Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 14 Қазан, 2021

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ: ҚАЗАҚСТАННАН БАСҚА ЕШҚАНДАЙ МЕМЛЕКЕТТЕ ЖОҚ «ҮШ ЕРЕКШЕЛІК»

Қазіргі күні қоғамда ең көп талқыланып жүрген мәселенің бірі – қазақ тілінің жағдайы. Бұл бір жағынан мемлекетқұраушы ұлт өкілдерінің ана тілінің бүгіні мен ертеңіне деген алаңдаушылығын білдірсе, екінші жағынан мұны ұлтқа, тілге жаны ашығандық танытып, өз ­аттарын шығаруға ұмтылушылық деп бағалайтындар да бар. Осы орайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ­жазушы-драматург, ­профессор Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

ОТЫЗ ЖЫЛДАН БЕРІ ҚАЗАҚ АНА ТІЛІНЕ НЕГЕ  ИЕ БОЛА АЛМАЙ ЖҮР?

– Сұлтанәлі Базарбайұлы, Сіз кеңес дәуірінде-ақ алғашқылардың қатарында қазақ тілінің жағдайы туралы дабыл қаққан қаламгерлердің бірісіз. Соңғы жылдары бұл мәселе жөнінде айтқан пікірлеріңізді онша көрмей, естімей жүрміз. Мұның сыры неде? 

– Мен сонау 80-жылдардан бастап қазақтың ұлттық жағдайы, ана тіліміздің болашағы туралы көп жаздым. Соның ішінде «Қызыл кітапқа кіретін халық» деген мақалалар циклі «Қазақ әдебиеті» газетінің үш санында жарияланды. Мақалада мен «ана тіліміз қолданыстан қалып барады, осылай жалғаса берсе. қазақ «қызыл кітапқа» кіріп, ұлт ретінде жойылып кетеді» дегенді айтып едім. Бұл пікірімді ол кезде қазіргідей жан-жақтан қол шапалақтап, қолдай кеткен ешкім байқалмады. Керісінше, республикамыздың орталық өңіріндегі газеттердің бірінде «Жағына жылан жұмыртқалағыр Балғабаев қазақ халқы ана тілінен айырылып, ұлт ретінде құрып кетеді дегенді қайдан шығарып жүр? Мұндайлардың үнін өшіру керек!» – деген сын мақала жарияланды. Содан арада біраз жыл өтіп, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мен тіл туралы айтуды біртіндеп азайттым. Неге? Өйткені тіл мәселесін айтушылар менсіз де көбейді. Дегенмен бұл тақырыптан мүлдем алыстап кеттім деп және айта алмаймын. Тіл туралы кімнің не айтып, қандай мәселелер көтергенін үнемі байқап, бақылап отырамын және кейде ептеп өзім де үн қосып қоямын..

 Егер тіл мәселесіне қатысты тағы да пікір білдіруге тура келсе, алдымен қандай ойларыңызды алға тартар едіңіз?

– Тіл туралы сөз болғанда төмендегі үш мәселе міндетті түрде айтылса деймін: Бірінші, Қазақтандағы қазақ тілінің қазіргі жағдайы жан-жақты анықталып, бұл саладағы жеткен жетістіктеріміз бен кемшіліктеріміз нақты көрсетілсе; екінші, осы олқылықтар мен кемшіліктердің орын алуының себептері жан-жақты ашылып, талданып айтылса; үшінші, Қазақстанның ішкі және сыртқы жағдайына, қолда­ныстағы заңдары мен басқа да тиісті ресми құжаттарына сүйене отырып, бұл кемшіліктерді жойып, реттеудің нақты жолы көрсетілсе.

  Енді осы мәселелерге жеке-жеке тоқталсаңыз.

– Бірінші яғни қазақ тілінің қазіргі жағдайы туралы сөз болғанда мен өзім, ең алдымен, мына мәселеге тоқталу керек деп есептеймін. Нақтылап айтқанда, қазіргі кезде «қазақ тілі құрып, жойылып бара жатыр» деген сияқты әңгімелер естіліп қалады. Мен бұған келіспеймін. Ондай қауіп әлдеқашан өткен. Қазақ тілінің басына қара бұлт үйірілген заман өткен ғасырдың елуінші жылдарынан басталып, сексенінші жылдардың ортасына дейін созылды. Бұл кезеңде Қазақстанда 700-дей қазақ мектебі жабылды. Көптеген үлкенді-кішілі қалаларда, тіпті кейбір тұтас аудандарда бірде-бір қазақ мектебі қалмады, Мысалы, сол кезде республикамыздың астанасы болған Алматыда бір-екі ғана қазақ мектебі жұмыс істеді. Бұл дерт арнаулы орта және жоғары оқу орындарында да барынша асқындады. Қазақ университеті мен бірнеше педагогикалық институттардағы қазақ бөлімдерінен басқа жоғары оқу орындарының бәрінде білім беру тек қана орыс тілінде жүргізілді. Мектепте өз ана тілінде оқып, қазақша сөйлеп үйренген бала институтқа түскенде бірден орыс тілінде оқуға мәжбүр болып, неше түрлі қиындықтарға ұшырады. Мұны көрген ата-аналар «Қазақ тілінің шаруасы бітіпті, ендігі жерде баламыз қазақша оқыса, нанын тауып жей алмай, далада қалады екен» деп, балаларын жаппай орыс мектептеріне бере бастады. Бұған Қазақстан үкіметі де «қызу қолдау» көрсетіп, барлық жерде, барлық жиындарда тек қана орысша сөйледі. Қазақша сөйлеуді сауатсыздық, көштен қалған надандық деп есептеді. Оларға зиялы қауым да қосылып, балаларды орысша оқытудың алдыңғы қатарында жүрді.

Егер заман сол қалпында тұра бергенде қазақ тілі шынында құрып, қазақ ұлт ретінде жойылып кетуі әбден мүмкін еді. Бірақ, шүкір, қазір мүлдем басқаша. Баяғыда бір-екі ғана қазақ мектебі болған Алматыда қазір қазақша білім беретін оқу орындарының ұзын саны 80-ге жақындады. Мұндай жақсы жаңалық республикамыздың барлық өңіріне кең тарап, қазақ мектептері үздіксіз көбейіп келеді. Жоғары оқу орындары да жаппай қазақшаға көше бастаған. Мысалы, биыл білім гранты бойынша оқуға қабылданған 60 мыңға жуық студенттердің 70 пайыздан астамы қазақ бөліміне түскен. Және бұл жастардың қазақ тіліне деген ынта-ықыласы ерекше. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясындағы ұстаздық қызметіме орай, мен бұл жағдайды күнде байқаймын. Студенттеріміздің қазақ тілінің неше түрлі бояуын құлпыртып, сайрап сөйлегенін көргенде еріксіз риза боламын. Баяғы біздің студент кезімізде мұндай жағдай сирек байқалатын, жастардың көбі қазақшадан гөрі орысшаға бейім еді. Міне, осылардың бәрін көріп, білгеннен кейін қазақ тілінің келешегіне кәміл сенесіз.

Дегенмен бұған қарап қазақ тілі мәселесі толықтай оң шешіліп, кемшілік атаулы біржолата жойылған екен деуге және болмайды. Кем­шіліктер бар және аз емес, оларды жұртшылық бізден де гөрі жақсы білетіні анық. Сондықтан кемшіліктің бәрін тізіп, қайталап жату  орынсыз. Мен тек, сөзі реті келгенде, осы мәселеге қатысты көкейде жүрген екі-үш ойымды ортаға салсам деймін. Олар төмендегідей: Тәуелсіздік алғанына отыз жыл толған, үкіметінің түгелге жуығын өз ұлтының өкілдері құрайтын мемлекеттердің арасында өзінің мемлекеттік тілін толық қолданысқа енгізе алмай отырған Қазақстаннан басқа қандай мемлекет бар? Өз ана тілі – мемлекеттік тілді білмейтін, білсе де дұрыс сөйлей алмайтын министрлер мен депутаттарды Қазақстаннан басқа қандай елден табуға болады? Бүкіл ұлт болып түгелдей өз ана тілінде сөйлеу үшін Тіл туралы заң мен үкіметтің арнайы қаулы-қарарын күтіп отыратын қазақ сияқты басқа халық жер шарының қай түкпірінен кездеседі?

Басқаларды қайдам, мен өзім ондай мемлекет, ондай ел, ондай халық бар дегенді ешқайдан көрген де, естіген де емеспін. Соған орай, қазақ тіліндегі кемшіліктер Қазақстаннан басқа ешқандай мемлекетте жоқ осындай үш «ерекшеліктен» туындайды деп есептеймін.

– Осы мәселелердің, яғни тілге қатысты кемшіліктердің, орын алуының басты себептерін де айта кетсеңіз.

– Бұл кемшіліктердің орын алу себебі – заңның жоқтығынан, үкіметтің енжарлығынан дегенді әркім де айтып жүр. Әрине, бұл да дұрыс. Дегенмен жағдайдың бәрі тек осы екі мәселеге ғана тіреліп тұрған жоқ. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал да келтіре кетейік. Кезінде тәуелсіздікті бізбен қатар Эстония, Латвия, Литва сияқты кішкене елдерден бастап ұлттық республикалардың бәрі алды. Міне, осы республикалардың ешқайсысында да «әуелі тіл туралы арнайы заң қабылдап, үкіметтің қаулысын шығарайық, ана тілімізде жаппай сөйлеуді содан кейін бастаймыз» деген сияқты ой, ұғым-түсінік мүлдем болған емес.

 

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН АШУҒА ҚАЗАҚТАРДЫҢ ӨЗІ ҚАРСЫ

 

Бізде де неге осындай болмайды? Бұл соншалықты қиын ба? Шындап келгенде, ешқандай да қиын емес. Мысалы, Қазақстандағы бүкіл қазақ тәуелсіздік алғаннан кейін бірден өз ана тіліне бет бұрамыз десе, оған кім кедергі болды? Бұл үшін қандай заң, үкіметтің қандай қаулысы керек еді?

Міне, осыны ойлағанда, қазақ тілінің әлі күнге қағажу көруінің ең басты себебі – өзіміздің, яғни қазақ­тардың өз ана тіліне ынта-ықыла­сының, пейіл-көңілінің төмендігінен деген нақты қорытынды жасауға болады.

Өкінішке қарай, біз осыны әлі күнге толық мойындап, ашық айта алмай жүрміз. Керісінше, қазаққа шаң жуытқымыз келмейді. Бұған да нақты мысал. Жақында әлеуметтік желіде бір кісі қазақтарға қатысты үш-төрт ауыз ащы, бірақ шынайы сын-пікір айтты. Сол сәтте өздерін қазақтың нағыз ­жанашыр-патриоттарымыз деп есептейтін біраз адам әлгі кісіге жан-жақтан шулап, жабылып берді. Олардың айтуынша, «Қазақты сынап, жамандауға болмайды, өйткені біздің қазақ ешқандай кемшілігі жоқ, дүниедегі ең керемет, данышпан халық!..». Дұрыс, бұған біз де әбден қуанамыз. Бірақ осындай сәтте «қазақ шынында керемет данышпан халық болса, онда тәуелсіздік алған отыз жылдан бері өз ана тіліне неге ие бола алмай жүр?» деген және бір сұрақ қылтиып бой көрсетеді. Мұны айтсаң, өздерін қазақтың шынайы жанашырымыз деп есептейтін патриот азаматтар жаратпай, өзіңе ала көзбен қарайтыны да анық.

Жалпы қазақтың толып жатқан кемшілігін Абайдан артық жан-жақты талдап, аяусыз сынап-мінеп көрсеткен ешкім жоқ, ал біз қанша «білгіш» болсақ та ұлы ақыннан артық емеспіз; сондықтан бұдан арғысын қозғамасақ та жарайды. Бірақ, ең өкініштісі, сол – «керемет, данышпан» қазақтарымыздың арасында ана тіліне өзгелерден бұрын өздері қарсы шығып жүргендер де аз емес. Нақты мысал. Осы Алматыда, біздің үйдің жанында кезінде таза орыс мектебі болған еді. Кейін мұнда қазақ сыныптары ашылып, бірте-бірте көбейеді. Сосын оны таза қазақ мектебіне айналдыру керек деген мәселе көтерілді. Міне, сол кезде бұл мәселеге бір топ ата-ана өре түрегеліп, шулап қарсылық білдірді. Бұл қарсы болғандардың арасында бірде-бір өзге ұлт өкілі жоқ, бәрі өзіміздің «керемет, данышпан» қазақтар. Міне, сол «керемет, данышпан» қазақтардың арқасында мектеп таза қазақша болмай қалды.

Жуырда қаланың шетірек және түгелдей дерлік қазақтар тұратын бір ауданындағы бұрыннан жұмыс істеп келген қазақ мектебін орыс сыныптарын ашып, аралас мектеп жасау керек деген мәселе көтеріліпті. Бұл мәселені де көтеріп, «белсенді» болып жүрген өзгелер емес, тағы да өзіміздің әлгі «керемет, данышпан» қазақтар. Мұндай деректерді Қазақстанның кез келген аймағынан кезіктіруге болады. Егер бұл сияқты мәселелерді өзге ұлттар көтерсе, бізді кемсітіп жатыр деп бәріміз шулап шығар едік, ал бәрін «бүлдіріп» жүрген өзіміз болған соң, үндемей отыра береміз.

Қазақ тілінің қазіргідей күрделі жағдайының қалыптасуының және бір себебі – бұл жөнінде көтерілген мәселелердің, қабылданған шешім­дердің, айтылған ұсыныстардың дұрыс орындалмай,  айтылған жерінде ұмы­тылып, босқа қалуы. Осыған орай, бір мәселені және айта кетпекпіз. Біздің қоғамдық ортада адамның өзін ұлтжанды қайраткер етіп көрсетуінің оңай екі жолы бар. Оның біріншісі – көші-қон мәселесін көтеру, екіншісі – тіл мәселесін айту. Соған орай, тілге жанашыр болып жүрген азаматтар түрлі жиындарда жұрт алдына шығып, өте тамаша, жалынды сөздер айтады, ара-арасында жақсы ұсыныстар да беріп қояды. Мерзімдік басылымдарда пікір білдірсе де тура осы жағдай қайталанады. Көтерілген мәселелер де, берілген ұсыныстар да өте керемет; енді қазақ тілінің жұлдызы жарқырап, бәрі дұрысталады деп ойлайсың. Сөйтіп біраз уақыт өтеді. Кейін қарасаң, әлгі айтылған жақсы ұсыныстардың, көтерілген мәселелердің бәрі сол айтылған жерінде қалған, ештеңе орындалмаған. Сосын араға біраз уақыт салып, тіл туралы тағы бір басқосу немесе теледидардағы кездесу өтеді. Онда да сол бұрынғы қайраткерлер, сол жалынды сөздер, сол баяғы уәделер. Бірақ тағы да ештеңе жүзеге аспайды. Бұл бір емес, сан жылдар бойы жалғасып келе жатқан жағдай.

– Енді өзіңіз айтқан үшінші мәселеге келейік. Қазақ тілінің жағдайын жақсарту үшін не істеу керек? Тіл туралы заңды жеделдетіп қабылдап, үкіметтің тиісті қаулысын тезірек шығару, бәлкім, тап осы мәселеде керек шығар?

– Шындықты айту керек, бізде заң көп мәселені нақты шеше бермейді. Нақты мысал келтірейін. Мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары ретінде көші-қон саласында 1992 жылдан бастап ұзақ жыл жұмыс істедім. Ол кезде заң да жоқ, ештеңе де жоқ, қолымызда Үкіметтің шетелдердегі отандастарды қолдау жөніндегі көлемі бір беттен сәл-ақ асатын №791 қаулысы ғана болды. Сосын Көші-қон агенттігі ашылды. Осы қаулыға сүйеніп, Көші-қон агенттігі бас болып, шетелдердегі елшіліктердің көмегіне сүйеніп, Түркия, Иран, Ауғанстаннан бастап қазақтар көп тұратын елдерді аралап, атажұртқа қайтқысы келетін отандастарымыздың тізімін алып, олардың атажұртқа оралуының барлық жағдайын ұйымдастыруға тікелей атсалыстық. Бұл жұмысқа Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті мен Ішкі Істер министрлігінің Көші-қон полициясы басқармасы, облыстық әкімшіліктер де үнемі тиісті қолдау және көмек жасап отырды. Бұған арнайы заң керек деген әңгіме мүлдем болған жоқ, соған қарамастан жылына 50-60 мыңға дейін оралман келіп жатты. Сөйтіп, Қазақстанға 1 миллион 100 мыңға жуық қандастарымыз көшіп келді. Олар табиғи өсімімен қазір 2 миллионнан асып отыр. Егер осы көші-қон болмағанда, бүгінде ел халқының 19 миллионға жетуі екіталай еді. Қазақ тілінің жағдайы дәл қазіргідей жаңа деңгейге көтерілмес еді. Өйткені бұл ағайындардың бәрі тек қана ана тілі – қазақ тілінде сөйлейтін.

 

КӨШІ-ҚОН ТУРАЛЫ ЗАҢ БАР,БІРАҚ КӨШІ-ҚОННЫҢ ӨЗІ ЖОҚ

 

Ал кейін көші-қон жөнінде арнайы заң керек деген мәселе көтерілді. Сөйтіп, депутаттардан бастап біраз жұрт жан-жақтан жабылып заңның жобасын жасап, қабылдатуға кірісті. Және бұл заңды дайындап, қабылдауға қатысқандардың көпшілігі «Заңды мен жасадым, көші-қон мәселесін мен шештім» деп жарыса мақтанатын болды. Сөйтіп заң да қабылданды. Ал оның нәтижесі не болды? Көші-қон мүлдем тоқтауға айналды. Мысалы, соңғы үш-төрт жылдың ішінде бірінші рет Ауғанстан мен Ираннан жақында ғана бар болғаны жүз шақты адам әкелінді. Бұл баяғы сан мыңдап, ағылып келіп жататын көшпен салыстырғанда түкке тұрмайтын көрсеткіш, тіпті, айтуға ұят. Сөйтіп, Көші-қон туралы заң бар, бірақ көші-қонның өзі жоқ жағдайды көріп отырмыз.

Қазақ тілінің жағдайы да тура осылай болуы әбден мүмкін. Өйткені бұл жерде көп мәселе заң және үкімет қаулысымен қатар халықтың сана-түйсігі, ұғым-түсінігіне де тікелей байланысты. ­Мысалы, қазақтардың біразы балаларын неге әлі күнге орысша оқытады? Өйткені олар қазақ тілінің болашағына сенбейді, қазақ тілі ешқашан да шынайы мемлекеттік тіл бола алмайды, баламыз қазақ мектебіне барса – өскенде күнін көре алмай, далада қалады деп, тура сонау алпысыншы-жетпісінші жылдағы қазақтар сияқты ойлайды. Тіл жөніндегі ең басты қиындықтар мен кемшіліктер заңның жоқтығынан емес, қазақтардың өз ана тіліне деген осындай теріс ұғым-түсінігімізден туындап отыр. Бұл түсініктерді арнайы заңмен де, үкіметтің қаулысымен де өзгерту өте қиын.

Ал сонда не істейміз? Мұның жолы біреу-ақ: ең алдымен, қазақ тілінің маңыздылығы мен қажеттілігі туралы насихат, түсіндіру жұмыстарын жүйелі және барынша жан-жақты жүргізу керек. Нақтырақ айтқанда, алдағы уақытта  қазақ тілінің күш-қуаты қазіргіден әлдеқайда нығайып, қолданыс аясының барынша кеңейіп, соған байланысты Қазақстанда тұрақты қызмет істеп, жақсы өмір сүру үшін қазақ тілін міндетті түрде білу қажет болатындығын қалың бұқараға дұрыс жеткізе білу қажет.

Бұл ретте, қазақ мектептерінде оқу әсіресе, қалада тұратын жастар үшін айрықша маңызды екендігі ерекше атап айтылуға тиіс. Яғни қалада тұратын бала орыс мектебіне барса, кейін орыс тілінде сайрап, ал қазақ тілінен хабарсыз болып шығады. Бұл – күнде көріп жүрген жағдай. Сосын кейін азамат болып, қызмет бабымен жұрт алдына шықса,  қазақша берілген бір сауалға да қазақша жауап бере алмай, көзімен жер шұқып, міңгірлеп, күлкі болып тұрады. Сөйтіп, ана тілін дұрыс білмеуінің мұндай зардабын өмір бойы тартып, жігері жасып, қиналып жүреді.

Ал тура осындай қалада тұрып қазақ мектебіне барған бала қазақ тілін де, орыс тілін де қатар меңгеріп шығады. Бұл да өзіміз күнде байқап жүрген жағдай. Сөйтіп, қазақша оқыған бала кейін өмірде де, қызметте де ешқандай қиындық көрмейді, қазақша сөйлейтін жерде – қазақша, орысша айтатын уақытта орысша кідірмей сайрап, әрқашан да ризашылыққа бөленіп жүреді.

Өз баласының болашағын ойлайтын әрбір ата-ана бұл мәселеге әрқашан айрықша назар аударуы қажет. Бұған өзіме қатысты бір жағдайды мысал ретінде айта кетейін. Менің немерелерімнің біреуі кішкенесінде жақын жерде қазақша балабақша болмай, орысшаға барды. Сөйтіп қазақшасы нашарлау болды. Ал одан кейінгі немерем қазақша балабақшаға барды да, орысшаны мүлдем білмей өсті. Әлі есімде, осы кіші немеремнің жеті жасқа толған туған күнінде жұрттың бәрі қазақша құттықтап, тек бір кісі ғана орысша тілек айтты. Сонда немерем әлгі орысша сөйлеген кісіге қарап: «Рақмет, бірақ сөзіңізден ештеңе түсінбедім», – деді. Жұрт ду күлді, ал орысша сөйлеген кісі кәдімгідей ұялып қалды. Кейін бұл немерелерімнің екеуі де қазақ мектебіне барды. Университеттің де қазақ бөліміне түсті. Қазір кішкентай кезінде қазақша дұрыс білмейтін немерем енді қазақша зулатып сөйлегенде өзімді жаңылдырады. Ал кезінде орысшадан түк түсінбейтін немерем енді орысша сайрағанда ешкімге есесін жібермейді. Сөйтіп, екеуі де екі тілді өте жақсы білетін болып өсті. Тіпті арагідік, қызық үшін, өзара ағылшын тілінде де сөйлесіп қояды. Ал енді, осы екі немеремді бірінші сыныптан бастап орысша мектепке берсек не болар еді, онда тап қазіргідей екі тілде қатар сайрап тұра алмас еді.

Міне, осындай қарапайым бірақ нақты мысалдар келтіре отырып, бүгінгі таңда қазақ тілінде оқып, білім алудың қаншалықты пайдалы екендігіне жұртшылықтың көзін жеткізуміз қажет. Және мұндай насихат жұмыстарын тек қазақ тілінде де ғана емес, орыс тілінде де жүргізудің ба­рынша тиімді екенін ұмытпаған жөн.

Осы ретте және бір мәселені де айта кетуге тиістіміз. Өркениетті елдерде адамның қай ұлтқа жататындығын оның шыққан тегіне, яғни біздегідей жүз бен руына қарап анықтамайды. Оларда бұл жөнінде бір-ақ талап бар – сен қай тілде сөйлесең, сол ұлттың өкілісің. Біздегідей қазақша білсең де, білмесең де қазақсың деген ұғым мүлдем болмайды. Бұған дәлел ретінде әлеуметтік желідегі және бір хабарды келтіре кетейін. Жақында шетелдіктер қазақ қадамгерлерінің шығармаларын жариялаймыз деп біздегі біраз ақын-жазушылардың туындыларын алдырған. Бұлардың арасында орысша жазатын қазақтардың да шығармалары болған. Мұны көрген шетелдіктер «орысша жазатын жазушы қалайша қазақ жазушысы болады, бізге тек қазақтардың ғана шығармасы керек» деп орысша жазылған дүниелерді кері қайтарыпты.

Әрине, адамның ұлтын шыққан руына емес, сөйлейтін тіліне қарап анықтау әзірше біздің қаперімізге де кірмейтін жағдай. Бірақ  болашақта біздің де осы жолға түсетініміз анық. Өйткені бұл талап – жер бетіндегі бүкіл халыққа, барлық ұлтқа ортақ заңдылық, қазақтар қаншама «керемет данышпан» болса да одан қашып құтыла алмайды. Тіл туралы сөз бол­ған­да бұл мәселе де нақты айтылуға тиіс.

Сондай-ақ тіл жанашырлары өздерінің жұрт алдында көтерген мәселелері мен айтқан ұсыныс­та­рының сөз күйінде босқа қалып қоймай, нақты жүзеге асуын қадағалап, қозғау салып отырса деймін. Бұл ретте, тілге шынайы жанашырлық танытып және оның жүзеге асырылуына нақты үлес қосқан асыл азамат – Шона Смаханұлының тәжірибесі әрқашан да назарда болғаны абзал. Ол кісі заманның ең қиын кезеңі – 80-жылдардан бастап Алматыдағы қазақ мектептерінің санын көбейтуге белсене кірісті. Төңірегіне біраз жігіттерді жинап, үй-үйді аралап: «Сіз қазақсыз ба? Қазақ болсаңыз, балаңызды қазақша оқытыңыз!» – деп күндіз-түні жанталасып, үгіт-насихат жүргізді. Әрине, ешкімге де Шона ағамыз сияқты үй жағалап, үгіт-насихат жүргіз дей алмаймыз, бірақ айтылған сөздің сол айтылған жерінде аяқасты болып, ұмыт қалмауын қадағалаудың қандай қиындығы бар?!

 

ЗАҢ ҚАБЫЛДАНСА, БӘРІ ШЕШІЛІП КЕТЕДІ ДЕУГЕ СЕНУ ҚИЫН

 

 Соңғы уақытта Қазақстанда білім беруді түгел қазақша жүргізу керек деген әңгіме айтылып жүр. Бұған қалай қарайсыз?

– Әрине, мұндай жағдай болса бәріміз де қуанар едік. Бірақ бұл мәселе жуық арада жүзеге асады деп ойламаймын. Оның себептері әртүрлі. Мысалы, Қазақстанның көп жерінде, әсіресе теріскей облыстарда орыс тілінде сөйлейтін жүз мыңдаған, миллиондаған халық отыр. Нұр-Сұлтан, Алматыдан бастап көптеген қалалардағы жағдай да осыған ұқсас. Міне, осындағы тұрғындардың түгелге жуығы болмаса да аса басым бөлігі (арасында қазақтар да баршылық) қазақ тілін мүлдем дерлік білмейді. Енді осы қалың халықты бірден қалай, қайтіп қазақша оқыта бастаймыз? Бұл үшін бірінші кезекте қандай іс-шараларды жүзеге асырамыз? Егер бұл мәселенің жүзеге асатынына кәміл сенімді болсақ, оны нақты дәлелдеп, тиісті жоспар-бағдарламамызды неге ұсынбаймыз? Әлде білім беруді бірыңғай қазақ тіліне көшіру, ауылдың не қаланың атын өзгерткен сияқты, бір ауыз сөзбен шеше салатын оп-оңай нәрсе деп ойлаймыз ба? Міне, осы мәселелер әзірше мүлдем түсініксіз.

Әйтсе де, бұдан өзіміздің қазақтар да зиян шегуі мүмкін. Нақты дәлел келтірейін. Өзбекстанда қазір 200-ден аса таза қазақ мектебі бар. Жақында ғана осы елдегі қазақтың бір қызы Өзбекстан Президентінің алдында таза қазақша сөйледі. Өйткені Өзбекстан осыған мүмкіндік жасап қойған. Бізде де біраз өзбек мектептері жұмыс істейді. Ал енді, Қазақстанда бәрін қазақша оқытамыз деп, осы өзбек мектептерін жаптық дейік, сонда не болады? Онда өзбек ағайындар да: «Қазақстан өзге тілдегі мектептерді, оның ішінде өзбек мектептерін де жапты, енді біз де сөйтейік. Өзбекстандағы өзге тілдегі мектептердің бәрінің, оның ішінде қазақ мектептерінің де түгелімен көздерін құртып, жояйық» десе не ­болады? Бұдан кейін айналып келіп тағы да қазақ зиян шегеді, яғни Өзбекстандағы 200 қазақ мектебі жұмысын тоқтатып, ондағы миллион­нан астам қазақ ана тілімен қоштасады.

 Маңғолия мен Қытайдағы қа­зақтар­дың да жағдайы осыған ұқсас.

Жалпы тіл мәселесі жайында айтқанда, тек Қазақстанның өзімен шектеліп қалуға болмайды. Өйткені қазақтың үштен біріне жуығы әлі шетелдерде тұрады. Оларға тіл жөнінен қандай көмек қажет екенін анықтап, нақты қолдау көрсетуді де ұмытпауымыз керек. Оның бір жолы – сырттағы қандастарымыздың балаларын Қазақстанға әкеліп оқыту. Бізде бұл жөнінде арнайы дайындық бөлімдері бар, бұған бұрын жылына сырттан келген 1500 талапкер түсетін. Ал қазір бұл көрсеткіш барынша азайған. Және түсіп жатқандардың басым көпшілігі шетелден тікелей келген емес, Қазақстанда бұрыннан тұрып жатқандар.

– Қазақ тіліне қатысты өз қазақта­рымызбен қандай жұмыс жүргізу керектігі біршама түсінікті болды, ал өзге ұлт өкілдерімен бұл жөнінде қандай жұмыстар жүргізе аламыз?

– Бұл ретте, ең алдымен, мына мәселені айта кеткім келеді. Бізде қазақ тілінің қазіргі жағдайының себебін өзге ұлттарға қарай сілтей салу да байқалып қалады. Жақында бір азамат дүкенде сатушы болып істейтін өзге ұлт өкілі менің қазақша сұрағыма орысша жауап берді деп намыстанған раймен әлеуметтік желіде кәдімгідей мәселе көтерді. Және оны қолдаушылар да табыла кетті. Кешіріңіз, дүкенге барып, қазақша сұрасаңыз, орысша жауап беретіндер тек өзге ұлт өкілдері ғана емес, ондайлардың арасында қазақтар да қаптап жүреді. Тіпті қарапайым дүкен түгілі, үкіметтің үлкенді-кішілі кеңселерінен, мәжіліс залдарынан мұндай жағдайды кез-келген уақытта байқауға болады. Мысалы, жақында ғана Мәжілістің жалпы отырысында депутат Артур Платонов қосымша баяндаманы қазақша жасады. Ал осы мәселеге байланысты отырысқа қатысқан Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев депутат Дархан Мыңбайдың қазақша берген сұрағына жауапты орыс тілінде қайтарды. Міне, өзіміздің осындай кемшілігімізді көрмей, жерден жеті қоян тапқандай, өзгелерді кінәлаймыз. Ал қазақтардың өздері жаппай өз ана тіліне бет бұрса, өзге ұлт өкілдері де ешқайда кетпейді. Бәрі де бірте-бірте қазақшаға бейімделеді.

Осыған орай, бізде қазақ мәде­ниетінің, әдебиеті мен өнерінің, қазақ тілінің дамуына үлкен үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдері де баршылық екендігін атап айтуға тиіспіз. Олардың ең басында жазушы Герольд Бельгер, ғалым Асылы Осман тұр. Бала күнімде алғашқы өлеңдерім үшін маған мақтау грамотасын берген, сол кездегі Сырдария аудандық комсомол ұйымының хатшысы, қазіргі белгілі ақын Надежда Лушникова да осылардың қатарында. Олардан кейін Татьяна Бурмис­трова бастаған бір топ әншілер шықты. Қазір Денис Яковлев деген әнші бар, қазақтың «Екі жиренін» тамаша орындайды! Олег Никитин деген күйші шықты. Парламентте Наталья Деменьтева, Геннадий Шиповских сынды қазақша керемет сөйлейтін депутаттар да бар. Ал енді, телеарналарды көрсеңіз, орыс пен кәрістің қыздары қазақша телехабарларды қандай керемет жүргізеді! Сол телеарналардың бірінде Елизавета Седышева деген қызымыз «Қаным орыс болғанмен, жаным қазақ» деп қазақша сайрап отыр. Ал Қарағанды облысында тұратын Владимир Зигерт дейтін неміс жігіті қазақ қызына үйленген. Балаларының бәрі қазақша оқиды. Жігіттің өзі де қазақша сөйлеп, қазақтың бүкіл салт-дәстүрін ұстанады. «Енді қазақ болайын десем, жұрт руымды сұрап, жолатпайды», – дейді әзіл-шыны аралас. Өзге ұлт арасынан шыққан қазаққа шынайы жанашыр мұндай асыл азаматтар еліміздің қай түкпірінде болсын баршылық. Ендігі жерде олардың осы игілікті істерін жоғары бағалап, жан-жақты насихаттай білуіміз керек.

Жаңа сен келердің алдында ин­тернетті ашып жіберсем, Қырғызстанда бірнеше ұлттың өкілдері, арасында бірде бір қырғыз жоқ, «Бізге қырғыз тілі не үшін қажет?» деген тақырыпты қырғыз тілінде қызу талқылап жатыр. Мұндай әңгімелер айтатын өзге ұлт өкілдері бізде де баршылық. Соларды қатыстырып телеарналардан қазақ тілі жөнінде жақсы хабар көрсетуге неге болмасқа?

 Осыған ұқсас және бір әңгіме. Соңғы кезде Әсел дейтін павлодарлық қыздың сонау Англиядағы Лондон қаласына барып, сондағы азды-көпті қазақтардың өтінішімен екі бірдей қазақ мектебін ашқаны айтылып жүр. Керемет! Ал сонда қыздары Англияға барып екі бірдей қазақша мектеп ашып жатқанда, павлодарлық қазақтардың өздері не істеп жүр? Жаңадан қанша қазақ мектебін ашты екен? Бұл әркімді де ойландыруы керек.

Сөзімді қорытындылай келе айтарым, қазақ тілінің қазіргідей күрделі жағдайына, оның болашақ тағдырына біз бәріміз, өзін қазақпын деп есептейтін әрбір азамат ­жауаптымыз. Соған орай, ана тіліміздің орта жолда кідіріп қалмай, қарқынды түрде дамып, өсіп-өркендей беруіне бәріміз бір кісідей жұмыла атсалысуымыз керек!

– Шынайы да мазмұнды әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

1963 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз