Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 13 Қазан, 2021

Дүниенің тірегі - үміт

Бақыт дегеннің не екенін білмесек те, бала кезден бақытты аңсадық. Бақытқа жету үшін жаныңда біреу болуы керек деп, әлдекімді іздедік. Өйткені, жалғыз адам бақытты болуы мүмкін еместігін ерте түсіндік. Сол кезде бақытты болудың бірден бір формуласы осы деп сендік. Есейе келе алдымыздан шыққан сан тарау жолдар сияқтанып, бақытты болудың да жолдары көбейді, бірақ ережелері де өзгере берді. Міне, адасу осы кезден басталады екен.

«Құдай сені бақытты еткісі келсе, қиын жолдармен жүргізеді. Өйткені, бақыттың жолы жеңіл болмайды» депті Далай-лама, оған дауым жоқ. Бақытты болуға талпыныстың өзі – адамның ерекшелігі. Бұл жолда ол тау қопаруға дайын. Бірақ бақыт деп тапқаны кейде басқа болып шығатыны несі?! Бұған әр дәуірдің өз жауабы болғаны анық, себебі адамдар ата-анасынан гөрі өз заманына көбірек ұқсайды. 

Мен мойындаған бір ақиқат – Құдайын таныған құл ғана нағыз бақытты. «Адамдардың үш тобы бар: бірінші топ Жаратушысын іздеді және тапты. Бұлар – ақылды әрі бақытты адамдар. Екінші топ Жаратушысын іздеп жүр, бірақ тапқан жоқ. Бұлар – ақылды, бірақ әлі бақытсыз адамдар. Үшінші топ Жаратушыны іздеп те жүрген жоқ, тапқан да жоқ. Бұлар – бақытсыз әрі ақымақ адамдар» (Блез Паскаль). Француз философы айтты демесеңіз, бұл таным қазаққа да жат емес. Өйткені, «Жүректер Алланы еске алумен жай табады» (Рағыд сүресі, 28).  

Заманында қаладағы сыйлы бір кісі  Сүлеймен патшаны іздеп келеді. Патша тоған жағасында судағы балықтардың тірлігін қызықтап отыр екен.

– Тақсыр, мен шатасып біттім. Өмірімнің әр күні бір-бірінен аумай барады. Таңның атуы мен күннің батуын айыра алмайтын халге жеттім. Бақыт дегеннің не екенін білуден қалдым.

Сүлеймен патша бірден жауап қатпай, ойланып барып:

– Біле білсең, талайлар сенің орныңда болуға таласар еді. Сенің үйің мен бау-бақшаңа, дәулетіңе ие болу талайға арман емес пе, - дейді. – Ал сенің арманың не?

– Мен басында құлдықтан құтылуды армандадым. Сонан соң саудамның табысты болғанын қаладым. Ендігі арманымның не екенін де білмеймін.

– Армансыз адам мына тоғандағы балық сияқты. Олар үшін әрбір жаңа күннің кешегіден айырмасы жоқ. Атқан таң мен батқан күнді айыра білмейтін олар бақыттың да не екенін білмейді, - дейді Сүлеймен патша судағы балықтардан көзін алмай. – Балықтан айырмашылығың – сен өз тоғаныңа өзің қамалдың. Ізгі мақсатың болмаса, уақытыңды бекерге жұмсап, қаза жеткенде ғана босқа өмір сүргеніңді бір-ақ түсінетін боласың. Өмірде анық мақсатың болса, алға қарай әр қадам басқан сайын сол мақсатқа жақындай түстің бе әлде алыстап кеттің бе, соны бағалап отырасың. Бұл өмір сүруге деген құштарлықты арттырады. 

Әлгі адам маңдайын тыржитып, міңгірлейді:

– Сонда мен әр мақсатқа жеткен сайын жаңасын іздеуім керек пе? Әр арманым орындалған сайын жаңасын армандауым керек пе? Демек, адам баласы үнемі ізденіс үстінде болғанда ғана бақытты ма?

– Иә, дәл солай, - депті данышпан патша.

Расында да, бақыт іздеп жүргеннің өзі бақыт екенін өткен уақыт дәлелдеп келеді. Алға жетелейтін арман барда үміт те үзілмейді. Ал үміт - дүниенің тірегі.

 

Қонақбай Қожанияз

 

1511 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз