Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 21 Қыркүйек, 2021

Кəсіптік білім беруге жаңа талаптар қойылды

Елімізде жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас өзгере бастады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жасаған Жолдауында айқын мақсаттар қойып берді. «Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін» екенін ескерткен Президент, оны «кезек күттірмейтін шаруа» деп баса айтты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Білім күнінде ел халқына Жолдау жариялауының өзінің аса мәні зор деп есептеймін. Ал оның педагогтар үшін символикалық маңызын айтып түсіндірудің қажеті жоқ.

Президент Қазақстан білім беру саласын дамыту және ұстаздар мәртебесін арттыруды ешқашан кейінге қалдырған емес. Бұл жолы да осылай болды. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында «Сапалы білім беру» атты арнайы бөлім қосуы да осы ойымызды нықтайды. Осы тарауда кәсіби-техникалық білім беру туралы ойлары көптің көңілімнен шыққаны даусыз. Тіпті, Президенттің осы саладағы көкейтесті мәселелерден хабардар екені қуантты.

«Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыратынын жеткізген Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек» деді.

Мемлекет басшысының мамандық алуды қандай жағдайда да ескеру керек дегені көп адамға ой салғаны анық. «Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың экономикадағы нақты сектор үшін қажетті жұмысшы мамандығын игеру мәселесін пысықтаған жөн» дегені осыған мысал. Мұндай пікір Қазақстанда жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасты түбегейлі өзгертері сөзсіз.

Жасыратыны жоқ, кәсіптік-техникалық білім ордаларын бітірген кадрлар шетелде бірінші дайын маман, ал екінші жағынан шағын және орта бизнестің өкілі саналады. Ал бізде кейбір жағдайда кәсіптік-техникалық білім алуды Жоғары оқу орындарына түсуге дейін уақыт өткізе тұру деп түсінетіндер бар. Біз бұл ойдан арылғанымыз жөн. Себебі, түсінгенге жұмысшы мамандықтары табыс көзі ғана емес, шағын кәсіпкерлік екенін ұғынғанымыз абзал. Біз нарықтық талаптарға осылай тұжырымымызды өзгертер болсақ қана, мемлекеттің іргетасын нығайтуда іргелі қадамдарға бара аламыз. Өйткені, шағын және орта бизнесі өркендеп тұрған мемлекетке ешқандай экономикалық дағдарыс әсер ете алмайды.

«Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс» деген Мемлекет басшысының көп қырлы Жолдауынан жұмысшы мамандықтарына байланысты осыны аңғаруға болады. Мұның астарында уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүру жатқаны анық.

 

Қуат Раймбеков

Алматы көпсалалы колледжінің директоры

502 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз