Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 12 Қазан, 2021

Ұлт тарихын қазақ тілінде сөйлеткен ғалым

2021 жылы 9 қазан күні сағат 12:00 де Апорт сауда орталығы мен Қазақ университеті баспа үйінің бірлесе ұйымдастыруымен Апорт сауда орталығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменейдің парсы тіліндегі түпнұсқадан қазақ тіліне аударған және түсініктемелер берген үшінші толық нұсқасы «Тарих-и Рашиди» кітабының тұсаукесері өтті.Бұл еңбек әлем елдеріндегі аудармаларының ең толық нұсқасы. Әрі қазақ тарихы, мәдениеті, тілі һәм түркілік тарихымен ұштастыра, салыстыра қарастырып анықтамалар берген шығарма. Сондай-ақ, қазақ сөзінің этимологиясын жазба деректер негізінде саралап жазған еңбек.

Аталмыш іс шараны «Қазақстан қажылары» қауымдастығы діни бірлестігінің төрағасы, дінтанушы Еркінбай Дуанаевжүргізді. Алдымен кітап авторы Ислам Жеменей өз еңбегінің маңызы, негізгі айтар ойы туралы таныстыру сөз сөйледі. Сонымен қатар, филология ғылымдарының PhD докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының аға оқытушысы Абдурахын Нұрхалық, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының аға оқытушысы Шәріпқазы Нұртәліп, жыршы, заңгер Әбіш Әділбеков, әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, фольклорист, этнограф Байахмет Жұмабайұлы жазушының ерен еңбегі мен өзі туралы жылы лебіздерін білдіріп, авторды құттықтады.

Ислам Жеменей: «Бүгінгі тұсаукесерге қатысқан барша зиялы қауымға алғыс айтамын. Алла разы болсын! Бұл кітап әрбір қазаққа қажет кітап деп санаймын. Себебі, Қазақ хандығының құрылғанына дәйек болатын жалғыз жазба. Бұдан басқа біздің қолымызда ешқандай дерек жоқ. Бұл кітапты парсы тілінен қазақ тіліне аударуға 20 жыл уақытым кетті. Кітаптың түп нұсқасын толық түсініп оқуға 5-6 жылымды арнадым. Бір сөзін қалдырмай әуелі парсы тілінде текстологиясын жасадым. Ол Тегеранда Оғызхан баспасынан басылып шықты. Соның негізінде қазақшасын толық үлгісінде шығарып отырмыз. Осы уақытқа дейін «Тарих-и Рашиди» дәл осы деңгейде шыққан емес. Мысалы, ағылшын тіліндегі нұсқасын Шыңғыс ханның ұрпақтарының тарихын айту үшін шығарды. Ал, біз мына кітапта қазақ тарихына, мәдениетіне, тіліне қаншалықты қатысы бар екенін айқындап, әр қайсысына жеке тарау арнадық. Яғни, бұл кітапты оқыған адам қазаққа қатысты мәліметтің бәрін ұға алады. Тарихи маңызы - біздің ежелгі дәуір тарихымыз бен Қазақ хандығына дейінгі аралықты, яғни ХVII ғасырды бір-бірімен байланыстырушы қазақ тарихының мәйегі дей аламыз.Әрбір қазақ осы кітапты бойына сіңіре алса, жазба дерекке қызығушылығы оянатынына мен сенімдімін. Біз көшпелі халық болғандықтан,жазбаларымыздың барлығы дерлік күні бүгінге дейін аңыз әпсанаға, фольклорға, ауыз әдебиетіне негізделген. Ал бұл кітапта тікелей автордың көзбен көргені жазылған. Сондықтан қазақ кім, қайдан шықты, қалай қазақ болды, қазақтың түркі тарихына қандай қатысы бар соның бәрі қамтылған жалғыз кітап.

Тілдік маңызы – кітаптың екі томында 100-ден аса қазақ сөзі бар. Тіл ғалымдарының зерттеуін қажет ететін қазіргі таңда ешбір түркі халықтары қолданбайтын көне сөздерді де осы кітаптан кездестіресіздер.

Діни маңызы – діни, сопылық ағымдар жайында жазылған. Орталық Азиядағы бес мемлекет Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстанның бәрі мұсылман. Байқасаңыз бес елдің арасында ешқандай қақтығыс жоқ. Бір-бірімізді дін үшін, мазһаб үшін өлтіріп жатқан жоқпыз. Ал Ирак пен Сирияны қарасаңыз күнде қақтығыс, мыңдаған адамдар өліп жатыр. Себебі мазһабтарында айырмашылық болғаны үшін. Біздің ата-бабамыздың ерен еңбегінің арқасында Орталық Азиядағы бес ел бір дінде, бір мазһабтаболып, тату өмір сүріп жатыр. Біз бұны да осы кітаптан оқи аламыз.

Біз егер қазақ тарихын шынайы әлемдік деңгейде, әлемдік ғалымдармен текетіресе отырып, өзіміздің қазақ екенімізді нанымды түрде мойындатқымыз келсе, археологиядан бөлек жазба деректерге де көңіл бөлуіміз керек. Біздің жас ғалымдарымыз араб, парсы, түркі тілдеріндегі қазаққа қатысты жазбаларды қазақ тіліне аударуы керек. Бүгінгі еңбек жас ғалымдарымызға бастама болып, жол ашты. Бұл кітап тарихымызға өз көзімізбен қарауға мүмкіндік береді. Сіздерді осы кітаптың насихатшысы болады деп сенемін»,- деп сөзін түйіндеді.

Абдурахын Нұрхалық: «Бүгін қазақ үшін үлкен той. Себебі «Тарихи-и Рашиди» еңбегі Дулат бабамыздан тарайтын тарихымызды баяндайтын жалғыз кітап. Бауыржан Момышұлы атамыз 70 жасында берген сұхбатында «Мен мына жазушы деген халыққа таң қаламын. Мен жазушы болайын деп болған жоқпын. Біздің ұрпақ соғысты басынан өткерген кездегі жағдайды сол күйінде қағаз бетіне түсіруге тырыстым», - дейді. Дәл сол сияқты Мұхамед Айдар Дулаттың да қаншама жағдайды басынан өткере жүріп, көзбен көргенін болғанын болғандай еш өзгеріссіз жүрекпен сезіне отырып жазған еңбегі. Кітапта 31 сүре айшықталып, оқиғалармен көрсетіледі. Кітап рухы Алланы ұлықтау, пайғамбарға салауат айту үлгісімен басталған. Одан кейін оған ет пен сүйек беру керек. Сол үшін барлық геосаяси тарихты, яғни Моғолстан хандығын толығымен өз деңгейінде жазды. Хандардың артында тұрған рухани пір сол әулиелер. Қаншама соғыстар, отқа оранған жерлер, бірінен кейін бірі құлап жатқан хандықтар туралы оқып отырып жүрегіңіз ауырады. Бірақ сол кездегі рухани әулиелер сондай оттың ішіде болсада тыныштықта, қаншама шәкірттер тәрбиелеп бақыттың ішінде шалқып отырды. Кітапты оқу барысында мен өзімді Нұх пайғамбардың топан судан кемемен аман қалғанындай халде сезіндім. Бұл кітаптың беретіні ұшан теңіз тілмен жеткізу мүмкін емес, тек жүрекпен сезініп оқу керек. Құранды қалай қадірлесек бұл кітапты солай қадірлеп қазақ тарихын осы кітаптан оқу керекпіз, қайта-қайта оқу керекпіз», - деп қорытты өз сөзін.

Шәріпқазы Нұртәліп: «Бұл кітаптың тарихи бағасын тарих беріп, өз орнын алып қойғандықтан мен кітап авторы, ұстазым Ислам Жеменей туралы айтып өткім келеді. Қазақта Әлихан Бөкейханов атамыздан қалған жақсы сөз бар «Халыққа қызмет ету білімнен емес мінезден» деген. Мұны кім қалай түсінеді білмеймін, менің түсінігімде елімізде білімді адамдар академик, доктор, профессорлар көп. Ол кісілерде білім жоқ демеймін, бірақ артында осындай ауыз толтырып айтарлық үлкен еңбек жоқ. Ислам Жеменей ағамызда білім бар және Әлихан атамыз айтқан мінез бар. Біріншіден, әрбір еңбек осылай халыққа, ұлтқа қызмет ету керек. Екіншіден, қазақ тіліне осындай шығарманың аударылғаны қуантады. Бұл еңбекті әлемнің қанша елі өз тіліне көп жыл бұрын аударған. Біздің елде енді ғана аударылып жатқаны ұят. Егер Ислам аға болмағанда аударылар ма еді? Негізі бұл еңбек мемлекеттің қолдауымен ауқымды деңгейде зерттеуді қажет етеді. Бірақ Ислам ағамыз сол халық болып атқаратын істі бір өзі жасап шықты. Біз осындай тұлғаларды барында бағалауымыз керек», - дей келе Ислам Жеменейге ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тіледі.

Әбіш Әділбеков: «Бүгінгі тарихи күнде тарихи кезеңнің жақсы сәттері өтіп жатыр. Ислам аға кітабыңыз құтты болсын. Бұл еңбек сіздікі болғанымен, бұл еңбектің алатын орны мен болашағы қазақ жастарыныңкі. Сіз қазақ жастарын алға тартатын жол сілтедіңіз, қазақ жастарына рухани азық болдыңыз және қазақ жастарының, қазақ елінің рухын көтеріп отырсыз. Аман болыңыз! Құлдық санадан ұлттық санаға, құлдық санадан тарихи санаға, құл болып емес қазақ болып жүруге жетелейтін нағыз жастарға лайықты кітап жаздыңыз. Мұхаммед Айдар Дулат бабамыздың бізге мұраға жазып кеткен еңбегін қазақ тілінде сөйлетіп болашаққа жол салып отырсыз. Қадіріңізді біз білеміз, бізден кейінгі жастар да білетін болады», - дей отырып, өзінің «Ғасырлар үні» атты жинағын сыйға тартты.

Байахмет Жұмабайұлы: «Кітаптың бағасын алдағы уақытта тарих әрі халық бере жатар. Бұл кітап Қытайда қытайша, Қытайдағы қазақтар қазақшаға аударған, Монғолдар да өз тіліне аударды. Бірақ бұлар өздеріне тартып бұрмалап шығарды. Ал, Ислам Жеменей қазақ, оның сыртында нағыз қазақ. Бауырымызда құлшылық идея жоқ. Сондықтан, біріншіден сөзсіз бұл кітапта біздің тарихымыз бұрмалаусыз айқын жазылғанына сенімдімін. Екіншіден, елімізге керек тұлға екенін айтып қана қоймай, осындай тұлғалрдың еңбектеріне мемлекет тарапынан қаражат бөлініп қолдау көрсетілу керек. Үшіншіден, біз кезінде ата-бабамыз шетке кетті деп ренжігенімізбен, тәуелсіздік алғаннан кейін қаншама білімді ұрпақ елге келіп, мәдениетіміздің дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Біз тұлғаларымызды бағалап, құрметтеуіміз керек», - деп өз сөзін түйіндей келе барша қазақ халқының атынан Ислам Жеменей ағамызға шапан жапты.

Сөз соңында Еркінбай Дуанаев: «Әрбір қазақтың шаңырағынан ойып тұрып орын алатын үлкен еңбектің тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Бұл кітаптың алғашқы басылымы 2003 жылы, екінші басылымы Қазақ хандығының 550 жылдығында 2015 жылы, үшінші мәрте алдыңғы кітаптардағы кемшіліктерді үлкен деңгейде толықтырылып2020 жылы шығып отыр. Мұхаммед Айдар Дулат атты ұлы тұлғамызды Ислам бауырымыздың арқасында елімізге қайтардық. Исламның бұл еңбекке толық аудармамен бірге жер-су, адам аттарына тұңғыш рет толық қазақша транскрипция беруінің өзі батыл қадамы болды. Ислам бауырымыз ұжым болып атқаратын істі бір өзі жасағанын міндет қылып отырған жоқ. Егер халқым қолдаса алдағы уақытта түп нұсқадан «Бабырнама», «Зафарнама» сынды еңбектерді де қазақ тілінде сөйлетемін деп отыр. Бұл кітаптың насихатталуы, құндылығын дәріптеу алдағы уақытта да әлі талай оқу орындарында таныстырылуы, тұсау кесері болады деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз», - деп қорытындылап, кітаптың тұсаукесерін жасады.

Аталған қонақтармен қатар қазақ басылымдарынан «Таң-Шолпан» журналының Бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы,«Ақиқат» журналының Бас редакторы Дәуіржан Төлебаев, Халықаралық «Түркістан» газетінің Алматыдағы меншікті тілшісі Ахмет Өмірзақ т.б. БАҚ өкілдері қатысты.

Қорытындылай келе, Ислам Жеменей ұстазымызға зор денсаулық, таусылмас шабыт тілейміз. Әлі де халқына берері, тарихта қалар еңбектері мен жазары таусылмасын дегіміз келеді.

 

Жазып алған

«Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының

бас маманы Дүйсенбай Гүлжанат

1241 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз