Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 13 Қазан, 2021

Еңбек нарығындағы сұранысқа бейімделу - уақыт талабы

Бүгінде экономика  және бизнес саласындағы жоғары білім беру жүйесін жетілдіру бағытында айтарлықтай өзгерістер бар. Жоғары оқу орындары өздерінің басқару қызметтерінде дербестік дәрежеге ие бола бастады. Нарық талабы оқу бағдарламаларын жұмыс берушілердің сұранысы негізінде қалыптастыруды қажет етеді. Осы ретте Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры, қауымдастырылған профессор Гүлнәр СӘРСЕНБЕКОВАМЕН сұхбаттасқан едік.   

– Гүлнәр Әлібекқызы, Қазақ­стан инженерлік-технологиялық университеті – бүгінде білім нары­ғында өз орнын айқындаған оқу орны. Экономика мен бизнес, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және IT салалары мамандарын даяр­лауда қазіргі уақыт талабы қандай?

– 2001 жылы құрылған  Қазақ­стан инженерлік-технологиялық университеті бүгінгі таңда 20 жылдық белеске көтеріліп отыр. Соңғы бес жылда екінші тынысы ашылып, қарқынды дамып келеді. Бүгінгі күнде ҚазИТУ-да 19 бакалавриат, 6 магистратура бойынша білім бағдарламалары сұранысқа ие және нарық талабына сай жаңа оқу бағдарламалары ашылуда. Жаңа оқу бағдарламалары бойынша Түркия, Қытай және Ресейдің Мәскеу мемлекеттік тамақ өндіру университеті, Алтай мемлекеттік университеті, Оңтүстік Орал мем­лекеттік университеті, т.б. бір топ шетелдік университеттермен бір­лесе жұмыс жүргізілуде.

2020 жылы ҚазИТУ Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз халықаралық агенттіктің институционалды аккредиттеуінен үздік өтті. ҚазИТУ жалпы даму бағдарламасы: 1. Академиялық қызмет. 2. Ғылыми-инновациялық және халықаралық сала. 3. Әлеу­меттік жастар саясаты. 4. Эконо­микалық, материалдық-техни­калық даму бағыттарын қамтиды. Әрине, даму бағдарла­масына  коронавирус пандемиясына байланысты өзгертулер енгізілді.

 

 

Бүгінгі таңда басты мақсаты­мыз – университеттің инновация­лық-кәсіпкерлік бағытын күшейту. Сондықтан биыл жұмыс  беруші­лермен, «Атамекен» ҰКП, ғы­лыми-зерттеу институттары және шетел университеттері өкілдерінің қатысуымен бірлесе отырып, оқу бағдарламалары қайта қаралды. Сәуір айында білім-ғылым және өндіріс саласының мамандарымен бірлесе отырып, қордаланған мәселелер мен алға қойған мақ­саттарды айқындауда жеті шетел университетінің қаты­суымен халықаралық ғылыми-тәжіри­белік конференция өтті.

Қазақстан инженерлік-тех­нологиялық университеті 2021-2022 жаңа оқу жылын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген мақсат-міндеттерімен таныса отырып, бастады. Мемлекет басшысы өнеркәсіптік, ауылшаруашылық әлеуетімізді толық пайдалануды айтты. Осы саладағы табыстарымыз жетерлік, соған қарамастан әлі де болса ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін толыққанды пайдалану жолдарын кеңейтуді тапсырды. Жоғары оқу орындары алдында да сапалы мамандар даярлап, экономикамыздың жаңа салаларын дамытудағы үлкен міндеттерге өз үлесімізді қосу күн тәртібінен түспейді. Жалпы еліміздің индустриялды-ин­новациялық  дамуына өзіндік үлес қоса алатын экономистер мен инженер кадрларының элитасын дайындауда ҚазИТУ мақсат-міндеті айқын, материалдық әлеуеті жеткілікті, заманауи әлеуметтік инфрақұрылымы жетілген, оқытушы-профессор­лық құрамының біліктілігі жоғары  білім ордасы деп айтуға толық негіз бар. 

–  Отандық жоғары оқу орындары бүгінгі нарыққа қандай маман керек деген сұраққа қаншалықты дайын?

– Қазіргі еңбек нарығындағы сұранысқа  жоғары оқу орындары  да бейімделу қажеттілігі – уақыт талабы. «Атамекен» ҰКП зерттеулеріне сүйенсек, елімізде құрылыс мамандары да тапшы екен. ҚазИТУ – экономистер мен IT мамандарын даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны. Бүгінгі таңда экономикамыздың қай саласында болмасын цифр­ландыру процесі өте қарқынды жүргізілуде. Біз бұл тұрғыда осы саладағы мамандарға үлкен көңіл бөлініп жатқанын білеміз. Кез келген инженерлік жоғары оқу орны IT саласының мамандарын сапалы дайындауды мақсат етіп отырғаны анық. Біздің университет  өзінің даму бағдарламасында цифрлық шешімдер мен технологияларды тиімді әрі кеңінен пайдалануды іске асыратын оқу орны деп айқындады. Бүгінгі күні студенттермен қарым-қа­тынас толық осы жүйеге көшті; цифрлық инфрақұрылым тиімді, пайдалануға ыңғайлы; цифрлық жүйелер бір-бірімен байланыстырылып, біріктірілген.

– Білім және ғылым министрлігі  оқу бағдарламалары мен оқыту деңгейі заман талабына сай келмейтін жоғары оқу орындарының лицензияларын қайтарып ала бас­тағаны белгілі.  Осы ретте жалпы жеке меншік оқу орындарында ең үлкен түйткілді мәселе – оқытушы-профессорлық құрамының талапқа сай болмауы. Сіздерде бұл мәселе қалай шешіліп отыр?

– Біздің университеттің жалпы кадрлық әлеуеті  бүгінгі таңда  жоғары сапалы деп айта аламыз. Даму бағдарламасын жасау кезінде міндетті түрде университеттің әлсіз және мықты тұстары сараланады. Алматы қаласы – өзінің ака­де­мқалашығымен ерекшеленетін мегаполис. Академқалашық­та ор­наласқан бірден-бір жоға­ры оқу орны – ҚазИТУ оқу бағ­дарламалары бағытындағы ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылы­ми-зерттеу институты, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институты және т.б. Ғылыми қызметкерлер университетте еңбек етумен қатар, ғылыми жобаларға студенттер мен магистранттарды тартып, нәтижесінде шәкірттеріміздің теорияны іс-тәжірибемен ұштастырып, сұра­нысқа ие маман болуына үлкен мүмкіндік беріліп отыр.

– Алматы қаласы бизнесті да­мы­туға қолайлы орта. Жалпы  сту­денттерді университет қабырға­сында кәсіпкерлікке баулу деген мәселе кейінгі жылдары күн тәртібіне қойылып отыр. Осы ретте студентті кәсіпке бейімдегенде, сол бизнесті құра алатындай деңгейде дайындау үшін жоғары оқу орындарына қандай салмақ түседі?

– Өте орынды сұрақ. Кез келген университет білім мен ғылымды бірге алып жүретіні белгілі. Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына академиялық еркіндікті беруде үлкен жұмыс жасап жатыр. Біздің университеттің бірден-бір алға қойған міндеті – бітіруші түлектерді өз маманды­ғы бойынша жұмысқа орналасуына көмектесу. Жасыратыны жоқ, кез келген түлек оқуды бітіре салып, үлкен бір холдингке, мемлекеттік қызметке немесе жалақысы жоғары жұмысқа орналасуға ұмтылады. Жалпы Қа­зақстан бойынша жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер өз мамандығына сәйкес, 100 пайыз жұмысқа тұрып кету көрсеткішіне қол жеткізу күрделі мәселе. Егер студенттер өз мамандығы бойынша кәсіпкерлікті қоса мең­ге­ре­тін болса,  олар өз кәсібін ашу­ға мүмкіндік алар еді. Түлектер­ді жұмыспен қамту мақсаты ҚазИТУ даму бағдарламасында кең көрініс тапқан. Университет оқу ғимараты бірінші қабатының сол жағында толығымен дерлік ғылыми зертханалар орналасқан, оң жағында кішігірім цехтарымыз жұмыс жасайды. Осы орайда ғылымдағы озық технологияны пайдалана отырып, оны өндіріске тиімді енгізу тәсілдерін меңгеріп, одан өндірілген өнімді нарыққа қалай шығаруға болады, т.б. мәселелердің шешімін табуға үйрету  мақсатында оқу бағдарламарын қайта қарастырдық. Оқу бағдарлама­ларына кәсіпкерлік бағытқа үйрететін арнайы пәндер енгізілді. Осы тұрғыда «Атамекен» ҰКП, «Даму» қоры мамандарымен бірлесіп мақсатты жұмыстар атқарылуда. 2021 жылы  университетте Бизнес инкубатор ашылды. Айына 5-6 бизнес-жобалар келіп түсіп жатады, оның ішінен ең үздіктерін бөліп алып, сол жобаны түзген студенттермен жұмыс жасаудамыз. Бұл, әрине, студенттеріміздің өмірде өз орнын табуына үлкен көмек екені сөзсіз.

– Сұхбатыңызға рахмет!    

Айғаным ТӨЛЕПБЕРГЕН

 

1876 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз