Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 04 Қазан, 2021

Қазіргі инфляцияға несие беру де әсер етіп жатыр

Ал дағдарысқа қарсы іс-шараны жүзеге асыру барысында
экономикада артық ақша массасы пайда болған

Қазақстан экономикасы қазір жоғары инфляция сатысында тұр. Экономика инфляцияға былтыр – 2020 жылдың наурыз айында кірген еді, ол кезде тұтыну бағасының индексі 6,4% шығып, Ұлттық банк белгілеген таргеттің жоғары шегін 4-6% деңгейінде еңсерген еді. Соған қарамастан реттеуші келесі айда базалық мөлшерді 12%-дан 9,5%-ға дейін төмендеткен, нарық болса, осылайша жұмсақ ақша-кредит саясатының басталғаны туралы сигнал алыпты.

Ұлттық банктің ниеті 2020 жылдың шілдесінде базалық мөлшер 9%-ға дейін төмендеген кезде расталды. Шешім «Базалық мөлшердің төмендеуі инфляция тәуекелінің әлсіреуіне байланысты» деген тұжырыммен қабылданды. Инфляция сол кезде қатарынан алты ай бойы өскенімен шілде айының қорытындысы бойынша 7,1% дең­гейін­де тіркеліпті.

Осы уақыт ішінде инфляция таргеттен жоғары болып қалды, бірақ реттеуші ақша-кредит саясатын тек биылдың шілдесінде ғана қатайта бастады.

Базалық мөлшер 9,25%-ға дейін өсті, ал жылдық инфляция сол кезде 8% белгісіне жақындады. Соңғы рет базалық мөлшер қыркүйекте (9,5%-ға дейін) өсті, ал биылғы тамыз айының қорытындысы бойынша инфляция 2016 жылдан бастап рекордтық деңгейде  (8,7%) болып тұр.

– Бұл шешім азық-түлік пен шикізат бағасының жалпы әлемдік инфляциялық тенденциясынан туын­даған, экономикадағы инфля­цияның қысымына байланысты, – дейді Ұлт­тық банк мамандары.

Қазіргі инфляция жеке тұлғаларға несие беру мен ақша массасының (M2 агрегатының) көбеюінің салдарынан өсіп жатыр. Былтырғымен салыстырғанда биылғы шілдеде кредит 12%-ға  көбейген (негізінен жеке тұлғаларға берілетін кредит есебінен), ал ақша массасы 35%-ға өскен.

Қазіргі инфляция оның барлық компонентімен өршіді. Биылдың тамызында барлық үш компонент – азық-түлік,  азық-түлік емес тауарлар және қызмет жасау саласы тізгін бермей кетті.

Бәрінен күштісі азық-түлік бағасы болды: 2021 жылдың тамызында 11,4 %-ға шарықтап кетті (салыстыру үшін: 2020 жылдың наурыз айында 9,3% болған еді).

Екінші үлесті азық-түлік емес тауарлар алады, олар былтырмен салыстырғанда тамыз айында 7,3%-ға қымбаттаған. Қызмет жасау сала­сының үлесі аздау, бірақ олар да ай­тар­лықтай өскен: 2020 жылдың наурыз айындағы 3,5 %-дан 2021жылдың тамызында 6,6 %-ға жеткен.

Мұндай өсу 2015-2016 жылдары байқалған еді. Ол инфляция 2015 жылдың қыркүйегінде басталған (яғни реттеуші инфляциялық таргеттеу саясатына көшкеннен соңғы бір айдан кейін), 2016 жылдың шіл­десінде 17,7% - ға жеткен болатын.

 

 

Фазаның ұзақтығындағы айыр­машылық: 2015-2016 жылдары ба­ғаның өсу кезеңі 11 айға созылған еді, қазіргі өсу 20-сыншы айға кетіп барады. Бұл шегі емес секілді, өйткені тамақ өнімінің кейбір түрлері күрт қымбаттап, жанар-жағармай мен құрылыс материалы бағасының өсуі шапшаң инфляцияны өршіте береді.

Баға өсімінің қазіргі ұзақтығы, мызғымайтын шапшаң инфляция, осы құбылыстан сезілетін қоғамдық шығын Президенттің биылғы Жолдауында бекер сөз болған жоқ.

– Біз инфляцияның бақылаусыз кеткенін байқадық. Ұлттық банк пен Үкімет әлемдік тенденцияларға сүйене отырып, оның алдында әлсіз екенін көрсетіп алды, – деген болатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кеңесшілері қазіргі инфляцияның табиғатын түсіндіре отырып, монетарлық теорияның жақтаушысы ретінде көрінді. «Жалпы көлемі 6,3 трлн теңге болатын дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде экономикада артық ақша массасы пайда болды» делінген Жолдауда.

Бірақ инфляциямен күрес шын мә­нінде монетарлық емес тәсілмен өтті. Жолдауда айтылғандай, «қара­жат жетпейтін жер бар, екінші дең­гей­­­дегі банктер шағын жобаларға, әсі­ре­­се ауылға инвестиция салмайды».

Бекер тұрған активтерді эконо­микаға қайтару идеясы да айтылды,  бірақ бұрынғыдай, коммерция­лық банктерді «құтқару» оқиғасы қайталанбауы керек. Жаңа өндіргіш күштер жаңа тауарлар мен қызмет көрсету саласын шығарып, артық өтімділікті игеру үшін өндіріс факторларын көбейтуі қажет.

Бірақ бұл іс-шараның қалай жүзеге асатыны жайындағы контур әлі анық емес. Президент Үкімет пен Қаржыны реттеу агенттігі микро­қаржы ұйымдарын тарту туралы ше­шім шығара алуы үшін депутаттарға бекер тұрған активтер туралы заң жобасын жыл соңына дейін дайындауды тапсырды.

Басқа іс-шара болса, шығынды азайтуға арналған. Мысалы, көтерме сауда орталық желісі көп фермерді, соның ішінде жеке қосалқы шар­уашылықты нарық процесіне бірік­тіруі қажет делінген. Үкімет былтырдан осы бағытта жұмыс істеп келеді, сондықтан олар азық-түлік тауарының бағасымен де айна­лысуы керек. Мемлекеттік ведомство­лар арасындағы жауапкершілік шегін белгілеп, бүкіл процесті қада­ғалайтын басты біреуін анықтау қажет. Тоқаев сонымен бірге азық дайындау, ветеринария, мал жаю сияқты бағыттар бойынша ауыл шаруашылығындағы жағдайды жақ­сартудың маңыздылығын атап өткен болатын.

Үкімет Президент Жолдауынан кейін бір аптадан соң «2021-2024 жыл­дарға арналған инфляцияға қарсы ден қою іс-шарасының кешенін» бекітті. Құжаттың толық нұсқасы жарияланбаған, тек Министрлер кабинетінің ресми сайтында үзінділері бар. Инфляцияға қарсы жоспарды талқылау үшін Ұлттық банкінің, экономика министрлігінің, ауыл шаруашылығы министрлігінің, сауда министрлігінің,  бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бі­рінші басшылары қатысқан. Талқы­лау барысында сауда министр­лігінің жанынан тұрақты жұмыс істейтін штаб құру туралы айтылыпты.

Биылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын сатып алуда форвард шарты мен айналым схемасын енгізу, сауда процесін цифр­ландыру, тамақ өнеркәсібіндегі қуат мониторингі мен талдау жүйесін іске асыру ұсынылды.

2024 жылға дейін тұрақтандыру қорларының жүктемесін ұлғайту, импортты алмастыруды күшейту, бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын атаулы қолдауға көшіру жоспары бар.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

796 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *