Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 18 Қазан, 2021

Алмат – қазақ күресінің қазынасы

Жақында Ослода (Норвегия) аяқталған әлем чемпионатынан қазақ балуандары екі жүлдемен оралды. Жәмила Бақбергенова (72 келі) – күміс жүлде, «классик» Алмат Кебісбаев (67 келі) қола медаль жеңіп алды. 

Бұл – Алматтың әлем чемпионаттарындағы бесінші жүлдесі. Тәуелсіз Қазақстан тарихында спорттың жекпе-жек түрлерінен әлемдік додаларда бес рет жүлде салған ешкім жоқ.

Храпатый, Смирнов және Кебісбаев

Алматтың биылғы жетістігіне айрықша тоқталуымыздың бір себебі де осы. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында спорттың барлық олимпиялық түрлерінен бес әлем чемпионатында олжа салған бір ғана саңлағымыз бар. Ол – Кебісбаев. Әрине, КСРО дәуірінде 90 келіде әлем чемпионатын бес рет жеңіп алған балуан Валерий Резанцевті, әлем чемпионаттарынан 11 жүлде жеңіп алған гимнаст Нелли Кимді, бес алтын, екі қола иеленген ауыр атлет Анатолий Храпатыйды, 11 жүлдесі бар шаңғышы Владимир Смирновты ерекше атап көрсетуімізге болады. Бірақ осы тұлғалардың ішінде Храпатый мен Смирнов қана тәуелсіз Қазақстан дәуірінде спорттағы ғұмырларын жалғады. Храпатый – соңғы екі қоласын, ал Смирнов соңғы жеті жүлдесін Қазақстанға сыйлады. Бірақ айта кетуіміз керек, осы даңқты екі спортшы да Қазақстан атынан екі әлем чемпионатында жүлдеге қол жеткізді. Яғни Кебісбаев сияқты 7 әлемдік додаға қатысқан жоқ.

Ал спорттың жекпе-жек түрлерінен әлем чемпионаттарында Қазақстан туын бірнеше рет көкке көтерген спортшылар мыналар:

1. Алмат Кебісбаев (грек-рим күресі) – 5 жүлде (1 күміс, 4 қола);

2. Юрий Мельниченко (грек-рим күресі) – 4 (2 алтын, 2 күміс);

3. Серік Сәпиев (бокс) – 4 (2 алтын, 1 күміс, 1 қола);

4. Болат Жұмаділов, Иван Дычко, Назым Қызайбай (бәрі – бокс), Мхитар Манукян, Нұрмахан Тыналиев (грек-рим күресі) – 3 жүлдеден. (Бұл тізімге ілінбей қалған, есімізге түсіре алмаған саңлақтарымыз болса, кешірім өтінеміз). 

Әрине, бұл санатқа төрт әлем чемпионатын жеңіп алған Илья Ильинді де (ауыр атлетика), жеңіл атлет Ольга Рыпакованы да (3 жүлде) қосуға болар еді, бірақ олар спорттың жекпе-жек  түрінен емес. 

Жүлделерінің сапасы жағынан Мельниченко мен Сәпиев алда екені күмәнсіз.

Алматтың арман сапары

Кебісбаев жеңіл салмақта өз орнын тапты. Бұл салмақ дәрежелері Ю.Мельниченко дәуірінен бері осал болып көрген емес. Олимпиялық салмақтар сан рет өзгерсе де, қазақ балуандары жоқ дегенде әлемдік доданың жұбаныш белдесуінде күресіп, жалауымызды түсіріп көрмегені сүйінішті. Әсет Иманбаев, Нұрбақыт Теңізбаев, Ермек Көкетов, Ербол Қоңыратов сияқты балуандар атаулы сындарда ел намысын абыроймен қорғады. Кебісбаев та 2004 жылы жастар арасында Азия чемпионатын жеңіп алған соң, күрес әлемінен өз несібесі барын сезіне бастады.

Рысбек Нұрғазин сияқты мықты бапкерден тәлім алып, кейін Боранбек Қоңыратовтың басшылығымен жаттыға бастады. Елде бәсекелестік жоғары болып тұрса да, 60 келі салмақ дәрежесінде екі рет Қазақстан кубогын жеңіп алды. 2008 жылы Грекияның Салоники қаласында өткен студенттер арасындағы әлем чемпионатына өз қаражатымен барып (демеушіні өзі жүгіріп жүріп тапты), бас жүлде олжалап қайтты. 2009 жылы Азия чемпионатында (Паттайя, Тайланд) финалға шығып күміс иеленген соң, құрамаға нық орнықты. 2010 жылы Иван Поддубный мемориалында оза шапты. Сөйтіп, грек-рим күресіндегі Алмат Кебісбаевтің дәуірі басталды.

Әрине, біз осыған дейін баспасөз беттерінде сан рет айтылған әңгімелерге, яғни Алматтың күреске қалай келгені, музыкаға әуестеніп жүріп, ақыры спортқа ықыласы қатты ауғаны туралы тарихқа тоқталып жатпаймыз. Біз Кебісбаев қатысқан 7 әлем чемпионатына ерекше мән береміз.

Бірінші дода: Мәскеу сенімін нығайтты

2010 жылы Мәскеуде (Ресей) ұйымдастырылған әлемдік сынға Алмат 60 келіде қатысты. Бұл бәсекеде ол бірден сәтті өнер көрсетіп, жартылай финалға сүрінбей жетті. Алғашқы қарсыласы көпке белгілі балуан емес болса, екінші белдесуде Азия ойындарының қола жүлдегері Р.Синх жолықты. Жартылай финалда Кебісбаев Еуропа чемпионы Хасан Әлиевке есе жіберсе, қола жүлде үшін белдесуде Ива Ангеловті ұтылып жатып таза жеңді. Кейін осы Ангелов үшін Кебісбаев өте ыңғайсыз қарсыласқа айналды. Сөйтіп, өзі алғаш қатысқан әлемдік додадан Алмат олжалы қайтты. Қуанғанынан кілемде сальто жасап та жіберді. Өз естелігіне жүгінсек:

«2010 жылы ересектер арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдесіне таласқан белдесу есімді сақталып қалды. Ұтылып жатып жеңіске жеткенімде, қуанышымда шек болмады. 23 жасымда әлем чемпионатының қола жүлдегері атану мен үшін үлкен мәртебе болды» («Токио олимпиадасына дейін күресуге бел байладым», «Ақ желкен» журналы, №9, 2018 жыл, авторы – Д.Түлкібай). «Шынын айт¬қанда, алғашында Мәскеу төріндегі төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарыста жүлдегер атанғанымды жөнді сезіне алмадым. Өйткені әлем чемпиона¬тында жеңімпаздар мен жүлдегерлер менсіз де жетіп артылады. Тек дүбірлі додадан құрқол қайтпай, ел сенімін ақтауға күш-жігерімнің жеткеніне қуандым. Ал елге оралғанда ерекше күй кештім. Әуежайдан ел ағалары, туған-туыстар, жанкүйерлер гүл шоқтарымен қарсы алды» («Алмат атой салғанда», «Егемен Қазақстан» газеті, 25.12.2020 ж., авторы – Ғ.Сүлеймен).

Мәскеудегі Алмат нәтижесі төмендегідей (қарсыластарының сол кездегі атағы қоса беріліп отыр):

2010 жыл, Мәскеу (60 келі, қола медаль)

Іріктеу кезеңі. Патрик Стейдлманн (Швейцария) – 1:0, 6:0

1/8 финал. Равиндер Синх (Үндістан) – 3:1, 1:0

¼ финал. Ділшад Арипов (Өзбекстан) – 2:0, 1:0

Жартылай финал. Хасан Әлиев (Әзербайжан) – 2:2, 0:2

Қола жүлде үшін. Иво Ангелов (Болгария) – 0:1, 3:0 (таза)

Қарсыластары: Р.Синх – Достастық ойындарының үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері;

Д.Арипов – 2001 жылғы әлем чемпионы, Азия чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері

Х.Әлиев – Еуропа чемпионы;

И.Ангелов – Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері

Екінші дода: Ыстамбұл өкініші

Өзінің екінші әлем чемпионатына А.Кебісбаев үлкен сеніммен аттанды. Әлем чемпионатында жинаған тәжірибесі бар. Лондон олимпиадасының да төбесі көрініп тұр. Өз салмағында әлемдік рейтингте де алдыңғы қатарда жүр. Мамыр айында Ташкентте өткен Азия чемпионатында ол алтыннан алқа тақты. Сириялық, жапониялық, өзбекстандық, үндістандық балуандарға бет қаратпады. Қыркүйек айында Түркияға, Ыстамбұлға жол тартқанда да өзіне үлкен мақсат қойды. «Ыстанбұлдағы жарыстың жөні бөлек. Бұл бәсекеге мен қайтсем де былтырғы көрсеткішімді жақсартамын деп аттандым» деп еске алады ол («Алмат атой салғанда»).

Ыстамбұл кілемінде Алмат еркін күресті. Ежелгі қарсыласы, Алмат кездеспеген кезде ғана әлемде дара шыққан (2013 жыл) И.Ангелов бірінші кездесуде жол берді. Одан кейін қырғыздың атақты балуаны Руслан Түменбаевты жолдан ысырды. Ширек финалды және жартылай финалды бір деммен өткізіп, финалға шықты. Қарсыласы – 2010 жылғы Азия ойындарының чемпионы Омид Норузи. Иран балуаны кілемге сәл тайсақтап шықты. Алматқа да осы керек еді. Еркін жеңіп жатты. «2011 жылғы әлем чемпионатының ақтық белдесуі әлі көз алдымда. Ол кезде қазіргідей ереже жоқ. Баспен ұрып-соғып күрессе де, төрешілер ескерту бермейтін. Үшінші кезеңде Иран балуанын 3:0 есебімен ұтып жатып, мені ұрғанына жауап қайтардым. Сол сәтте ол «швунг» әдісін жасап, 6:5 есебімен айласын асырып кетті.

Әлем чемпионатының финалында солай ұтылғаныма қатты қынжылдым» («Токио олимпиадасына дейін күресуге бел байладым»). Швунг – өте құйтырқы әдіс. Қарсыласы оңтайлы сәтті аңдып отырып шабуылға көшкенде, соны күтіп жүрген екінші балуан кенет бір тарапқа бұл ете қалып, қарсыласын тепе-теңдіктен айырады да, жерге етпетінен қадайды. Міне, Алматтың бір сәт ашуға бой алдыруы осылайша алтыннан қақты. 

Дегенмен Лондон олимпиадасына жол ашылуы да көңілге медеу еді. Кебісбаев екінші әлемдік додасынан да бос қайтқан жоқ.

2011 жыл, Ыстамбұл (60 келі, күміс медаль)

Іріктеу кезеңі. Иво Ангелов (Болгария) – 2:0, 2:0

1/8 финал. Руслан Түменбаев (Қырғызстан) – 4:1, 1:0

¼ финал. Андрес Екстрөм (Дания) – 7:1, 1:0

Жартылай финал. Луис Лиендо (Венесуэла) – 2:1, 1:0

Финал. Омид Норузи (Иран) – 0:2, 4:0, 5:6

Қарсыластар: Р.Түменбаев – Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері, Азия чемпионы;

Л.Лиендо – Панамерика ойындарының чемпионы;

О.Норузи – Азия ойындарының чемпионы

Үшінші дода: өліара кезең

2012 жылғы Лондон олимпиадасында А.Кебісбаев жүлдеге өте таяу барып, қола жүлде үшін белдесуде ұтылды. Бұл балуанға үлкен психологиялық соққы болды. Ленур Теміровті (Украина), Л.Лиендоны жеңген соң, ширек финалда баяғы О.Норузи тағы аяқтан шалып кетті. Енді Норузи финалға шықса, жұбаныш белдесулерге жол ашылатын еді. Норузи іркілмеді. Ал Алмат жұбаныш белдесуінде баяғы И.Ангеловты қапы қалдырып, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. Бірақ екі белдесудің арасында 10 минут қана демалған соң, Алмат өз-өзіне келіп үлгермеді. Олимпиаданың қоласы жапон Рютаро Матсумотоның қанжығасында кетті. Сол кезде «қола жүлде үшін сында күшім жетпей қалды» деген Кебісбаевқа бәріміз түсінбей қарағанымыз анық. Олимпиадаға барып тұрып күші жетпей қалғаны қалай? Бірақ тереңірек үңілгенде, Алматтың шынында да Матсумотоға қарсы шаршап шыққанын аңғардық. Матсумото жартылай финалда Норузиге есе жіберген соң, қола жүлде үшін белдесетін қарсыласын күтіп қана жүрді. Ал Алматтан жеңілсе де, Ангеловтың шаршатқаны анық.

Олимпиаданың қолда тұрған жүлдесі уыстан сусып кеткен соң, Алмат қатты күйзелді. Сыртқа көп білдіре қоймаса да, іштей дағдарды. Дегенмен олимпиададан кейінгі Будапештте өткен әлемдік додада бәрібір үздік бестікке енді. Мұнда Универсиада чемпионы Куйлаков жолына бөгеу болды. Қола жүлде үшін белдесуде өзбекстандық қазақ Е.Тасмұратов Алматтан айла асырып кетті. «Жаңа ережемен күрескендіктен, толық бейімделе алмадым. Төрттағанда қорғанысым да әлсіз болды. Не керек, сол додада Елмұратқа есе жібердім. Біраз адам мені сынның астына алды» дейді Алмат «Ақ желкен журналына берген сұқбатында. 

2013 жыл, Будапешт (60 келі, V орын)

Іріктеу кезеңі. Альберто Мендьета (Никарагуа) – 7:0 

1/8 финал. Вирджил Мунтяну (Румыния) – 8:2 (таза)

¼ финал. Тарик Белмадани (Франция) – 7:0 (таза)

Жартылай финал. Иван Куйлаков (Ресей) – 0:6

Қола жүлде үшін. Елмұрат Тасмұратов (Өзбекстан) – 6:11

Қарсыластар: В.Мунтяну – Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері;

И.Куйлаков – Универсиада чемпионы;

Е.Тасмұратов – Азия чемпионы.

Төртінші дода: мықтылар қатарына қайта қосылу

Алмат 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында қола жүлде жеңіп алды. Бірақ ол қандай жүлде десеңізші! Жартылай финалда 2013 жылғы әлем чемпионы Юн Вон Чхольмен белдесті. Өзінің айтуынша, кілемге қалай шыққанын біледі, бірақ ары қарай не болғаны есінде жоқ. Өйткені әдіс жасап жатқан кезде Алматтың жағы сынып, есінен танып қалды. «Бірақ соңына дейін автоматы түрде күресіп шықсам керек. Оның бәрін бір сағаттық үзіліс кезінде еске түсірдім» дейді Кебісбаев. Қола жүлде үшін белдесуге дене қыздырмай шықса да, қазақ ұланы керемет жеңіске жетті. Қарсыласы өзбек Ахматжан Махмұдов Алматтың босаңдығын пайдаланып, 7 ұпай алып кетті. Бірақ жағы сыздап тұрса да, Кебісбаев жеңісті жұлып алды. Тіпті таза жеңді. Міне, осы ұлы жеңістен кейін ол біраз уақыт демалды. Өзіне-өзі келді. Лондон олимпиадасынан кейін-ақ Боранбек ұстазы екеуі бір нәрсеге – «алты қырдың астындағы олимпиаданы ойламай, әр жарыста сенімді өнер көрсету керек» деп келіскен. 2014 жылғы әлем чемпионатына Кебісбаев емес, Е.Қоңыратов барды, бірақ жүлдесіз қайтты.

2015 жылы Лас-Вегастағы әлем чемпионатына Кебісбаев жарақатын жазып, тынығып, сергіп аттанды. Бірақ мына қызықты қараңыз: тағы да Ангелов тұр жолында. Онымен ширек финалдағы белдесу оңай соқпады. Алмат бір ұпай айырмашылығымен жеңді. Жартылай финалда болашақ олимпиада чемпионы Исмаел Баррероға төтеп бере алмады. 

Ал қоланы уыстан шығаруға болмайтын еді. Беларусь балуаны Сослан Дауров алдымен төрт ұпай иеленіп кетті, бірақ Кебісбаев есепті көп кешікпей-ақ теңестірді. Содан кейін Дауровты жауырынмен түсірді. Жеңіс!Әлем чемпионатының үшінші жүлдесі осылай қоржынына түсті. Алмат Рио олимпиадасының жолдамасын да иеленді.

Бұл жерде бір ескере кететін нәрсе бар. Будапешттегі әлем чемпионатынан кейін салмақ дәрежелері тағы өзгеріп, енді Алмат 59 келіде сынға түсе бастады. Онсыз да салмақ қуалаудан қиналатын балуандар үшін бір келі де – қосымша жүк. Тоя тамақ ішпей, бап сақтаудың өзі оңай емес. Тіпті кей кездері Алматтың түсіне сорпа ішіп терлеп отырған сәттері де кіретін-ді.

2015 жыл, Лас-Вегас (59 келі, қола медаль)

Іріктеу кезеңі. Михал Траш (Польша) – 6:0 

Іріктеу кезеңі. Хайтем Махмұд (Египет) – 7:6

1/8 финал. Стиг-Андре Берге (Норвегия) – 6:0 

¼ финал. Иво Ангелов (Болгария) – 4:3 

Жартылай финал. Исмаел Борреро (Куба) – 1:9

Қола жүлде үшін. Сослан Дауров (Беларусь) – 4:4 (таза)

Қарсыластар: Х.Махмұд  – Африка чемпионы;

С-А.Берге – Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері;

И.Ангелов – әлем чемпионы;

И.Борреро – Панамерика ойындарының чемпионы;

С.Дауров – Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері.

Бесінші дода: ескі-жаңа қарсыластар қырсығы

Рио олимпиадасында да Кебісбаев медальдің баспалдағында тұрып сүрінді. 1/8 финалда Синобу Ота есімді жапон балуанынан ұпай ала алмады. Ота финалға шықты да, Кебісбаев жұбаныш белдесуді алғашқы кезеңнен бастады. Хамид Сорианнан 6:7 есебімен жеңіліп жатып, қарсыласын таза тастады. Бірақ бір жыл бұрын Лас-Вегас кілемінде өзінен соқыр ұпай ала алмаған Стиг-Андре Берге Рио кілемінде есе қайтарып кетті (0:2). Одан кейін Берге олимпиаданың қола жүлдегері атанып бір-ақ тоқтады. Кебісбаев Рионы жетінші орынмен қорытындылады…

Келесі жылы Парижде өткен әлемдік додада Кебісбаев сылбыр күресті. Әдетте олимпиададан кейінгі әлем чемпионаттары ізбасарларды сынап көру, балуандардың жаңа салмақтарға ауысуы сияқты өліара кезеңде өтеді. Алмат та 66 келіге ауысты. Бұрынғыға қарағанда еркіндік болғанмен, жаңа салмақтың азабы да аз емес екен. Парижде үшінші айналымда Кебісбаев жұртқа аты белгісіз парсы балуаны Елиасиге есе жіберіп, бірінші рет үздік бестікке ене алмай қайтты.

2017 жыл, Париж (66 келі, Х орын)

Іріктеу кезеңі. Мигель Мартинес (Куба) – 5:2 

Іріктеу кезеңі. Хуссам Омар (Швеция) – 6:0 (таза)

1/8 финал. Мұхаммед Елиаси (Иран) – 1:4 

М.Елиаси ширек финалда украиналық Денис Демянковтан жеңіліп, Алмат жұбаныш белдесуден үміт үзді.

Алтыншы дода: Нұр-Сұлтандағы Отаның оты

2019 жылғы әлем чемпионаты Қазақстан астанасында өтті. Бұл сын қарсаңында Алмат өзінің бабында екенін екі турнирде толық дәлелдеді: Бішкекте өткен Азия чемпионатында 67 келі салмақта жеңімпаз атанды, ал Азия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді. Бірақ өз еліміздегі әлемдік додаға Кебісбаев 63 келіде, яғни олимпиялық емес салмақ дәрежесінде қосылды. 

Бұған себеп жоқ емес еді. Жас балуан Мейіржан Шермаханбет 2018 жылғы әлем чемпионатында жақсы көзге түсті. Олимпиада чемпионы Исмаел Боррероны, болашақ олимпиада чемпионы Мохаммед Гераеиді (Иран) жолда қалдырып, қола жүлде иегері атанды. Сондықтан Токио олимпиадасының бағдарламасына енетін салмақта Шермаханбет сынға түсетін болды да,  Кебісбаев бір салмақ «шегінді». Бірақ «олимпиада салмағы емес екен» деп Алмат бөгелген жоқ. Өкінішке қарай, жартылай финалда баяғы Ота тап келіп, өз жанкүйерлері алдында Алматты жерге қаратып қайтарды.

Өзіне қатты ренжіген Алмат тіпті журналистердің сұрағына да жауап бергісі келген жоқ. Қола жүлде үшін белдесуде Билижиден басым түскенмен, өз кілемінде қалың жанкүйерін қуанта алмағаны көкейінде тұрды да қойды. 

2019 жыл, Нұр-Сұлтан (63 келі, қола жүлде)

Іріктеу кезеңі. Сагар (Үндістан) – 9:0 

1/8 финал. Ербату Туо (Қытай) – 2:2

¼ финал. Рахман Билижи (Түркия) – 7:4 

Жартылай финал. Синобу Ота (Жапония) – 1:10

Қола жүлде үшін. Тынар Шәршенбеков (Қырғызстан) – 9:0

Қарсыластар: Р.Билижи  – Еуропа чемпионы;

С.Ота – Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы.

Жетінші дода: капитан аласармайды

Биылғы Осло додасында Алмат Кебісбаев Қазақстан қоржынына ерлер арасында жалғыз жүлде салса да, іштей өкініші бары рас. Токио олимпиадасына М.Шермаханбет – екі рет, Алматтың өзі бір рет тәуекел етіп, ақыры жолдама иелене алмады. Айтып өткеніміздей, олимпиададан кейінгі әлемдік турнир оң-солға бажайлап қарап алуға мүмкіндік береді. Бірақ Алмат әлі күрестен кеткен жоқ. Алдағы желтоқсан айында 34 жасқа толады, бірақ әлі де кілемде алынбаған несібесі бардай сезінеді.

Ослода қазақ балуандарының бәрі жеңіліп, соңғы күні жалғыз Кебісбаев қалды. Ол алдымен беларусь М.Негоданы таза жеңді. Одан кейін кілем иесі М.Торесенге төрешілер бүйрек бұрғанына қарамай, бәрібір жеңісті жұлып алды. Таза лақтырды! Ал жартылай финалда шешен жігіті Н.Абдуллаевтан айла асыра алмады. Бірінші кезеңді Абдуллаев 6:0 есебімен аяқтап еді, екінші кезеңде Алматқа есеп айырмасын қысқартуға ғана мүмкіндік берді. Сөйтіп, финал тағы көзден бұл-бұл ұшты. Бірақ қалың қазақ үміт артып отырғанда, қола үшін М.Фыраттан жеңілуге болмайтын еді. 

Сөйтіп, А.Кебісбаев Ослодан қазақ күресінің, жалпы қазақ спортының жаңа парағын жазып оралды.

2021 жыл, Осло (67 келі, қола жүлде)

1/8 финал. Максим Негода (Беларусь) – 9:0 (таза)

¼ финал. Мортен Торесен (Норвегия) – 9:6 (таза)

Жартылай финал. Нәзір Абдуллаев (Ресей) – 5:10

Қола жүлде үшін. Мұрат Фырат (Түркия) – 7:4

Қарсыластар: М.Негода  – Еуропа чемпионы;

М.Торесен – Еуропа чемпионы;

Н.Абдуллаев – Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, жеке әлем кубогының жеңімпазы;

М.Фырат – Еуропа чемпионатының қола жүлдегері.

Қорытынды: Алматқа кім ыңғайлы қарсылас?

• А.Кебісбаев өзі қатысқан әлем чемпионаттарында 33 кездесу өткізді. Оның 25-інде жеңіске жетті, сегізінде жеңілді; 

• Ол кілем төрінде 22 елдің балуандарымен белдесті. Швейцария, Дания, Венесуэла, Никарагуа, Румыния, Франция, Польша, Швеция, Қытай балуандарын жеңді, Өзбекстан, Куба балуандарынан бір жеңіп, бір жеңілді. Әзербайжан, Жапония балуандарынан – бір-бір рет, Иран, Ресей балуандарынан екі реттен жеңілді;

• Иво Ангелов (Болгария) әлем чемпионаттарында Кебісбаевпен үш рет кездесіп, үшеуінде де жол берді. Ал Қырғызстан, Үндістан, Норвегия, Беларусь, Түркия балуандары әлемдік додада екі реттен Алматтан айла асыра алған жоқ;

• А.Кебісбаев 25 жеңісінің жетеуінде таза жеңді, өзі бір рет те таза ұтылған жоқ;

• Алматтың қарсыластары арасында: олимпиада жүлдегері – 2; әлем чемпионы – 2, Азия чемпионы – 4, Еуропа чемпионы – 3, Панамерика ойындарының чемпионы – 2, Африка чемпионы 1 болды;

• Кебісбаев әлем чемпионаттарында бес құрлық өкілдерімен де күресті;

• Алматтан жеңілген балуандар арасында кейін И.Ангелов қана (2013 жыл) әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Есей Жеңісұлы

810 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз