Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 30 Қыркүйек, 2021

«Ақиқаттың» тарихы – қазақтың қуанышы мен қасіретінің тарихы

«Ақиқаттың» келбетінен абыз ақсақалдықтың айбынын көргендей боламыз» деген екен мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед. Оқырманға жол тартқанына жүз жылдың парасы болған басылым осы ғасырлық ғұмырында қазақтың сөзін қалай  айтты, елдің көкейіндегі жайтты қалай жеткізді? Қазақ баспасөзі тарихында алаштықтар бастаған жолды қалай іліп әкетті? Бұл сауалдар журналистика тарихының ғана емес, жалпы қазақ тарихының жүріп өткен жолына қатысты қойылатын өзекті сұрақтар қатарында. «Ақиқат» журналының жарық көргеніне жүз жыл толуына байланысты өткізген дөңгелек-үстелде осы журнал тарихы  мен ұстанымы ғана емес, жалпы қазақ БАҚ-ына қатысты мәселелер де қозғалып отыр... 

«ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ», «ШҰҒАНЫҢ БЕЛГІСІ», «ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ» АЛҒАШ БАСЫЛҒАН БАСЫЛЫМ

– «Ақиқат» журналының ғасырлық тойы өтіп жатыр. Бұл журналистердің ғана емес, ғалымдардың, публицистердің, зерттеушілердің басын қосқан басылым. Бүгінгі қазақ журна­листикасының негізгі мәселелерін осы «Ақиқат» журналының мысалында талқылағымыз келеді. Бастапқы сұрақ: «Ақиқатта» қызмет істеген әріптестер тағдырына тоқталып өтсек...

Хангелді ӘБЖАНОВ, тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі:

– Қазақстанда жүз жасқа келген газет-журнал көп емес. Осы бір шоғырда «Ақиқаттың» табылуы заңды дүние. Иә, әр жылдары «Қызыл Қазақстан», «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан большевигі», «Қазақстан ком­мунисі» атанған басылым бүгінгі «Ақиқат» ­атауынан, ақиқат жолынан адаспауға тырысты.

Бұл журналдың тарихы Қазақстан зиялы­ларының тарихы, Қазақстан мемлекеттілігінің тарихы, Қазақстанның қуанышы мен қасі­ретінің тарихы дер едім. Бас редакторлар шоғырының өзі қандай керемет! Қуғын-сүргін құрбанына айналып кеткен ­Абдолла Асылбеков, Ерғали Алдоңғаров. Ерғали Алдоңғаровтың Смағұл Сәдуақасовпен бірлесіп жазған хаты бар. «Үшеудің хаты» болып тарихта қалды. Ол хатты мен архивтен тауып едім. Жастардың «Өркен» деген газеті болған. Сонда «Үшеудің хаты» деп жарияладық. Сол хатта осы Ерғали Алдоңғаров қазіргі «Ақиқат» шыққан 1921 жылы қазақ жастарын Германияға оқуға жіберуге ұсыныс жасайды. Бүгінгі «Болашақ» бағдарламасының идеясы осыдан жүз жыл бұрын, сонау 1921 жылдары айтылған! Яғни осы журналдың басы-қасында жүрген азаматтар халқының болашағын да, кешегісін де, қуанышы мен ренішін де жақсы білген. Басылым Бас редакторларының бірі, тағы да сол қуғын-сүргіннен құтыла алмаған арда азаматтың бірі Жанайдар Сәдуақасов. Ол туралы 400 беттен аса кітап та жазған едік. Ол кезінде іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізілуіне қатысты қаулыға қол қойған ҚазЦИК-тің хатшысы болған азамат. Смағұл Сәдуақасов туралы да айтарымыз көп. Тағы бір бас редактор Мүтәлі Дәулетқалиев – қазақ даласындағы ашаршылық туралы Мәскеуге хат жазған бесеудің бірі. Сол бесеудің ішіндегі Қарқаралының азаматы Мансұр Ғатаулин атылып кетті. Қалған төртеуі Құдай сақтап тірі қалды. Айта берсек, әр бас редакторға осылай жекелей тоқталып өтуге болар еді. Оған ұзағырақ уақыт керек. Жалпы «Ақиқат» журналының тарихын өз алдына дербес жоба қылып, ғылыми жұмысқа айналдырғанымыз жөн.

Менің бір байқағаным, қазақ даласындағы ашаршылық тұсында біздің қазақ зиялысы ашаршылық болып жатыр деп айта алмайды, бірақ осы «Ақиқатқа» да, «Егеменге» де, басқа басылымдарға да мақаласын жариялап, «қиын жағдайда организмді қалай сақтау ­керек», «аурудан қалай сақтану керек» деп бәрін астарлап жазған. Бізде «Ашаршылықта қазақ зиялысы үндемеген» деген ұғым бар. Олай емес. Олар айтарын астарлап жеткізген. Соны ұмытпайық. Өз зиялымызды өзіміз түсініп, ақтай алсақ... Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарымызды ғана емес, осындай ғайбат сөзге ұшыраған зиялыларымызды да ақтап алуымыз керек.

Жеке өзім «Ақиқатпен» 1979 жылдан ­бастап жұмыс істей бастадым. Сол жылдың 12 санына Қазақстандағы сауатсыздыққа байланысты үлкен мақалам шықты. Ол уақытта бұл басылым Партияның органы. Дүрілдеп тұрған кезі. Сөз орайында ұсынысымды да айта кетсем, бұл журнал кезінде ғылыми диссертация­ларды жариялайтын басылымдар қатарында еді. Соған қайта енгізу керек. БжҒМ сайтына кірсеңіздер, оған енудің барлық ережелері тұр. Соның құжаттарын толтырып, тізімге енгізуге болады. Басылымның үгіт-насихаты, жарнамасы күшейсе деген ой ғой менікі.

Дәуіржан Төлебаев, «Ақиқат» журналы­ның Бас редакторы:

– Жүз жылдың тоғысында бас қосып отырмыз. Өте маңызды күн. «Ақиқаттың» 1921 жылы жарық көруі кездейсоқтық деп айта алмаймыз. Қазақ өркениетінің жанданып келе жатқан кезінде, сол заманның, уақыттың өзі тудырған басылым еді. «Қызыл Қазақстаннан» басталған жол бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Сол замандағы журнал архивін қарап отырамыз ғой. Байқағаным, ол уақытта жарық көрген мақала, айтылған ой әлі күнге өзекті. «Ақиқатқа» автор болған тұлғалар туралы да айтсам. Сағымбай Қозыбаев: «Қызыл Қазақстан» журналына Мұхтар Әуезовтен бастап, сол замандағы күллі қазақ зиялылары араласып тұрған», – деп жазады. Оның ішінде Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллиндер бар. Тағы бар айта кететін дүние: Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» повесі тұңғыш осы журналда жарияланған. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» алғаш рет осында басылған. Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» толықтырылып, осы журналда бірінші болып жарық көрген. ­Демек, бұл журналдың қазақ әдебиетіндегі орны да ерекше болып тұр. Өз заманындағы әдебиеттің дамуына ерекше серпін берген басылымның бірі. «Айқаптан» кейін аса ірі ауқымда жарық көрген журнал екенін мамандар мен зерттеушілер айтып жүр. «Қызыл Қазақстаннан» басталған көш «Ақиқатқа» дейін жалғасты. Қазақстандағы аштық туралы бірнеше мақала да осы журналда жарияланған. Оны бүгінгі уақыт тұрғысынан қайта зерделеп, арнайы жоба аясында кітап қылып та шығаруға болады. «Ақиқатты» басқарған редакторлар, осында жұмыс істеген авторлар ұлттың мұңын мұңдаған, жоғын жоқтаған азаматтар. Олардың қаламынан туған дүние қазақ халқына керек концептуалдық тұжырымдар айтуымен ерекше. Журналдың жарық көруі қазақ қоғамының өркениетке қарай қадам басуына әсер еткені сөзсіз. «Ақиқаттың» жүз жылдық белесі, Хангелді ағамыз айтқандай, тарихи тұрғыдан да, журналистік тұрғыдан да зерттелуге тиіс.

Дина Имамбаева, «Ақиқат» журналы Бас редакторының орынбасары:

– «Ақиқат» журналы сол кездегі қоғамның, дәуірдің ғана емес, тұлғалардың да тарихы. Басылым бас редакторларының ішінде Нәзипа Құлжанова есімін ерекше атар едім. Ол қазақ журналистикасында ерекше орны бар тұлға. Сонау 1914 жылы Семейде Абайға арнап бірнеше әдеби кеш ұйымдастырған, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан жан. Сол кезеңдегі басқа тұлғалар секілді тағдырлы ғұмыр кешкен, қуғын-сүргінге ұшыраған. Нәзипа Құлжанованың баспасөздегі шығармашылығы, қызметі, публицистикасы жеке зерттеуге лайық деп ойлаймын. Журналист қыздарға арнап Нәзипа Құлжанова атындағы сыйлық тағайындалса да артық болмас еді.

Берік Аташ, философия ғылымының докторы, профессор: 

– «Ақиқат» журналы осы жүз жылда үлкен істерге араласты. Болашақта да осы бағытынан таймайтынына сеніміміз мол. «Ақиқат» – ХХ ғасыр басында ашылған қазақ басылымдарының жолын жалғастырған журнал. Қазақ тәуелсіздік алғаннан кейін де өз функциясын өте жоғары деңгейде атқарды. Бұл журналдың ең басты мақсаты – тәуелсіздіктің құндылық екенін жариялау және ұлттық идеяны насихаттау. Осы жолда «Ақиқаттың» сіңірген еңбегі көп. Басылымның басты ерекшелігі, бір жағынан, ғылыми, әдеби-публицистикалық, ғылыми-публицистикалық мақалаларды жариялап жүрді. Екіншіден, тарихи сананы, ұлттық мүддені қалыптастырды. Оған қоса, қарапайым бұқаралық сана мен теориялық ғылыми сананы жалғастырушы аралық көпір болды. Саяси жаңалықтардан да қалыс қалған жоқ. Кейбір мақалалар инновациялығымен ерекшеленді. Яғни заманның ағымына ілесіп отырды. Бұл басылымның тағы бір ерекшелігі – журнал авторларды іздестіріп жүреді. Авторлар Қазақстандағы беделді, рухани тұлғалар, ғалымдар. Мен де сөз орайы келгенде ұсынысымды айта кетсем. Бұрынғы журнал архивіндегі материалдардың PDF нұсқасын салып отырса, тіптен керемет болар еді.

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия кафедрасының аға оқытушысы, философ-публицист:

– Журнал ұзақ тарихында аты мен келбетін, басқа да формалық сипаттарын үнемі өзгертіп отырғаны белгілі. Әрине, оның тағы бір объективті себебі бар, ол – қоғамның өзінің өзгеруі. Қоғам – үздіксіз дамушы субъект болғандықтан, өзіне қатысты нәрселердің бәрін үнемі жаңалап отыруға мәжбүр. Міне, осы екі фактордың ықпалымен журнал қазіргі Тәуелсіз Қазақстан жағдайына «Ақиқат» ­деген атпен келіп енді... Журналдың бұл есімі оның тарихындағы жаңа дәуірдің басталғанын білдіреді және оның мазмұндық бағытын айқындайды.

 

ШОЛОХОВ «СОҒЫС ЖЫЛДАРЫ ҚАЗАҚСТАН БІЗГЕ ПАНА БОЛДЫ,

ОТАН БОЛДЫ» ДЕЙДІ...

– Журнал тарихын үш кезеңге бөліп қарастырсақ. Бірінші, журналдың Алаш рухы сақталған кезеңі, екінші, Кеңестік кезең, үшінші, тәуелсіздік алған уақыттағы кезең. Осы үш кезеңдегі журналдың бағыт-бағдары, ұстанымын жекелеп айтуға бола ма?

Хангелді Әбжанов:

– Қоғамда өмір сүрген соң, сол қоғамнан сырт қала алмайсың. Кешегі кеңестік-тоталитарлық жүйе идеология саласына мықты бақылау орнатты. «Ақиқат» сол заманның өзінде қазақтың сөзін, ойын айта алды. Ашаршылық кезінде халықтың қалай сақтануын жеткізіп отырғанын жаңа айттым ғой. Соғыс кезінде де, соғыстан кейінгі уақытта да осы ұстанымын жоғалтқан жоқ. Көпшілік басылым кешегі коммунистердің ғана сөзін сөйледі деп ойлап қалуы мүмкін. Жоқ, олай емес. Сол коммунистік заманның өзінде ұлттың, мемлекеттің мүддесін қорғап жүрді. «Ақиқаттың» бас редакторларының бәрі халқына қызмет еткен тұлғалар. Ондай тұлғалар тұрғанда қалай бұрыс сөзді басылым болмақ? Ол мүмкін емес.

Дина Имамбаева:

– Бұл басылым тек қана коммунистердің жалауы болды деп айтуға келмейді. Коммунистік партияның органы бол­ғанымен де, басылымның мазмұны қашанда мемлекеттік, ұлттық еді. Қазақ кедейінің тағдыры, қазақ жұмысшысының өмірін көтерді. Сол кезде асқынып тұрған мәселелерді айтты. 1970 жылдары қызмет еткен Ұзақбай Доспанбетовпен сұхбаттасқан едім. Ел мен жерді аралап, ауыл тағдырын сөз еткенін, мәселе қылып көтергенін, ол мәселелер шешуін тапқанын айтты. Бұл Құрманбек Сағындықов бас редакторлық еткен уақыт. Ол кісі де белгілі тұлға. Ұлтжанды, қазақи бас редакторлар кеңестік кезеңде де халықтық, ұлттық мәселелерді қозғап, шешімін тауып отырған. Өзім куә болған 2011–2021 жылдар аралығында бас редактор болған Аманхан Әлімұлы да маңызды тақырыптарды көтерді. Ұлттық идея, ұлттық идеология, тәуелсіздікті нығайту, тәуелсіздік құндылықтары, саяси сана, ұлттық сананы қалыптастыру ең басты тақырып ретінде айқындалатын.

Хангелді Әбжанов:

– Осы ойды жалғастырып, журнал басшылығы ұлттық мүддеге қалай қызмет еткенінен бір мысал келтірейін. 1980 жылдары, коммунистік тәртіп мықты кезде Жанболат Аупбаев жұмыс істеді. Жәкең маған тапсырма берді. 1954 жылы Қазақстан Жазушыларының үшінші съезінде Қазақстанның бірінші хатшысы ­Пономаренко жазушылар съезінде сөйлеп, «Сәтбаевты, Әуезовті ақтау керек, олар жазықсыз жапа шекті» деп сөйлеген кезде залда жылап қалғандар да табылыпты. «Осы сөзді тапшы», – деді. Газеттің тігіндісін қарадық. Жоқ. Пономаренконың сөйлегенін айтады, мәтін жоқ. Архивтегі Қазақстан Жазушылар одағының үшінші съезінің стенограммасын қарадым. Жеті том. Тағы да жоқ. Содан амал жоқ, идеологияға байланысты пленум қабылдаған қаулыны беруге мәжбүр болдық. Сол үшінші съезде Серік Қирабаев 27 жастағы жігіт. Сын туралы баяндама жасаған. С.Мұқанов, М.Әуезов сөйлеген. М.Шолохов: «Соғыс жылдары Қазақстан бізге пана болды, Отан болды», – деп тұрып сөйлейді. Олардың бәрі бар.

Журнал дабыра қылмай-ақ, ешкімді қауіпті ахуалға апармай-ақ ұлттың сөзін  сөйлеп отырды. Оны ым, ымыра тілі дейді. Қазақ «ымды түсінбеген дымды түсінбейді» демей ме? «Ақылды түсінеді» деген де сөз бар. Міне, осыны журнал басшылығы оңтайлы пайдаланды.

Дәуіржан Төлебаев:

– Кешегі Алаш қайраткерлерінің бойындағы ұлттық рух осы журналда да жалғасты. Ұлттық рух, ұлттық ой, күрескерлік рух журналдың өне бойынан кездеседі. Мерейтойлық санда Жанболат Аупбаев ағамыздың мақаласын бердік. 1985–86 жылы қайта құру кезеңі басталғанда редакторымыз Кәкімжан Қазыбаев архив қызметкерлерін, ҰҚК өкілдерін редакцияға шақырып, жабық жатқан архивтердегі белгілі тұлғаларымызға байланысты құжаттар журнал бетінде жариялануы керек деген бастама көтергенін айтады. Сәтбаевтың, Рысқұловтың Сталинге жазған хаты тұңғыш рет сол жылдары журнал бетінде жарық көрді. «Ақиқат» журналының Алаш тарихын зерттеуге мол үлес қосқаны рас.

Хангелді Әбжанов:

– Қ.Сәтбаевтың хатын Сапар ­Байжанов аударды. Осы «Ақиқаттан» алып пайдаландық. Сәпекеңнің тілі қандай шұрайлы. Аударманы қандай дәл берген! 1989 жылы ­Жанболат Аупбаев тағы тапсырма берді. ­Санжар Асфендияровтың жүз жылдық мерейтойы өтпекші. Соған байланысты материал ­дая­р­лауымды сұрады. ­Даярладым. Журналға басылды. Бірақ Санжар Асфендияровқа деген ғылыми қызығуым басылмады. Түптің-түбінде Асфенидияровтың төрт томдық шығармаларын жария­лаумен ғылыми зерттеуді тәмамдадық қой. «Ақиқаттың» түрткі болуымен С.Асфендияров шығармаларын тасқа бастырдық. Бұл журналдың бізге ыстық болатыны, қымбат болатыны – ұлтқа ой салды. Осы дәстүр жалғаса берсе дейміз.

Әбдірашит Бәкірұлы:

– Журнал тарихын оның мақсаты мен мүддесі тұрғысынан бағалауға тиістіміз. Мәселен, Алаш қайраткерлері революция кезіндегі оңтайлы сәтті пайдаланып, тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру мақсатын қойды. Бірақ жағдай оған мүмкіндік бермеді. Сосын, олар шұғыл түрде «тәуелсіздік жағдайындағы ұлттық даму» мәселесін алға шығарып, осы бағытта іс-әрекет етуге көшті... Кезінде олардың «ақыл-ойының айнасы болған» бүгінгі «Ақиқат» та осы мүддемен жарыққа шықты. Сол заманғы көтерілген мәселелер де осы мақсатқа бағындырылды. Яғни «Ақиқат» журналының өне бойғы тарихы Ұлттық мүддемен ұштасып жатыр деп қорытындылдауға болады.

 

«АҚИҚАТТЫҢ» ТАРИХЫ МЕКТЕП ОҚУЛЫҒЫНА ЕНГІЗІЛСЕ

– Қазақ баспасөзінде журнал шығару ісі, тарату ісі, әріптестер, ұрпақ, тіпті оқырман жалғастығын үзіп алмай, сақтауда «Ақиқаттың» бізге берер үлгі-өнегесі қандай?

Хангелді Әбжанов:

– «Ақиқаттың» тарихын, оның қызметін мектеп оқулығына енгізу керек. Мектеп оқулығында «Ақиқат» журналы туралы екі жол сөз жазылса, ол оқушы санасында қалады. Оқулық авторларымен сөйлесіңіздер. «Отызыншы, 40-50 жылдардың тарихын жаздыңыз. Ол тарихта «Ақиқат» журналының тарихы бар екенін айтыңыз» деңіз. Оқулыққа, энциклопедияға ену үлкен құрмет. Қалай болғанда да бұл журналдың қоғамдағы маңызын, салмағын көтере беру керек. Кейінгі шыққан журналдар жылтырақпен алға озып кете беретін шығар. Бірақ «Ақиқатта» мазмұн бар ғой.

Дина Имамбаева:

– Дәстүрлі газет-журналдың қазіргі электронды басылымнан айырмашылығы – мазмұнға, сауаттылыққа, ақпараттың шынайылығына баса мән береді. Біздің «Ақиқатта» жарияланған кез келген мақала немесе сұхбат ғылыми негізделген, концептуалды, жан-жақты зерделенген ақпарат. Ең бастысы, сауатты ақпарат. Сондықтан да дәстүрлі газет-журналдар арасында «Ақиқаттың» өз орны бар деп есептеймін.

Хангелді Әбжанов:

– «Ақиқат» деген атты 1991 жылы алды ғой. Сол «Ақиқат» болып аталған алғашқы санда менің мақалам басылды. «Жаңа атаумен шыққан тарихи санда мақалам бар екен», – деп қуанып едім.

Дина Имамбаева:

– Жүз жылдық мерейтойға арналған номерге қатысымыз болғанына біз де қуанамыз.

Дәуіржан Төлебаев:

– «Ақиқат» журналы қазіргі таңда жеке брендке айналды деп айтуға болады. 1991 жылдан «Ақиқат» атала бастады ғой. Ол кездегі бас редакторы Камал Смайылов: «Көрші Ресейде «Вопросы философии», «Вопросы экономики», «Вопросы социологии» деген жеке-жеке салалық журналдар болды. Сол заманда қазақтілді салалық журналдар дами қоймаған. Соның барлығын «Ақиқат» алмастырды», – дейді. «Ақиқат», ғылымның қай саласын алсаңыз да, озық ойдың мінберіне айналды. ­Камал ­Смайылов ағамыздың бастамасымен беделді ғалымдардың редакцияға жұмысқа қабылдануы журнал жұмысын ілгерілетуде үлкен рөл атқарды. Осы тұрғыдан алғанда, «Ақиқат» уақыт сынынан өткен басылым болып тұр.

Ғасырлық белесті мерекелік номермен тұжырымдап, алдағы күнді жоспарлап отырмыз. Ендігіде «Ақиқаттың» жаңа жылнамасы ашылуы керек. Қазір жаһандық, аймақтық мәселелер көп. «Ақиқат» осының бәрін қозғауы, айтуы керек. Болжамдық мақалалары да назар аударуға тұрарлық. Әлемдік көштен қайткенде қалып қоймаймыз, бәрі назарымызда.

Әбдірашит Бәкірұлы:

– Менің «Ақиқатқа» келуім журналдың Бас редакторы, университетте қатар оқыған досым, дарынды ақын, өткір публицист Аманхан Әлімұлымен байланысты. Ол журналға бүкіл Қазақстаннан көзге іліккен сарапшылар мен публицистерді шақырды. Оның кімді қандай амалмен қызықтырғаны белгісіз. Маған: «Әбе дос, шындықты жазғанды тәуір көресің. Бірақ сен «газеттің өмірі бір күндік» деген жазылмаған ереже бар екенін білесің бе? Ал журналдардың өмірі жүздеген жылдармен өлшенеді. Сондықтан сен біздің ауылға аттың басын бұр», – деуші еді... Аманхан Әлімұлы журналдың «Ақиқат» деген есіміне адал болды. Ол өзі ұйымдастырған «Келелі кеңес» арқылы еліміздің қазіргі заман тарихын жазып кетті. Үнемі «Келесіде қандай тақырыпты Кеңеске шығаруға болады?» деп ойланып жүретін. «Өзім білемге» салмай, қызметкерлерімен ақылдасу әдеті-тін. Өз кезегінде «Келелі кеңес» қоғамның зиялылары арасында ойды жандандыруға қызмет етті. Бір мәселені жан-жақты талқылау арқылы, кемшіліктер мен озық тұстарын, мәселенің болашақ перспективасын болжайтын. Бұл журналдың қоғамдағы беделін арттырды. Оқырмандар арасында «Ақиқаттың» ақиқаты» деген түсінік пайда болды. Білген адамға, редакция ұжымы үшін бұл үлкен мәртебе! Себебі осы арқылы журналдың мазмұндық сипаты бүгінгі тәуелсіз мемлекеттік-ұлттық даму бағытымен үйлесетін.

 

ҒЫЛЫМ ҰЛТ ТІЛІНДЕ  СӨЙЛЕМЕСЕ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ

ҰЛТ БОЛА АЛМАЙМЫЗ

– «Қазақтың ғылым тілі кенже» деген сөз бар. Ақиқат секілді басылымдар түрлі ғылым саласынан ой қозғайды. Жаһандық терминдердің бекуіне, қазақтың ғылыми терминдерінің сіңуіне «Ақиқат» та қызмет етті. Осы тұрғыдан келгенде әр ғылым саласындағы жеке терминдердің орнығуына басылым қалай қызмет етті?

Хангелді Әбжанов:

– Ұлттық Ғылым академиямыздың құрамында «Наука» деген баспа болды. Атының өзі орысша. ҚР ҰҒА жариялаған еңбектердің 8 пайызы ғана қазақ тілінде еді. Тәуелсіздік алған соң ғана ғылым тілін ұлт тілінде жандандыра бастадық. Тіл – тірі организм. Ол бірден құлпырып кете алмайды. Кеңес заманында қазақ тілінің түсіндірме сөздігі он том болса, қазір он бес томға көбейді. Ғылымымызды ұлттық тілде сөйлетпей, интеллектуалды ұлтқа айнала алмаймыз. Қазір қазақ тілінде екі миллионнан аса сөз бар дейді. Ол трактор, автомат, комбайн деген секілді сөздерді қосқандағы есеп. Ал таза қазақи ұғым шамамен 130 мың екен. Ол да аз емес. Мамандардың есептеуі бойынша, алпыс мың сөзі бар тіл, қандай салада да қолдануға жарайды. Ендігі мәселе техникалық, жаратылыстану ғылымы салаларындағы қазақ тілін дамыту.

Конституциямыздың қабылданғанына 25 жылдан асты. «Мемлекеттік тілге байланысты заң қабылданады» деген бап бар. Әлі орындалған жоқ. Тілге деген құрметіміз кемшін болып тұр. Ғылым да, медицина да, техника да бірден қазақтанып кетпейді, бірақ сол жолда жұмыстар атқарылуы керек.

Берік Аташ:

– Жалпы айтқанда, қазақшаланған терминдерді сіңіруде журналистердің еңбегі зор. Бастапқыда самолет ұшаққа айналғанда қаншама адам күлді. Ол сөз қазір әбден қалыптасты. Оны бұқаралық санаға сіңіруде журналистердің еңбегі зор деп ойлаймын. Қазіргі тілде ерсі болып көретін терминдерді де қазақшалап отыруға болады. Бірақ аударма қандай болуы керек. Әрине, ол ақылға сиымсыз болса немесе көп сөзбен берілсе, қолайсыздық туғызады. Аударма тиімді болуы керек. Халықаралық терминдерді аударамыз ба, аудармаймыз ба деген сауал да даулы мәселе. Оны екіжақты қарастыру керек. Бір қырынан алғанда, тіл тазалығы басты орында. Екінші жағынан алғанда, ол сөз халықаралық термин болса, әлем елдерінің барлығы солай қолданса, несіне аударамыз? Мұның бір қатерлі жағы – болашақта тілдік қордағы сөзде халықаралық термин үлесі арта береді. Он сөз айтсақ, соның бірлі-жарымы ғана ана тілінде жазылуы мүмкін. «Сулпаққа барып Айфон сатып алдым да, ақысын Каспий голдпен аудардым» деген қарапайым сөздің өзінде қанша кірме сөз бар? Ғылым мен технология дамыған заманда бұл құбылыс күшейе береді. Дегенмен қазақша баламасы бола тұра, батысқа еліктеп, ол терминді қолдану өркениеттің белгісі деп есептеп, сол тілді білетініңізді көрсеткіңіз келіп, мақтангершілікпен халықаралық терминдерді келсін-келмесін қолдану ағаттық болады.

Дина Имамбаева:

– Тіл дамыту дегенде өткеннен сабақ алу ­керек секілді. Мысалы, 1970 жылдардағы бас редактор Құрманбек Сағындықов Карл Маркстің «Капиталын» аударуға қатысқан. Сол аудармамен талай сөз, ұғым қолданысқа енді. Алаш қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедов бірнеше оқулық жазды. Оның ішінде де біраз термин сөздер бар. Соны қайта енгізсек те, нұр үстіне нұр. «Ақиқат» та терминологияға үлес қосқан басылым.

Хангелді Әбжанов:

– Әлихан Бөкейхан мал шаруашылығы туралы көп еңбек жазды. «Күндізгі аптап ыстықтан қиналады деп, қойды түнде жаяды. Сол қойды түнге қарай жаюды шабыт деп атайды», – дейді Әлихан. Ал біз қазір шабытты қой жаюға емес, басқа салаға қолданып жүрміз.

Дәуіржан Төлебаев:

– «Ақиқат» журналы қазақ тілінің ғылыми терминологиясының қалыптасуына үлес қосып отыр. Журналдың әрбір санын парақтаған оқырман, тілші ғалымдар мұны айқын түсінеді. Бұл басылым ғылым мен журналистиканың ұштасқан жері. Оқырманға салиқалы, салмақты дүние ұсыну – мақсатымыз. Академиялық стилі қалыптасқан, интеллектуалдық ақпарат құралы болғаннан кейін оқырман кітап оқығандай әсерде қалуы керек. Сайтымыз жұмыс істеп тұр. Былтыр Австралияда оқып жатқан Қазақстан азаматы мақаласын жолдапты. Әлемнің түкпір-түкпірінен оқырманымыз қызыға, қадағалап оқиды.

 

«АҚИҚАТ» АҚИҚАТТЫ ҒАНА  АЙТҚАНЫ ЖӨН

– Жаһанданған әлемдеміз. Қалайық, қаламайық, қазақ басылымының пәрмені кейінге ысырылып келе жатыр. Бүгінгі заманның оқырманына «Ақиқаттың» беретіні не?

Хангелді Әбжанов:

– «Ақиқат» аты айтып тұрғандай, тек ақиқатты айтуы керек. Саясаттың ығына жығыла беруге болмайды. Саясат басқа мүддені қуады. Ғылымда екі-ақ функция бар: бірі – ақиқатты айту, екіншісі – жаңалық ашу. Ғылымнан басқа ештеңе талап етілмейді. «Ақиқат» ғылымға жақын болса, ақиқатты ғана жазса, меніңше, ол қағаз түрінде бола ма, басқа түрде бола ма, сұраныс кемімейді. «Ақиқат» өз атына адал болса дейміз.

Берік Аташ:

– «Ақиқат» өзекті тақырыптарды бұрын да көтерген, қазір де сырт қалдырып жатқан жоқ. Болашақта да осы бағытынан таймаса – оқырманы азаймайды.

Дина Имамбаева:

– Журналымыздың жүз жылдық мерейтойы тәуелсіздігіміздің отыз жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның өзі символдық мәнге ие. Сонау ХХ ғасырдың басында мемлекет құрылысының барысын, процесін жазған журнал қазіргі тәуелсіздіктің отыз жылдығында да мемлекеттіліктің үнжариясына айналып отыр. Ақиқаттың қазіргі міндеті – қоғамдық-саяси ой-пікірде ақпараттық және сарапшылық орталыққа айналу. Мамандар мен ғалымдарға пікірталас алаңын ұсыну. Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар эволюциялық жолмен жүргізілетінін айтты. Соның бір бастамасы, ауыл әкімдерін сайлау басталды. Бірақ бізде саяси мәдениетті әлі де жетілдіру өзекті. Журналда саяси-құқықтық мәдениет туралы материалдар легін көбірек бермекпіз. Ал Алаш рухын ұдайы сақтаймыз.

Әбдірашит Бәкірұлы:

– Жалпы кез келген басылымға мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді көтеру маңдайға жазыла бермейді. Әсіресе қазіргі нарық кезінде кей басылымдар ұлттық мақсатты «оқырман тарту» сияқты арзандау шоумен ұштастырып жатады. Ал «Ақиқат» бұл мәселені қатты қадағалайтын, арзанқол дүниелерге бармайтын журнал ретінде қалыптасты. Қазір де осы бағытынан ауытқымай келе жатыр. Мен мұндай басылымның өмірі ұзақ боларына сенімдімін.

– Әңгімелеріңізге рақмет!

Дөңгелек үстелді жүргізген

Қарагөз СІМӘДІЛ

1798 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз