Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 18 Қазан, 2021

Әйгерім Рақымбекова: Әр адамның бойынан әдемілік көргім келеді

Бүгінгі әңгімеміз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология және әлем тілдері мамандығының түлегі, магистранты, 14 жасынан моделингтегі дефиле тренері, модель Әйгерім Рақымбековамен болмақ.

– Әйгерім, сән әлеміне қалай келдіңіз? 

– Сән әлеміне «-»-ты «+»-қа айналдыруға келдім. Кішкентай кезімнен бойым ұзын, арық болғаннан кейін сыныбымда балалар мазақтайтын. Дене шынықтыруда сапта тұрғанда ең бірінші тұратынмын. Бойымның ұзындығынан комплекс болды. 8-сынып оқып жүргенімде менен бірнеше жас үлкен, дизайнер мамандығында оқитын құрбым: «Диплом қорғауға модель керек, саған киім тігейін», – деп қолқа салды. Құрбым өтінген соң келістім. Бірақ қатты уайымдап, қорықтым. Диплом қорғауына барған кезде басқа модельдердің бойы менен де ұзын, менен де арық, онымен қоса биік өкшелі аяқкиімде екен. Сол кезде өзімнің ең ұзын, ең арық адам емес екенімді түсіндім де, керісінше, мен де кәсіби модельдер сияқты болуға тырысып, комплексімнен арыла бастадым. Уақыт өте келе жаңа адамдармен таныстым. Мені фотосессияға шақырып, суреттерімді әлеуметтік желілерге жариялап, өзге дизайнерлер модель ретінде шақыра бастады. Солайша сәнбикелік мақсатты түрде емес, өздігінен басталып кетті. 2017 жылы сән агенттігінің Алматыда филиалы ашылып, жарнамаға түсуге шақырды. Әкімшілік мені ұнатты. Сол жерде сән мектебін оқып, ресми түрде модель болып жұмыс істеуді бастадым.  

– Модель болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы шарт және қандай талаптар қойылады?

– Моделингте ең қажетті қасиет – сенімділік. Қанша жерден бойың ұзын немесе қысқа болсын, арық не толық бол, бастысы – өзіңе сенімді болып, бойыңдағы қасиеттеріңді ашып, дер кезінде пайдалана алу. Себебі подиумда, фотода өзіңе сенімсіздік көзіңнен көрініп тұрады. Дизайнер, фотографтар ауыр сөз айтуы мүмкін, модель болғаннан кейін сын көзбен қарайды. Бұл қиындықтың бәрін еңсеру үшін сенімділік маңызды. 

– Әдеттегі модельдің жаттығулары нені қамтуы керек? 

– Модельдер үшін ең маңызды талап – арқасын тік ұстау. Сән мектебінде сабақ беремін. Сабағымызды бастамас бұрын 40 минутты арқа жаттығуына арнаймыз. Ұзақ уақыт тік тұрамыз, қыздар биік өкшемен көп жүреді. Себебі модель он сағат бойы тік тұрып, әдемі жүре алуы керек.

– Модельдер бірнеше салаға бөліне ме? Подиумға шығатын модельдер мен сән журналдарына жарияланатын модельдердің айырмашылығы бар ма?

– Иә, моделинг бірнеше салаға бөлінеді. Фото модель, подиум моделі, промо модель, коммерциялық модель, fashion модель деген салалар бар. Кейбіреулер «менің бойым қысқа, менен модель шықпай-ды» деп жатады. Осылай көбі қателеседі. Егер подиум моделі болғыңыз келсе, қыздарға 1,75 см, жігіттерге 1,85 см-ден жоғары болуы керек деген талап қойылады. Подиум моделі міндетті түрде дефилені жақсы білуі тиіс. Дефиле деген – презентация жасап жүре алу. Қыздар көбіне биік өкшемен жүреді. Сондықтан да дефиле өнері әрқашан мінсіз биік шыңда болуы керек. Фото модель болатын болсаңыз, онда бой да, салмақ та маңызды емес. Бастысы, түріңіз бен денеңіздің үйлесуі және камераның алдында жұмыс істей алуыңыз керек. Бетінің, терісінің күтімі аса маңызды. Жақыннан түсіргенде камера бәрін «көріп» қояды.

– Модельге белгілі бір жас шектеуі бола ма?

–  Модельдің жасына шек-теу қойылмайды. 15 жаста бастап, 25 жаста аяқталатын жұмыс емес. Кез келген жаста, тіпті нәрестенің өзі модель бола алады. Әлем бойынша танымал ең жас модель 10 жасар Тайлен Лена Роуз Блонд. Ал ең жасы үлкен танымал модель 83 жастағы Нью-Йорк тұрғыны  Кармен Делль Орефиче. Сондықтан да моделингте ешқандай шектеу жоқ. Бастысы, қасиеттеріңізді пайдалана алатын болсаңыз болғаны. 

– Подиум кезіндегі қызықты оқиғаңыз болса, айтып бере аласыз ба? 

– Ең қиын шақтар уақыт өткен соң қызық болып есте қалады екен. Бір кездері подиумға шығатын кезде дизайнер барлығын өзі беретін, соның ішінде аяқкиімді де. Бірде менің өлшемім болмай, екі өлшемге үлкен аяқкиім кидім. Ұзын көйлекпен, үлкен аяқкиіммен подиумда жүріп өту керек болды. Сонда 10 метрлік подиум маған 10 шақырымдай көрінді. Аяқкиімім ұшып кете ме деп қатты қорықтым. Бірақ сыр бермей жүріп өттім. Аяқкиімнің үлкендігін басқа ешкім байқамапты. Тағы бір жағдай: дизайнер подиумға шығатын кезімде көйлектің сыртынан беліме үлкен шлейф тақты. Подиумда жүріп бара жатқанда шлейфтің түсіп бара жатқанын байқадым. Не істесем деп ойлап тұрып, жай ғана қолыммен белімді ұстап өте салдым. Оны да ешкім байқаған жоқ. Мұндай жағдайлар көп кездеседі.

– Қазір жас модельдерге тренер екенсіз. Жұмысыңыздың ерекшелігін айтып өтсеңіз.

– Қазір модельдерді оқытып, үйретемін. Ол жерде де белгілі жас шектеуі жоқ. 25 жастағы қыздар да, 10 жасар оқушым да бар. Енді бастап жатқасын олардың бәрі маған бірдей жас модель болып есептеледі. Осы жолды таңдаған соң, оларға мейлінше жақсы үйретіп, сенімділік ұялату міндетім. Бәрі келе сала бірден үйреніп кетеміз деп ойлағанымен, біз қадам-қадаммен алға жылжимыз. Алдымен жаттығулардан бастаймыз. Одан кейін әрбір қадамды қалай дұрыс басу керегін үйретеміз. Тосын жағдай болып қалған кезде не істейміз деген сұраққа тоқталып, бар білгенімді, тәжірибемді, білімімді бөлісемін. Моделинг Қазақстанда енді дамып жатқан сала. Қазақша түсіндіретін кітаптар, оқу құралдары жоқ. Болашақта қазақ тіліндегі сән мектебін ашу жоспарымда бар. Басты миссиям – тек қана әдемі жүріп, камераның алдында суретке түсу емес, әр адам-ның бойынан әдемілікті көру. Әрқайсымыз жеке-дара болып жаратылғаннан кейін өзгешеміз, ерекшеміз. Ол ерекшелікті әркім өз бойынан таба білсе деймін. 

– Сұқбатыңызға рақмет!

Айзада САҒИДОЛЛА,
            «Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №42
19 қазан 2021 жыл

2338 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз