Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 11 Қазан, 2021

Ой сəуле. Жан тазалығы жарқыраған алмас тас сияқты

1. Қателіктерді бұрынғылар жасап қойған, мен оны тек қайталап жүрмін. Ақылды да бұрынғылар айтып кеткен, мен оны тек оқып жүрмін.

2. Жан тазалығы жарқыраған алмас тас сияқты. Кіршіксіз. Құдайға да керегі сол.

3. Сен неге ынтықсаң, сол соғұрлым тереңіне тарта береді. Түбі бір терең дүние. Нəпсі де солай. Құмарлықтың бəрі нəпсіден.

4. Бала кезімде дүние алқызыл секілді көрінетін. Жастықта əсем бір көкшіл еді. Қазір қоңырқай тартып бара жатқандай ма?..

5. Осыған таң қалам: біреу өзінің білдім, таныдым деген болмашы дүниесін өзгеге таңуға, соны мойындатуға құштар болатыны несі?..

6. Қазақ" көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?"- дейді.Сосын              " көңіл жүйрік"- деп жауап береді. Қазақтың  " көңіл" дегені не осы? Сірə мағынасы терең- ау...əрине оны білемін...

6. Біреудің жаңылғанын көрсе жанығып, сүрінгенін байқаса сүйкенгісі келіп, тайғанап кетсе табалағысыы келіп тұратындар болады. Балконнан қарап. Саусағын шошайтып. " Шоқ- шоқ!"- деп. Сондайлар қазір тіпті де көбейген секілді. 

7. " Ет жүрексіз еріннің айтпа сөзін"- депті жарықтық Абай. Осы қазір жүректің сөзін айтып жүргендер көп пе? Əлде еріннің бе? Жаттанды, жауыр, жадағай, жарқылсыз сөздерге құштармыз. Сөз тілдің ұшында емес, көңілдің түкпірінен болса игі еді..

8. Пікірталас пен дауласуды шатастырып алғандар бар. Мəдениетті, зерделі пікірталаста парасат патшалық құрса, дау сабаған көкезулікте өлермендік пен өшпенділіктің билігі күшті. Дауласуды өлердей жек көрем. Бірақ ол компромисті білдірмейді. Сөз ұқпаған адамға сөзіңді де, өзіңді де шығын қылма!

9. Жылап келіп, кейіп кететін кім? Адам. Жылап келгенім рас, кейіп кетпеске жазсайшы, Құдай!

10. Менің төбемемнен жиі- жиі ұшақтар ұшатын еді. Дұрысында қаланың үстінен. Алматыда. Келе жатсам, тұрсам сол ұшақтарға қарауды ұнатамын. Неге? Өзімде білмеймін.. Бəлкім менде қалған балалық əуестік һəм қызығушылық.. Сірə адам баласы зеңгір көкке, биіктікке құштар- ау.. 

11. Мені біреу мақтап жатса бір жағынан қуанып тұрамын, екінші жағынан ұялып тұрамын. Қуанатыным- пенделігім болса, ұялатыным  не екен?..

12.  Түсініксіз дүние молайып кеткендей. Ақылың адасады. Мына əлем лабиринт секілді. Қоғам орысшалап айтқанда " дурдом".. Айналаң толған психтар. Шизофрение. Тағы басқа. Мен кейде өзімді Достаевскийдің кейіпкерлері секілді сезінемін.

13. Сужұқпас суайттан туса, сұмпайы сұмырайдың белінен екен. Жақсылықтың үндесуі қаншалықты ұзақ, қиын болса, жамандықтың тілтабысуы соншалықты тез, жемісті болатыны несі?!

14. Қарынның қамын ғана ойлаған пенде, əжетханадан əрі аспайды.

15. Ой тоқтаған жерде сөз де тоқталады. Сөз біткен жерде ештеме де жоқ. Ғаламның басы да сөз, аяғы да сөз! Құдайдың адамға берген сыйы осы. Басқасының бəрі бекер...Құдыреттің өлшемі де, таразысы да - сөз! " Құраны" да, " Інжілі"де, " Таураты " да, " Забуры" да - сөз.  Ештеме қалмауы мүмкін, бірақ сөз қалады!

 

Ерболат Баятұлы

 

1129 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз