Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 08 Қазан, 2021

  NIS: Үздік зерттеу жобалары анықталды

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Туған елге тағзым» өлкетану ғылыми-зерттеу экспедициясының үздік зерттеу жобалары анықталды.

«Жасыл планета» экологиялық номинациясында Алматыдағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Шыңғысбек Балғабайға тең келер ешкім болған жоқ, оның «Monitoring system of plant pollution» жобасы қоршаған ортаның экологиялық мониторингін жүргізіп, патогендік факторларды талдауға бағытталған. Бүгінде Шыңғысбектің жұмысына оңтүстік астананың экологиялық ұйымдары қызығушылық танытып отыр.

Елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Асылжан Есен мифтік Самұрық құсымен бірге бүкіл елді «шарлап келді». Петропавлдағы NIS оқушылары Minecraft платформасында Керуен-сарайдың виртуалды құрылысын бастады. Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептен Инсар Тунгушбаев Көлсай көлдері мен Шарын шатқалындағы экологиялық пунктерді өзі жасаған «Meirim» веб-сайтына енгізді.  Алакөлге апаратын «Ақылды есік» жобасын тараздық Нұрай Наршибаева мен Әлия Анарбаева ойлап тапты. Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Адлен Ролланұлы мен Мағжан Серікбеков әйгілі Шаған көлін зерттеп, Ұлттық ядролық орталықта жұмыс жасады. «Туған елге тағзым – 2020» байқауында жеңіске жеткен барлық қатысушылар жазғы демалыста онлайн маршруттарды шынайы түрде қайта аралады.

Қашықтан өткен экспедиция екінші рет қатысушылардың рекордтық саны (шамамен 1000) мен жобаларын (шамамен 700) жинады, ал онлайн-қорғау NIS оқушыларының зерттеу ауқымы мен креативтілігін дәлелдеді. Қазылар алқасы құрамындағы қоғамдық, халықаралық ұйымдарының өкілдері, ғылыми институттар, Astana Hub IT-стартаптарының  сарапшылары академиялық білімнің жоғары деңгейі, оқушылардың туған өлкедегі өзекті мәселелерді шешуге деген ынтасы мен жобалардың әлеуметтік бағдарына оң баға берді. Сондай-ақ жобалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылғандықтан, қазылар алқасы оқушылардың үш тілді еркін меңгергендігін де атап өтті.

Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын баяндайтын «Ұлы Дала өркениеті»,  «Туған өлкем – жұмақ мекен!», «Ұлт руханияты – бабалар аманаты»  номинацияларында  зияткерлер үздік жобаларын көрсете білді.   

Елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептен Иран Касымов   мүмкіндігі шектеулі жандарды бейімдеу тұрғысындағы   жасақтаған «Брайльдің дисплейі» атты жұмысты үздік деп атады. Жобаның басты артықшылығы – дисплейлердің құнын төмендету арқылы қолжетімділікті қамтамасыз ету.

– Мен зағип жандардың өмір сүру сапасын арттыруға тырыстым, - дейді жас ғалым. Иран Касымовтың жобасын Нұр-сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS техноториясында жалғастыру жоспарда тұр.

  «Туған елге тағзым – 2021» экспедициясының жеңімпаздары мен қатысушыларын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова құттықтады:

- Экспедицияға ұсынылған жобалардың тақырыбы жыл сайын кеңейіп, деңгейі артып келеді. «Туған елге тағзым» жобасы академиялық білімді арттыруға және зерттеу жетістіктерін дәлелдеуде теңдесіз платформаға айналды. Экспедицияда ұсынылған жұмыстардың барлығы жалғасын табуға лайық, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлердің жобалары патенттер мен авторлық құқықтарға ие бола алады деп сеніммен айта аламын.

«Туған елге тағзым» – тоғыз жылдан бері Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде жүзеге асырылып келе жатқан бірегей жоба, осы уақыт ішінде мыңдаған оқушы туған өлкесін жан-жақты тани түсті. Анель Қалдарова барлық байқау қатысушылары атынан «Туған елге тағзым» жобасының символдық атауы өзін толық ақтайтынын мойындады:

- Экспедиция маршруттарында біз өз Отанымызбен мақтанудың не екенін және еліміздің табысты тарихы үшін нақты үлес қосудағы ұмтылысты шынайы ұғындық.

 

623 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз