, сенімді айдап үйрендім. Трактор деген – математика, геометрия. Жолыңды мөлшерлеп жүрмесең, біреуді соғасың немесе өзің соғыласың. Қазір еске алсам, ең керемет естеліктерім трактормен байланысты екен. 

– Ортаңыз әуестігіңізге қалай қарайды?

– Мектепте сыныптастарым «тракторист» деп қалжыңдайтын. Ауыл адамдары: «Ерке ғой, әлі бала. Балалығы басылған соң өзі-ақ қояды», – дейтін. Бірақ менің әуестігім басылмады. Группаластарым трактор айдайтыныма таңғалып жатады. Өзім отыратын болғаннан кейін трактордың салонын жайлы етіп алғанмын. Достарым соған ерекше назар аударатынын байқадым.

– Егістіктегі еңбегіңіз туралы әңгімелесейік...

– Егістіктегі шаруам жыл мезгіліне байланысты өзгереді. Бірде жер жырту, бірде пісіп-же-тілген өнімдерді тракторға артып, тасу. Желтоқсан мен қаңтарда жер демалады, тек адам қолымен атқарылатын жұмыстар болады. Көктемгі жауын-шашын кезінде жұмыс уақыты жарты күннен аспайды. Одан кейін 24/7 жұмыс істейтін кездер басталады. Ауыр техника болғандықтан, кейде шар-шап қаламын. Бірақ, бәрібір осы техникаға деген махаббатым зор.

– Трактордың ақауын өзіңіз жөндеп алатыныңыз рас па? 

– Иә, рас. Ағаларым ауылда болмаған кезде трактор бұзылса, әкемді күтіп отыра беруді жөн көрмеймін. Уақыт тоқтап тұрмайды, тракторым екеуімізді күтіп отырған диқандар бар. Біздің трактор әкемнің жастық шағынан бері келе жатыр. Қолдан жиналған. Сондықтан кейбір бөлшектерін жиі ауыстыруға тура келеді. Әкем ауыстырып жатқанда, «папа, тоқтаңызшы, мен істеп көрейін» деп үйреніп алғанмын. Сырттай қыз баланың трактор жөндегені қызық көрінер, бәлкім. Бірақ мен үшін бұл тұрмыстың бір бөлігі әрі үйреншікті әдетім.

– Трактордан өзге көлік түрлерін тізгіндей аласыз ба?

– Жеңіл көлікті жүргізе аламын. Болашақта әкеме су жаңа трактормен қатар, КамАЗ, комбайн сыйлағым келеді. Оған жету үшін тоқтаусыз еңбектену керек. Шыны керек, ауыр техниканың табиғаты ерек. Оны айдап көрген ғана біледі.

– Шаруашылығыңыз білім алуыңызға кедергі келтірмей ме?

– Кейде егістікте интернет байланысы болмайды немесе жерін айдататын клиент күтіп тұрмайды. Осындайда сабаққа қосыла алмайтын кезім болады. Бірақ үйге түнде келсем де, барлық тапсырманы орындап, өткізіп барып ұйқыға жатамын. Болашақ бар дегендей, өз үйіме қонақпын. Өмір бойы жер жыртып, тракторда жүру мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта тіс дәрігері мамандығы негізгі кәсібіме айналады.  

– Көліктен өзге неге қызығасыз?

– Әр сәттің өзі қызық қой. Қолым босағанда мотивациялық кітаптар оқимын. Кітап – еңбек ету процесімді арттыратын күш. Оқып жатқан мамандығыма байланысты фильмдер көремін. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, оқуды офлайн форматта жалғастырудың сәті түсіп жатыр. Бұдан кейін мамандығыма көңіл бөлемін. Айтпақшы, мэйкап жасауға да қызығамын.

– «Ұланның» оқырмандарына айтарыңыз болса, мархабат!

– Өзіңді шектеп қалма. Қысқа ғана өмірді біреуге ұнау үшін әрекет етумен өткізіп алма. Ұнайтын іспен айналыс. Бастысы, ол тура жолдан адастырмайтын болсын. Жұрт не дейді деп ұялудың керегі жоқ. Таңдаған кәсіптің шыңына жеткенше басқасына назар аударма.

– Сіздің өр мінезіңіз, өзгелерге ұқсамайтын қызығушылығыңыз көпке үлгі. Алдағы уақытта қос кәсіпте де жетістігіңіз көп болсын! 

Жазира БЕКБОЛАТОВА,
ХАТУ-дың 1-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №38
21 қыркүйек 2021 жыл

2161 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз