Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 21 Қыркүйек, 2021

Ғалымдар Қазақстанда АЭС салу мəселесін талқылап жатыр

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ҚР Энергетика министрлігіне қарасты Ядролық физика институтында  «Ядролық ғылым және технологиялар» атты III Халықаралық ғылыми форум өтіп жатыр. Үш күнге созылатын маңызды ғылыми іс-шараға Әзербайжан, Белорусь, Ұлыбритания, Италия, Қырғызстан, Нидерланды, Польша, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Жапония және басқа елдерден 300-ге жуық ғалым қатысуда.   Форум барысында ядролық және радиациялық физика, материалтану, радиациялық экология, медицина мен өнеркәсіптегі ядролық және радиациялық әдістер  саласындағы өзекті мәселелер талқыланады. Пандемияға байланысты отырыстар онлайн және оффлайн түрде өтуде.

Ғылыми форумның салтанатты ашылу рәсімі «Ядролық физика институты» РМК директоры Батыржан Қаракөзовтың ҚР  Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтың қатысушыларға арналған құттықтау сөзін оқуымен басталды. «Ядролық физика адам денсаулығы, қоршаған орта, су ресурстары, азық-түлік, энергетика, қауіпсіздік салалары үшін басымдыққа ие. Бұл бағытта ғылыми зерттеулердің маңызы зор» дей келе министр форум жұмысына сәттілік тіледі.     

Мекеме басшысы Б.Қаракөзов Ядролық физика институтының жетістіктерімен және 2021-2025 жылдарға арналған даму бағытымен таныстырды. 1957-жылы негізі қаланған институттың Нұр-Сұлтан, Ақсай қалаларында филиалдары бар және ғалымдар Азғыр полигонында да жұмыс істейді. Ғылыми қызметкерлер ядролық және радиациялық физика саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулермен айналысады. Институт қызметі медицинамен де тығыз байланысты. Мұнда арнайы радиоизотоптар, медициналық бұйымдарды зарарсыздандыруға арналған бұйымдар шығарылады. Сондай-ақ институт радиоэкологиялық мониторинг жүргізумен, ядролық материалдарды есепке алу және қауіпсіздік мәселесімен  айналысады. Директордың айтуынша, институт ғалымдары АҚШ, Франция, Германия, Ресей, Жапония ғалымдарымен әріптестік байланыс орнатқан.

Батыржан Қаракөзов Мемлекет басшысы Қ.-Ж.Тоқаевтың жуырдағы Жолдауында айтылған сутегі энергетикасын дамыту,  атомшы-инженерлерді даярлау жөніндегі тапсырмасы институт қызметіне жаңа серпін беретінін атап айтты. Мекеменің ғылыми жобалары осы бағыттарды қамтиды.  

Форумда Өзбекстан Ғылым академиясы Ядролық физика институтының басшысы Илхам Садиков өз елінде 2028-жылға қарай салынатын атом электр станциясының жоба-жоспарымен таныстырды. Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығының директоры  Т.И.Белихина қалқанша безі обырын және басқа ауруларды емдеудегі радионуклидті терапия тәжірибесімен бөлісті.   

Халықаралық форумның секциялық отырыстарында талқыланатын  маңызды  мәселенің бірі – атом энергетикасы объектілерінің және де атом реакторларының қауіпсіз жұмыс істеуі.

Сондай-ақ жаңа материалдар мен наноматериалдарды алу әдістері туралы отырысқа белгілі ғалым, ядролық техниканың конструкциялық материалдары саласындағы жетекші маман, Массачусетс технологиялық институтының (АҚШ) профессоры Майкл Шорт баяндамашы ретінде қатысады.

Форум барысында шетелдік және отандық ғалымдар Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесін талқылайды.

 

Дина ИМАМБАЕВА

 

 

 

 

 

 

1249 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз