Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 11 Қазан, 2021

Робот жасап, оқып жүр талай қазақ баласы

Қазақстандық мектептерде үш мыңға жуық робототехника кабинеті ашылды. Робот жасауға қызығатын оқушылар осындай кабинеттерде арнайы үйірмелерге қатыса алады. Барлық кабинет қажетті компьютерлік жабдықтармен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Мектептерде оқушылар үшін арнайы үйірмелер де ұйымдастырылған.

Айта кетейік, министрлік тарапынан педа­гогтердің робототехника саласындағы білімі мен дағдыларын жетілдіру барысында жұмыс жүргізілді. Соңғы екі жылда екі мыңға жуық мұғалім робототехника курсынан өтті.

«Робототехника –  арнайы конструктор­лардың көмегімен робот жасау деген сөз. Әрбір оқушы дәріс тыңдап қана қоймай, роботты өз бетінше жинай алады. Мұғалімдер балаларды механиканың негіздерімен таныстырып, олардың практикалық дағдыларын дамытады. Балалар бұл процеске қатысу барысында жобаларын өз бетінше құруды үйренеді. Бұл балалардың бойындағы жауапкершілік, тәртіп және зейінді дамытады. Сонымен қатар робототехника балалардың физика, математика және ақпараттық технологиялар саласындағы білімін жетілдіреді», – дейді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Алмас Сарбозов Қостанай облысы Амантоғай ауылындағы шағын жинақты ауыл мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып істейді. Екі жыл бұрын ол ауыл оқушыларына арналған робототехника үйірмесін ашты. Егер бастапқыда үйірмеге 3-4 бала ғана қызықса, қазір оған әртүрлі жастағы 30-ға жуық бала қатысады.

«Балаларға пайдалы болсын деп, робототехника үйірмесін аштым. Мектептегі кабинет жабдықталған. Қазір оқушыларымыз түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Пандемия кезінде біздің балалар өздігінен іске қосылатын санитайзер ойлап тапты. Оқушылар тиісті бағдарламаны әзірлеп, құрылғыны жинады. Адам санитайзерге жақындаған кезде ол автоматты түрде іске қосылады. Жақын арада оқушыларымыз еліміздің атынан халықаралық жарыстарға қатысып, өз жұмыстарын көпшілікке таныстырады деп үміттенемін», – дейді робототехника үйірмесінің жетекшісі Алмас Сарбозов.

Ауыл оқушылары кәсіби инженер-робототехник болу арманына мектеп қабырғасынан қол соза бастады.

А.ҰЛТАНБЕКОВА

975 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз